Лекция. № Лекция тақырыбы: ХҮ- xyiiі ғасырлардағы әдебиеттің даму сипаты, ерекшелігі. Лекция жоспары


М.Х.Дулатидің ғалым, әдебиетші, ақын ретіндегі ерекшелігі, көркем әдеби шығармалары



бет12/103
Дата26.04.2023
өлшемі1,34 Mb.
#87335
түріЛекция
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   103
Байланысты:
Хандық дәуір әдебиеті Лекциялар мәтіні

5. М.Х.Дулатидің ғалым, әдебиетші, ақын ретіндегі ерекшелігі, көркем әдеби шығармалары.
Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати (1499 – 1551) қазақ мәдениетіндегі тұлғалардың бірі — көрнекті мемлекет қай­раткері, әскери қолбасшы, тарих­шы, әдебиетші, ақын. «Тарих-и Рашиди» атты тарихи-әдеби еңбектің және “Жаһаннама” дастанының авторы.
М.Х.Дулатидың өмipiнe қатысты деректер алғаш рет "Бабырнамада" бepіледі. Онда оның өз заманыньң білімді адамдарының бipi, тарихшы, ақын, жазушы, көрнекті қолбасшы, қоғам қайраткері болғандығы туралы деректер берілген.
М.Дулатидің өмipi мен шығармашылығының зерттелуі қазақ ғылымында кенжелеп қолға алынды. Ол әлем рухания­тының тарихында ғылыми құн­дылығы өте жоғары “Тарих-и Рашиди” атты еңбек қалдырған ірі шығармашылық тұлға. Бұл ең­бек­те Орталық Азия халық­тары­ның тарихы, этнографиясы мен географиясы, тілі мен әде­биеті, мәдениеті терең тарихи арнада қарастырылады. Нақты тарихи деректер мен нақты тари­хи тұлғалар тағдырынан жазыл­ған бұл тарихи шежіре әлем тарихының алтын қазынасының төрінен орын алды десек, қате­леспейміз.
"Тарихи Рашиди" енбегінің зерттелуіне шетел ғьлымында ертерек назар аударылған. Олар бұл енбекті аударып, тарихи әpi көркем туынды ретінде кұнды еңбек деп бағалады. Ағылшын, орыс, өзбек, т.б. халықтардың тілдеріне ертерек аударылды.
М.Х.Дулатидің "Тарихи Рашиди" еңбегін алғаш аударған С.Асфандияров болды. Қазipгi кезде М.Х.Дулати мұраларын таныту, насихаттау саласында атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Дербісәлі Әбсаттар қажы зерттеп келеді. Ол Қашқарияға (1994), Пәкістанға (1995), Үндістанға (1998) арнайы барып, Кашмир өлкесінен ғалымның зиратын тапты, Берлин және Қашқар қолжазбасы бойынша «Жаһаннаме» поэмасын шағатай тілінен тәржімалап, баспаға дайындады. Ғалым И.Жеменей "Тарихи Рашиди" еңбегінен докторлық диссертация қорғап, осы кісінің аударуымен "Тарихи Рашиди" қазақ тілінде жарық көрді (2003). Ғылыми зерттеу орталықтары да құрылып, зерттеу бағытында елеулі істер атқарылып келеді.
М.Х.Дулатидің "Тарихи Рашиди" шежіресінде М.Х.Дулати өмip сүрген кездегі Орта Азия, Шығыс Түркістан, Ауғанстан, Үндістанда болған маңызды тарихи оқиғалар мен ол елдердің тұрмыс-салт, дәстүрлерінен мол деректер 6epіледі.
Қазақ хандығының кұрылу, қалыптасу кезеңдері тарихы және қазақ, өзбек, қырғыз, ұйғыр, ойрат (қалмақ) хандықтарының қарым-қатынастары да молынан баяндалады. Ерте кезде Қазақстан жерін мекендеген ру-тайпаларға қатысты да көптеген деректер беріледі. Шығыс, Оңтүстік Қазақстан, Жетісу өңipлepiнiң коғамдық, шаруашылық жағдайы, қалалар мен егіншілік мәдениеті, географиясына байланысты, сонымен қатар халықтың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары туралы да деректер мол. Бұл еңбек деректердің молдығымен қатар, дәлдігімен құнды, тарихи, танымдық мәнін жоймаған еңбек болып саналады.
