Үшінші себебі - бұл еркіндік синдромы, ол барлық саяси ұйымдар мен күштерге тән. Республика жағдайывда ол, әсіресе, реваншистік күштер арасында ерекше байқалады. Оған коммунистер, ұлтшылдар және тағы басқада топтар жатады. Қазақстанда және бұрынғы Кеңес Одағына кірген мемлекеттерде мұндай ультрақұқықтық саяси партиялардың пайда болуы ескі тоталитарлық жүйенің күйреуімен және нарықтық экономиканың қалыптасуымен байланысты. Міне, осындай себептердің нәтижесінде 1990 жылдан бастап Қазақстанда ең әуелі социал-демократиялық партия, одан соң демократиялық "Азат" қозғалысы қалыптасты. Олардың кұрылуының басты белгілері — құқық орган дарында тіркеуден өту, белгілі бір бірлестікке үжымдық негізде бірігу және саналы ынтымақта болу, жалпы алға қойған мақсаттарының бір болуы, саяси қызметі түрлерінің пікір бірлігі, татулық қарым-қатынас, сайлау алдындағы платформа, немесе ұстаған саяси бағытының тұтастығы және т.б.
Көппартиялы жүйе тек біздің Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар өздерінің ұлттық тәуелсіздігін алған, бұрынғы одақтас республикаларда да құрылды. Мәселен, 1995 ж. тек бір ғана Ресейде жүзден астам саяси партиялар тіркелген. Қазақстанда Ресейдегі сияқты жүздеген саяси партиялар құрылатындай ауқымды жағдай жоқ болғанын айтқан жөн. Мысалы, 1994 ж. өткен парламент сайлауына Әділет министрлігінің тіркеуінен өткен тек төрт-ақ партия қатысты. Олар - социалистер, Қазақстан халық конгресі, Демократиялық және Азат партиялары. Сайлау еткеннен кейін көп кешікпей Қазақстанда Коммунистік партия құқық органдарынан тіркеуден өтті.
1999 ж. республикада 14 саяси партиялар мен 30-ға жуық саяси қоғамдық қозғалыстар, бірлестіктер қүрылды. Ал 2003 ж. саяси партиялардың саны 19-ға жетті. Жаңадан халық арасында танымал "Отан", "Ақ жол" т.б. партиялар бой көтерді. Саяси партиялардың көпшілігі Республика Президентінің алған бағытын, оның жүргізіп отырған саясатын жақтайтындар болып саналады. Бір айта кететін жайт, осы партиялардың бағдарламаларында айтарлықтай айырмашылық аз, экономикалық, саяси және әлеуметтік мәселелерде бірін-бірі қайталайды. Қазақстандағы саяси партиялардың барлығыда (оған Коммунистік партияда кіреді) республикада іске асып жатқан нарықтық эконо-микаға көшуге ешқандай қарсылығы жоқтығын білдірген. Олардың бағдарламаларында тек оны жүргізудің тәсілі, уақытын белгілеуде ғана айырмашылықтар бар. Саяси партиялардың бағдарламаларында прагматизмнен гөрі идеология басымырақ, мұның езі Қазақстандағы көппартиялық жүйенің және саяси бірлестіктер мен партиялардың әлі де болса кәмелеттігінің жетімсіздігінің дәлелдемесі. Оның нақты көрінісі ретінде саяси партия жетекшілерінің үкімет басқару ісіне араласа алмай отырғандығы, өздерінің қызметінде тек Президент, республика үкіметін қолдайтындығы жөніндегі мәлімдемелері байқатады.
Мұндай жағдай қазіргі кезенде саяси партиялардың елді басқарудағы нақты мүмкіндіктерін, республика аддында тұрған саяси, экономикалық, әлеуметтік мәселелерді шешудегі қажетті әдістерін анықтауға мүмкіндік бермейді. Елдегі билік жүргізу партиялардан тыс сипатта іске асырылып, үкіметтің саясаты белгілі бір партияның ғылыми тұрғыдан ойластырылған бағдарламасы негізінде іске асып жатыр деп әсте қарауға болмайды. Сондай-ақ, өкімет құрылымдарының өз арасындағы байланыстарға да саяси партиялардың айтарлықтай ықпалының болмай отырған-дығын айту керек.
Саяси партиялардың ұйымдық құрылымдарында да тек алғашқы басқару түрі орын алған. Олардың басым көпшілігі өзінің сыртқы формасы бойынша партия деп саналғанмен, мазмұны жағынан әлі де болса партиядан гөрі ынты-мақтастық топтарға көбірек ұқсайды. Осының нәтижесінде саяси партиялардың бұқара халық арасындағы беделі темен, олардың қатарына халық өкілдері аз енеді, әсіресе, бұрынғы Коммунистік партияның мүшелері болған бірнеше жүз мындаған адамдар өзге партияларға мүшелікке кірмеген. Бұгінде бүкіл республикаға белгілі болып отырған «Отан», «Ақ жол», «Коммунистік партия» т. с. с. саяси партиялардың құрамынын, өзі ауыз толтырып айтатындай дәрежеге жетпей отыр.
Бұған қосып айтатын тағы бір жәйт, осы саяси партия-лардың құрамындағылардың басым көпшілігі бұрынғы Қазакстан Коммунистік партиясында қызмет еткендер. Олардың саяси жетекшілерінің өздері де 1991 жылғы қыркүйекте, яғни Коммунистік партия таратылғанға дейін, оның мүшесі болып, белгілі бір буындарында қызмет істеген адамдар.
Өздерінің бағдарламаларында атап көрсеткеніндей, Қазақстан саяси партиялары мен бірлестіктері, республика парламент сайлауларына қатысып, онда көпшілік депутаттық орындарға ие болуға тырысады. Бұл бағытта бірқатар саяси партиялардың қол жеткізген едәуір табыстарын айтпай кетуге болмайды. Мысалы, 1994 жылғы Республика Жоғарғы Кеңесінің сайлауында Қазақстан Халық Бірлігі және Қазақстан халық конгресі партиялары өздерінің көптеген өкілдерін парламентке өткізді. Республиканың бірқатар
саяси партиялары мен қоғамдық бірлестіктері 1995 жылғы 9 желтоқсанда өткен парламент сайлауына белсене қатысты.
2. Азаматтық қоғам – құқық және мемлекет тарапынан қорғалатын, адам бостандығы мен құқығын көрсететін, жеке бостандыққа ие экономикалық тәуелсіз адамдардың қоғамы. Біздің елде құқықтық мемлекетті қалыптастыру саяси жүйенің басты мақсаты болып отыр. Бұған қол жеткізу оңай емес. Құқықты мемлекет – бұл тұрақты конституциялық құқық тәртібінің нәтижесі. Азаматтық қоғам – экономикалық еркіндіктер мен либералдық-демократиялық тәртіп негізінде, кеңестік кезеңдегі көзі ашық авторитаризм элементтерімен болса да, жеке тұлғаның дербестігін орнықтыру және қоғамның өздігімен реттелу салдары. Сонымен құқықтық мемлекеттің ең негізгі белгілерінің бірі заңның үстемдігі болып табылады. Құқықтық мемлекеттің қалыптасуын, дамуын, жетілуін, еліміздің конституциялық дамуынан көре аламыз. Конституция – адам құқықтары мен бостандығын қорғаудың кепілі.
1990 жылдардың басында Қазақстанда 300 бен 400-дің арасында үкіметтік емес ұйымдар болса, кейінгі жылдары олардың саны 5 мыңға жуықтаған және оған мүше адамдар саны да күн санап артып келеді. Қазақстан Президентінің бастамасымен дүниеге келген – Азаматтық форум бүгінде үкіметтік емес ұйымдардың бірлесіп, ортақ мәселелерін талқылауға арналған алаң және ол үкіметтік емес сектордың дамуына ықпал етіп отырған іргелі шаралардың қатарына жатады.
1990 жылдардың соңындағы мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың арасындағы қатынастардың прогрессивті дамуына қарамастан, үкіметтік емес ұйымдардың 90 % қаржыны шетелдік қорлардан алды. Бизнес құрылымдары да экономикалық тиімсіздікті алға тартып, үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыруға белсенді қатысқан жоқ. 2000 жылдан бастап үкіметтік емес ұйымдар азаматтық қоғамды қалыптастыруда демократияландырудың ең тиімді, әрі ең қажетті тетігі ретінде мойындала бастады. Тәуелсіздік жылдарында үкіметтік емес ұйымдар саны 10 есеге өсті. Бұл азаматтардың белсенділігінің артуын көрсетеді. Бүгінгі таңда 6 мыңнан артық үкіметтік емес ұйымдар қоғамның экономикалық, әлеуметтік және саяси мәселелерін шешуге мемлекеттік және қоғамдық институттармен бірге сүбелі үлес қосып отыр. Үкіметтік емес ұйымдардың басты міндеті адам құқықтарының мемлекет тарапынан бұзылуына жол бермеу болып табылады. Үкіметтік емес ұйымдармен байланысты дамытудың негізгі бағыттары: сараптамалық кеңестерге, депутаттармен бірге жұмыс топтарына қатысу, мемлекеттік қызметкерлердің үкіметтік емес ұйымдардың іс-шараларына қатысуы, сауалдарға жауап беру, заң жобаларына ұсыныс жасау, салалық министрліктермен бірге еңбек ету. Елдің дамуына «Тіл тағдыры» (М. Шаханов), «Азаматтық альянс» (А. Соловьева), «Әділ сөз» (Т. Қалеева), «Адам құқықтары бойынша халықаралық бюро» (Е. Жовтис) тағы басқа үкіметтік емес ұйымдар белгілі дәрежеде әсер-ықпал етіп жүр.
Қазақстанда азаматтық қоғам және үкіметтік емес сектордың қалыптасуының өзіндік ерекшеліктері бар. Азаматтық қоғамның нарықтық үлгісіндегі үкіметтік емес сектор азаматтардың қоғамда өзін-өзі танытуына үлкен септігін тигізеді.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев қатысқан бірінші азаматтық форумнан кейін азаматтық қоғамды дамытудың міндеттерін шешуге арналған іс-шаралар жоспары қабылданды. Бұл форум Қазақстандағы үкіметтік емес сектордың дамуының, билік пен үкіметтік емес ұйымдардың арасындағы нәтижелі қатынасты орнатқан жаңа кезеңнің бастауына айналды.
2003 жылы 14 қазанда Астана қаласында өткен бірінші азаматтық форумда Елбасы үкіметтік емес ұйымдардың саяси жағынан танылғандығын мәлімдеді. Азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттік ұйымдар арасындағы байланыстың жүйелі тетіктерін ашып көрсетті және азаматтық қоғамды дамыту мәселесі айтылды.
2005 жылы сәуірде қабылданған «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» Заң билік органдары мен үкіметтік емес ұйымдар қарым-қатынасында жаңа жүйе қалыптастырды. 2005 жылы 11 қыркүйекте Астанада өткізілген Екінші Азаматтық форум еліміздің қоғамдық өміріне кәсіпкерлік-ассоциациялардың қатысуына жағдай туғызды. Онда елдегі үкіметтік емес ұйымдарды, бизнес пен кәсіподақты біріктірген Қазақстанның Азаматтық альянсы құрылды.
2006 жылы 25 шілдесінде «Қазақстан Республикасындағы Азаматтық қоғамды дамытудың 2006-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасын»талқылауға арналған басқосу өтті.
2007 жылдың 17-18 қазанда өткізілген ІІІ Азаматтық форумда азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылдың жүйелі механизмін қалыптастыруға алғы шарттар қабылданды.Сонымен қатар Үшінші форумның басты ерекшелігі - билік пен бұқараның бетпе-бет кездесуі еді.
Үкіметтік емес ұйымдардың азаматтық инициативалары қоғамдық өмірдің әр түрлі салаларында шоғырланған. Кедейшілік, жұмыссыздық, көп балалы отбасылар, оралмандар, мүгедектер, экологияға байланысты Қазақстанның көптеген азаматтары өздерінің мүмкіндіктерін, талаптарын үкіметтік емес ұйымдар арқылы ұсынады. Осы бағытта пенитенциарлық жүйенің реформалануы, диабет ассоциациясының құрылуы, мүгедектер қоғамы, «Поколение» зейнеткерлер ассоциациясы, «Баспана» ассоциациясы, экологиялық үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын атап өтуге болады. Қазақстанда шетелдік қорлар мен агенттіктердің бірнеше бөлімшесі (мысалы: Сорос, Евразия, Каунтерпарт Консорциумы, Хивос, Фридриха Эберт атындағы қор, т.б) құрылды.
2009 жылы 23-24 қарашада халықаралық қауымдастыққа азаматтық қоғамның даму деңгейін таныстыру және алдағы жұмыс бағыттарын айқындау мақсатында 4-азаматтық форум өтті. Алқалы басқосуға 700-ден астам делегат қатысты. Қытай, Үндістан, Франция, Болгария, Әзірбайжан мемлекеттерінен өкілдер келді. 2009 жылы елімізде 18 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым жұмыс жасады. 2008 жылғы мәліметтер бойынша 206 ҮЕҰ түрлі бағыттағы 226 жобаны іске асырған.
3. 1991 жылдан – «Баспасөз және басқа бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жұмыс жасай бастады. Қазақстанда 735 жаңа газет-журнал, оның ішінде қазақ тілінде – 250, орыс тілінде – 395, ұйғыр тілінде – 4, өзбек тілінде – 5, неміс тілінде – 2, корей тілінде – 2. Олардың 85-і тәуелсіз, 12-і жеке меншік басылым еді. Осы кезеңде 200-ге жуық жаңа, жеке акционерлік телерадиокомпаниялары пайда болып, олардың құрылтайшыларының құрамы сапалық жағынан өзгерді. Осыған дейін олар мемлекеттік және партиялық ұйымдарға тәуелді болса, енді телекомпаниялардың көпшілігі жеке тұлғаларға, редакцияларға, акционерлік компанияларға тиесілі болды. Соның нәтижесінде қоғамның кейбір топтары әлеуметтік, саяси процестерге, рухани өмірдің дамуына ықпал жасауға ұмтылды. Ақпараттық құралдардың экономикалық жағдайы мұндай процестердің белсенділігіне жол бермеді.
Алғашқы кезеңде мемлекеттік телеарнаны жаңа технологиямен жабдықтауға қаржы қол байлау болса, екінші жағынан кәсіби журналист мамандардың тапшылығы да кері әсер етті. Коммунистік идеология қалыптастырған журналистік бірізділік пайымдаулар жаңа заман талабына жауап бере алмады. Өтпелі кезеңнің әлеуметтік қиыншылықтары журналистердің материалдық қажеттіліктерін қанағаттандыруды талап етті. 1992 жылы сәуір айында Қазақстан Республикасы Президентінің «Нарықтық қатынастарға көшудің өтпелі кезеңдегі бұқаралық ақпарат құралдарын қорғау туралы» Жарлығы шықты. Бұл мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарын қорғаудың құқықтық негізін салды. 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Конституция бұқаралық ақпарат құралдарының еркіндігін заңды түрде бекітті. Президент жарлығымен салықтарға, пошта шығындарына жеңілдіктер беріліп, жаңа баспаханалық құрал-жабдықтар алуға қолдау көрсетілді. Коммерциялық бағыттағы басылымдар қалыптасып, ең алғашқы таблоидты «Караван» газеті шығарылды. Қазақ тіліндегі басылымдар кеңес билігі кезінде айтылмай ақтаңдаққа айналған – ұлттық тіл мен мәдениет, зиялы қауым, қоғам және мемлекет қайраткерлері, батырлар мен хандар есімін жаңғыртуға арналған өзекті тақырыптарды көтерді. Ұлт тарихына деген ұмтылыс, серпіліс байқалды. Қазақ тілді басылымдар ұлттық өзіндік сананы, ұлттық рухты оятушы факторларға айналды. Дегенмен, әлі күнге дейін қазақ басылымдары экономикалық және әлеуметтік мәселелерге арналған тақырыптарға аз көңіл бөлуде. Оның есесіне осы кезеңдегі ірі қазақстандық банкирлер қаржыландыратын орыс тілінде арнайы экономикалық басылымдар: «Панорама», сонан соң 1992 жылы «Деловая неделя» газеттері шығарылды. Бастапқы кезде экономикалық және сараптамалық материалдар, мәліметтер тек аз ғана топты ғана қызықтырды. Ал, экономикалық газеттер ірі және орта бизнес өкілдеріне ақпараттық бағдар, бизнес-элитаға сапалы және дұрыс ақпарат бере алатын, әлемдік экономика, банк және қаржы мәселелерін түсіне алатын журналистер тобының қалыптасуына жол салды. Саяси және идеологиялық бағыт-бағдардың түбегейлі өзгеруі, журналистер тарапынан жедел бетбұрысты талап етті. 1990 жылдардың ортасындағы Қарағанды шахта кеншілерінің шеруі, «Невада-Семей» ядролық қаруға қарсы қозғалысы, кезекті парламент сайлаулары, қоғамның кедейленген бөлігі, жемқорлардың әшкереленуі тәрізді саяси оқиғалар Республикадағы телеарналардан көрсетіле бастады. Саясатта, экономикада, рухани өмірдегі ақпараттарға демократиялық және гуманистік қағидаттар ықпалы көбейді. Оған биліктің тармақтары, қоғамдық бірлестіктер мен партиялар, одақтар, кейбір жеке азаматтар да бейімделе бастады.
1990 жылдардың басында қазақ теледидары экономикалық және идеологиялық қиыншылықтармен бетпе-бет кездесті. Журналистердің тәжірибесінде бұрын-соңды кездеспеген сот процестері, талаптар, пікірталас мақалалар арқылы жергілікті және республикалық, теледидар мен басылымдар арасындағы ақпараттық қақтығыстар басталды. Мемлекеттік теледидар жаңа ақпараттық түсірілімдерді дайындау ісімен «уақыт алып» жүргенде, «КТК», «ТАҢ-ТВ» тәрізді коммерциялық телеарналар өз жұмыстарын белсенді түрде жүргізе бастады. Әлеуметтік реформалар, нарық қатынастары, жекешелендіру мәселелеріне арналған тақырыптар ерекше көп көтерілді. Ресей басылымдарының тақырыптары отандық теледидардың «негізіне» айнала бастады. Ұлттық тележурналистер қоғамды сілкіндіруге ұмтылғанымен, олардың әлеуметтік-саяси рөлі төмен болды. Оған Қазақстанда озық технология мен коммуникация құралдарының аздығы ғана емес, ақпараттандыру дүрбелеңінің аяқ басуы да себепкер еді.
Жаңа әлеуметтік-саяси және нарықтық жағдайлар тәуелсіз телерадиокомпанияларды құрылымдық жағынан біріктіруге мәжбүр етті. 1995 жылы Орта Азиялық тәуелсіз электронды ақпарат құралдарының ассоциациясы құрылды. Оған 12 өзбек телерадио ұйымы, 6 тәжік корпорациясы республиканың 14 облысын біріктірген «Сарыарқа», 63 жеке телерадиокомпания кірді. Ұйымның басты мақсаты – ұжымдық бірлік негізінде тәуелсіздікті қорғау еді. 1995 жылы спутниктік теледидарды дамытудың үкіметтік бағдарламасы ақпараттық дамудың жаңа көкжиектерін анықтады. Ол ИНТЕЛСАТ спутнигі арқылы 50-ге жуық еуропалық, азиаттық, америкалық бағдарламаларды қабылдауға мүмкіндік берді. Қазақстан Республикасының ақпараттық саясаты ТМД елдерінің ақпараттық кеңістігінің қалпына келтіруге жағдай тудырып, 1992 жылы бұқаралық ақпарат құралдары бойынша Алматы декларациясының қабылдануы Орта-Азиялық тәуелсіз ақпарат құралдарымен қарым-қатынасты нығайтты. Демократиялық, құқықтық, әлеуметтік мемлекетті құрудағы ақпарат құралдарының талпынысы ешқандай қарсылыққа ұшыраған жоқ. 1997 жылдан кейін мемлекет нарық заңдарын игеру бағытында бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты қатаң шаралар қолданылды. Бұл кезеңде жаңа басылымдар мен жаңа телеарналар қалыптасып, басылымдардың материалдық-техникалық базасы жақсарды. Басылымдар арасында бәсекелестік ұлғайып, телерадио желілеріне тендерлер ресми түрде жарияланатын болды. Алайда, ақпарат нарығында әлі де болса Ресей ақпарат құралдарының бағыты күштірек байқалды. Осы жылдары Ресей ақпарат құралдары «қара пиар» тәсілдерін қолдана бастады. Кеңес баспасөзінде болмаған «диффамиция» - жала жабу термині алғаш пайдаланылды.
Жекешелендіру процесі Қазақстанда ірі қаржы топтарын қалыптастырды. Баспасөздің күшін, қажеттілігін сезген олар жаңа басылымдар ашып, жоғары деңгейлі басылымдарды иеленуге ұмтылды. 1990 жылдардың ортасынан бастап өз топтарының экономикалық мүдделерін қорғайтын ақпараттар күресі басталды. Беделге әсері болатын ақпараттар беру, бәсекелестерді ығыстыру, меншікті басып алу тәсілдері қолданылды. Мемлекеттің нарықтық экономикаға бет бұруына сәйкес, экономикалық мазмұнына мән берілген басылымдар көбейе түсті. Оған халықаралық экономикалық байланыстардың дамуы, шағын және орта бизнесті дамыту саласында заңдардың дайындалуы, ел экономикасында банк секторының дамуы белсенді алғышарттар жасады. Ақпараттық нарықта кеңес уақытында болмаған жаңа жарнама бағыты пайда болды.
Қазақстан Республикасы Президентін сайлау, парламент депутаттарының сайлауы тәрізді саяси науқандар бұқаралық ақпарат құралдарын саяси өмірге белсенді араластырды. Кейбір басылымдардың кәсіби деңгейі өте төмен деңгейде болуына байланысты, Батыстан қаржыландырылған «Интерньюз» ұйымы аймақтық ақпарат құралдарымен байланыс орнатып, кәсіби шеберлікті көтеруге үлес қосты.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда полиграфия ісі жолға қойылып, түрлі-түсті журналдар, ақпараттық-жарнамалық басылымдар шығарыла бастады. Ірі медиа холдингтер бірігіп, медиа-құрылымдар: Рауан медиа группа, Евразийская группа, Холдинг Алма-Медиа-Хабар, КазКоммерцБанк, Қазақстан темір жолы, Маңғыстау Мұнай-газ, Отан медиа групп және т.б. қызмет етті.
2001 жылы Қазақстанда – 1482 бұқаралық ақпарат құралдары болса, оның 1357-і баспасөз және 125 электронды басылым және әр ай сайын 25-30 бұқаралық ақпарат құралы қосылып отырды. Осы жылы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігіне ақпарат құралдарын тіркеу туралы мыңдаған өтініштер келіп түсті. Ірі медиа холдингтерден ақпараттық нарық бөліне бастады. Медиа холдингтердің қалыптасуы саяси тұрақтылыққа әсер етіп, телеарна бағдарламалық бағытын бірізділікпен дамытты.
ҚР Президентінің 2003 жылғы 10 шілдедегі №1149 жарлығымен бекітілген 2004-2010 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатындағы «Хабар», «Қазақстан» телеарналарының және қазақ радиосының бағдарламаларымен ауылдық аумақтарды қамту үшін 2005 жылы республикалық бюджеттен 5 млн теңгеден аса қаражат бөлінді.
«Қазақстан» РТРК» АҚ халықты көбірек қамту мақсатында 2004 жылы «Шалқар» үшін 21 таратқыш, Қазақ радиосы үшін 37 таратқыш іске қосылды. «Хабар» республикалық телеканалы бағдарламаларын көрсету үшін 107 және «Қазақстан» АҚ ұлттық телеканалы үшін – 141 таратушы құрал пайдалануға берілді.
«Қазақстан» РТРК» АҚ 2005 жылы 355 498 мың теңгеге өңірлік телеканалдарға телевизиялық қондырғылар, 79 767 мың теңгеге облыстық телеканалдарға транзисторлы телевизиялық таратқыштар сатып алынды.
«Қазақтелерадио» АҚ мамандарымен қолданыстағы және жаңадан енгізілген радио-теле тарататын станцияларда 2005 жылы 252 телевизиялық және 55 радиотарататын таратқыштар жөнделді.
«Қазақтелерадио» радиотелевизиялық станцияларының телевизиялық және радиосигналдарын таратуда техникалық сапасын жақсарту үшін 2005 жылы 27 жоғары энергопайдаланатын және пайдалы қуаттың төменгі коэффицентті ескірген лампалық таратқыштарды хабар таратудың сапасын айтарлықтай арттыратын қазіргі заманғы элементті базасындағы қаттыденелі таратқыштарға ауыстырды.
Халықты стерефонды FM диапазонындағы радиотаратқышпен қамтуды одан әрі арттыру мақсатында «Қазақтелерадио» АҚ өз қаражаты есебінен 1 кВт қуатты әлемдік стандартқа жауап беретін 54 радиохабар таратқыштарды сатып алды, оның 36-ы УКВ диапазонындағы «Дождь-2» ескірген таратқыштарды ауыстыруға, 18-і «Шалқар» бағдарламасы бойынша қамтуды кеңейту үшін орнатылды. Депутаттық сұраныстар бойынша – «Қазтелерадио» АҚ жеке қаражаты есебінен 63 таратқыш іске қосылды.
Қазақстан Республикасында 2006 жылдың 7 сәуіріне дейін 7092 бұқаралық ақпарат құралдары тіркелген, олардың ішінде 2466 БАҚ үнемі жұмыс жасайды. Бұл 2005 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 17%-ға жоғары. Республика бойынша жұмыс жасап отырған бұқаралық ақпарат құралдарының саны бойынша Алматы қаласынада – 883 (36%), Оңтүстік Қазақстан облысында – 249 (10%), Қарағанды облысында – 200 (8%) болып отыр.
Республикада қоғамдық-саяси ақпаратпен қатар жарнамалық, ғылыми, әйелдерге, балаларға, жастарға арналған, діни, арнайы мамандандырылған және өзге де басылымдар бар. 2006 жылы мерзімді ақпараттық басылымдардың үлесі - 50%, қоғамдық-саяси - 16%, ғылыми - 9%, жарнамалық – 10,5%, әйелдерге, балаларға, жастарға арналған және діни - 2%-дан келеді. Масс-медианың 80%-ын мемлекеттік емес БАҚ құрайды. Өңірлердегі мерзімді баспасөз құралдарының тиражы 1000 нан 3600 дейін жетеді. Мысалы, оңтүстік өңірде ол 1205 данадан, батыста – 1023, шығыста – 5564, солтүстік – 1735 және орталық өңірде – 3667-і құрайды.
«Қазтелерадио» АҚ мәліметі бойынша 2006 жылы республикалық каналдардың телевизиялық және радиобағдарламалардың таратылу аумағы:
«Хабар» - 95,7 %, «Қазақстан» - 96,25 %, «Ел арна» - 75,5 %, «Евразия-бірінші каналы» - 78,6%, «Қазақ радиосы» – 86,99 % құрады. Сонымен қатар, «CaspioNet» ұлттық спутник каналы Еуропа, Орта Азия, Орталық Шығыс және Африканың солтүстік бөлігіне таралады. Каналдың тұрақты аудиториясы 99 миллион көрерменді қамтып отыр. Канал тәулігіне 24 сағат үзіліссіз жұмыс жасайды. Республикалық деңгейдегі мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге байланысты мемлекеттік тапсырысты орындауды күнделікті жексенбіден басқа күндері тәулігіне бір сағат көлемінде «Қазақстан» республикалық телеканалы жүзеге асырады.
Өңір өмірін кең көлемде көрсету үшін әрбір филиал облыс орталықтарындағы қосымша жеке каналдары арқылы хабар таратады.
Облыстық телебағдарламалар Қазақстан Республикасы аумағында жұмыс жасайтын Ұлттық спутниктік телерадиохабартарату желісінің (ҰСТЖ) спутник каналдары бойынша жүзеге асырылады.
Қазақстанда облыстық, қалалық және аудандық БАҚ: «Алматы ақшамы», «Вечерный Алматы», «Астана қаласының теледидары», «Эpa-TB» және басқалары жұмыс iстейдi. Халқының құрамы, тарихи өткенi, дүниетанымы жағынан аумақтардағы аудиториялардың көрермендерi үшiн ақпарат тарататын өңірлік БАҚ-тар жұмыс iстейдi.
Жалпыұлттық БАҚ-қа қатысушылар қатарына «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» сияқты газеттер, «Парасат», «Континент», «Мысль» сияқты журналдар, «Қазақстан», «Хабар», «Ел арна» сияқты телеарналар, «Мир» ХТРА-сы және басқалар жұмыс iстейдi.
БАҚ қызметiнiң және Қазақстан Республикасы ақпараттық нарығының жұмыс iстеуiнiң негiзi Қазақстан Республикасының Конституциясы болып табылады. Қазақстан Республикасының Конституциясы сөз бостандығы мен шығармашылық еркiндiкке кепілдiк берген. Цензураға тыйым салынған. Сонымен қатар әркiмнiң заң жүзiнде тыйым салынбаған кез келген тәсiлмен еркiн ақпарат алуға және таратуға құқығы бар, идеологиялық және саяси әр алуандылықты таниды. Қазiр Қазақстанда ақпарат нарығының негiзгi, елеулi элементтерi қалыптасқан.
Шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдары атауларының жалпы санының 90%-ға жуығы орыс тiлiнде, 5% – ағылшын тiлiнде, 5%-ы әлемнiң басқа тiлдерiнде таратылды. Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын шетелдiк БАҚ-тың аса iрi желiлерi «Қазпошта» акционерлiк қоғамы, «АиФ-Қазақстан» жауапкершілiгi шектеулi серiктестiгi бiрiккен кәсiпорны, «Еуразия-пресс» АҚ, «Алма-ТД» АҚ, «Секател» және «Қазорталық-ТД», «Кателко+» ЖШС болып табылады. Осы құрылымдар тарататын масс-медианың тұтас жиынтығы жалпы көлемнiң 70%-ын құрайды.
Ұлттың өсуі де, өшуі де қазір ақпарттық саясатқа тікелей тәуелді екені аян. 2007 жылы елімізде мемлекеттік тілде 453 газет-журнал шықса, соның 300-ге жуығы Шымкент қаласынан жарық көреді екен. Сонда қалған 160-қа тақауы бүкіл республикаға тиесілі. Ал, орыс тілінде 2303 газет-журнал баспадан шығады. Бұған қоса көрші Ресей елінен 5248 әр бағыттағы басылым тарайды.
Қазақ баспасөзіне қатысты Алтынбек Сәрсенбайұлы:«...біздің қазақ халқының басым көпшілігі ауылдарда тұрады, демократиялық реформа мен экономикалық реформа қатар келді ме, ауылдықтар газетке жазылмақ былай тұрсын, нан тауып жеулері қиын болып кетті. Осы себептен, негізгі әлеуметтік жағдайлары кенжелеп қалған ауыл тұрғындары болғандықтан, қазақ басылымдары көтеріле алмай қалды. Кез-келген газет қай жерде дамиды, ол нарық болған кезде, газетті сатып алатын оқырмандар пайда болған кезде, оқырманның қалтасына ақша біткен кезде дамиды.
Мен ойлаймын: егер бізде жақсы билік қалыптасса, қазақ халқы он жылдың ішінде урбанизация кезеңін бастан кешіреді, яғни, қазақ халқының негізі қалада тұратын болады. Сол кезде қазақ баспасөзінде жаңа тыныс ашылады деп», – деп жазды.
2009 жылы республикада 2 946 бұқаралық ақпарат құралы елге хабар таратты. Олардың 80 пайызы жекеменшiкте болды. ҚР-ның «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңы азаматтық қоғамды қалыптастырып, нәтижесінде саяси мәдениет деңгейін көтерді. Қазақстандық БАҚ жүйесі мемлекеттік саясаттың берік діңгегіне айналды.
Достарыңызбен бөлісу: |