Байланысты: Лекция. № Лекция та?ырыбы Х?- xyii ?асырларда?ы ?дебиетті? даму
3. Шығармаларының тақырыптары. Шал ақын шығармаларының тақырып аясы өзінен бұрынғы ақын, жыраулармен салыстырғанда біршама кең. Ол – «белдеуден босанбапты байлаулы аты» деп жырлаған аласапыран заманда айтқыштығымен аузына хан, биді қаратқан шешен ақын. Ол жөнінде тарихи деректерде де, аздап болса да, өлеңдерінен де байқалады. Ақындығынан бұрын оның адами қадір-қасиеттері, кісіге жақындығы, ақкөкіректігі, адалдығы айқын көрініп тұрады. Ақынның әрбір өлеңінен оның азаматтық бейнесі аңғарылады.
Шал ақын шығармаларында өз дәуірінің суреттері айқын бейнеленген. Байлар мен кедейлер арасындағы қарама-қайшылық, би, қазы, сұлтандардың әділетсіздігін ақын ашынып ортаға салады. Өмірден көргендеріне бей-жай қарармайды, жаманды, жақсыны салыстырады, біріне сүйсінсе, енді біріне күйінеді. Шал ақынның озық әдеби мұралары әдебиетіміздің тарихына осылайша жаңа беттер қосты.
Шал ақын өз өлеңдері арқылы халықтың мұқтажын, мұңын, жоғын, нені армандайтынын, не үшін күресетінін айтып отырды. Халыққа арқа сүйеп айтқандықтан да Шал сөздері өткір, көздеген жеріне, өз нысанасына тиіп жатады.
Ақын шығармалары арқылы жыраулар поэзиясындағы дәстүрлі тақырыптардың аясын біршама кеңітті. Жалаң дидактикадан өмірдің күнделікті тынысына назар аударды. Ежелден жырланып келе жатқан, тамырын тереңнен тартатын адамгершілік идеяларды нақты өмірдің құбылыстарымен байланыстыра бейнелеуге назар аударды. Поэзия тақырыбының өрісін кеңейтті.
Шалдың кейбір шумақтары мақал-мәтелге, афористік ұғымдарға жақын. Бұл ақын өлеңдерінің шағындығынан ғана емес, шымырлықтан, тұжырымды түйіннен, мазмұны терең ойлардың бас қосылып үйлесуінен болса керек.
Шал шығармаларының тағылымы мол. Мысалы:
Жігіттер, сақтаныныз жаман достан.
Досыңның жаманынан артық дұспан.
Белгілі жаудан адам сақтанады,
Тиеді достың оғы қапылыстан, –
десе, Шал ақынның өмір тәжірибесін басынан мол өткізгендігін, мысалды адамдар арасындағы қарым-қатынастардан алып тұрғандығын көреміз.
Ақын шығармаларында өмірдегі жақсы мен жамандық сияқты қарама-қарсы құбылыстарды салыстыра отырып, олардың сырын ашуға үлкен көңіл бөлінеді. Ғалым Ә.Дербісәлин айтқандай: «Мұны, әсіресе, шығыс поэзиясына тән өмір мен өлім, кәрілік пен жастық, жақсылық пен жамандық достық пен қастық білім мен надандық туралы, т.б. мәңгілік егіз, салыстырмалы тақырыптар төңірегінде айтуға болады».
Шал ақын адам бойындағы адамгершілік қасиеттерді насихаттай отырып, адамды адам қанамаса, қиянат жасамаса, бірін-бірі сыйлап өтсе, ізгілікті жинап өтсе, адамдар, халықтар бір-бірімен тату болса деп армандайды.
Шал ақын:
Кәрі өлсе, соққан дауыл тынғандай-ақ,
Жас өлсе, бәйтерегің сынғандай-ақ.
Жігіттер, жас уақытты босқа өткізбе,
Тағдыр деген көз ашып-жұмғандай-ақ, –
деп өмірдің қысқалығын айта отырып, оны босқа өткізбеуге үндеп, табиғат сыйлаған аз ғана ғұмырды еңбекпен, ерлікпен, ізгілікпен өткіз дейді.
