Лекция мақсаты: Көркем туындыны талдау жолдарын қарастыру. Мектеп тәжірибесінде көп қолданылатын талдау түрлеріне тоқталу.
Лекция мәтіні (қысқаша): Көркем шығарманы талдау оны оқудан басталады. Көркем туындыны толық оқымай, мазмұнын жетік меңгермей тұрып, оны талдау мүмкін емес. Әңгіме,мысал сияқты шағын жанрларды талдау (барлық көркем компоненттерін қосып) роман, эпопеяларға қарағанда әрі қолайлы, әрі жеңіл болады. Әңгіме мен мысалды талдауда мұғалімнің олардың көркем табиғатын таныту, барлық бітім-болмысын сөз етуге мүмкіндігі мол. Ал роман, эпопеяны бағдарламада көрсетілген аздаған сағаттарда толық дәрежесінде талдау мұмкін емес. Сондықтан, әсіресе, осындай көлемді шығармаларды оқыту үшін, мұғалім айрықша еңбектенеді. Ең бастысы, қандай мәселелерге көңіл бөлу керек, талдаудың қай түрі тиімді, қандай әдіс-тәсілдер нәтижелі болмақ, міне, осы мәселелерге мұғалім ерекше назар аударады. Оқушылар роман, повестерді оқи отырып, автормен «кезігеді», онымен іштей сырласады, олар авторды да, оның туындыларын да өз пікірі, эмоциясы, дүниетанымы арқылы қабылдайды, ал мұғалім мақсаты - сол алғашқы, өзіндік қабылдауларды ғылыми негізге бағыттау, дұрыс бағыт-бағдар беру болып табылады. Көлемді шығармаларды талдауда да мұғалім көркем мәтінмен жұмысқа ерекше ден қоюы керек. Әрі оны тұтастай қарастыруды ойластырғаны жөн (мазмұн мен форма бірлігін сақтайды ). Эпикалық шығармаларды талдау әр буында өзіндік ерекшеліктерімен даралана талданады (сыныбы, жасына қарай). Мысалы, бастауыш буында ( Ү-ҮІІ) сюжеті, композициясы, кейіпкерлеріне назар аударылса, ҮІІІ-ІХ сыныптарда ол тереңдей түседі, авторлық тұрғыға, оның негізінде жатқан проблематикаға көңіл бөлінеді, ал жоғары сыныптарда әдебиеттану ғылымының басты талаптарымен талдау, әдеби-теориялық негізде тереңірек талдау жүзеге асуы тиіс.
Эпизодтарме жұмыста мына мәселелерге ерекше көңіл бөлінуге тиіс:
1. Қай буында болмасын оқушылар өздері оқыған шығармалардың мазмұнына, оқиғасына ерекше көңіл бөлугеді. Ал оқиғалар бір-бірінен туындап жатады, жалғасып жатады, оқиғаның басталуы, дамуы шарттары,шешімдер бар.
Көркем туындыдағы жазушы ойы, идеясына көз жүгірту тарихи, әлеуметтік жағыдайлар, болған оқиғалардың қоғамдық, саяси сипаттары туралы түсінік беру (көркем туындыда сөз етілген. Әдеби талдау үшін, ең алдымен, сол көркем туындыда жазылған, баяндалған оқиғалардың тарихи негізіне ерекше назар аудару керке. Сондай-ақ суреткер осы шығармасын не себепті, қандай жағыдайларға байланысты жазған, оны жазуға не итермелегне, сол туралы балаға мол мағлұмат беруді мақсат ету керек. Мысалы, Абайдың көп өлеңдерін,соның ішіндегі «Қалың елім, қазағым» өлеңін жазуға әсер еткен, мәжбүр еткен ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы қазақ қауымының, қоғамның әлеуметтік жайы болған. Немесе Бұқар жырау толғауларының бәрі өз заманының тарихи айнасындай. Оның толғауларын сол өз заманындағы тарихи - әлеуметтік оқиғалар туғызған. Ел бірлігі, достық, Отан қорғау тақырыбы Бұқарға аспаннан түспеген. Шығарманың жазылу тарихы, оның негізінде жатқан тарихи-қоғамдық мәселелерді түсіндіру сол шығарма, туынды астарында жатқан суреткер ойын, мақсатын ашуға бастар бірден-бір жол болды. Тағы бір тәсіл – сол туынды туралы ғылыми еңбектер, мақалалардан үзінділер оқып, түсінік беру болып табылады. Мысалы, Махамбет Өтемісұлы шығармаларын, не оның Исатай туралы өлеңдерін талдау алдында сол кездегі тарихи жағдайлар, көтерілістің шығу себебі, оның ұлт –азаттық сипаты, Исатай туралы тарихи деректерден тұжырымды түрде түсінік беріп, Махамбеттің осы өлеңдері туралы әдебиетшілер пікірін айта кетудің маңызы зор. Бұл-тиімді тәсілдің бірі. Кейінгі кезде интеграциялық сабақтар тәжірибеде көп қолданылуда. Мысалы, мәселелерді тарих пәні мұғалімімен сабақ-дуэт өткізуге болады.
2. Көркем туынды композициясын талдау тәсіліне бас кейіпкерлердің іс-әрекетін салыстыру; негізгі оқиғаларды сұрыптау; портрет, суреттеулердің көркем туындыдағы орнына тоқталу жатады. Мысалы, «Қорғансыздың күні» (М.Әуезов )
3. Жазушы стиліне талдау жасаудың маңызы сол, ол туынды негізінде жатқан авторлық көзқарас, идеяны ашуға көмек жасайды. Жазушы стилі дегенде, ең алдымен, оның көркем тілі, поэтикалық бейнелер жасауы («кәрі құда»,немесе «сұр бұлт»,т.б ), жалпы халық тілін меңгеруі, сол арқылы әдеби тіл жасауын айтуға болады. Мысалы, Абай «Аттың сынында» халықтың күнделікті сөйлеу тілінде бар «шоқпар» сөзімен «шоқпардай» деген теңеу жасаған, әрі бұл теңеу жүйрік ат сынын суреттеуде өзіндік орын алып тұр. Немесе қысты «кәрі құда» деп алып, тамаша метафора жасаған. Ашулы қысты «кәрі құдаға» балап сипаттау өлеңдегі ақын ойын айшықтап көрсетіп тұр. «Болыс болдым,мінеки» өлеңінде Абай «бұрқырап», «тарқылдап», «аңқылдап», «шапқылап»,деген көсемшелерді ерекше көп пайдаланады. Бұлар арқылы болыстың жексұрын бейнесін суреттейді.
4. Көркем туындыны оның негізінде жатқан тарихи шындықтармаен салыстыра қарастыру, кейіпкерлер прототипі туралы мәліметтерден хабардар ету автор ойы, шығарма идеясын ашудың негізгі жолдары, тәсілдері болып табылады.
М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясы өмір шындығынан алынған.Ондағы бас кейіпкерлердің барлығы да өмірде болған, тағдырлары да, трагедияда берілгендей, солай аяқталған. Дегенмен, Нысан, Абыз, Жапал бейнелері жазушының өз қиялы, мақсатынан туған. Абыз арқылы жазушы халық даналығын, махаббат, достық қорғаушысын, даланың Кеңгірбай сияқты жауыздарына қарсы мейірбандық жаршысын бейнеленген.
5. Талданған шығарманың әр түрлі нұсқасы туралы сөз қозғау да сол туынды негізінде жатқан проблема-идеяны ашудағы бір тәсіл болып келеді. Мұнда жазушы қолжазбаларының барлығын емес,ең басты-басты деген мәселелерге орай салыстыру жұмыстарын жүргізген жөн.
6. Суреткердің бір шығармасын басқа шығармаларымен салыстыру да тиімді тәсілдердің бірі. Мысалы, Абайдың табиғат лирикаларын алайық. «Жаз» өлеңінде ақын көшпелі елге жадыраған жаз айының соншама қуаныш, қызық әкелетінін, адамдарды былай қойып, тіршілік әлемінің барлығы да жайнап кеткенін суреттейді. Ал «Күзді» алайықшы. Айналаның барлығы «дымқыл тұман басқан», «сұп-сұр түске енген». Адаммен бірге табиғат та жүдеп тұр ( «дымқыл тұман» т.с.с. ). Оның себебі не? Көшпелі елге, кедей ауылға, әсіресе, кедейлерге күз сон-шама қолайсыз, соншама көңілсіз. Абай табиғат арқылы әлеуметтік теңсіздікті көрсетеді.Ол осы жерде пушкин жырлаған «алтын күзді» де мысалға алып, салыстыруға болады.
7.Бірнеше ақын-жазушы шығармаларын салыстыру да әдеби талдаудың тиімді тәсілі. Мысалы, «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті, ондағы әйелдер теңсіздігінің көрінуі» деген проблемалық сұрақ айналасында М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамал», С. Көбеевтің «Қалыңмал», С.Торайғыровтың «Қамар сұлу», С.Дөнентаевтің «Жәмилә», «Еріксіз Айша» шығармаларын салыстыруға болды. Тақырып біреу болғанмен, әр суреткер оны өзіндік стиль, мәнермен көрсетеді, шешімдері де авторлық көзқарасы, идеяларына байланысты әр түрлі болып келеді.
Көркем туындыны терең түсіну, талдауда әңгімелеудің де маңызы ерекше. Әңгімелесу әдісі, әсіресе, Ү-ҮІІ сыныптарда жиі қолданылады. Оның тәжірибеде қолданылып жүрген мынадай түрлері бар:
І. Мәтінге жуық әңгімелесу. Мұнда негізгі мәселелердің барлығы көркем туынды ізімен әңгімеленеді.
2 . Ішінара теріп, сұрыптап әңгімелесу. Мұғалім сұрақ қоя отырып, оқушының өзіне ұнаған эпизодын немесе бір оқиғасы туралы әңгімелетеді, әсерін айтқызады.
3.Еркін әңгімелесу немесе шығармашылық жолмен әңгімелесу. Бұл әңгімелеу автор немесе кейіпкерлер атынан жүргізіледі. Мысалы, «Бандыны қуған Хамит» әңгімесіндегі банды мен Хамиттің айқасын екі бала қатар тұрып, біреуі банды, біреуі Хамит атынан баяндайды. Әңгімелеудің бұл түрі өте қызық, оқушының белсенділігін, әрі қабілетін, ізденісін де дамытуға көп ықпал жасайды. Әңгімелеудің қай түрі болсын, оған мынадай талаптар қойылады :
1. Мәнерлеп, көркемдеп айту;
2. Анық, айқын, түсінікті етіп айту;
3. Тілі жатық болу, әрі әдеби тілде айта білу;
4. Қыстырма сөздер, сөз қайталаушылықтың болмауы;
5. Асықпау, даңғырламау немесе өте ақырын, баяу айтпау. Керсінше, ширақтылықты, жинақтылықты талап ету;
6. Мазмұн жүйесін сақтау.