Лекция №1 Қазақстанның қазіргі заман тарихы пәніне кіріспе



бет1/33
Дата06.04.2022
өлшемі344,42 Kb.
#30094
түріЛекция
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   33
Байланысты:
Современная Истори. лекция.



Лекция №1

Қазақстанның қазіргі заман тарихы пәніне кіріспе

Қазақстандағы тәуелсіздіктің тарихи алғышарттары: ұлттық мемлекет құру идеяларының кезеңдері.

1.Отандық тарихты оқудың тұжырымдамалық негіздері.

2.Қазақ мемлекеттілігінің тарихи бастаулары мен сабақтастығы: ежелгі және ортағасырлар, жаңа дәуір.

3.Қазақстанның қазіргі заман тарихының басты мәселелерінің өзектелігін айқындау.


Тарих ғылымының адамзат және қоғам өміріндегі мәні мен маңызы ерекше және ол ежелгі ғылымдырдың бірі болып табылады. Әрбір ұрпақтың өткен тарихты оқып үйренуі, одан тағылым алуға деген талпынысы барлық ұлттар мен халықтар үшін заңды құбылыс. Әрбір азамат өз елінің өткені мен тарихын білуге, Отан тарихының тәжірибесі мен құндылықтарын келесі ұрпаққа үйретуге міндетті. Тәуелсіз Қазақстанның жоғары оқу орындарында жас ұрпақты тәрбиелеуде тарихты жаңаша оқытып, оқу сапасын арттыру мәселесіне Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «XXI ғасыр табалдырығында» атты кітабында «барлық сфераларда жаңғырту жасамайынша біз тарихи дамудың мәңгі кешігуші жазықтығында қалып қоюға мәжбүр боламыз», -деп ерекше назар аударған болатын. Тәуелсіз Қазақстан тарихы әлем тарихының құрамдас бөлігі ретінде тұтас қаралып, қазақ халқының тарихы алдыңғы қатардағы өркениетті мемлекеттердің тарихымен бір қатарда оқылатындықтан, оқу процесінде жаңаша ізденіс және ғылыми-әдістемелік принциптер негізінде, дәстүрлі оқыту тәжірибелерімен үйлесімді ұштастыруды қажет етеді.

Тарих - бұл адам қоғамының өткені мен осы уақыты туралы, нақты формадағы, кеңістік-уақыттық өлшемдегі қоғамдық өмірдің дамуының заңдылықтары туралы ғылым. Тарихтың мазмұны - бұл адам өмірінің құбылыстарындағы көрінетін тарихи процесс, тарихи ескерткіштер мен деректерде сақталған мәліметтер болып табылады. Бұл құбылыстар әртүрлі, яғни шаруашылықтың дамуына, елдің ішкі және сыртқы қоғамдық өміріне, халықаралық қатынстарына, тарихи тұлғалардың қызметіне қатысты болып келеді.

Тәуелсіздік таңы ғана ұлттық тарихымызды қайта зерделеуге, ұмыт бола бастаған мұрамыз бен мәдениетімізді қайта жаңғыртуға мүмкіндік берді.

«Жеті атасын білген ер жеті жұрттың қамын жер» деген халық даналығынан үлгі алған ата-бабаларымыз ел тарихын, ру тарихын, ата-бабалар тарихын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуді үнемі назарда ұстаған. Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев «тарих дегеніміз өткеннің ғана сабағы емес, ол едәуір дәрежеде болашақтың да көрінісі»,- деп атап көрсетті.

XX – ғасырдың басына дейiн патша үкiметi Қазақстанды отарлауын тереңдетiп, өз саясатын жүргiзгендігі белгілі. Ал Кеңес заманындағы жүргiзiлген саясат қазақ халқы үшiн тiптен ауыр болды. Тек 1991 жылы Тәуелсiздiк алғаннан кейiн Қазақстан өз алдына мемлекет ретiнде дами бастады.

Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы Қазақстан Республикасы аумағында өмір сүрген, қазірде өмір сүріп жатқан қазақ және басқа да халықтардың тарихы және бүкіл адамзат тарихының құрамдас бір бөлімі. Өйткені ол Еуразия және Орталық Азия елдері тарихымен тығыз байланыста ұштасып жатыр. Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы – Ұлы Далада ХХ ғасырдан бастап бүгінгі күнге дейін орын алған тарихи оқиғаларды, құбылыстарды, фактілерді, үдерістерді, тарихи заңдар мен заңдылықтарды аша отырып, оларды тығыз байланыста тұтас қарастыратын пән. ХХ ғасыр қазақ халқының тарихи тағдырында өте маңызды кезеңдердің бірі. Өйткені, қазақ қоғамдық саяси ойдың дамуы, Қазақ мемлекеттілігін жаңғырту идеясы сол кезде пайда болды. ХХ ғасыр қайшылықтарға толы көптеген саяси-әлеуметтік бетбұрыстар мен мәдени төңкерістердің, дүниежүзілік соғыстардың, экономикалық өзгерістердің орын алған кезеңі болғандықтан және бүгінгі күнмен етене байланысып жатқандықтан, осы үдерістерді оқытуға аса көңіл бөлу қажет.

Қазақ халқының мемлекеттігі - Қазақстан аумағында ірі-ірі көшпелі империялар мен жеке хандықтар ретінде ежелден өмір сүрген мемлекеттердің заңды жалғасы. Қазақ тарихын мемлекеттіліктің дамуы тұрғысынан қарастырсақ, онда ол жалпылама түрде Қазақстанның ежелгі тарихындағы сақ, ғұн, үйсін, қаңлы мемлекеттіліктерінің, ерте орта ғасырлардағы Түрік, Батыс Түрік, Түргеш, Қарлұқ, Оғыз, Қимақ, Қыпшақ, Қарахандар мемлекеттерінің, одан кейінгі Алтын Орданың, ал нақты түрде, Ақ Орда мемлекеттерінің тарихымен тығыз байланысты. Мемлекеттердің атауы әртүрлі болса да, оларға тән ортақ нәрсе - бір территория мен сол территорияда өмір сүрген ру-тайпалар мен тайпалық бірлестіктердің тегі мен тілі, шаруашылығы мен мәдениеті, діни-рухани өмірлерінің тұтастығы. ХІІІ ғасырдың басына дейінгі мемлекеттердің бәрінің әулеттерді шығарып отырған тайпалар атауларымен байланысты болып келсе, Қазақ хандығы алғаш рет қазақ халқының құрамына енген тайпалардың бірінің емес, барлық тайпаларға ортақ жиынтық атаумен атала бастайды. Бұл дегеніміз - Қазақ хандығын бір тайпаға емес, көптеген туыс тайпалардың бірігуінің нәтижесінде пайда болған жаңа этноқауымдастық немесе жаңа этнос атауына қатысты екендігін көрсетеді.

XV ғасырда орнаған Қазақ хандығы-жерінің тұтастығы, саяси құрылымы, халқының мәдениеті, діні мен тілі ортақтығы сияқты белгілері жағынан алғанда, дербес мемлекетке қойылатын талаптарға толық сәйкес келеді.3,5 ғасырдан аса тарихы болған Қазақ хандығы, біріншіден, б.з.д. І мыңжылдықтың басынан - б.э. ІІ мыңжылдығының ортасына дейін Қазақстан аумағында өмір сүрген мемлекеттік құрылымдар мен мемлекеттердің заңды мұрагері болса, екіншіден, ХV ғасырдың ортасынан ХІХ ғасырдың І ширегі аралығындағы қазақ халқының ұлттық сипатта қалыптасқан мемлекеті болып саналады.Хандықтың құрылуы Қазақстан аумағында желгі замандардан бері үзілмей үздіксіз жүріп келген этникалық процестер мен XIV–XV ғасырлардағы Шығысы Дешті Қыпшақ аумағы мен оған көршілес аймақтардағы саяси құрылымдар дамуының заңды қорытындысы болып есептелінеді. Сонымен бірге бұл маңызды оқиға мемлекеттіліктің дамуындағы белесті бір кезең болуымен ерекшеленеді.

1991 жылы тәуелсіздік алғанға дейінгі Қазақстан тарихы – бұл рухани дамудың, күрес пен табандылықтың және жасампаздықтың жылнамасы. Мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізу Қазақстанның сан ғасырлық тарихының дәуірлік оқиғасы болды. Сондықтан ғасырлар тоғысындағы, ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басындағы егемен Қазақстан тарихы – бұл тәуелсіздік алған және жаңа мемлекетті құрған республика азаматтары жетістіктерінің заманауи жылнамасы.

Қазақстанның қазіргі заман тарихының кезеңделуін төмендегіше жазуға болады:

1. ХХ ғасыр басындағы Қазақстандағыұлттық мемлекет құру идеяларының кезеңдері.

2. Қазан төңкерісі және Қазақстанның саяси өмірі.

3.Кеңестік мемлекеттік құрылыс үлгісінің жүзеге асырылуы.

4.ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстандағы кеңестік реформалар.

5.ТәуелсізҚазақстан Республикасының мемлекеттік құрылымының қалыптасуы.

6. Қазақстан - замануи әлем мойындаған ел.

Тарихтың фактісіз жазылмайтындығы белгілі. Тарих ғылымының дәстүрлі деректемелік негізі әр қырлы археологиялық, этнологиялық, фольклорлық және өзге де материалдардан тұрады.

Тәуелсіздікке дейінгі Қазақстан тарихының деректемелік негізін археологиялық қазба жұмыстарының материалдары, антикалық, ортағасырлық – батыс, парсы, араб, орыс, қытай, моңғол және өзге де тарихшы-жылнамашылардың еңбектері, мұрағат құжаттары құрайды. Қазақстан тарихына кеңестік кезеңдегі түрлі құжаттық деректер де өзіндік үлесін қосады. Алайда, сол он жылдықтардың идеологиялық ізін де ескерген орынды.

Қазіргі тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттеуде қоғамдағы саяси, әлеуметтік – экономикалық және рухани өзгерістерді бейнелейтін негізі деректер, құжаттар мен материалдар:


  • Республиканың басым бағыттары мен даму нәтижесін, мақсат-міндеттерін айқындайтын мемлекет басшысының жарғылары, жолдаулары, баяндамалары, сөйлеген сөздері;

  • Парламент тарапынан қабылданған заңнамалық құжаттар;

  • Еліміздің ішкі және сыртқы дамуын, Қазақстан дамуының саяси-өңірлік, әлеуметтік экономикалық қырларын нақтылайтын үкіметтік қаулылар мен құжаттар;

  • Атқарушы биліктің орталық және өңірлік органдарының құжаттары, түрлі деңгейдегі мәжілістер материалдары;

  • Азаматтық қоғам институттарын, саяси партиялардың, шетел сарапшыларының ұстанымдарын бейнелейтін материалдар;

  • Тәуелсіз Қазақстанды құруға ат салысқан тұлғалардың естеліктері;

  • Әлеуметтанулық сауалнамалар материалдары мен статистика мәліметтері;

  • Қазақстанның қазіргі заман тарихы бойынша қазақстандық және шетел ғалымдарының тұжырымдамалық және іргелі еңбектері;

  • Мерзімді басылым материалдары;

  • Өзекті мәселе бойынша интернет-қорлары.

Тәуелсіз Қазақстан тарихын жазуға негіз болатын құжаттық негізін заңнамалық актілер мен стратегиялық құжаттар құрайды. Бірінші кезекте «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Заңы» (1991 жыл), 1995 жылғы «Қазақстан Республикасының Конституциясы», ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы «Қазақстан - 2030: барлық қазақстандықтардың гүлденуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» (Алматы, 1997) және Елбасының басқа да Жолдауларын атаймыз. Заңнамалық актілер мен стратегиялық құжаттар Тәуелсіз Қазақстанның негізін салып, оның болашақ даму қырларын анықтап,елдегі іргелі өзгерістерге жол ашты.

Мемлекеттік стратегияны талдауда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың еңбектері маңызды болып табылады. Өйткені, Елбасы еңбектерінде мемлекет пен азаматтық қоғамның дамуы, ішкі және сыртқы саяси жағдайлар туралы, тәуелсіздіктің қалыптасу үрдісіндегі мәселелер, табыстар мен қиыншылықтар туралы толық ақпарат беріледі. Президент еңбектерінің өзектілігі, оның тарихи үрдістің қарапайым ғана қатысушы емес, КСРО – ның ыдырауы және тәуелсіздіктің қалыптасуы кезінде, қазіргі уақытта да маңызды шешім қабылдаған саясаткер екендігімен түйінделеді. Елбасы еңбектері тарихи фактілерге толы ғана емес, сонымен бірге талдау негізінде әрі жан-жақты сипатта жазылған. Оларда 1980 жылдардағы кеңестік қоғамның дағдарысы, Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алу үрдісі, экономикалық реформалардың жүргізілуі мен мемлекеттік-саяси жүйенің дамуы зерделенеді.

Қазақстан экономикасын жаңғырту (модернизация) бойынша берілген деректер ішінен заң күші бар және экономикалық дамуды жандандырған Елбасының жарғылары, Қазақстан халқына Жолдауы және мемлекет басшысының ірі халықаралық форумдар мен кеңестерде сөйлеген сөздерін атауымыз қажет. Сонымен бірге Республикада мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру сияқты аса күрделі, қарама – қайшылығы мол мәселеге қатысты кейбір оқиғалар мен үрдістер құжаттық деректерде жеткіліксіз берілген, сонымен қатар аналитикалық материалдар мен публицистикалық мақалалар саны да мардымсыз. Осыдан келіп реформалар барысын, елдің әлеуметтік – экономикалық даму көрсеткіші ретіндегі статистикалық мәліметтерді талдаудың маңыздылығын айта кетуіміз де керек.

Тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттеуде Қазақстан тарихын зерттеудің бай дәстүрі бар. М.Х. Дулати, Қ.Жалайыр, Қ. Халиди, Ш. Уәлиханов, Г. Потанин, Ә. Бөкейханов және т.б. ғалымдар мен ойшылдар Отан тарихының күрделі мәселелерін шешуге сүбелі үлес қосты. Кеңестік жылдарда ұлттық тарихнама С.Асфендиаровтың, М. Тынышбаевтың, Х. Досмұхамедовтың, Е.Бекмахановтың, Ә. Марғұланның, Г. Дахшлейгердің, Р. Сүлейменовтың қаламынан шыққан толымды еңбектермен байыды. Ел тарихының жарқын беттері тәуелсіздік тұсында жазылғаны күмәнсіз. М.Қозыбаев, М.Асылбеков, К.Нұрпейісов, К.Байпақов, Т.Омарбеков, М.Қойгелдиев, Қ.Атабаев, В.Зайберт т.б. танымал ғалымдардың еңбектері ұлттық тарихтың ақтаңдақтарын жоя бастады.

Тарихнаманың маңызды арқауы Қазақстан республикасының Тұңғыш Президентінің мемлекеттік қызметі, әсіресе жаңа Қазақстанның жаңа астанасы Астананы салдыруы болып табылады. Қазақстанның жаңа астанасы туралы Елбасының «Еуразия жүрегінде» (Алматы, 2005) еңбегінде астананы ауыстырудың негіздері, мемлекеттің дамуындағы ел астанасының мәні терең ашылып көрсетіледі. Осы орайда ғылыми, публицистикалық және құжаттық шығармалар қатарындағы төмендегідей кітаптарды айтуға болады: Н. Ә.Назарбаевтың «Халыққа арнау» (2007), «Ел басы мәртебесі – ел мәртебесі»(2007), «Қазақстан. Жаңа асулар жылы 2002» (2003), М. Касымбеков «Становление института президентства в Республике Казахстан» (2000), «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» (2005), Ж. Сааданбеков «Нурсултан Назарбаев. Законы лидерства» (2005), «Қазақстан. Тәуелсіздіктің 15 жылы»(2006), «Қазақстан әлемнің тоғызыншы мекені»(2007), О.Видова «Нурсултан Назарбаев: портрет человека и политика» (1998), «Бәйтерек» (2003), А. Джаксыбеков «Так начиналась Астана» (2008) т.б.

Халықаралық қатынастар тарихнамасында Қ. Тоқаевтың«Беласу. Дипломатиялық очерктер» (2003), «Под стягом независимости. Очерки о внешней политике» (1997); «Дипломатия Республики Казахстан» (2002), «Нұр мен көлеңке» (2008), Т.Мансұровтың «Казахстанско-российские отношения в эпоху перемен» (2001) зерттеулері ерекше орынды иеленеді. Саяси тарих бойынша әдебиеттер қатарынан - К. Бұрхановтың, Б. Сұлтановтың, Б. Аяғанның «Современная политическая история Казахстана 1985-2006 гг.» (2006) еңбектерін атауға болады.

Ресей патшалығының отары ретіндегі   Қазақстанда негізінен өнеркәсіптің екі саласы, яғни тау-кен өндірісі мен кен-зауыт өнеркәсібі, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал өнімдерін ұқсату жөніндегі өнеркәсіп жатқызылды. Әсіресе, тау-кен өнеркәсібі түсті металдар мен темірдің бай кен орындарын пайдаланып жатқан Алтай мен Орталық Қазақстанда өркендеді. Бірақ, ғасыр басында мыс, алтын, темір жөне басқа қазба байлықтарын шығаратын еліміздің тау-кен кәсіпорындары, негізінен, шетелдік акционерлік қоғамдардың қолына көшті. Мысалы, 1904 жылы Лондонда пайда болған Спаск мыс кендерінің ағылшын-француз акционерлік қоғамы Спаск-Успенск мыс кені мен заводын, Саран-Қарағанды тас көмір кенін және рудниктерін түгелдей сатып алып, пайдаланды.

Қазақ өлкесінің ғасыр басындағы тау-кен өнеркәсібінің басты салаларының бірі алтын шығару болды. Сонымен қатар, Екібастұзда, Қарағандыда, Саранда көмір кен орындары мол пайдаланылды. Өндірілген көмір темір жолмен және су жолдарымен Ресейдің Пермь губерниясына, Омбы мен Барнаулға, сондай-ақ, өлкенің Павлодар, Қызылжар және басқа да қалаларына жеткізіліп отырды.

Осы кезеңде Батыс Қазақстан өңірі мен Орал-Ембі аймағында мұнай шығару өнеркәсібі де біршама дамыды. Бірақ, ол кәсіпорындар толығымен шетел капиталистерінің билігінде қала берді. Тек, І912-1914 жылдардың өзінде ғана ағылшын капиталистеріне қарасты «Батыс-Орал мұнай қоғамы», «Орал-Ембі қоғамы»,  «Солтүстік Каспий мұнай компаниясы» өлкенің арзан жұмысшы күшін пайдаланып, бәсекелестіктің болмауына байланысты  мұнайдың   мол бай кен  орындарын жыртқыштықпен пайдалана отыра, өздеріне өлшеусіз, ұшан-теңіз пайда әкеліп жатты.

Осындай себептерге байланысты, Қазақстанның кен өнеркәсібі бұл кезеңде жергілікті капитал негізінде өсіп шыққан жоқ. Оны сырттан келген орыс және шетел капиталы жасады. Оның өнімі түгелдей дерлік өлкеден тыс жерлерге әкетілді, ал пайда XX ғасырдың басынан бастап шетелге кетіп жатты. Осының бәрі кен өнеркәсібінің Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық өсуіне ықпалын күрт кемітті. Өлке  өнеркәсібінің біршама  өсу жолын тұтас  алып қарастырар болсақ, мұнда ауыл шаруашылық шикізаттарын өңдейтін кәсіпорындардың атап айтсақ, теріден  былғары  жасайтын, май шыжғыратын, сабын қайнататын, арақ, спирт шығаратын, май шайқайтын және т.б.  кәсіпорындардың белгілі дәрежеде роль атқарғандығы байқалды.