Шал ақын шығармашылығының басты ерекшелігі – шыншылдығында. Ол тақырыпты халық өмірінен алып жырлайды. Ақын күнделікті от басында кездесін жайттарды айтып отырып, жалпы адамзаматқа ортақ ой тастайды. Нақыл, насихат түрінде келетін қадау-қадау жырлары парасатты, адамгершілікті насихаттаайды. Орақтай орып түсетін тегеурінді түйіндер, шебер шумақтар, шағын айтыстар Шалдың толысқан талант екендігін байқатады. Қолма-қол ағытып айтатын ақпа таланттың бірегейі болған Шал шешен тіршіліктің қазықтай қадалған жайларына ғана назар аударып, төгіп тастап кете берген. Кемеліне әлі толыса қоймаған айтыс өнеріне де өзіндік өрнек беріп, келелі сахара айтыстарына жол салды деп айтуымызға да негіздер бар.
Шал шығармашылдығында қағыту, әзіл-қалжың, сыншылдық та айқын байқалып отырады. Ақын сыншылдыққа келгенде бет-жүзіне қарамай тура айтып отырады.
Шал – ауыз әдебиеті мен жазба әдебиет арасындағы көрнекті өткелдердің бірі. Шал ақын сөздері халық бауырында жүріп, бұқара мұңын түсініп, күйінгендіктен туған сөздер екені айдан анық. Қазіргі ұрпағы кәдеге жаратып отырғаны да сол себептен болса керек.
Шалдың жас шағында Абылайдың үлкен баласы Уәлиханға айтқан атақты өлеңінен бастап, кәрілік жайлы толғауларына дейін ағын судай ақындықтың айдынды лебі байқалады. Біреулер бұл өлеңді Абылай ханға айтыпты деседі. Дегенмен, кімге айтса да он төрт-он бестегі баланың болайын деп тұрған келешегін қателеспей көрсетеді.
Және осы өлеңде тұрмыс фәлсафасы да жоқ емес. Міне, осы арнауының өзінде Шал ащы шындықты хан бетіне басып, малдың көп не аздығы адамдарды жікке бөліп отырғанын жасырмайды. «Өлеңге тоқтамайды Шал дегенің» деп бастап, небәрі сегіз жол өлеңге өмір шындығын сыйдырып жібереді. Бұған қарағанда Шалдың бұл алғашқы өлеңдерінің бірі емес сияқты. Он бес жасында өлеңге тоқтамадым десе одан әріде біраз шығарғандары болса керек.
Халықтық поэзияның тазалығынан, өміршеңдігінен сусындаған ақын сол халықтың қанатты өкілі ретінде батыл сөйлей білді. Не мәңгі, не өткінші, не алыс, не жақын, бақ-дәулет, жастық, қарттық жөніндегі жырларында ақын сөз бағасын түсірген жоқ. Басқаларға игілік, ізгілік ойлататын адам ғана өрелі сөз айтып жұртты жігерлендіруге хұқы болатындығын танытты. Шал өз көрген, білгенін, тәжірибесін, қорытқанын ортаға салады.
Шал шығармаларында адам өмiрiнiң жас кезеңдерi ерекшелiктерiн бейнелеу тақырыбы да үлкен орын алады. Бұл тақырыптың қазақ әдебиетiнде жырлануының дәстүрлiк ерекшелiгi бар. Ол ежелгi дәуiрлер әдебиетiнен бастау алады.
Шал ақынның адамның жас кезеңдерiн сипаттауда да өзiндiк ерекшелiгi бар. Бұл тақырыптағы өлеңдерiнде, сондай-ақ өз өмiрiне қатысты жайттарды сипаттайтын өлеңдерiнде ақынның өзіндік көркемдiк тәсiлдері, сөз қолданыстары байқалады. Онда халықтық дүниетаныммен, ұлттық ерекшелiкпен байланысытылығы көрініс тапқан.
Тілеуке ақынның жастай Шал аталуына да оның сыншылдығынның қатысы бар. Адамгершiлiктi, адалдық пен ақындық өнер тазалығын жоғары қоятын Шал ақынның өзi өмiр сүрген қоғамның құбылыстарына сыншылдықпен қарауы шығармаларында кеңінен бейнеленген.
Шал ақын заманының зорлықшыларын, малына сенген сараң байлар мен парақор, әдiлетсiз әкiмсымақтарды да өткір сынға алып отырған. Сондай-ақ қу, “пысықтар” мен жалған дiншiл молда, ишандардың лас iстерi мен екiжүздi қылықтары, мiнездерi де бейнелеген.
Ақынның сыншылдық көзқарасы оның адамның жас кезеңдерi ерекшелiгiн сипаттау, жекелеген әлеуметтiк топ өкiлдерi туралы айтқан өлеңдерiнде де көрiнiс тапқан.