Студенттердің ғылыми зерттеу жұмысы Жоғарғы оқу орнындағы білім беру үрдісі өзіндік білімін жетілдіру және ғылыми зерттеу жұмыстарымен байланысты. Педагогтің негізгі зерттеу мәдениеті болашақ мамандарды жоғары деңгейде дайындау үрдісінде қалыптасады.
Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмысының мақсаты - теориялық білімдерді тереңдету және ғылыми проблемалардың шешімдерін іздестіру әдісін игеру. Ғылыми-зерттеу әрекетінің құрылымы өзара байланысты және өзара келісілген компоненттер жиынтығынан тұрады: мотив-зерттеу пәніне бағытталған тұлғалық қажеттіліктер және әлеуметтік келісілген жиынтық; мақсат-бұл білімді меңгеруде әрекет ету тәсілдерін қалыптастыру және шынайылық туралы объективті жаңа білімді алуы; объект-зерттеу үшін белгіленген материалды немесе рухани шындық фрагменті; пән-объектінің орнатқан шарттар жиынтығы; үдеріс-ғылыми зерттеу логикасымен бірге жүретін бірізділік әрекет; нәтиже-ақиқат туралы объективті жаңа білім.
Білім алушылардың кез-келген ғылыми-зерттеу іс-әрекетінің кез-келген кезеңі рефлексиямен аяқталады. Ғылыми-зерттеу іс-әрекеттің әрбір кезеңінде рефлексияның мазмұнын ұсыну идеясы В.А.Сластенин және Л.С.Подымованың еңбектерінде жүзеге асырылған. Оларды анықтау мен түсіндіруге терең үңілмей, студенттің рефлексиялық мәдениетін қалыптастыру мен дамытуға көңіл бөлеміз.
Тұлғаның рефлексиялық мәдениеті келесі компонеттермен сипатталады:
жаңа мән мен құндылықтарды меңгеру іскерліктерімен;
үйреншікті емес тұлғааралық қарым-қатынастар жүйесінде бейімделу іскерлігімен;
ерекше практикалық тапсырмаларды қою және шешу;
белгісіздікте жұмыс жасау іскерлігі.
Жоғары оқу орындарында ғылыми-зерттеу жұмыстарының тәрбиелік маңызы зор және ол студенттер мен оқытушылар арасында шығармашылық байланысты қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары факультет, кафедра оқытушыларының іс-әрекеттері арасындағы байланысты арттырып, оқу процесінің қарқындылығын, оқыту деңгейін және студенттің дайындық дәрежесін көтереді.
Бүгінде жоғары оқу орындарында студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарын қалыптастырудың ұйымдастырушылық-педагогикалық тәжірибелері біршама жинақталды. Болашақ педагог кадрлары дайындауда мынадай зерттеу жұмыстары өткізіледі: ғылыми баяндама жазу, пікір жазу, реферат, педагогикалық тапсырмаларды шешу, ғылыми мақала, эссе жазу, аннотация, тезис, конспект жазу, ғылыми жоба жасау, курстық және дипломдық жұмыс, педагогикалық практикадағы шағын зерттеулер, т.б.
Педагогикалық зерттеу – бұл білім берудің заңдылықтары, құрылымы мен механизмі, мазмұны, принциптері мен технологиясы жайында жаңа білім алуға бағытталған ғылыми іс-әрекет үрдісі мен нәтижесі.
Жазба жұмыстары – студенттердің алғашқы жұмыстары. Олар студенттің кәсіби икемділіктерінің қалыптасуында маңызды орын алады. Олардың әрқайсысы – өзіндік ғылыми-қолданбалы зерттеу және студенттердің білімін бақылаудың, есеп берудің бір формасы, таңдалған мәселе бойынша жинақталған дәлелдемесі болып табылады. Баяндамалар, рефераттар, бақылау және курстық жұмыстар студенттердің кәсіби білімінің теориялық және әдістемелік деңгейін көтерудің, пәндерді оқытудың маңызды құралы.
Жазбаша тапсырманы орындау білім алушыға әуелі оқу-зерттеу жұмысымен айналысуға, кейінірек ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысуға мүмкіндік береді.
Бақылау жұмысы – меңгерілген білімді бағалау мен тексерудің, танымдық әрекеттің сипаты жайында, оқу үрдісінде студенттердің дербестігі мен белсенділігі, оқу әрекетінің әдістері, формалары мен тәсілдерінің тиімділігі жайында ақпарат алудың формасы. Бақылау түрлері: сыныптық және үйде орындалатын бақылау; ағымдық және емтихандық; жазбаша, графикалық және практикалық; фронталды және жеке.
Жазбаша бақылаудың ерекшелігі ауызшаға қарағанда кең түрде объективті болып келеді. Жазбаша бақылаудың түрлері оның мазмұны мен спецификасына, студенттердің жалпы жаму деңгейіне байланысты. Жазбаша бақылау жұмыстары үшін маңызды шарт: тапсырмалар жүйесі белгілі бір тақырып бойынша білім деңгейін анықтау; зерттелетін заттар мен құбылыстардың мәнін түсіну; өз бетімен қорытындылар жасау, білім мен дағдыны шығармашылықпен қолдану іскерлігі.
Осылайша, бақылау жұмысы – бұл өзіндік ерекше жазбаша емтихан, ол күрделі дайындықты қажет етеді. Педагогикалық колледждер, жоғары оқу орындарында бақылау жұмыстары көбінесе сырттай оқу бөлімдерінде таралған және олардың сағат саны оқу жоспарында бекітіледі. Бақылау жұмысын даярлауда ұсынылған негізгі әдебиеттер тізімімен қатар қосымша ақпарат көздерін қатыстырған жөн, себебі оны тексеру барысында ерекше көңіл бөлінеді.
Бақылау жұмысы титульдық беттен, жоспардан, сұрақтар тізімі мен тапсырмалардан құралады. Сұрақтар берілген жауаптар өте нақты, қисынды, тақырыпқа сәйкес, қорытындылармен, жалпылаумен, өзіндік бағамен берілуі тиіс. Бақылау жұмысының соңында әдебиеттер тізімі көрсетіледі.
Реферат. Реферат (лат. тілінің «refero» – хабарлаймын) – ғылыми жұмыстың мазмұнын баяндама ретінде немесе жазбаша түрде беру. Бұл студенттердің өзіндік ғылыми зерттеу жұмысы. Мұнда студенттердің қарастырған мәселелерінің мән-мағынасы ашылады, материал проблемалық сипатта баяндалады, әртүрлі көзқарастар келтіріледі, сондықтан ол мәселеге өзінің жеке көзқарасын білдіреді. Реферат көлемі 1,5 интервал арқылы жазылған 5-15 бетті қамтиды.
Реферат тақырыбын таңдамас бұрын өзіңізді қандай мәселе қызықтыратынын анықтап алу керек. Реферат жұмысын бастамас бұрын жоспар құрып, әдебиеттерді таңдап алған жөн. әуелі оқу бағдарламасында ұсынылған әдебиеттерді пайдаланып, сонан соң ақпараттың қайнар көзін кеңейтуге болады, жаңа ғылыми ақпараттар беретін арнайы журналдар пайдаланылады.
Реферат құрылымы және безендірілуі:
титулдық бет;
жоспар;
кіріспе;
негізгі бөлім;
қорытынды;
әдебиеттер тізімі.
Рефератты өңдеуде 8-10-нан кем емес әр түрлі әдебиеттер пайдаланылады. Кесте, график, сызба енгізуге болады.
Рефератты бағалау:
тақырыпқа мазмұнның сай келуі;
материалдың өзектілігі;
әдебиеттерді дұрыс және толық пайдалану;
рефераттың безендірілуі.
Оқытушының шешіміне байланысты реферат семинарда қарастырылуы мүмкін немесе оқытушы мен студенттердің арасында жеке талданады.