Лекция. № Лекция тақырыбы: ХҮ- xyiiі ғасырлардағы әдебиеттің даму сипаты, ерекшелігі. Лекция жоспары



бет53/103
Дата26.04.2023
өлшемі1,34 Mb.
#87335
түріЛекция
1   ...   49   50   51   52   53   54   55   56   ...   103
Байланысты:
Хандық дәуір әдебиеті Лекциялар мәтіні

4. Қожаберген жыраудың дастандары. Қожаберген көптеген дастандар шығарған сөз шебері деп саналады. Дастандарын атап көрсетсек: “Елiм-ай!”, “Баба тiл”, «Қабанбай батыр», «Ер Қосай», “Ер Көкше”, «Бөгенбай батыр», «Ер Едiге», «Ер Қасым», «Айша-жанша», «Әмiр Темiр», “Еңсегей бойлы Ер Есiм”, “Ер Қойлыбай”, “Қорқыт баба”, “Асан ата”.
Мұның бәрінде де жырау елді сыртқы жауға қарсы азаттық жолындағы күреске шақырып, қазақ халқының бірігіп, іргелі ел болуын армандап, соны жырға қосады. Бұл жағынан алғанда Қожабергеннің жыр еткен тақырыбының саяси жағынан өте маңызды екенін көреміз. Өзі де қолына қару алып, жорыққа шығып, елді қорғауға қатысып, саяси, қоғамдық іске араласып жүргендіктен дастан жырларында ерлікті, батырлықты барынша дәріптейді. Жырау тарихта “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” деген атпен белгілі жойқын апатты басынан өткеріп, көзімен көрген. Осы қиын-қыстау кезеңде басынан өткен қайғы-қасірет, шер-мұңды күйші, әнші әрі ақын бабамыз “Елім-ай” күйі, “Елім-ай” әні және “Елім-ай” жыры арқылы сыртқа шығарған.
Қазіргі кезде жыраудың бізге белгілі болған “Елiм-Ай”, “Ата тек”, “Жетi жарғы”, “Баба тiл” дастандары идеялық мазмұнының тереңдігімен, халық өмiрiнің ауыр кезеңдеріндегі көрiнiстерін шынайы да шыншылдықпен бейнелеуімен де құнды .
Жырау шығармаларында “Елiм-ай” дастанының тууына себеп болған сол кездегi тарихи, саяси-әлеуметтiк жағдайлар тарихи шындық аясында бейнеленеді. Жыраудың өлеңдерi мен күйлерiне, дастандарына “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” қасiретiнің шындығы арқау болды. Жырау шығармалары халқымыздың сол кездегi iшкi-сыртқы саяси жағдайларынан қазақтың әйгiлi хандары мен билерi, батырларының өмiрiнен көптеген деректер бередi.
Батыр жазушы Бауыржан Момышұлы “Елім-ай” жыры туралы: “Керей Қожаберген жыраудай бұрын-соңды өмір сүрген қазақ ақындарының бірде-біреуі қазақ жұрты жерінің көлемін, шекарасын айқындап берген емес. Ол кісінің “Елім-ай” жыры – әскери дастан!” – десе, көрнекті ғылым қайраткері, профессор Ермұхан Бекмаханов: “Қожаберген ақынның “Елім-ай” дастаны – тарихи эпопеялық жыр. Әрі сол “Елім-ай” ерлік қиссасының бірінші бөлімі – 1723 жылы “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” атанған ірі апаттың суретін ел көзіне елестеткен бірден-бір тарихи құжат!” – деп бағалаған.
Бертінге дейін ел арасында халық әні ретінде айтылып келген “Елім-ай” әнінің авторы да Қожаберген жырау екендігін соңғы кездегі зерттеулер дәлелдеді. Мұны философ-ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының “Даналарға” деген өлеңіндегі мына жолдар да растай түседі:
Өнерге құлаш ұрып бала жастан,
Тарихын бұл үш жүздің етіп дастан.
Баласы Толыбайсыншы Қожаберген,
Бой ұрған ерлік іске әуел бастан…

Қолбасы, ақын-жырау һәм елші-би,


Шығарып “Елім-айдай” тамаша күй.
“Елім-ай” әні менен жырын тағы,
Шығарған Қожаберген бабаңды сүй.
Бұл жайында өз заманында С.Сейфуллин, Ы.Алтынсарин, С.Торайғыровтардың жазған еңбектері туралы жоғарыда тоқталдық.
Қазақ кеңес энциклопедиясының қысқаша төрт томдығының төртінші томында да “Елім-ай” әнінің де, күйінің де, жырының да авторы Қожаберген екендігі айтылады.
Ғалым, академик Манаш Қозыбаев жырау бабаның “Елім-ай” дастанын кең тынысты эпикалық шығарма ретінде әйгілі “Илиада” мен “Одиссея” жырларына теңеген. Сонымен қатар ғалым: “Елім-ай” әдеби тұрғыдан алғанда да теңдесі жоқ туынды. Онда тек халық мұңы ғана емес, оның сыры, рухы бар. Автор егіліп те, төгіліп те жырлайды, бірде тарихи тереңдікке бойласа, бірде бүгінгіні қайғырып, болашақты ойлайды, философиялық пайымдармен орағыта толғайды», – деп “Елім-ай” жырына баға бере отырып, осындай құнды дүниені ғасырлар қойнауынан мұра етіп бүгінге жеткізген Қожаберген бабамызды қол бастаған батыр деп қана қоймай, “Елім-айдай” асылымыздың авторын – “Дауылпаз жырау” деп атау орынды”, – деп пікірін білдірген екен. Ғалым жыраудың жауға қарсы күрестегі ерлігі жөнінде айта келік: “Халқының қырық пайызынан айырылған қайран қазаққа дәл Қожабергендей бағ­дар­лама жасаған ел данасы сол кезде кемде-кем. Қожаберген баба тек жеңіс бағдарла­масын жасап қоймады, “Болды ғой аяқ асты Ота­ны­мыз”, “Ер емес жаудың туын құлат­паған” деп, сардарларын ұрысқа шақыра білді. Қазақ халқы бабамыздың бұл ерлігін еш­қашан ұмытуға тиіс емес”, – деп жазған екен.
“Елім-ай” дастаны алғашында ауызша туып, кейін оны Қожабергеннің өзі хатқа түсірген, жазба күйде сақтаушы Толыбай сыншы ұрпағы – Шақшақ батыр Көшекұлы деп айтылады. Оның бүгінге дейін жетуіне ықпал еткен жыраудың соңынан ерген үрім-бұтағы немере-шөберелері. Әрине сан ғасырды араға салып жеткен жыр жолдарында өзгерістер де жоқ емес. Дегенмен, осы өмірбаяндық тарихи дастанның келер ұрпақ тәрбиесіне тигізер әсері мол. Дастанның әр шумағы жас буын өкілдерін отаншылдыққа, ұлтжандылыққа, әділдікке, бауырмалдыққа, адалдыққа, достыққа насихаттайды.
Жыраудың “Елiм-ай!” дастанының мазмұны өзiнiң өмiр жолы желiсiмен жазылған. Әкесi жайында:
Толыбай сыншы кенжесi ем Қожаберген.
Бата алғам Әнет пенен Әз - Тәукеден, -
десе, анасы жайында:
Анамның шыққан заты Сүйiндiктен
Тұңғыш қызы Айдаболдың Ақбiлiктен, -
дейдi. Ал өзінің білім алуы жайында:
Самарқанд, Бұхарадан бiлiм алғам,
Өнерге құштар болып жас шағымнан.
Атанып зерек шәкiрт қатарында
Үргенiш медресесiн тәмамдағам,-
дейдi. Бұдан арғы өмiрбаянын өз сөзiмен айтсақ:
Адам деп өз бойына өнер жиған,
Ел-жұртым деп атайды менi имам.
Жорыққа он жетiмнен араласып,
Болғам жоқ молда, софы, қожа, ишан.

Тiлiне араб-парсы болдым жетiк,


Оны да қолданбадым өнер етiп.
Көршi елге елшiлiкке ылғи барып,
Мен жүрдiм қазағыма қызмет етiп –
дейдi. Қожаберген жырау өмiрi жайлы одан әрi:
Жорықта 45 жыл ғұмырым өттi,
Орта жас ол да менi тастап кеттi.
Ит қалмақ соғысуға душар еттi,
Болмаса ақсақалдық кезiм жеттi.

Жасынан ер жүрегi шерге толған,


Халқына қартайғанда қорған болған.
Қиналып қысылғанда жыр шығарған,
Керейде Қожаберген бабаң болам.- дейдi.
“Жеті жарғы” және Қожаберген жырау” қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы Бекет Тұрғараевтың пікірінше: «Қожаберген өзіне дейінгі қазақтың ақын-жырауларының өлең жырларын, шығыстың жеті жұлдызы атанған Жәми, Низами, Науаи, Физули, Фирдоуси, Сағди, Рудаки жырларын оқып солардан нәр алған. Сонымен қатар ол Рашид ад-Дин, Мырза Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайыр, Әбілғазы баһадур хан сияқты білімпаздар жазып қалдырған шежірелерімен таныс болған. Өзі де шежіреші болған. Қазақ халқының шығу тарихына, оның тіліне қатысты тереңнен тамыр тартқан “Ата тек”, “Баба тіл” дастандары осы сөзіміздің дәлелдері».
Қожабергеннің құнды еңбегінің бірі жыраудың орта жастан асқан шағында шығарған деп саналып жүрген – екі бөлімнен тұратын “Баба тіл” дастаны. Мұнда жырау қазақ, башқұрт, ноғай, қарақалпақ халықтарының бір туысқандығын айта отырып, ана тілінің тағдыры, тазалығы, болашағы жайында пайымдаулар жасайды. «Баба тіл» шығармасын оқи отырып, біз туған халқымыздың ежелгі жұрт екендігін және өз тіліміздің ерте заманнан бері қалыптасқанын айқын сезіне түсеміз.
Қазақ тілі – ескі тіл,
Хорезм жұрты қолданған.
Жойылмай ұзақ сақталып
Құлпырып қайта жанданған –
дейді жырау осы дастанында.
Дастанның бірінші бөлімінде қазақ шежіресі туралы, қазақ халқының қалыптасуы, құрамы жайында айтылса, екінші бөлімі қазақ тіліне, жалпы жазба тарихына тоқталады және қазақ тілінің ең көне, бай тіл екеніне талдау жасайды.
Асан қайғы, Жиренше,
Сөйлеп өткен қазақ тіл.
Әз-Жәнібек, Қойлыбай,
Сыйлап өткен ғажап тіл.

Осы тілді жек көрген,


Дүниеден қалар құр.
Бағаласаң шынымен,
Бабаң тілі асыл дүр, –
– деп өз тілін құрметтеуге үндеген осы бір жыр жолдарын жырау бүгінгі ұрпағына ұран етіп ұсынғандай әсер аласың. Қожаберген жыраудың бұл айтылған дана сөздері туған тілдің қадір-қасиетін дәріптеп, мақтан тұтуының белгісі. Қазіргі күнге дейін мән-мағынасын жоғалтпаған, нағыз көкейтесті мәселені жырау келесі жыр шумақтарында былайша баяндайды:
…Тізгін берсең әркімге
Ана тілің жоғалар!
Сөйте тұра көрдің бе
Бектердің бүгін азуын?

Айналайын боздақтар


Аралас тілге үңілме!
Баба тілін қадірле
Болашақтан түңілме!
Сол заманның өзінде «Таза тілің тұрғанда, шұбар тілдің керегі қанша?» деген сауал мазалап, туған тілдің тартқан азабын айтып налиды. Әсіресе, жас буын өкілдеріне қаратып айтылған ұлағатты сөздер кімді болса да бей-жай қалдырмасы анық.
Халқымыздың тілі бай,
Бұзылмаған қаймағы!
Біз шығарған хиссалар -
Нағыз соның айғағы! –
дейді жырау.
Қожаберген үлкен шежіреші, білімдар адам болған. Жас кезінің өзінде-ақ қазақ халқының шығу тарихын жырға қосып, «Ата тек» деген дастанын шығарады. “Ата тек” дастанында жырау қазақ халқының, қазаққа жататын тайпалардың шығу тегін баяндайды.
Түріктен өрбіген елді тоғыз дейді,
Тартатын күй аспабын қобыз дейді.
Башқұрт пен қазақ, ноғай, қарақалпақ
Төртеуін шежірешілер оғыз дейді.
Қожаберген жас жігіт кезінде шығарған «Қызылжар» дастанында туған өлкесі, оның жер-суы жайында былайша толғанады:
Қол бастап әкем Толыбай туын тіккен,
Есілдің күңгей бетін күздік еткен,
Көлденең көк Есілдің жарқабағын
Әкеміз Қызылжар деп атап кеткен.
Сондай-ақ ақынның ертеректе шығарған хиссаларының бірі – «Ер Қойлыбай» жырында атақты қыпшақ Қойлыбай әулие Әбірахманұлының қасиетін бағалаған мынадай айшықты жолдар бар:
Ертеде қыпшақта өткен ер Қойлыбай
Қолына жүрмейді екен қобыз алмай.
Болған соң сол асылдан бізге мирас,-
Қобызды мен де жүрмін тастай алмай.
Қожаберген жыраудың елге танымал дастандарының бірі – «Күлдірмамай». Ол хисса атақты мылтық жасайтын зергер-ұста, өзінің өкіл ағасы Мамайға арналған. Жыр былайша:
Зергердің құрал соққан есімі Мамай,
Соғысқан қалмақтармен ол да талай.
Жасалған шеберлікпен қара мылтық,-
Атанған ұста атымен «Күлдірмамай –
деп басталады.
Қорыта айтқанда, Толыбайұлы Қожаберген жырау – сегіз қырлы, бір сырлы замана дүлдүлі. Зерттеуші Шаймұрат Смағұловтың «Атақты «Елім-айдың» авторы» деген мақаласындағы сөзімен қорытындыласақ: «Қожаберген өз тұсында суырып салма ақын-әнші, күйші, әскербасы болумен қатар, белгілі емші, сынықшы, от ауызды, орақ тілді шешен, қолөнерші (он саусағынан өнер тамған шебер), құралайды көзге атқан мерген, түйе балуан, аңшы, құсбегі, атбегі, құмалақшы, шабандоз, сынықшы, ауа райын болжаушы (сәуегей), ірі қобызшы, сыбызғышы, жетігенші адам...», өз заманының озық өнерпазы, жарқын да күрескер тұлға.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   49   50   51   52   53   54   55   56   ...   103




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет