Байланысты: Хандық дәуір әдебиеті Лекциялар мәтіні
4. Захриддин Мұхаммед Бабырдың өмірі мен шығармашылығы. «Бабырнама». Захир ад-дин Мұхаммед Бабырдың өмірі, қоғамдығы қызметіне тоқталып өтер болсақ, ол 1483 жылы Ферғана билеушісі, Әмір-Темірдің шөбересі – Омар Шейхтың шаңырағында дүниеге келген. 1494 жылы әкесі кенеттен қаза тауып, 12 жастағы Бабыр Ферғананың әмірі аталды. Буыны қатпаған жас бала әкесінің уәзірлерінің жәрдемімен бабасы Темірден қалған иеліктерді бөлісе алмай, билік үшін кескілескен ұрыс жүргізді. Бір жағынан Жетісудағы Моғолстан хандары, бір жағынан Қазақстанның Солтүстік, Орталық аймақтарында билік жүргізіп отырған көшпелі өзбектердің ханы Мұхаммед Шайбанидың жорығына төтеп бере алмай, 1504 жылы Әндіжаннан айрылып, Ферғанадан қуылып, Кабул мен Бадахшанға ауысады. Үндістанға әлденеше қайтара шабуыл жасап, ақыры Делидің терістігінде Панипат түбіндегі айқаста Ибраһим Лоди сұлтанды жеңіп, Үндістанда Ұлы моңғол мемлекетінің негізін қалады, Агра қаласын салдырып, төңірегіне талантты жазушыларды, ғалымдарды, өнер адамдарын топтастырды.
Жорықтардан тыныстай қалса, қалам ұстаған асқан талант иесі 1530 жылы желтоқсанның 26 күні Агра қаласында дүниеден қайтады. Сүйегі Кабул қаласына жерленген.
Бабыр тек мемлекет қайраткері ғана емес, ақын, жазушы, тарихшы ғалым. Лирикалық өлендер де жазған. Әлішер Науаи оны өзінің ең дарынды шәкірттерінің бірінен санаған. Олар бір-біріне өлеңмен хат жазып тұрған. Бірақ бір бірін көрмеген екен.
Бабыр өлеңдерін сол кездегі шығыс поэзиясында кең тарған ғазел, рубаят, тұйық, месневи, т.б. түрлерімен жазған. Ақын өлеңдеріне махаббатты, адам бойындағы асыл сезімдерді, қасиеттерді арқау етеді. Ар-ождан тазалығына, әділдікке шақырады. Зорлық-зомбылыққа қарсы шығады. Бабыр өлеңдерінің екі қолжазба нұсқасы белгілі. Олардың бірі Парижде, екіншісі Индияның Рампур кітапханасында сақталған. Осы екі нұсқа және «Бабырнамадағы» өлеңдері негізінде проф. А.Самойлович 1917 жылы Бабыр өлеңдерін Петербургдте жинақ етіп бастырып шығарды.
Бабырдың түркі жазуына негізделген өзі қолданған жазуы да болған. Ол кезінде «Бабыр жазуы» немесе «Бабыр хаты» деп аталған екен.
Ол жөнінде ақынның өз өлеңінде былай деп айтылады:
Түріктерге бұйырмады-ау,
Өз әрпі де киелі.
Бабыр хаты бөтен емес,
Сығанақтың сыйы еді.
Бабырдың туған еліне, жақын сыйлас болған достарына деген сағынышын бейнелейтін лирикалық өлеңдер де баршылық. Анынның өмірдің кейбір қиыншылықтары кезінде өзін-өзі қайрай түсетін, сабырға шақыратын өлеңдерінің де оқырмандарына тәрбиелік мәні әлі де құнын жойған жоқ деп айтуға болдады.
Бабыр өз ана тілінде өлең жазып қана қоймай "Аруз туралы трактаттар" атты еңбегінде поэзияға байланысты ой-пікірлер айтқан. Сол кезде қалыптасқан "...түpкi тiлi көркемдік дәрежесі биік өлең жазуға жарамайды" дейтін niкipлердi Бабырдың тepicкe шығаруы өз заманында үлкен мәнге ие болды.
Бабырдың өмірі мен жорықтары, шығармашылығы жөнінде оның шежірелік сипаттағы өз еңбегі - «Бабырнамада» мол деректер берілген. Сонымен бірге «Бабырнаманың» қазақ тарихына да қатысы бар. Оның тарихымыздың дерекнамасы бола алатын мәні де үлкен. Онда қазақтың бірнеше ғасырлық тарихынан деректер беріліп, XVI ғасырдың басында-ақ көптеген айтулы қалаларымыздың жойылып кеткені айтылады.
«Бабырнама» үш бөлімнен құралған. Бірінші бөлімінде XV ғасырдың ақырындағы Мауараннахрдағы саяси оқиғалар, өзінің шыққан тегі, ондағы қалалар, қамалдар, билік үшін жүргізілген жанталас соғысы, нағашы атасы Моголстанның билеушісі Жүніс хан мен Ташкентті билеген үлкен ұлы Сұлтан Махмұдтың билігі баяндалады. Екінші бөлімі — Ауғанстан жеріндегі оқиға. Бабыр заманында бұл аймақ — «Кабул иелігі» деп аталған. Үшінші бөлімінде Солтүстік Үндістандағы саяси оқиға, елдің географиялық жағдайы, табиғатының ерекшелігі, бұл елді мекен еткен халықтардың тұрмысы, әдет-ғұрпы жайында өте қызықты деректер келтіріледі.
«Бабырнама» Орталық Азияның Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдеріне ортақ мұра, өйткені бұл шығармада сол мемлекетті құрып отырған халықтардың тарихы жазылып қалдырылған. Онда Қазақ тарихына дерек болар қала, адам, жер-су аттары ғана емес, тарихи оқиғалар, Мауараннахр әмірлерінің бүгінгі Қазақстан жеріне, яғни Әбілқайыр хандығының аймағына, Түркістанға, Жетісудағы Моғолстанның елді мекендеріне жасаған жорықтарынан да мағлұмат мол. Бұл аймақтарға дүркін-дүркін шабуыл жасап, Тоқтамысты күйретіп, Жетісуға он бір рет жорыққа аттанған Бабырдың бабасы Ақсақ Темір, онының кейінгі ұрпақтарының иелікті, билікті бөлісуі, одан кейінгі жүз жылдай уақыттағы өзгерістер, билік жүргізушілер, осының бәрін Бабыр осы «Бабырнамасында» ешбір бүкпесіз, қарапайым тілмен баяндайды, өз тумаларының іс-әрекетін жасырмай жазады.
«Бабырнамада» Бабырдың бөлесі Мұхаммед Хайдар Дулатидың Үндістанда әкімшілік жүргізгендігі айтылады..
«Бабырнама» — қазақ халқының мақтаныш еткен тағылымды дүниесі. Оны қазақтың ойшыл ұлдары Абай мен Шоқан да есіне алып отырған. Абай қазақтың қайдан шыққаны туралы сөз қозғағанда: «Әмір Темір нәсілінен Құмар Шейх (Омар Шейх — Б.Қ) баласы, белгілі Бабыр патшаның шешесімен бір туысқан екі бауыры болған. Үлкені Ташкентте хан балып, кішісі қазақты билеген. Бұлар Шағатай нәсілінен Юніс ханның балалары болған. Сол қазақты билегенінің аты Ахмет екен. Сол өз уақытында аттанысқа жарарлық қазақтан үш жүз әскер шығарып, үш жүз басыға бөліпті. Әр жүздің халқы өз ынтымағымен бір туысқанға есеп болыпты. Қазақтың «үш жүздің баласы» дейтұғыны сол» деп жазған.
Бабыр Кабулда тұрған кезінде ұлан-ғайыр жерді мекендеген отырықшы, жартылай көшпелі, әр түрлі тілде сөйлейтін тайпалар мен халықтардың әдет-ғұрып, салт-санасымен жіті танысады. Ол бұл елдің ірілі-ұсақты қалаларын жалғастырып жатқан керуен жолдарымен жүріп өтеді, оның жыл мезгілдеріне қарай қандай жағдайда болатынын кітаптың екінші бөлімінде баяндайды.
