Лекцияның мазмұны Тілдің байлығы – сөздер алуан түрлі, олар тек мағынасы жағынан ғана емес, грамматикалық құрамы, атқаратын қызметі жағынан да түрлі-түрлі. Тілдегі сөздердің бұл ерекшелігін ғалымдар ерте байқаған. Сонымен байланысты тілдегі сөздерді топтастыру мәселелсі туындаған.
Алғаш сөздерді топтастыру осы кезеңде өмір сүрген Панинидің «Восьмикнижия-Грамматикалық ережелердің сегіз бөлімі» деген еңбегінде айтылған. Ғалым бұл еңбегінде үндінің санскрит деп аталатын көне әдеби тіліндегі 4000-нан астам грамматикалық ережелерді түсіндіреді, сөздерді топтастырып, есімдер, етістіктер, көмекші сөздер деген үш сөз табын айтқан. Сөйтіп лингвистикада тұңғыш сипаттамалы грамматиканың негізін салған.
Сол заманда өмір сүрген грек ойшылдары Платон тілдегі барлық сөздерді есім, етістік деп екіге бөледі де, Аристотель бұлардың үстіне жалғауыш дегенді қосып, үш топқа ажыратады. Бұл ғалымдар сөздерді топтастырғанда логикалық категорияға сүйенген. Көне грек жерінде тіл білімінің өркендеген кезі Александрия дәуірінде грамматика ілімі кемеліне келіп, ғылым ретінде қалыптасты. Б.э.д. 170-90ж өмір сүрген Дионисий Фракийский «Грамматика» деген еңбегінде сөздерді сегіз топқа бөліп көрсетеді. Осы еңбекке Ф.Ф.Землинский деген ғалым «Еуропадағы грамматикалардың анасы» - деп әділ бағасын берген. Осы үлгіні араб ғалымдары да Халил ибн Ахмед аль-Фарахад одан әрі Сибавейх, М.Қашқари, М.Замахшари т.б. қабылдаған. Содан бергі бірнеше ғасырлар бойында осы айтылған үш топ, есім, етістік, шылау құрамына енетін сөздерді жіктеу әбден орнығып қалыптасты деуге болады.
Сөздерді топтастырудағы біз қолданып жүрген үлгіні Фор-Рояль грамматикасының негізінде өңдеп, орыс тіліне енгізген Ломоносов болды. Одан әрі ғалымдар И.Гиганов, А.Старчевский, М.Казем-бек, Н.И.Ильминский, П.М.Мелиоранский т.б.түркі тілін зерттеуде қолданды. Н.ИИлминскийдің «Материалы к изучению киргизского (казахского) наречия» деген еңбегінде тоғыз түрлі сөз табы айтылса, П.М.Мелиоранскийдің «Краткая грамматика казахско-киргизского языка» деген еңбегінде сөз таптары айтыла келіп, сын есімді әлі жекеленіп жетпеген сөз табы деп, оны зат есім құрамында қарастырады да сегіз сөз табын көрсетеді. Ал Г.В.Архангельский «Грамматика казахского языка деген еңбегінде де зат есім мен сын есімді ажыратпай, бір сөз табы ретінде танып, сегіз сөз табын атайды. Бірақ бұл ғалымдар қазақ тіліндегі сөздерді топтастырғанда қандай принципке сүйену керектігін айтпаған және сөз таптарына жататын сөздерді, оның кейбір морфологиялық белгілерін аша алмаған. Сөздерді топтастыру орыс тіл білімінде Л.В.Шербад, В.В.Виноградовтан басталса, түркі тілінің төл материалы негізінде топтастыру 1936ж А.Н.Боровковтың «Революция и письменности» деген журналға шыққан мақаласында айтылды. Онда түркі тілдері сөздерін топтастыруда жүйелі түрде үш принципті (семантикалық, морфологиялық, синтаксистік) бірлікті қолдану керектігін айтқан. Бұл тұжырым түркітанымның кейінгі дамуында берік қолданыс тапты. Боровков бұл тұжырымды орыс тіл біліміне сүйене отырып айтты.
Сөздерді топтастырғанда, лексика-грамматикалық топқа енгізгенде сөзсіз оның лексика-грамматикалық мағыналарын есепке аламыз. Академик В.В.Виноградов «Сөздерді топтастырғанда лексикалық мағынамен ұштаспаған грамматикалық мағына бос қиял» деген. Бұл дұрыс. Сөз таптарының шығуы, қалыптасуы жайлы акад. И.И.Мещаниновтың көрсетуінше, сөйлем мүшелері сөйлемде қандай қызмет атқарып, қандай сөзбен тіркеске түсе алуына да байланысты екендігін «Члены предложения и части речи» деген еңбегінде атап көрсетеді.
Қазақ тіліндегі сөздерді түрлі топқа бөлу ісі А.Байтұрсынұлының есімімен тығыз байланысты ғалымның 1914жылдан бастап жариялана бастаған «Тіл құралы» атты еңбегінің сөз жүйесіне (морфология) айналған бөлімінде қазақ тіліндегі сөздер алдымен атауыш сөздер, шылау сөздер болып тұлғасына қарай: түбір сөз, туынды сөз, қос сөз, қосалқы сөз, қосымшалар деп беске бөлінген. Атауыш сөздерге: зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістікті, ал шылау сөздерге: үстеу, демеу, жалғаулық, одағай сөздерді жатқызған. Сөйтіп мағынасына қарай тоғыз сөз табын (зат есім, сан есім, сын есім, есімдік, етістік, үстеу, демеу, жалғау, одағай) атайды. Бұл қазақ тілінде жазылған алғашқы оқулық еді. Сөздерді сөз таптарына ажыратып, тұлғалық құрамын көрсетуде септеу, тәуелдену, жіктелу тәртібін тануда, т.б. терминдер жүйесімен тілдік категорияларды айқындауда күні бүгінге дейін А.Байтұрсынұлының аталған оқулықтарының негізі сақталып келеді. Сөздерді топтастыруға байланысты құнды пікірлер отызыншы жылдардан бастап айтыла бастаған. Сол кезде шығатын «Ауыл мектебі», «Халық мұғалімі» (қазіргі «Қазақстан мектебі») журналдарында сөз таптарына арналған бірнеше мақалалар жарияланған. Солардың ішінде С.Жиенбаевтың, Н.Сауранбаевтың мақалаларын атауға болады. Бұл ғалымдар сөз топтастырудың лексика-грамматикалық бағытын ұстайды.
Қазақ тілінің тұңғыш профессор Қ.Жұбанов 1936ж ауыл мұғалімі Жанғазы Жолаевқа жазған хатында қазақ сөзінің неше топқа бөлінетіндігін түсіндіре келіп, үш түрлі өлшеуді қабат алып жүрудің дұрыстығын айтады. Осы үшеуінің (мағына, морфология, синтаксис) сынына толса, бәлендей сөз табы деуіміз керек және бірден топтастыра салмай, баспалдақтап тізу керек дей келіп, мысалдармен түсіндіреді. [Қазақстан жөніндегі зерттеулер, 1966,231-б] Қ.Жұбанов көрсеткен осы үш өлшем сөздерді топтастырудың негізі деуге болады. Осы тұста ғалымдар Т.Бегалиев, Х.Басымов, С.Аманжоловтардың, одан кейінірек А.Ысқақовтың, Ғ.Мұсабаевтың, А.Хасенованың, Р.Әміровтың, Ш.Сарыбаевтың жеке сөз таптарына байланысты монографиялары жарияланды. Сөйтіп қазақ тіл білімі 50 жылдарда жаңа белестерге көтеріліп, жаңа ғылыми ізденістермен толыға бастады.
1952 жылы тіл біліміне байланысты өткен конференцияда тілдің ең өзекті мәселелері сөз болады. Осы конференцияда профессор А.Ысқақов сөздерді топтастырудың үш белгісін (1) семантикалық, 2) морфологиялық түрлену, 3) синтаксистік қызмет) атап, оның ерекшеліктерін нақты мысалдармен дәлелдеп көрсетіп берді.
1954 жылы түркі тілдерінің ішінде алғашқы болып «Қазіргі қазақ тілі» атты жоғарғы оқу орындарына арналған көлемді еңбек жарық көрді. Бұл қазақ тіл білімінің аса бағалы, алтын қорына қосылған еңбек болып табылады.
60-70 жылдары сөз таптарына арналған ғылыми зерттеулер тақырып жағынан кеңейе түсті. Мәселен, сөз таптарын лексика-грамматикалық ерекшеліктері мен морфологиялық белгілері тұрғысынан талдаған Ш.Сарыбаевтың, Ж.Шәкеновтың, А.Ибатовтың, Ә.Төлеуовтың, А.Ысқақовтың, А.Қалыбаевтың, Н.Оралбаеваның, К.Ахановтың, Ы.Мамановтың еңбектерін атап өткен дұрыс. Осы кезеңдегі еңбектердің ішінен морфологияға байланысты жалпы теориялық мәселелерді, оның ерекше белгілерін түгелдей баяндаған. А.Ысқақовтың «Қазіргі қазақ тілі морфология» атты монографиясын ерекше атаған жөн. Мұнан соң грамматикаға байланысты еңбектерді жүйеге, тәртіпке түсіріп жинақтаған еңбек 1967 жылы шыққан «Қазіргі қазақ тілінің грамматикасы» болды. Үшінші мыңжылдықтың басында 2002 жылы арғы отыз бес жыл салып, «Қазақ грамматикасы» жарық көрді. Бұл еңбекте бұрынғы авторлар құрамы біраз өзгеріп, жаңартылып, тілдің бар саласы бойынша соны ізденістермен толықтырылған. 1952 жылы А.Ысқақов сөз таптарына еліктеу сөзді қосып, 2002 жылға дейін 9 сөз табы танылып келсе, 2002 жылы «Қазақ грамматикасында» модаль сөздер сөз табы ретінде қосылып, 10 сөз табы берілген. Модаль сөзді айналымға қосқан С.Исаев болса, оны жалғастырған ғалым М.Оразов еді.
80-90 жылдарда тілдің салалары бойынша жекелеген зерттеулер, көлемді еңбектер шығып, қорғалған диссертациялық еңбектер де көбейді. Сондай-ақ, сөз таптарының түрлі ерекшеліктеріне байланысты тың зерттеулер молығып, авторлар құрамы да жаңаруда. Осы орайда Е.Жанпейісов, С.Исаев, М.Оразов сынды ғалымдар сөз таптарының түрлі қырларын алып, зерттеу нысанына айналдырды. 2000 жылдықтың аяғында қазақ тіл білімінде сөз топтастыру теориясына елеулі жаңалық енгізген ғалым С.Исаев болды. Ол А.Ысқақов айтқан кейбір қағидаларға өзіндік ойын, пікірін айта отырып, қазақ тіліндегі сөздердің атауыш сөздер, көмекші сөздер және одағай деп бөлінуде морфологиялық белгілердің еш қатысы жоқ екендігін, лексика-семантикалық сипаты, белгілері арқылы жіктелгендіктен, оларды тілдің лексикалық қабаты деңгейіндегі құбылыс деп түсінеді, ал сөз таптары сөз топтастырудың 3 принципіне (семантика, морфология, синтаксис) негізделгенін түсіндіреді.
Сөз таптары сөздердің белгілі жүйе негізінде қалыптасқан грамматикалық топтары болып табылады, сондықтан сөз таптары мен сөздерді олардың түрлеріне бөлуге ол сөздердің грамматакалық сипаттары мен белгілері негіз болады. Сөздерді сөз таптарына бөліп қарау әр сөзге байланысты әр түрлі белгілер арқылы айқындалмай, сөз таптарына қатысты тұрақты белгілерінің негізінде жан-жақты жіктеу үшін жүйелі ұстанымдар негізге алынуы керек. Ол ұстанымдар сөздердің грамматикалық сипаттарына негізделуі тиіс.
Тілдегі сөздер негiзгi немесе атауыш сөздер, көмекшi және одағай, модаль сөздер деп бiрнеше түрге бөлінедi.