Лекция. № Лекция тақырыбы: ХҮ- xyiiі ғасырлардағы әдебиеттің даму сипаты, ерекшелігі. Лекция жоспары


Көтеш ақын шығармашылығы, шығармаларының жанры, тақырыптары, идеялық-көркемдік ерекшеліктері



бет69/103
Дата26.04.2023
өлшемі1,34 Mb.
#87335
түріЛекция
1   ...   65   66   67   68   69   70   71   72   ...   103
Байланысты:
Хандық дәуір әдебиеті Лекциялар мәтіні

Көтеш ақын шығармашылығы, шығармаларының жанры, тақырыптары, идеялық-көркемдік ерекшеліктері.

Көтеш ақын шығармаларының тақырып аясы кең, қоғам өмiрiнiң әр түрлi құбылыстарын кең қамтиды. Ақынның баспа жүзін көрген шығармалары онша көп емес. Көтеш – импровизатор.
Халқымыздың әдеби мұралары жайында құнды еңбектер қалдырған А.Е.Алекторов өзінің бір мақаласында импровизаторлар жайында айта келіп, олардың ақындық қуатына, өлең шығарғыштық қабілетіне таңырқайды. Қазақ ақындары кез келген тақырыпқа, ешқандай алдын ала дайындықсыз, табан аузында өлең шығарып айта береді дейді ол.
Ал профессор Е.Ысмайылов: «Әр түрлі тақырыпқа бөгелместен, қолма–қол өлең–жыр айту – жүйрік ақынның бір белгісі. Қазақ ақындарының ежелгі салтында жылдам, бөгетсіз, тыңнан өлең шығарып айта білмегенді күшті ақын деп танымайтын», – деп жазады.
Осы тұрғыдан алғанда, Көтеш – таза қазақ түсінігіндегі ақын және күшті ақын. Көтештің бізге жеткен өлеңдері түгелдей экспромтпен (дайын, әзір) айтылған шығармалар.
Көтеш – кез келген нәрсені өлеңге айналдыра алатын ақын және күй талғамайтын жүйрік. Бірде жаңа жұртқа қонғанда, азғана қойы түнде қотанда жатпай, өре береді. Сонда Көтеш қойларына арнап былай жырлайды:
Қойым-ау, кел, қойсаңшы өргеніңді,
Мен айтамын көзіммен көргенімді.
Құйрығыңды бір ит–құс алып кетсе,
Сен онан ала алмассың бергеніңді, -
Әйелі қазымыр, келіні шайпау болып, Көтеш қартайған кезінде от басының қызығын көре алмапты. Бірде ел көшкенде жуас атты келін мініп, қарт ақынға асау байтал қалады. Ол заманда көш жөнекей ауылдың ақсақал, қарасақалдары мәслихат құрысып, өз алдына бір бөлек жүріп отырады екен. Бір құрдасы келіп: «Ақын, жүр, көш алдына шығып аяңдай берейік», – дегенде асаудан именіп келе жатқан Көтеш қорланып былай дейді:
Қартайғанда қатының дұшпан болды,
Баласымен бірігіп қысқан болды.
Келін деген бір пәле тағы шығып,
Біреуі іштен, біреуі тыстан болды.

Қартайғанда қатының қазба дейді,


Келін менен балаға жазба дейді.
Ат болса, айғыр болса солар мініп,
Шолақ байтал қақбасқа аз ба дейді.

Бала-бала деуменен мазалымыз,


Баладан болар білем ажалымыз.
Баламызға жалынсақ жан сақтар ек,
Келін деген даяр тұр тажалымыз.
Бұл сөздерді естіген шайпау келін атасын тағы қиянаттайды. Сонда ашынған Көтеш оған да өлеңмен жауап қайырады. Жоғарыда келтірілген өлеңнен Көтештің шаруасы шағын адам болғандығы көрінеді. Ел әңгімелеріне қарағанда ақын өмір бойы кедейшіліктің тақсіретін тартып өтіпті. Алайда тұрмыс талқысының қатаңдығына қарамастан ол ешқашан мал үшін жағын жалдап, тілін беземеген, тіленшіленбеген. Бұл – Көтештің арлы ақын болғандығын көрсетеді.
Ежелгі дәуірлерден келе жатқан адам өмірінің жас кезеңдері жөнінде туындылар жасау дәстүрінің Көтеш шығармаларында да көрінісі бар. Мысалы, ақынның кәрілік туралы өлеңдері: «Кәрілік, жылы-жұмсақ ас жарай ма», «Қартайғанда қатының дұшпан болды», «Сексен ерікке қоймады-ау қалжыратып» сияқты шығармалары.
Көтеш қартайған шағында аурулы болады. Жарлылық және сырқат салдарынан ақынның кейде елмен бірге көшіп жүре алмай, қыстауда қалып қоятын кездері де болған. Көтештің бұл кездегі өлеңдерінен өзінің қолының қысқалығына налу, өмірге наразылық сарындарының кейбір нышандары байқалады.
Сексен ерікке қоймадың-ау қалжыратып,
Қайтіп өлең айтармын алжып жатып,
Сексен түгіл тоқсанға болмас едім,
Ұсақ турап ет берсең балбыратып , –
дейді жетімсіздіктің зарын шеккен қарт ақын. Алайда бойда қуат, жүректе от бар күн артта қалғандығын мойындап, кәрілік жеңген шағындағы жайын былай деп өлеңіне қосады:
Кәрілік, жылы-жұмсақ ас жарай ма,
Қазы, қарта, жал, жая, бас жарай ма?
Кәрілік, мұның бәрін жақтырмайсың,
Үйген топырақ, қалаған тас жарай ма?!
Көтештің біршама шығармалары - арнаулары. Олар мыналар: «Абылай, Ботақанды сен өлтірдің», «Қойым-ау, кел қойсаңшы өргеніңді», «Аспанда бір жұлдыз бар жылыстаған», «Төлебайдың баласы Тұрсынбайсың», «Бұл барғанннан барарсың» (Торайғыр биге).
Көтеш ақын халық поэзиясындағы дәстүрді жалғастырып жоқтау, көңіл айтуларын да шығарып отырғандығына оның Жасыбай батырға қатысты өлеңдері дәлел болады. Олар мыналар: «Сен өлдің алтын бесік елің үшін» (Жасыбайдың өлімі), «Жылағанмен дем алмай» (Жасыбай батырдың әйелін жұбату)
Өлеңге бөгелмейтін тапқыр Көтеш өз заманында талай айтыстарға да түсіп жүрген. Алайда Көтештің айтыстарының дені сақталмаған. Ал сақталғандары – негізінен бірер ауыздан ғана келетін қақпа сөздер. Шал ақын мен екеуі бізге белгілі айтыс ақындарының ішіндегі ең көнелері. Көтештің айтыскер ақын болғаны жөнінде деректер М.Ж.Көпееев деректерінде бар. Көтеш айтыстарының сақталғандары - негізінен бірер ауыздан ғана келетін қақпа сөздер. Біздің заманымызға жеткен айтыстарының ішіндегі ең көлемдісі - оның Арсыз қызбен айтысы.
Қыпшақта ақындығымен ғана емес, өлеңде тұрпайы сөйлеуімен де «даңқы» шығып, Арсыз атанған ақын қыз болған екен. Сол қыз бір тойда бірінен соң бірімен айтысып, қатарынан тоғыз жігітті жеңеді. Содан соң қарсылық білдіргеніне қарамастан жұрт қызбен айтыстыруға Көтешті алып барады. Көтеш есіктен аттамастан-ақ қыз оның сақалының ағына қарамай:
...Қызарған екі көзі маймылдай шал,
Тұсыма қайдан менің кезің келді –
деп бастайды сөзді. Көтеш дөрекі жауап береді. Қыз да «өткір» сөздер табады, енді Көтеш одан да асып түседі. Айтыс өстіп «дами» береді. Екі жақ өзара балағаттасуға бармайды, бірақ одан әлдеқайда тұрпайы сөздерге келіседі. Әйел мен еркектің дене мүшесінен, олардың қимыл, әрекетінен айтылмаған ештеңе қалмайды. Көтеш өлеңдерін жинастырған Мәшһүр Жүсіп айтысты аяғына дейін жазып шығуға төзімі жетпей, «мылжыңдай беріп не қылайын, ақыры алжыған шал жеңеді ғой» деп аяқтайды сөзін.
Көтештің арсыз қызбен қағысы – ескі айтыста бейпіл сөйлеудің үлгісі. Оның әдеби ескерткіш ретінде ешқандай да маңызы жоқ екендігін айтып жатудың өзі артық.
Ақынның шығармашылығында насихат түрінде келетін өлең де кездеседі («Арқа ойылдың құба жон түсер қақтар»).
Көтеш шығармаларындағы негізгі сарын – жоқшылық қиындығы мен тағдыр тақсіреті. Көтештің «Күркелінің бауыры күнде дауыл», «Алдымнан алты пұшық анталады», «Сұрасаң әкем аты - Райымбек», «Айдаболдың арқыраған Көтеші едім», «Бұл ауыл - ауыл емес жатақ еді», «Ақыл, Сексен баласы бес-алты ауыл», «Тінәлі, Тышқанбайдан алдым жиын», «Сөйлес дейсің, қонағым, сөйлеспеймін» өлеңдерінде өзінің тұрмыс жайынан, өмірінен деректер беріледі. Сонымен қатар бұл өлеңдерінде ақынның өз бейнесi де көрiнiс тапқан.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   65   66   67   68   69   70   71   72   ...   103




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет