Лекция №3. Азаматтық-саяси қайшылықтар.
1.Қазан төңкерісі және Қазақстанның саяси өмірі.
2.Желтоқсандағы жалпықазақ съезі. Ә.Бөкейхановтың төрағалығымен Алашорда (Халық кеңесі) үкіметінің құрылуы.
3.Қоқан қаласында Түркістан автономиясы (Қоқан Автономиясы) үкіметінің құрылуы
4.Қырғыз (Қазақ) АСР-ның құрылуы – ұлттық мемлекет құру идеясын таптық негіздегі мемлекет құру идеясымен ауыстыру.
Уақытша үкіметтің халық күткен аграрлық мәселені шеше алмауы, езілген халықтарға өзін-өзі билеуі немесе автономия алу мәселесін күн тәртібіне қоюға тырыспауы, жұмысшыларға 8 сағаттық жұмыс күнін енгізу сияқты көкейкесті мәселелерді шешпеуі халық наразылығын одан әрі күшейтті. 1917 ж. жазының соңы мен күзінің бас кезінде бүкіл Ресейдің жер-жерінде бұқараның Уақытша үкіметке деген қарсылығы өсе түсті. Бұл Кеңестердегі большевиктердің ықпалының артуына жағдай жасады. Ал Корнилов бүлігінің талқандалуы большевиктер беделін біржола көтерді. Осындай жағдайда большевиктер партиясы 1917 жылғы шілде оқиғасынан кейін алынып тасталған “Барлық билік Кеңестерге берілсін” деген ұранды қайта көтерді. Енді бұл ұран қарулы көтеріліске, Уақытша үкіметті құлатуға, пролетариат диктатурасын орнатуға бағытталды. 1917 ж. 24 қазанда (6 қарашада) Петроградта қарулы көтеріліс басталды. Келесі күні көтерілісшілер қаланың ең маңызды объектілерін басып алды. 1917 ж. 25 қазанда (7 қарашада) Әскери-революциялық комитет Уақытша үкіметтің билігінің жойылғандығын жариялады. Осылайша Қазан төңкерісі жеңіске жетті. Қазан қарулы көтерілісінің Петроградта жеңіске жетуі, сондай-ақ Қазақстанмен іргелес Ташкент, Омбы,Орынбор, Астрахань тәрізді ірі қалаларда Кеңес өкіметінің орнауы Қазақстанда да биліктің Кеңестердің қолына өтуіне ықпал етті. Алайда Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату төрт айға, 1917 ж. соңынан 1918 ж. наурызына дейін созылды. Бұл процесс аймақтың әлеуметтік–экономикалық және мәдени баяу дамуымен, ұлтаралық қатынастардың күрделілігімен, жұмысшылар мен большевиктік ұйымдардың аздығымен шиеленісе түсті. Кеңес өкіметінің Қазақстанда орнауына Ленин бастаған большевиктердің халыққа бейбітшілік, жұмысшыларға зауыт пен фабрика, шаруаларға жер, ұлттар мен ұлыстарға теңдік пен бостандық беру жөніндегі уәдесі өз септігін тигізді. Кеңес үкіметін орнатуға Орал, Жетісу, Сібір, Орынбор казак әскерлері мен құлаған Уақытша үкіметтің жақтастарының табанды қарсылық көрсетуі жағдайды одан әрі шиеленістіре түсті.
Қазан төңкерісінің жеңісінен кейін ұлттық, ең алдымен ұлттық-мемлекеттік құрылыс мәселелері өткір сипат алып, талқылана бастады. Кеңес өкіметінің ұлттық саясатының негізгі принциптері маңызды екі құжатта - 1917 ж. 2 қарашада қабылданған “Ресей халықтары құқықтарының Декларациясында” және 1917 ж. 20 қарашада жарияланған Кеңес өкіметінің “Барлық Ресей және Шығыс мұсылман еңбекшілеріне” үндеуінде көрініс тапты. 1918 ж. қаңтарда кеңестердің Бүкілресейлік 3-съезінде В.И.Лениннің дайындаған “Еңбекшілер мен қаналған халықтардың құқықтары Декларациясы” қабылданды. Бұл құжатта Коммунистік партияның кеңес республикасының мемлекеттік құрылымы түріндегі кеңестік федерацияны ымырасыз жақтайтыны айқын көрсетілді. Декларацияда “Кеңестік Ресей Республикасы еркін ұлттар одағының негізіндегі кеңестік ұлттық республикалардың федерациясы түрінде құрылады” делінген.
Кеңес өкіметі орнауының екі түрлі жолы болды:
1. Өнеркәсіп орталықтары мен темір жолға жақын, жұмысшылар басым оңтүстік және солтүстік аймақтарда бейбіт жолмен.
2. Сібір, Орал, Жетісу қазақтары мен офицерлер, кулактар біріккен контрреволюциялық күштер басым аудандарда қарулы күрес жолымен
1917 ж. соңы мен 1918 ж. наурызы аралығында Кеңес өкіметі Қазақстанда негізінен қалалар мен басқа да ірі халық тығыз орналасқан жерлерде орнады. Кеңес өкіметін орнатумен бірге өлкенің шаруашылығы мен мәдениетін қайта құру шаралары қатар жүргізілді. Өнеркәсіп орындарында, мәселен Спасск зауытында, Қарағанды шахтасында, Успен кенішінде, Ембі мұнай кәсіпорындарында бақылау қойылып, сондай-ақ банктер мемлекет меншігіне көшірілді. Кеңестердің 2- Бүкілресейлік съезінде қабылданған Жер туралы декрет бойынша алғашқы шаралар жүргізіле бастады.Қазан төңкерісінің алғашқы күндерінен бастап-ақ облыстық және уездік орталықтарда да жұмысшылар мен шаруалардың өкіметін нығайту ісі, ауылдық және селолық Кеңестерді құру ісімен бірге жүргізді. Кеңестердің жанынан еңбек, ағарту, денсаулық сақтау т.б. бөлімдері ашылды. Кеңес қызметкерлерін даярлайтын курстар жұмыс істей бастады.
Алаш Орда (1917-1920) - Ақпан және Қазан төңкерістерінен соң 1917 жылы желтоқсанның 13-і күні құрылған қазақ-қырғыз Алаш автономиясының үкіметі. 1917 ж. желтоқсанның 5-13-і күндері ОрынбордаII Жалпы қазақ-қырғыз құрылтайы өткізілді. Құрылтайдың күн тәртібіне 10 мәселе қойылды. Олардың ішіндегі ең негізгілері: қазақ-қырғыз автономиясын жариялау, милиция һәм Ұлт кеңесі (Үкімет) құру мәселелері болды.
Құрылтай делегаттары Уақытша үкімет құлатылғаннан кейін қазақтардың өмір сүруінің өзін күрделендіріп жіберген анархия (тәртіпсіздік) жағдайында елді аман сақтау үшін, «уақытша Ұлт Кеңесі» түріндегі берік билік құру, оған «Алаш Орда» деген атау беру (төрағасы Әлихан Бөкейханов, Ұлт Кеңесі құрамына 25 адам кірді), сондай-ақ милиция жасақтау туралы қаулы қабылдады. Алаш астанасы - Семей (кейін Алаш-қала атауын алды) қаласы еді. Бұл туралы кейіннен Ә. Бөкейханов (1919 ж. ақпанның 11-і) былай деп мәлімдейді: «съездің бұл шешімі қазақтар мекендеген территорияда анархияны болдырмау, өлкеде большевизмнің дамуына (яғни қазақтар үшін жат-таптық жіктелу) жол бермеу мүдделерінен туындады…». Үкімет төрағалығына үш қайраткер - Бөкейханов, Құлманов және Тұрлыбаев ұсынылды. Көп дауыс алған Бөкейханов төраға болып сайланды.
Өздерінің қолға алған шараларын іске асыру жолында Алашорда үкіметіне Кеңестерге қарсы жақпен бірігуге тура келді. Өйткені Кеңес үкіметі кеңестік негіздегі автономияларды ғана қолдап, көтермелесе, ал ақтардың Алаш автономиясына көзқарасы басқаша болды. Соңғыларының қолдауына сүйене отырып, қазақ халқы, дәлірек айтқанда Ә.Бөкейханов бастаған зиялылар тобы белгілі бір деңгейде дербестікке жетуге болады деп санады.
Алаш Орда жетекшілері атаман Дутовпен, Самарадағы Құрылтай жиналысы мүшелері Комитетімен (Комуч), ОмбыдағыУақытша Сібір үкіметімен де байланыс жасады. Басталып кеткен азамат соғысы Алаш Орданың ұстанар бағытында айқындауды қажет етті. Сөйтіп, қазақ аутономиясы өлкеде әлеуметтік-саяси негізі жоқ Кеңес үкіметіне қарсы күреске шығып, ақтарға қосылуға мәжбүр болды.
Уақытша Сібір үкіметі бастан-ақ қазақтарға ұлыдержавалық пиғыл танытты. Олар Алаш қайраткерлерінің ел ішіндегі беделін өздерінің мақсаттарын жүзеге асыруға мәселен, қажет кездерде әскер күшін жасақтау, соғыстың бүкіл салмағын халық мойнына арту т.б. жағдайларға пайдалануды көздеді. Бұл үкімет Алашорданың белгілі бір үкімет органы ретінде дербес, белсенді әрекет жасауына келісе қоймады. Архив деректері, Сібір үкіметінің мүддесін жүзеге асырушы эмиссарларға Алашорданың батыл қарсылық білдіріп отырғанын көрсетеді. Мұның соңы қазақ автономиясының өзін ресми тану туралы мәлімдемесін, Сібір үкіметінің «нағыз сепаратизмнің белгісі» деп айыптауымен аяқталды.
Алашорда сонымен бірге Кеңес үкіметімен байланыс жасауға тырысты. Халел және Жанша ДосмұхамедовтерЛенин, Сталинмен, сондай-ақ Халел Ғаббасов ұлт ісі жөніндегі халық комиссары Сталинмен келіссөз жүргізді. Мұның нәтижесі - автономияның мәдени мұқтажына орталықтың көмегі, бүкілқазақтық құрылтайды шақыру, өлкеде азаматтық бітімге келу туралы уәделер болды. Алаш қайраткерлеріне Бүкілресейлік Орталық Атқару комитетінің 1919 жылғы 4 сәуірдегі және 1920 жылғы 15 сәуірдегі шешімімен амнистия жарияланса да, Кеңес үкіметі күшіне мінгеннен кейін, олардың өткенін ешуақытта ұмыта да, кешіре де алған жоқ. Түрлі әдіспен бүркеленген қудалау ақыры, Алаш зиялыларын жаппай қырғынға ұшыратты.
Алашорда азамат соғысы жылдарында Кеңес құрылысына жау күштер жағында болды. Нәтижесінде азамат соғысында жеңіске жеткен Кеңес өкіметі Алаш партиясы мен Алашорда үкіметін таратты. Кеңес өкіметі Алаш пен Алашорданы Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінен аластауда алдау мен арбау әдісін де, қару жұмсап, күштеу жолын да қолданды. Кезінде (1919-1920 жж.) Кеңес өкіметі Алаш қозғалысына белсене қатысқандардың барлығына кешірім жасағанына қарамастан, олар түгелге дерлік сталиншіл әкімшіл-әміршіл жүйенің құрбандарына айналды. Сол кезде Ресейде орын алған жағдайда қазақтардың жарияланған автономиясын жүзеге асыру мүмкін емес еді.
Түркістан Автономиясы, Қоқан автономиясы - Түркістан өлкесі халықтарының өзін-өзі басқаруын қамтамасыз ету мақсатында 1917 жылы 28 қарашада Ресей мемлекеті құрамында құрылған автономиялы мемлекет. Оның өмірге келуіне кеңестік биліктің Түркістан халықтарының өзін-өзі басқару құқығын мойындамауы түрткі болды. 1917 жылы Қазан төңкерісі жеңген соң, 22 қараша күні Ташкентте өз жұмысын аяқтаған 3-Түркістан өлкелік кеңестер съезі өлкеде кеңес билігінің орнағанын, соған байланысты Түркістан Халық Комиссарлары Кеңесінің құрылғанын, өлкедегі биліктің ендігі уақытта соның қолына өтетіндігін мәлімдейді. 14 мүшесі бар бұл үкіметтің құрамында жергілікті мұсылман халықтарының бірде-бір өкілі жоқ еді. Бұл кеңестік биліктің отаршылдық сипатын танытқан оқиға болатын. Бұған жауап ретінде қүрамында Мұстафа Шоқай, Махмұд Бехбудий, т.б. бар "Түркістан өлкесі мұсылмандар кеңесі" 26 қараша күні Қоқан қаласында 4-Түркістан өлкелік төтенше мұсылмандар съезін шақырды. Үш күнге созылған съезд 28 қараша күні Түркістан өлкесін Түркістан автономиясы деп жариялап, Түркістан Құрылтайын шақырғанға дейін саяси биліктің Түркістан Уақытша Кеңесі мен Түркістан халық билігіне өтетіндігі жөнінде қаулы қабылдады. Түркістан Уақытша Кеңесі құрамына барлығы 54 адам енді, оның 32-сі Түркістаннан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына сайланған депутаттар еді. Бұлардың арасында негізгі тұрғындары қазақтардан тұратын Сырдария мен Жетісу облыстарынан 11 өкіл бар болатын. Кеңес құрамында, сондай-ақ мұсылмандар съезі сайлаған өкілдермен бірге, каланың өзін-өзі басқару ұйымдары съезінің 4 өкілі, түрлі өлкелік «еуропалық» ұйымдардың 13 өкілі бар болатын. Түркістан Уақытша Кеңесі 12 орыннан тұрған Түркістан автономиясының Уакытша үкіметін бекітті. Съезд Түркістан өлкесіндегі барлық халықтардың құқығын сыйлап, қорғайтындығын мәлімдеп, өлкенің барлық мұсылман, орыс, т.б. тұрғындарын Түркістан автономиясы төңірегіне топтасуға шақырды. 1917 жылы қарашада Түркістанда қос билік орнап, оның алғашқысы кеңестік негізде құрылып, ең алдымен ресейлік қоныс аударушылардың мүддесін көздеп, жағдайын нығайта түсуге қызмет ететіндігін білдірсе, соңғысы отарлық езгіге қарсы, діни және ұлттық негізде құрылып, жергілікті халықтардың өзін-өзі басқару құқығын баянды ету басты мақсаты екендігін жариялады. Түркістан Уақытша үкіметінің төрағасы және Ӏшкі істер министрі болып Мұхамеджан Тынышпаев, Ӏшкі істер министрінің орынбасары болып заңгер Ә.Оразаев бекітілді. Уақытша үкіметтің Сыртқы істер министрі қызметіне Мұстафа Шоқай тағайындалды. Көп ұзамай Түркістан автономиясы үкіметінің төрағасы Мұстафа Шоқай болды. Түркістан автономиясының құрылуын Түркістан өлкесінің жергілікті халықтары зор қуанышпен карсы алып, оған қолдаушьшық танытуға даяр екендіктерін білдірді. 1918 жылы қаңтарда Түркістан қаласында өткен Сырдария қазақтарының съезі Сырдария облысы Алаш автономиясы жарияланғанға дейін Түркістан автономиясы құрамында болатындығын білдірді. Халық зор үміт артқан Түркістан автономиясын 1918 жылы 2 ақпанда Кеңес үкіметі қарулы күшпен таратып, оның бірнеше мүшелерін тұтқынға алды.
Кеңес үкіметі кеңестік негізде Қазақ Автономиясын құру жөнінде дайындық жұмысын жүргізе бастады. РКФСР ХКК-нің 1918 ж. 12 мамырдағы қаулысына сәйкес, ҚазАКСР-н құруға дайындық жұмыстарын ұйымдастыру үшін Ұлттар ісі халық комиссариаты жанынан алғашқы арнайы саяси орган - қырғыз (қазақ) бөлімі ашылды. Алайда, азамат соғысы басталып кеткендіктен бұл жұмыстар кейінге қалдырылды. Қазақ съезі шақырылып, Қазақ республикасының автономиясы жарияланғанша өлкені әскери-әкімшілік басқару үшін 1919 ж. 10- шілдеде РКСФР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В.И. Лениннің қол қоюымен "Қырғыз (қазақ) өлкесін басқаратын төңкеріс комитеті (Ревком) туралы уақытша ереже" жарияланды.Ереженің 3 - бабына сәйкес, Қазақ автономиялы республикасының аумағы Түркістан республикасымен, Қырғыз съезі және Орталық Кеңес үкіметімен келісіліп анықталғанға дейін Қазревком құзырына "...Астрахань губерниясымен Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстарының территориялары қарайды" делінген.Қазревкомның бірінші құрамына: С.Пестковский (төраға), А.Байтұрсынов, В.Лукашев, Ә.Жангелдин, М.Тұнғаншин, С.Меңдешев, Б.Қаратаев кірді.
1920 ж. тамызында Мәскеу қаласында қазақ әскери төңкеріс комитеті және Түркістан майданының әскери-төңкеріс кеңесі, РКП(б) Түркістан өлкелік комитетінің партия және кеңестік ұйымдардың өкілдері қатысқан Қазақ АКСР-н құру туралы бірнеше мәжілістер өткізді. Соңғы мәжіліске В.И.Лениннің өзі төрағалық етті. Нәтижесінде 1920 ж. 17 тамызында РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі Қазақ Республикасы жөніндегі Декреттің жобасын қарап қолдады. 1920 ж. 26 тамызында Ленин мен Калинин кол қойған БОАК және РКФСР ХКК-нің құрамында, астанасы Орынбор қаласында болатын "Қырғыз (қазақ) Кеңестік Автономиялы Республикасын құру туралы" тарихи Декреті жарияланды. Территориясы - Семей, Ақмола, Торғай, Орал облыстары, Манғышлақ уезі, Красноводск уезінің бір бөлігі, Астрахань губерниясының бір бөлігі. Жетісу мен Сырдария облыстары Түркістан Автономиялы Кеңестік Социалистік республикасының құрамына енгізілген болатын (1918 ж). Халқы 5 млн.-ға жуық адам болды. 1920 ж. 4-12 қазанында Орынбор қаласында өткен Қазақстан Кеңестерінің Құрылтай съезі, Қырғыз (қазақ) Кеңестік Автономиялық социалистік республикасы еңбекшілері құқықтарының Декларациясын қабылдады, ол Декларация РКФСР құрамына жеке автономия болып кіретін ҚазАКСР-нің құрылуын жұмысшылардың, еңбекші қазақ халқының, шаруалар, қызыл әскерлер депутаттары Кеңестерінің Республикасы ретінде бекітті. Мұнда жоғарғы өкімет органдары сайланды: Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы С. Мендешев, ал қазақ АКСР - інің Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В.А.Радус-Зенькович болды. Декларацияда Қазақ АКСР-нің мемлекеттік басқару органдары, азаматтардың құқықтары мен міндеттері айқындалды.
Қазақ АКСР – нің құрылуының тарихи маңызы:
1) Қазақ халқының ғасырлық арманы орындалуының көрінісі.
2) Отаршылдыққа қарсы күрес нәтижесі.
3) Ұлттық қайта өрлеу жолындағы алғашқы қадам.
Достарыңызбен бөлісу: |