М.Х.Дулатидің көркем шығармасының бірі - “Жаһаннаме” дастаны. “Жаһаннаме” дастаны (1529-30 жылы Бадахшанда тұрғанда жазылған). 500 жылдан соң жарыққа шықты. Бұл туынды "Тарихи Рашиди" еңбе­гінен кейін жазылған. “Жаһаннаме” – атты әйгілі, шығыстық үлгідегі, ең бастысы, түркілік дүниетаным биігінен ой толғайтын, даналық сөз айтатын классикалық, поэтикалық шығарма. Дастанның Берлин және Қашқарлық нұсқасы бар.
Зерттеуші ғалымдар поэманың сюжеттік желі­сіне үнді ертегі, дастандарының бірі негіз болған сияқты деген пікір айтады. Поэманың негізгі оқиға желісі 115-бәйіттен баста­лады да әрі қарай динамикалы түрде дами бастайды. Дастанның қысқаша мазмұны мынандай:
Ертеде Самин деген қалада өмір сүрген Шаһсауар атты патша екі жүз жылға таяу ғұмыр кешіп, қазына мен байлықтан кемшілік көрмесе де бір перзентке зар болады. Әулие-әнбиелерге сыйынып, бір Алладан перзент сұрап жалбарынып жүріп ақыры күндердің күнінде ұлды болады. Оның аты Фируз шаһ деп қойылады. Шаһ­зада эпостар мен ертегі­лердегі сияқты тез өсіп, жас ке­зін­де-ақ бар ғылымды меңгереді. Қолы боста аңға шығып, түлкі қуып, киік атады. Түндерінің көпшілігін ойын-сауық, көңіл көтерумен өткізеді. Қуанышты да шат өмір сөйтіп алаңсыз жалға­са береді. Дастанның келесі тарауларында осынау сю­жеттік фабула тарам-тарам арна­ларға бастап, автордың тақырыптық-идеялық мақсатына сәйкес басқа да сандаған тарихи оқиға­ларды қамтып (ертегілік, аңыз­дық, қиял-ғажайып оқиғаларға табан тірей отырып), көркемдік шешім түйінін автор үлкен философиялық толғауларымен астастырады.
Автор дастанның бас кейіпкері Фируз шаһтың әкесі Шаһсауар патша мен анасы Жаһанбану патшайым тағ­дырынан тарата отырып, тағдыр сыйы тек бір Алланың қолында дегенді айтады. Ұлынан айырылып, тауқымет кеш­кен, тағдыры тәлкекке түскен пат­шаның ең соңғы медет тілер тұсы ел, халық екендігін ақын астарлап жеткізеді. Арманына жету жолында әмірші халқына рахымды бола түседі. Әділдіктің ақ жолын таң­дайды. Жетім-жесірлерге, мұңды-мұқтаждарға көмек қолын созады. Азапта, қамығуда отырған кінәсіз тұтқындарға азаттық береді. Ендігі тағдырында тек қана рахымшылық, жақсылық, игілік, мейірбандықты таңдаған құдіретті әмірші қол астындағы күллі момындардың разылығын күтеді. Тазару жолы ханға да, қараға да біреу, жалғыз. Ол Аллаға барар жол дегенді ойшыл, данышпан ақын тарихи шындық арқылы, философиялық-поэтикалық тілмен оқырманына әсерлі жеткізеді. Дастанның соңында өмірлік ғашығы, сүйген жары, Перизат Назбойдан айырыл­ған әмірші Фируз шаһ тағынан өзі бас тартып, тақуалық, дәруіштік жолға түсуге бел буады. Тағын тастап, алтын тәжден баз кешеді.
Ақын «...оның [Алланың] мейірім, жомарттығы көп болады» деген жыр жолдары арқылы поэманың негізгі ой түйіні айтады. Елдік мұраттарды, ел қамын биік қоятын ақын сан қилы сюжеттік желілерді бір арнада тоғыстырған. Түптің түбінде ақиқат жолы Алла жолына бастайтынына ақын сенеді.
Ақын поэтикалық метафора, айшықты ой, даналық толғамдар және басқа да дастан жанрына сыйымды, қиял-ғажайып оқиғаларға құрылатын құнарлы көркемдік әдіс-тәсілдер арқылы ма­ңызы тереңге тартатын көп қырлы туынды келтіреді. Дастанның тари­хи мәні де, тарихи тағылымы да осында.
Дастанның тағы да бір құндылығы — ақын өз туын­дысында махаббат сю­жетін де арқау етеді. Адамның фәни жалғандағы тіршілігі, тағдыр соқпағы, заман мен адам қарым-қатынасы, тарих пен тағдыр мәселесі, барлығы әлеуметтік-қоғамдық шындықпен терең сабақтастықта суреттеледі. Сондықтан да дастан оқиғасы шы­мыр, тартымды, әрі динамикалық түрде өрбиді. Поэтикалық теңеулер, метафоралық айшықтар, ең бас­тысы, ақынның көркемдік қабыл­дауының кең ауқымдылығы дастан ішінде заман шындығы мен адам­дар тағдырын терең астастырып бейнелеуге жол ашады.
Басты, өзекті тақырып – сүйіс­пеншілік, махаббат тақырыбы бол­ғанымен, осы арнада ақын өз уақы­тының, заманының, қоға­мының сан алуан тарихи оқиғала­рын да айналып өтпейді. Мансап, билік жолындағы әмірлер мен сұл­тандардың, бектер мен мырза­лардың әрқилы тағылым-тағдыры, мінез-құлқы, іс-әрекеттері де дас­танда желі тартады. Осы арқылы автор тарих таразысына жақсылық пен жамандықты, әділдік пен әділетсіздікті, қиянат пен рахым­шылықты қатар қойып, тағы да басқа адам болмысындағы барлық қасиеттер құндылығын адамгер­шілік-гуманистік тұрғыдан ой тал­қысына салады. Дастанның әлеуметтік астары, поэмада сөз болатын жалпы адамзаттық құндылықтар мазмұны, авторлық дүниетаным, ақынның азаматтық тұлғасы осы желілерде айрықша көрінеді.
Поэманың алғашқы тараула­рын­да автор сол замандағы билеуші Әбу Бәкірдің шапқыншылық әрекеттерін әшкерелеп суреттейді. Ақын озбыр, қатыгез билеуші Әбу Бәкірге өз замандасы, Қашға­рияның билеушісі Саид ханның (1487-1533) ізгі істерін, әділет­тілігін, мейірім-шапағатын қарсы қояды. Әділ билеушінің образы Саид хан арқылы танылады.
Саид ханның кеңесшісі, ақыл­гөйі деңгейіне көтерілген Мұхаммед Хайдар осынау өзінің тарихи тағдырын дастан сюжетіне орнымен кіргізіп, өзінен бұрын тағдыр кешкен Үндістан билеушісі Махмұт Газнауи (997-1030) патша мен оның сарайындағы бас уәзірі, ақылгөйі Аяз тұлғасымен салыс­тырулар жасайды. Әр замандарда ел тағдырында игілікті із тастаған та­рихи оқиғалар арнасынан сабақ­тастық табады. Бұл жолдарда әр ғасырдың белесінде өз іс-әреке­тімен еліне, ұлтына шарапатын тигізген тарихи тұлғаларды мара­паттау, мадақтау сарынын аңға­рамыз. Қазақтың батырлық жырларында, қисса-дастандарында, шығыстық эпостарда ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан осынау поэтикалық арна бұл дастаннан да өз орнын тапқан. Саид хан да Мырза Мұхаммед Хайдарға өз мем­лекетінің ең жоғарғы, ең жауапты лауазымдарын сеніп тапсырған. Осы оқиғаларды ақын дастанда:
Еткен соң жақсылық, қайырым – бақытты,
Болып едім Махмұттың Аязы сияқты, –
деген жыр жолдарымен бейнелейді.
Өз өмірінің осы кезеңін дастан авторы өзінің алдында жарық көрген “Тарих-и Рашиди” еңбе­гінде де төмендегідей суреттеп өтеді: “Ол әкелік сүйіспеншілікпен мені жетімдіктің қасіретінен құтқарып қамқорлығына алды және де мені жақсы көріп, маған беріл­гендігі сонша мен оның інілері мен балаларының қызғанышына қалдым. Оның қасында тұрған 24 жыл ішінде мен білім алып, алыс пен жақынды таныдым, уайым-қамсыз тамаша күн кештім. Мен көркем жазу, сауатты жазып-сызу, өлең өнері, стилистика, сурет салу мен алтынмен әшекейлеу және басқа да кәсіптер бойынша өз құрбыларым арасында озып, ерекше шеберлік таныттым. Сон­дай-ақ, мемлекет істерін бас­қару мен жүргізу... түнгі жорық, атыс, соғыс, аң аулауды ұйым­дастыру мен жүргізу, қойшы әйтеуір мемлекет ісіне қажеттінің бәрінде де ол менің ұстазым әрі ақылшым болды”. Бұл тұста ақын өмірінің бе­лесті кезеңдері де дастан сю­жетіне табиғи, іштей сабақтастықта кіргізіліп отырға­нын аңғарамыз. Осындай тұстар, яғни, ақын тағдырының белгілі белестері жалпы дастанның тұтас бойында іштей жарасым тауып, өрнектеліп отырады. Автор өз туындысы тарихи дастан болған­дықтан, көп жағдайда тарихи деректерге табан тіреп, өз зама­нының ірі-ірі тарихи оқиғала­рынан құнар алып отырады.
Дастанның тағы да бір құнды тұсы, халық ауыз әдебиетіндегі ғасырлар бойы арқауы үзілмеген көркемдік дәстүр, яғни дастан­дарымыздағы көп суреттелетін сюжеттік желілер – ұлы тұлғаларымызға, батырларымыз бен хандарымызға айтылатын мадақтау сарыны жанрлық ерекшелік ретінде “Жаһаннаме” дастанында да арнасын бұзбаған. Автор өзіне дейінгі қалыптасқан шығыс дәстүріндегі дастан жанрының канондарының шарттарын қатаң сақтай отырып, соны көркемдік ізденістермен өрнектейді. Өз заманының шын­дығын шынайы және поэти­калық аяда жеткізу мақсатында тақырыптық, стильдік және тілдік-көркемдік айшықтауларға қол ұрады. Оны біз, әсіресе, ақынның бірде тарихи, енді бірде қиял-ғажайып оқиғаларды бірі­нен соң бірін төкпелетіп, маз­мұндап кететіндігінен (Перизат Назбой сұлудың шарттарын орын­дау мақсатында ханзада­ның, Фируз шаһтың қиял-ғажайып сюжеттерден тұратын оқиғаларды баяндауы, тақтың әңгімесі, үлкен бокалдың әңгі­месі, білте шамның әңгімесі, т.б.) немесе бірнеше ұнамды-ұнамсыз тарихи тұлғаларды қатар алып солардың іс-әрекетін, мінез-құлқын тарихи ауқымда кең, жан-жақты түйіндеп, топтап өрбітетін стилінен аңғарамыз. Түйіп айтқанда, дастанның сю­жеттік құрылымынан, тақырып­ты топтастыруынан, ең бастысы суреттеу, бейнелеу құралдарынан сонау б.з.д. VІІ-VІ ғасырларда, сақ дәуірінде дүниеге келген көне дастандарымыз “Алып Ер Тоңға”, “Шу батыр”, ғұн дәуі­рінен жазылған “Аттила” (Еділ патша) дастандарының, тіпті берідегі б.з. VІ-VІІІ ғасырла­рындағы Орхон-Енисей мұра­лары – “Күлтегін”, “Тоныкөк” жыр­ларының дастандық арна­лары, көркемдік ерекшеліктері анық аңғарылады. Шығыстық қисса-дастандардың сюжеттік желілері де басқаша тарихи шын­дықтармен астасып биік, дәстүрлік үлгілерде қайта­ланады.
Қорыта айтқанда, Мұхаммед Хайдар Дулатидің осыдан бес ғасырға жуық бұрын жазылған дастанының ана тілімізде тұңғыш рет жарық көріп, қазақ оқырмандарының қолына тиюі рухани мәдениетімізге қосылған үлкен үлес болды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   103




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет