Лекция №1 Ғылыми зерттеулер жүргізудің жалпы заңдылықтары. Кез келген әдіснамалық мәселелерді шешу белгілі бір гносеологиялық ұстанымдар негізінде қаралған бастапқы әдіснамалық тұжырымда жүзеге асады. Адамның танымдық іс-әрекетінің жалпы заңдылықтарын, оның даму заңдарын қалыптастыру философия ғылымының мәселесі. Білімді философиялық, аксиологиялық түсіну философияға тән және ол ғылыми білім туралы түсініктердің қалыптасуына шешуші ықпал етеді.
Педагогикалық зерттеудің әдіснамалық негіздері. Педагогика әдіснамасы жалпы әдіснама ғылымы мен қоғам дамуының үдерісін талдаудан туындайды, теориялық талдау және синтез, сонымен қатар, педагогика, психология, әлеуметтану, кибернетика және басқару теориясының зерттеу нәтижелерін, қисынды жалпылау әдістерін қолданады. Педагогика әдіснамасы зерттеушінің ғылыми жұмысында басшылыққа алынады. Сонымен бірге педагогика әдіснамасының басты міндеттерінің бірі зерттеу жұмысын әдіснамалық негіздеу болып табылады. ғылымда әдіснамалық негіздің келесі түрлерін бөліп қарастырады:
- ғылымның философиялық негізі (әлемнің философиялық бейнесі, философиялық-дүниетанымдық, қисынды-гнсеологиялық, құндылықты-нормативті ұстанымдар, философияда құрастырылған теориялар мен категориялар );
- теориялық негізі (ғылымның белгілі бір саласының тұжырымдамалық идеялары);
- әдіснамалық негізі (зерттеудің әдіснамалық құрал жабдығы, ғылымилық идеалы мен нормалары)
- логикалық негізі (формальді және диалектикалық қисын заңдары, дәлел және аргумент ережесі);
- эмпирикалық негізі (ғылыми айғақтар, эксперимент нәтижелері, тәжірибелік ізденушілік жұмыс).
Бұл негіздер біріккен түрде ғылыми зерттеудің теориялық-әдіснмалық базасын құрайды және оны негіздеу қызметін атқарады. Педагогика және білім беру саласында философиялық негіздердің маңызы зор. Ғылыми ізденістің теориялық негіздері, педагогиканың тұжырымдамалық ойлары мен ұстанымдары философиялық негізге сүйенеді.
Әдіснамалық негізде автордың дүниетанымдық және зерттеушілік тұжырымдамасы сипатталады, ол зерттеу құбылыстарын талдауға обьективті, ғылыми тұрғыдан келуді ойластырады, сонымен қатар білім беру теориясы мен тәжірибесіне қажетті қорытындылар мен ұсыныстар, алынған нәтижелердің ғылыми құндылығы да маңызды болмақ. Әдіснамалық негізді тиімді анықтау үшін әдіснамалық түсіндіру жүзеге асырылады. Зерттеушілер зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздерін анықтау барысында педагогика әдіснамасы қорына, педагогикалық ойларға, тұжырымдамалар мен теорияларға сүйенеді, олардың зерттеу болжамы нгегізінде ғылыми теория құру мен педагогикалық дәлелдерді ашу және түсіндіру нақтылана түседі.
Қазіргі уақытта педагогикалық зерттеулерге, білім жүйесі мекемелеріндегі тәжірибелік-эксперименттік жұмысқа ерекше көңіл бөлуде. Зерттеуші-педагогтың, педагогикалық ұжымның, эксперименттік алаңдардың ғылыми ізденісінің бағдарламалары мен әдістемелері жазылып даярлануда. Нақты мәселе бойынша зерттелу жұмысының тәжірибесі жинақталуда. Ғалымдардың іргелі еңбектерінде (Л.В. Занков, Ю.К. Бабанский, М.Н. Скаткин, Я. Скалкова, В.И.Загвянский, В.И. Журавлев, В.М. Полонский және т.б.) педагогикалық зерттеулердің әдіснамасы мен әдістемесі кеңінен берілген. Дегенмен, ХХ ғасырдың екінші жартысында жан-жақты зерттелген, семинарларда кеңінен талқыланған зерттеушінің әдіснамалық мәдениетіне енетін біліктіліктің мазмұны осы уақытқа дейін нақтыланбаған. Ғылыми-педагогикалық зерттеудің бағыттарын, тұжырымдамасын, әдістемесін анықтайтын ұғымдық-түсініктік терминологиялық аппараты жеткілікті деңгейде зерделенбеген.
Осы бағыттағы жетістіктерге қарамастан, бүгінгі күні жас зерттеушілер де, тіпті тәжірибеліғылыми қызметкерлер де зерттеудің ғылыми аппаратын, сондай ақ оның жеке бөліктерін құрастыруда қиналатыны байқалады. Әсіресе, зерттеудің әдіснамалық негіздерін анықтау мәселесіне келгенде ізденушілердің көпшілігі бұның құрамына не кіретінін іздестіріп, тек зерттеудің ғылыми аппаратын үлгілерден алып жазып қоюмен шектелетін жәйттер де кездеседі. Ғылыми-зерттеу практикасында зерттеушілер "осы әдіснамалық негізді біз жасаймыз" деген пікірде болады да, солай жазады да. Ал, шын мәнінде зерттеуші зерттеудің әдіснамалық негізін тек анықтайды. Демек, әдіснамалық негізді әдебиеттен қарастырып өз тақырыбының мәніне, мазмұнына сай таңдап алады. Әдіснамалық негіздің құрылымына, біздің пайымдауымызша, педагогикалық зерттеудің әдіснамалық негізінің алғашқы құрамдас бөлігі болып табылатын зерттеу пәнінің философиялық заңдар, ұғымдардың және материалистік диалектиканың ұстанымдары мен әдістеріне қатысын ойластыру кіреді. Әдіснамалық негіздердің келесі бөліктеріне әдіснамалық тұғырлар, әдіснамалық ұстанымдар, зерттеул\дің тұжырымдамалық негізіне алынатын зерттеудің логикасы (зерттеудің ғылыми аппараты, зерттеудің түсініктік аппараты, зерттеудің өлшемдік аппараты) енеді. Әрине, зерттеудің әдіснамалық тұғырлары мен ұстанымдары зерттеудің ғылыми аппаратының құрамына да кіреді. Әдіснамалық тұғыр мен әдіснамалық ұстанымды бөліп көрсету себебіміз ізденушінің назарын ерекше аудару мақсатында болып отыр.
Педагогикалық зерттеудің әдіснамалық негізі бағытындағы ізденістерде зерттеудің логикасы, зерттеу әдістері, нәтижелері, зерттеу сапасын бағалау мәселелері қарастырылып жүр. Ал енді әдіснамалық тұғырлар туралы білімдер жиынтығы әдіснамашы ғалымдардың еңбектерінде, түрлі ғылыми басылымдар, ғылыми-практикалық конференциялар, әдіснамалық семинарлар, интернет конференциялар, пікірталастар, дөңгелек үстелдер, пікірталастар материалдарында көрініс тапқан.
Осы білімдердің жүйесі әдіснамалық тұғырлардың құрылымы мен мазмұны "Логикалық-құрылымдық сызбалардағы жалпы және этникалық педагогиканың методологиясы" (2005ж) атты оқу-әдістемелік құралда 2.5. "әдіснамалық ұстанымдар" 2.6. "әдіснамалық тұғырлар" тармақшаларында берілген. сонда зерттеудің әдіснамалық негізін сызба түрінде жобаласақ, төмендегідей үлгі шығады (1-сурет).
Сонымен әдіснамалық тұғырлар дегеніміз-қайсыбір педагогикалық мәселені зерттеудегі қолданылатын ұстанымдар, әдістер, тәсілдер жиынтығы. Әдіснамалық ұстанымдар деп педагогикалық жүйелерді зерттей отырып, өзгерткенде негізге алынатын қағидаларды айтады. Ғылыми педагогикалық зерттеуді ұйымдастыру ұстанымдары жүргізілетін ғылыми зерттеулерге қойылатын жалпы талаптар, жетекші идея, түпкі қағида болмақ. Ғылыми әдебиеттерде жалпы ғылыми ұстанымдар қатарына обьективтілікті, ғылымилықты, жуйелілікті, тарихилықты, сабақтастықты және т.б. жатқызады. Демек тұғыр ұстанымға қарағанда кең ұғым. Бұл тұғырлар мен ұстанымдар барлық ғылымға тән. Сондықтан педагогикада аталмыш ұстанымдар мен тұғырларды зерттелетін обьектілердің мәніне сай қолданып, ізденушілер өз зерттеулерін ұйымдастырады. Нақты тұғыр бірнеше ұстанымдар арқылы іске аспақ. Бұл ретте әдіснама негізінен ғылыми әрекеттің логикасына қатысты түсіндіріледі. бұл ретте әдіснама негізінен ғылыми әрекеттің логикасына қатысты түсіндіріледі. В.В. Краевскийдің анықтауынша , әдіснама- педагогика ғылымының жасалу зертханасы. Сол ідіснама арқылы зерттеудің қазіргі талапқа сай екендігі көрсетіледі және ғылыми қызметкерлердің кәсіби деңгейі бағаланады. Ізденушілерге біз 2007 жылы "Тұран" баспасынан жарық көрген "Введение в м методологию в методику педагогического исследования" атты оқу құралындағы әдіснамалық тұғырлар, әдіснамалық ұстанымдар, зерттеу логикасы, зерттеу әдістемесі туралы мысалдармен тереңдетіле берілген әдіснамалық білім мазмұнын ұсынамыз.
Сонымен, зерттеудің әдіснамалық негізін анықтау үшін әдіснамалық негіздеме жасау керек. Оның мазмұнына: ізденушінің тұжырымдамасының философиялық негіздері, педагогикалық мәселелерге сыни көзқарас, зерттеу тұжырымдамасының ғылыми негіздері (мәселені тарихи-логикалық талдау, зерттеу пәнін диалектикалық жүйелі құрылымдық талдау, оның сипаттамасын тұтастық тұғырдан қарастыру, зерттелетін педагогикалық құбылыстың дамуының негізі болатын жетекші қайшылықтарды анықтау, осы үрдіске тән заңды байланыстарды ашу әдіснамасына сипаттама), осы педагогикалық тұжырымдама негізіндегі түрлі ғылыми қағидаларды талдау енеді. Осыдан біз педагогикалық зерттеудің әдіснамалық негіздемесінің келесі логикалық алгоритмін қарастырамыз:
- педагогикалық дәйектерді, құбылыстарды және үдерістерді зерттеуге қажет нақты әдіснамалық тұғырларды анықтау;
- әдіснамалық ұстанымдарды нақтылау;
- зерттеу мәселелеріне тарихи-логикалық талдау жасау;
- зерттеу пәнін сипаттауға тұтастық тұғырды пайдалану;
Педагогикалық зерттеудің әдіснамалық негізі оның теориялық базасымен тығыз байланыста беріледі. Демек педагогикалық әдіснама дегеніміз- педагогикалық теорияның негіздері мен құрылымы, педагогикалық болмысты бейнелейтін білімдерді жасаудың ұстанымдары, тұғырлары және тәсілдері туралы білімдер жүйесі, сондай ақ осындай білімдерді алу мен зерттеу жұмысының бағдарламасын, логикасын және әдістерін, сапасын бағалауды негіздеуге бағытталған әрекеттер жүйесі
.
Зерттеудің әдіснамалық негізі
зерттеу пәнін философиялық заңдар, ұстанымдар, ұғымдар, әдістер арқылы қарастыру
Әдіснамалық тұғырлар
Әдіснамалық ұстанымдар
Зерттеу қисыны
Мәдениет танымдық
Синергетикалық
Инновациялық
Экологиялық ж/е т.б.
зерттеудің тұжырымдамалық бірлігі
тарихилық ж/е логикалықтың бірлігі
Ғылмилық
Сабақтастық
Жүйелілік
Обьективтілік
зерттеудің ғылыми аппараты
Зерттеудің түсініктік аппараты
Зерттеудің өлшемдік аппараты