XX ғасырдың басында да Қазақстанның орталық аудандарының капиталистік өнеркәсібінің шикізат көзіне,  сондай-ақ өнім өткізу рыногына  айналуында темір жолдардың салынуы маңызды роль атқарды. Өйткені, олар бір мезгілде артта қалған отар аудандарына, ең алдымен Орта Азия мен Сібірге Ресей капитализмінің ену құралына айналған болатын. Ал, шын  мәнінде, Орта Азия мен Қазақстанды  Ресейдің экономикалық игеруі осы аумақтардың терең түкпіріне темір жолдар салудан басталған еді. Темір жол желілері Қазақстан аумағында XІX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басынан ірі темір жолының салынуына байланысты тартыла басталды. Революцияға дейінгі Қазақстанның негізгі ірі Сібір темір жол желісі 1901-1905 жылдары салынған Орынбор-Ташкент жолы болды. Сөйтіп, ғасыр басында одан кейін Троицк, Алтай және Жетісу темір жолдарын салу жұмыстары дами түсті. Әрине, өлкенің әлеуметтік-экономикалық өмірінде жол қатынастарының дамуы маңызды рөл атқарды. Әсіресе, олар сауданың өркендеуіне өз ықпалын тигізді. Бұл темір жолдар өлкені Ресейдің өнеркәсіп орталықтарымен байланыстырып, оны жалпыресейлік экономикалық нарыққа тартты. Қазақстанның әр түрлі өнеркәсіп шикізаттары, мал шаруашылығы өнімдері, мал, астық сыртқа шығарылып, өлкеге фабрика-завод бұйымдары, тағы да басқа қажетті тауарлар әкелінді. Сонымен  қатар,  қазақ даласында пайда болған темір жол станцияларына сол  кезеңде халықтың біршама көп шоғырлануына байланысты олар өлкенің әлеуметтік-экономикалық және саяси-мәдени өмірінің ошақтарына айнала бастағанын көреміз. Осы кезеңде ірі темір жол станцияларындағы халықтың саны бірнеше мың адамға жетті. Мысалы,  1916 жылы Орынбор станциясында - 9720, Ақтөбеде - 3263, Шалқарда - 5300, Қазалыда - 3600, Перовскіде - 1852, Түркістанда - 2984 адам тұрды.  1906-07 жылдары Петропавл (Қызылжар) станциясындағы тұрғындардың саны 3 мыңнан асқан.

Сөйтіп, осы кезеңде өлкедегі өнеркәсіптің біршама дамуы, темір жолдардың салынуы, су жолдарының пайдалана бастауы - Қазақстанда жалпы жұмысшы табын қалыптастырудың бірден-бір әлеуметтік-экономикалық негіздерін қалауға себеп болды. Өлкедегі мұндай өзгерістер ғасыр басында одан әрі дами түсті. Мысалы, 1913 жылғы өлкедегі жұмысшылар саны 75 мың адамға дейін жетті. Сонымен қатар, Қазақстанда 51 мың жұмысшы еңбек еткен 675 фабрика-заводтың кәсіпорындары болды да, ол жұмысшылардың 28 мыңға жуығы ірі өнеркәсіп орындарында істеді. Тек теміржол мен су жолдарында 25 мыңнан астам жұмысшы еңбекпен қамтылды. Ал, бірінші  дүниежүзілік соғыс жылдарында жұмысшылар саны ірі өнеркәсіп орындары мен транспортта өсе түсті. Сөйтіп, 1917 жылғы Қазан төңкерісі тұсында Қазақстандағы жұмысшылардың жалпы саны 90 мыңға жетті.

Бірақ, жергілікті қазақ жұмысшылары көбінесе маусымдық жұмыстарға ғана тартылып, кәсіби мамандықтарының болмауынан тұрақты жұмыстармен қамтылмады. Тұрақты жұмыспен тек темір жол желілері мен тау-кен өндіріс орындары ғана біршама қамтамасыз ете алды. Сөйтіп, өлкедегі тау-кен өндірісі, завод кәсіпорындары мен транспортта ғана жұмысшылардың шоғырлануы жоғары болды.

Соған қарамастан, әлеуметтік тұрғыдан өлкенің өнеркәсіп жұмысшыларының жағдайы Ресейдің өнеркәсібі дамыған аудандарымен салыстырғанда әлдеқайда ауыр болды. Оған кәсіпорын қожайындарының өктемдігімен белгіленген жұмыс күнінің ұзақтығы себеп болды. Мысалы, Ембінің мұнай кәсіпорындарында 12 сағатқа дейін, алтын өндірілетін кен орындарда 10-12 сағат, тұз өндірілетін кәсіпшіліктерде 14-16 сағатқа дейін созылды. Міне, осындай әлеуметтік теңсіздіктердің басымдылығын көрген және кәсіп иелерінің өздеріне алалаушылық жасап, құқықтарынан айыру шараларын басынан өткізген қазақ жұмысшылары ерекше ауыр жағдайда болды. Осының бәрі күрделеніп келіп, қазақ жұмысшыларын өздерінің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жағдайларын жақсарту мақсатындағы күреске итермеледі.



XIX ғасырдың екінші жартысы - XX ғасырдың басында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуында болтан өзгерістер қазақ халқынын рухани өміріне терең әсер етті. Саяси, экономикалық экспансиямен қоса, құлдыққа салушылардың мәдениеті күштеп танылды. Патша өкіметінін кертартпа саясаты халыққа білім беру саласынан мейлінше айқын анғарылады. Отаршыл билік қазақ халкының мүдделері мен құқықтарын елемей, онын рухани дамуын тежеді. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде қарастырылып отырған кезенде орын алған соны құбылыстар қазақ қоғамының қоғамдық санасындағы елеулі өзгерістерге әкеп соқты. Мұндай елеулі өзгерістер ұлттық сана-сезімді оятуға жағдай жасады, қазақ қоғамында жаңа идеялардың, ой-пікірлер мен көзқарастардың қалыптасуын анықтап берді. Мәдениет тұрғысынан алғанда, дәуірдің жаңалыктары ең алдымен еуропалық өркениетті, жаңа құндылықтарды бастапқыда әлеуметтік үстем топ өкілдерінің, адамдардын шағын тобының меңгеруі орын алғанынан көрінді. 

Ұлттық зиялылардың қалыптасу жолы бірдей болған жоқ, күрделі және ұзаққа созылған үрдіс болды. Бұл жағдайдың халық шаруашылығында да, мәдениетте де мамандар санының өсуінен көрінгені күмәнсіз. Оның барысын отаршылдық режим жағдайлары, патша өкіметінің бағындырылған халық жөніндегі кемсітушілік саясаты тежеп отырды. Дегенмен XIX ғасырдың аяғы - XX ғасырдың басы халықтың интеллектуалдық күштері дамуындағы жаңа кезең болып табылады.

ХХ ғасыр басындағы дәуір шеңберінде қазақтың алдыңғы қатарлы жастары оқу-білімге көптеп, шын ынтамен ағылып келе бастады. Олар сол кезеңдегі Ресейдегі өнеркәсіп, ғылым мен мәдениеттің көрнекті орталықтары Санкт-Петербургте, Мәскеуде, Казанда, т.б. қалаларда орта және жоғары оқу орындарында оқып білім шыңдады.Сонымен, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезінде Ресейдің бір ғана Петербург университетінде 20-ға жуық қазақ студенттері оқыған. Б. Қаратай, Б. Құлман, Б. Сыртанұлы, А. Тұрлыбайұлы, М. Шоқай, Ж. Ақбайұлы және басқалар. Сондай-ақ, Мәскеу мен Санкт-Петербургтың басқа жоғары оқу орындарын Ә. Бөкейхан, Х. Досмұхамедұлы, М. Тынышпайұлы сияқты қазақ жастары бітірген. Яғни, қазақ зиялыларының басым көпшілігі Ресейдің бас қалаларында және сол сияқты Қазақстанмен көршілес Омбы, Том, Орынбор, Ташкент, Саратов, т.б. қалаларында оқып, алғашқы саяси әрекеттерге сол жерлерде араласып, қоғамдық-саяси көзқарастарын қалыптастыра бастады.Оқып-тоқып, қоғамдық сана-сезімі байи түскен ХХ ғасыр басындағы қазақ жастары қай жерде жүрсе де, қай салада еңбек етсе де туған халқының тағдыры туралы ойлануды бір сәт те ұмытқан жоқ. Қазақ халқының Ресей патшасы үкіметінің тұсындағы әлеуметтік-саяси саладағы теңсіздік жағдайын танып- білген сайын іштей де, сырттай да шешуші қадамдар жасауға бекініс жасап отырды. Ол үшін қазақ халқының Ресей қоғамында өзге халықтармен қай салада да тең орын алуына жетісуі өте-мөте қажет деп бекінетін ілгергі лектегі қазақ жастары. Ал бұл мақсатқа жету үшін байтақ қазақ жерін мекен еткен қандастарымыздың қоғамдық сана-сезімін оятып, оларды әлеуметтік міндеттерді (жер-су дауы, т.б.) шешуден гөрі біртіндеп болса да саяси күрестерге шыңдау қажет деген қорытындыға тоқтады.

Қазақ халқының орта ғасырлық мешеуліктен жаңа заманның көшіне еріп, өркениетті елдермен терезесі теңесуі үшін оқу-өнердің ауадай қажеттігін санасына сіңіру – кезек күттірмес міндет ретінде күн тәртібіне қойылды. «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетін саяси мінбеге айналдырып, ұлт зиялылары халқына дәріс берді. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дұлатұлы, Халел Досмұхамедұлы, Мұстафа Шоқай, Мұхаметжан Тынышбайұлы сынды саяси-рухани көсем тұлғалардың отты мақалаларынан күш алып, жігерін жаныды.

Сол тұстағы қазақ зиялыларының көпшілігі жоғары оқу орындарының заң факультетін бітіріп, құқ туралы терең білім алу арқылы жерін, елін заңсыздықтан қорғамақшы болды. Ал бұл тұста қазақ даласында зорлық-зомбылық күшті белең алып тұрды. Қазақтың жер қайыстырған малы мен тасыған дәулеті оның көбеюіне себепші болған құнарлы жері ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Қараңғы халық заңсыздықтан азап шекті. Осындай жағдайда заңды білуге ұмтылу жұрттың алдына қойған үлкен арман- мақсат болды.

Алаш зиялыларының ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы ұстанған бағыты ғылым мен білімнің көзі исламға бет бұру және оны жаңаша серпілту (жәдитшілдік) жолы еді. Қазақ даласына бұл жол қырымдық татарлардың көрнекті ғалымы Ысмайыл Ғаспыралының (Исмаил Гаспринский) «Тәржімасы» арқылы тартылды деуге болады. Алаш қайраткерлері Батыс пен Шығысты тең ұстаған, ғылыми исламды өміріне азық еткен Исмаил Гаспринскийді үлгі тұтты.



Ысмайыл Гаспыралы немесе Исмаил Гасприн­ский – ХІХ-ХХ ғасырлардың тоғысындағы бүтін түркі дүниесіне, жалпы адамзатқа ортақ аса ірі қай­рат­кер, қаламгер, жазушы, ойшыл, ағартушы. Оның жаңашылдығы, түркі-мұсылмандар арасындағы ағартушылық-реформалық бастамалары сол кездегі ортақ отанымыз бен шетелдердің бірнеше буынын тәрбиеледі. Жәдитшiлдiк бағыт негiзiн салушы Шаһабуддин Маржани болғанымен, қазақ оқығандары И.Гаспринский еңбектерi мен оқулықтарын пайдалану арқылы өз мақсаттарын жүзеге асыруға ұмтылды. И.Гаспринскийдiң осынау оқулықтары, танымдық кiтаптары, ағартушылық аудармалары ағартушының алдына қойған арман-мүддесiнiң үдесiнен шыққанын көрсетедi.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   33




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет