Байланысты: Қазақстан тарихы пәнінен лекциялар 2022-2023жж docx
5. Қазақстанның Ресейге қосылуы. ХҮІІІ ғасырдың 20-шы жылдарының соңы мен 30-шы жылдардың басындағы жеңістердің нәтижесінде жоңғарлар қазақтың біраз жерін босатуға мәжбүр болады. Әрине, қазақтың барлық жері түгел азат етілмесе де, бұл үлкен жетістік еді. Қазақтар осы шайқастарда біріксе ғана біртұтас күш ретінде елі мен жерін қорғауға шамасы жететінін көрсетті. Алайда, Ұлы хандық билік үшін күрес қазақтарды тағы бөлшектеді. Ұлы хандықтан үміткер Кіші жүзден - Әбілқайыр, Орта жүзден - Сәмеке өздерін елеусіз қалдырды деп, Аңырақайдағы жеңістен соң шайқас алаңын тастап кетіп қалды. Осы ішкі алауыздықтарды, қырқысуларды пайдаланған жоңғарлар қазақ жерлерін басып алу үшін қайтадан батысқа қарай жылжыды. Осындай қиын–қыстау жағдай Әбілқайыр ханды Ресей мемлекеті сияқты одақтас іздеуге мәжбүр етті.
1730 жылы жазда Әбілқайыр Уфа наместнигі арқылы Петербургке Сейітқұл Құндағұлы мен Құтлымбет Қоштайұлын елші етіп жіберіп, Ресей империясының бодандығына қабылдауды өтінеді. Тұтас алғанда Кіші жүздің Ресей бодандығын қабылдауының объективті негіздерін жоққа шығармай, Әбілқайырдың алысты көздейтін жеке басының менмендігін, оның барған сайын айқын көріне түскен қара басын ойлаған мүдделерін естен шығармау керек екенін атап өтеміз. Хатында Әбілқайыр хан Орта және Кіші жүз қазақтарымен түгел Ресей бодандығын қабылдайтынын атап көрсетті.
Еділ қалмақтарын, Қабарда княздігін, Грузин билеушілерінің жерлерін Ресей құрамына қабылдау Сыртқы істер алқасы дипломатиялық қызметінің өрісін едәуір кеңейтті. Бұл жолы да Әбілқайыр ханның елшілігіне барынша құрмет көрсетілді. Оның Құтлымбет Қоштайұлы бастаған 7 адамнан тұратын елшілері құрметпен қабылданып, бағалы сыйлықтар тартылды. Әбілқайырдың өтінішін қабыл етудің себебі орыс патшасы І Петрдің XVІІІ ғ. басында Қазақ хандығы туралы айтылған пікірінен белгілі. Ол: «…барлық Азия елдері мен жерлеріне кірудің кілті мен қақпасы дәл сол орданың (Қазақ хандығының) өзі ғана, осы себептен де солар арқылы барлық Азия елдерімен қатынасатын жолымыз болуы үшін қазақ ордасы Ресейдің қол астында болу керек» деген еді.
Осы мақсатта ол қазақ жеріне 1713-1720 жж. бірнеше экспедициялар жібереді. Алғашқысын 1713 ж. князь Александр Бекович-Черкасский басқарды. 1715 ж. И.Д. Бухгольц экспедициясы жасақталды. 1715 жылы 1 қазанда экспедиция Ямышев көлінің жағасына жетіп, сол жерде бекініс салды. 1716 ж. Омбы бекінісінің іргесі қаланады. 1717 ж. полковник П.Ступин экспедициясы Ямышевск бекінісінің іргесін одан әрі бекітеді, 1718 ж. П.Северскийдің отряды Железинск бекінісін салады, ал В.Чередов басқарған екінші отряд Семей бекінісінің іргесін қалайды, 1720 жылы И. Лихарев экспедициясы Үлбі өзенінің Ертіске құятын жерінде Өскемен бекінісінің негізін салады. Ресей мемлекеті үшін Қазақ хандығы «Азияға кіретін кілт пен қақпа” ғана емес, ол бірнеше мың халықтың бейбіт жолмен империяға қосылуы, Ресейдің оңтүстік-шығыс шекарасында тыныштықтың орнауы еді. Сонымен бірге Ресей қазақтар арқылы жоңғарлар мен башқұрттарға күш көрсетуге немесе әлсіретуге мүмкіндік аламыз және Орта Азия халықтарын бағындыруға жеңілдік туады деп есептеді.
1731 жылы 19 ақпанда Ресейдің патшасы Анна Иоановна қазақтарды Ресей бодандығына қабылдау жөніндегі құжатқа қол қойды. Бұл құжатта былай жазылған: біріншіден, қазақтар патшаға берік болса және де салық төлеп тұруға уәде берсе, екіншіден, Ресей азаматтары қазақтарды ренжітпесе, қорлық көрсетпесе; үшіншіден, қазақтарға біреулер шабуыл жасаса, Ресей империясы оларды өз азаматтарындай қорғаса, төртіншіден, тұтқынға түскен орыс азаматтарын қайтарып, башқұрт және де қалмақтармен тату-тәтті боламыз деп қазақтар уәде беріп отырса, біз оларды Ресей империясының қол астына аламыз да, оның боданы деп есептейміз. Ал қазақтар, империяның боданы болған соң, өз жерлерінде Ресей бодандарына ешқандай қиыншылық жасамай, ренжітпей, тату-тәтті болуы қажет.
Осы грамотаны қазақтарға жеткізу үшін 1731 жылдың 31 сәуірінде Ресей Кіші жүзге Сыртқы істер коллегиясының тілмәші А.И.Тевкелев бастаған арнайы елшілік жіберді. Патша үкіметі А.И.Тевкелевті қырғыз-қайсақ ордасын Ресей бодандығына келтірудегі міндеттері белгіленген Мемлекеттік сыртқы істер алқасының 12 тармақтан тұратын нұсқауымен жабдықтады. Нұсқауда оған қырғыз-қайсақтар туралы мәліметті жазып алу, елдің орфографиясын, халыққа бодандықтың ұнайтын-ұнамайтынын, оның көршілерінің кімдер екенін, өздері зеңбіректер құя білетін-білмейтінін зерттеу міндеті жүктелді. Осы нұсқау негізінде А. И.Тевкелев күнделік–журнал жүргізген.
Белгілі тарихшы Н.Маев 150 жыл өткен соң, өзі жинаған деректер негізінде даладағы істің жайы туралы да, халықтың салты туралы да, тіпті оның тілектері туралы да сенімді мәліметтері болмай, жорамалмен әрекет еткен үкіметтің көзқарасын сын көзбен бағалады.
1731 жылы 5 қазанда А.И.Тевкелев Ырғыз өзеніндегі хан ордасы орналасқан Майтөбе сайына келді. Атақты мейманды бастап жүруді Әбілқайыр хан үлкен баласы, тәжірибелі жауынгер, әкесінің қызметін түгелдей қолдаған Нұрмұхамед Әли Баһадүрге (Нұралыға) тапсырды. Алайда Ұлы даланың тілі де, әдет-ғұрпы да жақын, түсінікті болған бұрынғы татар мырзасының күрделі дипломатиялық мансабының алғашқы қадамдарының өзі көрнекті ақсақалдардың, сұлтандардың зор қарсылығына ұшырады. Олар орысқа бодандық туралы естігілері де келмеді, «ханды соқыр тиын сияқты да көрмеді” тіпті оны өлтіруге тырысқаны туралы дерек бар. Осы жағдай Әбілқайырдың Ресей патшасына елшілерді билеуші топтармен және халықпен ақылдаспай жібергендігін дәлелдейді. Ал Тевкелев болса өз басының пайдасын ойлап келген адам, сондықтан ол өз мақсатын орындау үшін қазақтың кейбір ақсақалдары мен билеріне мол сыйлықтар беріп, алдап-сулап әрең көндірген деп жазады тарихшы С.Асфендияров. А.И.Тевкелев күнделігіне 2 жылға жуық уақыт бойы үнемі өлім қаупіне бас тіге жүріп, аштыққа шыдап, бүкіл қабілетін жұмсап, бүкіл орданы көндіргенін жазды.
Бірінші болып бодандыққа Әбілқайыр хан ант берді, оған Бөкенбай ақсақал, содан соң Есет батыр қосылды. Сол арада адалдыққа 27 ақсақал ант берді. Сонымен қазіргі кейбір басылымдарда жазылып жүргендей бастапқыда антты 27 емес, ханнан басқа 29 адам бекітті. Бодандықты қабылдаған Әбілқайыр Ресей империясының шығыс шекарасын, орыс көпестерінің сауда керуендерін қорғауға, орыс мемлекетіне әскери көмек көрсетуге, бағалы терілерден салық төлеуге уәде берді. Бірақ бұл уәделердің бәрі толық орындалған жоқ. Сонымен қатар Әбілқайыр патша өкіметінен өз ұрпағында хандық биліктің қалуын, іштен және сырттан қиындықтар туа қалған жағдайда, өзіне тірек және қорған болатын Ор бекінісін салуды талап етті. Әбілқайырдың бұл талаптарына патша өкіметі үлкен мән бермеді, себебі жоғарыдағы талаптар патша үкіметінің шығыс шекарасындағы мүдделеріне қарсы келмеді. Тіптен Хан ордасы мен шекаралық аймақта бекініс салу Ресей үшін хандық бодандықты нығайтуға тиімді еді.
Сонымен қатар Ресей патшалығы қазақ хандықтарын түгел өзіне қарату мақсатында бұл өлкеге бірнеше экспедиция жасақтады. 1734 жылы мамырда қырғыз-қайсақ экспедициясы құрылды. Көп кешікпей оны Орынбор экспедициясы деп атады. Ол экспедицияны сенаттың обер хатшысы И. К. Кириллов басқарды. Ол өлген соң 1737 жылы Н. Татищев келді. Бұл экспедициялардың мақсаты Кіші жүз және Орта жүздегі ықпалды Шыңғыс ұрпақтарының бодандығын нығайту болды. 1740 жылы Орынбор бекінісіне олар қазақтың беделді сұлтандарын шақырып, Ресейге өздерінің бодандығын мойындауды талап етті. Осы жолы Орта жүздің біраз сұлтандары Ресей бодандығын қабылдады. Бұлардың арасында Абылай сұлтанда болды. Алайда, айта кету керек, бұл жерде бодандық қабылдау туралы құжатқа қол қою рәсімі болған жоқ. Осыған байланысты айта кететін жәйт, қазақ билеуші топтарының бодандық туралы мәселеге өте селқос қарауында. Оған патшалық Ресей империясының қазақ билеуші топтарынан ант алу рәсімін жиі қайталауы себеп болды. Мысалы: Әбілқайырдың өзі үш рет ант берген. Әбілқайырдың 1742 жылы тамыздың 20-жұлдызында берген антының 1731, 1738 жылдардағы анттарының мәніндей құны болмаған.
1740 жылы Қытаймен бейбіт бітім жасасқан жоңғарлар 1741 ж. Орта жүз қазақтарының жеріне басып кіреді. Күтпеген соққыны қазақтар қайтара алмай, Кіші жүз жеріне қарай шегінуге мәжбүр болады. Әбілқайыр хан дереу Ресейден әскери көмек сұрайды. Бірақ Ресей империясы көмек көрсетпейді, өз азаматтары (подданныйы) ретінде санап, сыртқы жаудан қорғамайды. Бұл жерде Ресейдің екіжүзді саясаты көрінеді және де Орта жүздің Ресей протекторатын қабылдауы жай ғана сөз жүзінде қалып, ешқандай саяси мағынасы болмаған деп айтуға болады. Патша үкіметінің Кіші жүздегі өз ықпалын күшейтуге бағытталған шаралары Әбілқайыр ханды қарсылыққа мәжбүрледі. 1744 жылы ол қарақалпақтарды шауып, Астраханнан Хиуа мен Бұқараға тауар алып бара жатқан көпестерді тонайды, 1746 ж. Ресей қарамағындағы қалмақтарға, сосын орыс шекараларына шабуыл жасайды. Жоңғар хандығы әлсіреген кезеңде қазақ жеріне орыстар билігінің таралуына орай бұл мәселелер Әбілқайырдың Орынбор әкімшілерімен жиі өткізілген қиын келіссөздердің нысанасына айналып, егес, күтпеген түсініспеушіліктер туғызды. Осы жағдай Әбілқайыр ханның Ресей жағына қатысты бұрынғы адал және ізгі ниетті көзқарасының салқындауына себеп болды. Әбілқайыр ханның Ресей билеушілеріне қарсылық көрсеткені төмендегіден көрінеді. 1748 жылы Әбілқайыр ханды Орта жүздің Барақ сұлтаны өлтіргенде Ресей империясының шенеуніктері былай деп жазған: «Әбілқайыр хан қаншалық қиянат жасаса да, басқаларға қарағанда бірінші болып императордың ұлы мәртебесінің қол астына кірген еді».
Осы жылы патша үкіметі Кіші жүздің хандығына Әбілқайырдың баласы Нұралыны бекітті және ол Петербордан Орынборға әкелген сыйлықтарға ие болды..
ХVІІІ ғасырдың 30-40 жылдары-ақ Кіші жүз және Орта жүз қазақтарының Ресей протекторатын қабылдағанына қарамастан, олардың бағынуы нақты болмады. Себебі, қазақ билеушілері бұл кезде жоңғар жаулаушыларымен қырғи-қабақ соғыста еді. Оның үстіне Қазақстан шекарасында күшті Цин империясының пайда болуы күрделі саяси жағдайдың тууына және қазақтардың Ресей ықпалынан шығып кету қаупіне әкеліп соқты. Жоңғар басқыншыларының қазақ жеріне әлсін-әлсін шабуылын Ресей үкіметі тиімді пайдалануға тырысты. Осыған орай Қазақстанның осы аймақтарын Ресей бодандығында ұстау шекаралық өкімет орындарының негізгі міндетіне айналды. Ресей әскери күштері Қазақстанмен шекара аймақтарында бекіністер салуды үдетті. Ресей империясы ХVІІІ ғасырдың 30-40 жылдары Қазақстанның солтүстік-батыс шекарасында Верхнеяицкіден Звериноголов бекінісіне дейін созылып жатқан Үй бекініс–шебін салды. Оның ұзындығы 770 шақырым болды. 1752 жылдың жазында генерал С.В.Киндерманның басшылығымен 11 бекіністен тұратын Новоишим бекіністі шебін салу басталды. Оның жалпы ұзындығы 662 шақырым болды. Осы бекіністі шептің ең бастысы Есілдегі Петропавл болды. Бекіністі шептің басты мақсаты Үй және Ертіс шептерін жалғастыру болатын. Осы шептердің салыну салдарынан қазақтардан ені 50 шақырымнан 200 шақырымға дейін жететін жер көлемі алынды. Ресейдің Қазақстан территориясына экспанциясы нәтижесінде 1752 жылдан бастап Ертістің жоғарғы ағысындағы Үлбі, Бұқтырма және Нарын бойындағы жерлердің Ресейге қосылғаны туралы ресми түрде жарияланды.
Ресей империясы қазақ жерін отарлау саясатын барған сайын күшейтті. Шекаралық өкімет билеушісі И.И.Неплюевтің “бөліп ал да билей бер“ принципіне негізделген идеялары мен жоспарлары қолданысқа кірді. Қазақ руларының Жайыққа, Жайық қалашығы мен бекіністерге жақын жерлерде көшіп жүруіне тиым салу туралы 1742 жылы 19 қазанда жарлық шықты. Кейін ол 1756 жылы толықтырылып, түгел Жайық пен Еділ арасында қазақтарға көшіп-қонуға тиым салынды.
1760 жылы Өскемен бекінісінен Телец көліне дейін бекіністер салына бастады. 1761 жылы Өскеменнен Зайсанға дейін Бұқтырма шебінің бекіністері пайда болды. Осы алынған жерлерді шаруашылықпен игерген кезде ғана бекітіп алуға болатынын түсінген шекаралық өкімет орындары бұл аудандарға ел қоныстандыруға белсене күш–жігер жұмсады. ХVІІІ ғасырдың 60-жылдарында-ақ Алтайға Тобыл губерниясынан 2 мың шаруа мен әртектілер көшіріліп әкелінді. Сонымен бірге шекаралық өкімет органдары қазақтарды шекаралық аудандардан ығыстырып тастау жөнінде шаралар қолданды. 1755 жылы Сыртқы істер алқасы Сібірдің өкімет орындарына қазақтар “бұлайша еркін өту олардың дағдысына айналмау үшін Ертістің оң жағына өткізілмесін” деген нұсқау берді. 1764 жылы қазақтардың Ертіске 10 шақырымнан және орыс бекіністерінен 30 шақы-рымнан жақын жерде көшіп жүруіне мүлде тиым салынды. Осылай 1730-1740 жж. Кіші және Орта жүз билеуші топтарының Ресей бодандығын қабылдауы нәтижесінде солтүстік–батыс Қазақстан жері Ресей империясының отарына айналды.