Психикалық қасиеттер бір адамды екінші бір адамнан ажыратуға негіз болатын ең маңызды, ең тұрлаулы ерекшеліктер. Бұған әрбір адамның мінезі мен темпераменті, қабілеті мен дүние танымы, сенімі мен талғамы, қызығуы жатады. Психикалық қасиеттердің қалыптасуында адамның өскен ортасымен қатар, оның кейбір таптық, ұлттық, жас өзгешелік, мамандық ерекшеліктері де бірсыдырғы орын алады.
Психикалық процестер сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының мидағы түрлі бейнелері.
Бұлардың түрлері көп. Аспанда жұлдыздар жымыңдап, бір өшіп, бір жанып тұр. Оқтын-оқтын самал желдің ақырын ғана толқып ескен лебі денеге тиеді, шөп сыбдыры баяу ғана құлаққа шалынады, жас жусанның исі мұрын жарып тұр, көлде әлсін-әлі құрбақа бақылдайды. Осындайларды адам түйсік, қабылдау деп аталатын процестері арқылы сезінеді. Түйсікте сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының толып жатқан жеке саналары сәулеленетін болса, қабылдауда олар тұтастай, біріккен сапаларымен бейнеленеді.
Бір кезде қабылданған заттар санамыздан мүлде жойылып кетпейді, оларды кейін керек кезінде түрліше елестетуге болады. Мысалы, студент үйіне хат жазып отырып, үйіндегілердің бет-пішініндегі нәрселерді көз алдына елестете алады. Мұндай жағдайда оның басында елес процестері пайда болады. Оған нәрселер мен заттардың образы қасында тұрғандай көрінбей, жай елестеп отырады. Студент сабаққа дайындалады. Кейін мұғалім сабақ сұрағанда студент оқығанын есіне түсіріп, айтып береді, қажетті нәрселерді есіне жинайды да, қажетсіз, қызықсыз жерлерін ұмытады. Бұл жерде ес процестері әңгіме болып отыр. Бұрын қабылдаған нәрселерді қайтадан өңдеп, образ жасауда көрінетін психикалық процесс қиял деп аталады. Алдымызда тұрған мәселені шешу, заттардың себеп-салдар байланыстарын көрсету, болмысты жалпылай және жанама түрде тану ойлау процесінің арқасында болып отыр. Сөйлеумен тығыз байланысты ойлау адам танымының ең жоғарғы түрі. Біз айналадағы нәрселерге талғаусыз қарамаймыз. Ісіміз оңға басса, көңіліміз толып, оған қатты қуанамыз, жаман нәрсені көрсек ренжиміз, әділетсіз іске ашу білдіреміз. Қуаныш, қайғы, ұнату, ұнатпау, уайым, масаттану, достық, жолдастық, адалдық, шыншылдық, т.б. адамның сан алуан сезімдері мен эмоцияларын бейнелейтін атаулар. Қандай болмасын, бір әрекет жасау үшін оның жоспарын ойланамыз да алда тұрған кедергілр мен қиыншылықтарды жеңуге кірісеміз, көзден мақсатқа жету үшін барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз. Мұнда адамның мақсат, тілек, қалау, тоқтам, ерік, жігер, қажыр-қайрат процестері көрінеді. Жан қуаттарының ішінен зейін ерекше орын алады. Зейін санамыздың барлық жақтарының (қабылдау, елес, ойлау, қиял, т.б.) белгілі объектіге бағытталып, шоғырлануы. Зейін жан қуаттарының қай-қайсысына болса да дәнекер болады, оны күшейте де, әлсірете де алады, ерік процесі де онсыз пәрменсіз болады. Психикалық процестердің осы түрлері бір-бірімен тығыз байланысып жатады. Бұлар адамның даралығын көрсететін психикалық қасиеттерімен (қабілет, мінез, темперамент, қиял, т.б.), кейбір анатомиялық-физиологиялық тума қасиеттерімен де (нышандар) орайлас көрініп отырады. Бұлардың әрқайсысының көрінуі нақтылы жағдайлардың әсерінен түрлі мәнге ие болып, адам санасын әр қырынан көрсетіп жатады және бұлар бір-бірімен тығыз байланысты болады.
Психологияның міндеттері:
психикалық құбылыстарын сапалы оқыту;
психикалық құбылыстардың дамуы және олардың қалыптасуына анализ;
психологиялық білімді адамның іс-әрекетіне және практикаға насихаттауға байланысты жоспарлау жұмыстарына демеушілік жасау.
Достарыңызбен бөлісу: |