Байланысты: Лекция. № Лекция та?ырыбы Х?- xyii ?асырларда?ы ?дебиетті? даму
3. Есет Қараұлынң өмірі мен қоғамдық қызметі туралы деректер. Есет Қараұлы қазіргі Батыс Қазақстан өңірінде Атырау облысының Қызылқоға ауданында туып-өскен. Есет — Байұлы, Беріш руынан, оның Қаратоқай бөлімінің аруақты ері болып өткен Қара деген батырдың баласы. Атамекені Тайсойған, Сағыз, Жайық өңірі. 1779-1869 жылдар аралығында өмір сүрген. Сөзге шешен би, ақын, топ бастаған батыр ретінде бүкіл Жайық өңіріне танылады, ел ішінде үлкен құрметке жетеді.
Есет жырлары ХХ ғасырдың басында «Жақсы үгіт» (1908), «Шайыр» (1910) жинақтарында басылған. Кеңес дәуірінде толғауларының үлгілері 1967 жылы «Ертедегі әдебиет нұсқаларында», одан кейін «Ақберен» жинағында басылып шықты. Кейінгі жылдары «Бес ғасыр жырлайды» (1984, 1989), «Ай, заман-ай, заман-ай» (1991), «Жеті ғасыр жырлайды» (2004), «Он ғасыр жырлайды» (2006), жинақ кітаптарында жарияланды. Ғалым Х.Сүйіншәлиев қазақ әдебиетінің тарихына арнап жазған «Қазақ әдебиетінің тарихы» (1997), «ҮІІІ – ХҮІІІ ғасырлардағы қазақ әдебиеті» оқулықтарында (1989) Есет Қараұлының өмірі мен шығармашылығына тоқталып, «Мен-мен едім, мен едім», «Қартайдым да қор болдым», «Тауға біткен қайыңның» деп басталатын толғауларына біршама талдаулар жасады.
Деректерде айтылғандай ескі ел әңгімелері, көне жыраулар мұрасының білгірі Есет өзінің жақын туысы Мұрат ақынның алғашқы ұстазы болған.
Есет жырау, ақын, би атануымен қатар, батыр да болған. Өлең-жырларында ақынның батырлық бейнесі айқын көрініс тапқан. Оның батырлығын өзінің:
Қасарыскан жау көрдім,
Тізелескен дау көрдім,
Самарқанды сапырдым,
Қарсыласқан дұшпанды,
Шапқан шөптей жапырдым, -
деген, т.б. осы сияқты өлең жолдарынан байқауға болады.
Есет шығармаларынан батырлықтың арғы ата-тегінен жалғасып келе жатқан үрдіс екенін, әкесі Қараның батырлықпен отарлаушы патшалық қысымына қарсы күресіп өткендігін де көруге болады. Ал Есеттің өзі болса ақындығымен қатар, патша үкіметінің билеушілеріне, халықты қанап, қинап отырған хан-төрелерге бас имей, қарсы белдесіп өткен қайраткер. Жаугершілік заманның ағымында көрші халықтардың, тіпті рулардың соқтығысуы кезінде де, Есет жоғарыда өзі айтқандай, қасқая шауып ерлікпен күреседі. Есет ерлігінің бірі Исатай мен Махамбет 1837 жылы Жайықтың Батыс жағынан қуылып, Шығыс беттегі елді патшалыкқа қарсы қайта көтеру үшін жүрген сапарында байқалады. «Исатай-Махамбет» дастанын жазған Ы.Шөреков бұл сәттегі Есеттің көңілі мен ойын төмендегіше жырлайды:
…Баяндады бір-бірлеп
Патша менен төреден
Орынсыз көрген қысымды.
...Ашумен Есет ісінді,
Патша менен төреге
Шығуға қарсы дерек деп,
Үш алшынның баласын
Басын қоспақ керек деп...
Бұл қысқа сөзден Есеттің ар-намысы жоғары, дұшпанға мейірімсіз, кекшіл ер болғаны аңғарылады.
Есет ақындығымен қатар, ел ұйтқысы би болған. Ол қабырғалы қайратын ел-жұрттың бүтіндігі, бірілігі үшін жұмсаған зейінді, білікті жан ретінде халыққа өнегелі іс көрсеткен. Деректерге қарағанда, көптеген тарихи мағлұматты кеңінен толғап, жастарға ұстаздық жасаған. Әсіресе Мөңкеұлы Мұрат ақынды алты жасынан бастап қолына алып, қасына ертіп ақыл-кеңес беріп, тарихи нұсқаларды, жыр-толғауларды үйретіп тәрбиелеген. Мұрат Есеттің арқасында ой-өрісі кең ақын санатына көтеріледі.