«Бабырнаманың» үшінші бөлімінде 1525-1530 жылдардағы оқиғалар баяндалады. Алғашқы Ферғана мен Кабул туралы бөліміне қарағанда бұл беттер толық, егжей-тегжейлі жазылған. Ол мұнда өзін сол замандағы Үндістанның тарихшысы сияқты бейнелейді, өйткені Үндістан халықтарының тарихы, экономикасы мен мәдениетінің тарихынан білімдарлығы сол тұстағы үнді-мұсылман тарихшыларынан көш ілгері еді.
«Бабырнама» жоғарыда аталған елдердің ХV-ХVІ ғасыр аралығындағы саяси тарихына арналғанмен, ол халықтардың саяси-экономикалық өмірінен баға жетпес мол деректер берумен қатар, ақындардың, жыршылардың бейнесі суреттеліп, шығармаларына да баға беріледі. Осы деректерге сүйене отырып, зерттеушілер заманында Орталық Азияда, Ауғанстанда, Үндістанда өмір сүрген, бірақ бұған дейін белгісіз болып келген ақындардың, мемлекет қайраткерлерінің, әскери қолбасшылардың, әнші-жыршылардың беймәлім болмысын ашады.
Бабырдың жазбасында Әлішер Науаи талантты ақын, ғалым ғана емес, өз заманының озық ойлы шешені, дүлдүлі ретінде көрінеді. Сонымен қатар «Бабырнамада» ХV-ХVІ ғасыр аралығындағы жалпы Хорасан, Мауараннахр, Иран, Ауғанстан, Үндістанның мәдени тіршілігінен мол да нақты дерек берілген. Бабыр біреуден естігенін, яки болжағанын емес, өзі көзімен көріп, анық-қанығына кеткен жайттарды ғана баяндайды. Жазу мәнері де, тілі де ерекше. Тілі қарапайым, сөйлемді нақты, қысқа құрады, әрі ұғымды, халықтың сөйлеу тіліне бейімделген, замандастары сияқты ділмарлық қызыл сөз, жөнсіз шешендікке салыну деген мүлдем үшыраспайды»
Адамдардың аты-жөні мен жер-су аттарының әрі оқиғалардың орасан кептігіне қарамастан? «Бабырнама» жеңіл, әрі қызықты оқылады. Мұнда Орталық Азияның, Хорасанның, Иранның, Ауғанстанның, Үндістанның ірі қалалары суреттеледі. Бабырдың Орталык. Азия, Ауғанстан, Үндістан қалаларындағы қазбалы кен байлықтары жайындағы деректері аса құнды. Бұлар туралы жекелеген дерек келтіріліп қана қоймайды, сонымен қатар елдің шаруашылығына қалай қолданылатыны да айтылады. Бабыр Самарқан мен оның аймақтары жайында аса зейінділікпен, ілтипатпен жазады. Оның естелігіне қарағанда «...жер бетінің адам мекен ететін аймағында Самарқан сияқты қала некен-саяқ». Самарқанның ірі құрылыстары, бақтары мен моншалары, жасалу тарихы баяндалып, тұрғызған сәулетшінің аты-жөні де аталады.
Бабырдың назарынан Ұлықбектің обсерваториясы да тыс қалмайды, ол мұның ғажайып құбылыс, заманының озық ойлы адамы тұрғызған аса бағалы ғимарат, әрі ғылымның жетістігі екеніне тоқталады. «Обсерватория жотаның етегіне салынған, мұнда әлемнің жарық жұлдыздарын бақылайтын арнаулы құрал-жабдықтар орнатылған. Ұлықбек бұл обсерваториада «Гұрган кестесін» жасады, мұны қазірде дүние жүзі пайдаланады» деп жазды Бабыр.
«Бабырнаманың» бірнеше беті Ауғанстанның ірі қалалары Кабул мен Ғазниді сыпаттауға арналған. Ондағы деректер Ауғанстан халқының XVI ғасырдағы әлеуметтік өмірінің кейбір мәселелерін анықтайтын маңызды тарихи материал да болып табылады. «Бабырнамада» Орталық Азия, Ауғанстан мен Үндістанның өсімдіктері мен хайуанаттары соншалық білімдарлық, зеректілікпен сипатталады.
Кітаптың үшінші бөлімінде, негізінен Үндістандағы саяси жағдайға, Бабырдың алғашқы жорығынан дүниеден қайтқанына дейінгі оқиғалар, оған дейінгі, саяси-экономикалық жағдай, Үндістан халқының мәдени өмірі жайында мол мағлүмат беріледі. Автор онда былай деп жазған: «Бұл — бір ғажайып өлке, біздің жермен салыстырғанда мүлдем басқа дүние. Оның тауы, өзені, орманы, даласы, қаласы, аймағы, жан-жануары, хайуанаты, өсімдігі, адамы мен тілі, жаңбыры мен желі, бәрі-бәрі де біздің жерге, біздің елге ұқсамайды. Кабулға шектесіп жатқан ыстық аймақтардың кейбір табиғат көрінісі Үндістанмен ұқсас болғанмен, басқа жағдайы жер мен көктей; Синд өзенінен өтсең болды жері мен суы да, ағашы мен тасы да, адамы әдет-ғұрпы да айна-қатесіз».
Үндістан жұртшылығы «Бабырнамаға» зор ілтипатпен қарады, бұл кітапты Бабырдың үрім-бұтағы қолдан түсірмей оқыған. Оны әрі түрлі-түсті бояулы суреттермен әшекейлеп көшіртіп отырған. Бабырдың немересі Ақбар (1556-1609) тұсында «Бабырнама» көне түркі елінен парсы тіліне тәржімеленіп «Вакитан Бабури» аталады. «Бабырнама» алғаш рет XVI ғасырда парсы тіліне аударылды. «Бабырнама» Үндістан мен Орталық Азияда құнды тарихи еңбек болып саналып, Шығыс жылнамашыларының Бабырдың деректерін ауызға алмағаны некен саяқ екен. «Бабырнамадан» Үндістанның көптеген тарихшылары деректер келтіріп отырған.
Бүгінгі таңда «Бабырнамаға» дүние жүзінің әр түрлі елдерінің зерттеушілері назар аударып отыр. «Бабырнамада» келтірілген деректердің құндылығы, автордың адалдығы, әр түрлі деректерге өзіндік көзқарасы, деректің нақтылығы ғалымдарды тәнті еткен. Өзбекстанда «Бабырнаманың» алғашқы қолжазба көшірмесін 1714 жылы Темір Пулатов қолға түсірген. Оның Санкт-Петербургтегі көшірменің негізінде 1857 жылы Н.Ильминский «Бабырнаманың» Ресейдегі алғашқы басылымын ұсынды. Келесі бір данасын 1709 жылы Гиждувандағы мұғалім Әбу әл-Вахаб көшіреді де, бұл қолжазбасы жүз жылдан кейін барып Петербургке жетіп, одан Сенковский 1824 жылы жеке көшірме дана жасайды. Келтірілген осы деректерге қарағанда «Бабырнаманың» алғаш таралуы XVIII ғасырдың басында Орталық Азиядан басталған, кейін осы көшірменің негізінде орыс тіліне аударылған.
«Бабырнаманы» зерттеуге, сол сияқты Бабырдың поэзиялық мұрасын жинақтап шығаруға Өзбекстан ғалымдары үлкен үлес қосты. 1948 жылы «Бабырнаманың» өзбек тілінде жарық, көрген екі томдығын П.Шамсаев пен С.Мирзаев дайындады. Олардың қатысуымен «Бабырнама» бір том болып та басылды. Соңғы нұсқасы 1905 жылы Лондонда жарық көрген Хайдарабад қолжазбасы бойынша А.Беверидж басылымынан орыс тіліне аударылды. Өзбек тіліндегі нұсқа да М.Сальенің осы аудармасы негізінде шықты. Қазақ тілінде Б.Қожабековтің аударуымен «Жалын» баспасынан 1990 шығарылған «Бабырнама» да осы М.Сальенің және өзбек тіліндегі басылымды тең пайдаланып, салыстырылып тәржімеленіп, бірақ көп қысқарып басылған. Б.Қожабековтің аударуымен «Ататек» баспасынан 1993 жылы шығарылып ұсынылған басылымы кітаптың толық аудармасы болып саналады.
Қорытындылай айтқанда, Бабырдың «Бабырнамасы» тағлымды тарихымызды ертеңгі болашаққа да ұластыратын дүние болып саналады. Оның Шығыс зерттеушілерінің назарынан тыс қалмауының сыры да осында болса керек.