Оқыту процесінде оқушылардың алған білімдерін бекітіп отырудың маңызы ерекше.
Бекіту – бұл оқушылардың білімді берік ұғынуының тиімді әдіс–тәсілі. Сабақта жаңа материалды қабылдаудан кейін, бекіту әр түрлі практикалық, лабораториялық жұмыстар негізінде жүзеге асады.
Бекітудің бұдан да басқа әдіс–тәсілдері бар. Өтілген оқу материалын бөліктерге бөліп қайталап отыру: күнделікті қайталау, тақырыптық қайталау, есте қалдырудың тәсілдерін үйрету т.с.с.
Білімді жан–жақты меңгеру, оны практикада қолдануды қажет етеді. Білім мен дағдының сапасы мен нәтижесінің көрсеткіші практика. Егер оқушы білімді практикада қолдана алмаса, бұл оның білімді үстірт қабылдағанынан, жете түсінбегенінен болады. Білімді практикада қолданудың оқу процесінде екі түрі жиі кездеседі. Бірінші –білімді жаңа материалды ұғыну үстінде қолдану, екіншісі – жаңа оқу міндеттерін шешу үстінде қолдану. Бұл кезде оқушы бұрын алған білімін жаңа мәселелерді шешуге байланыстырып, өздігінен әрекет жасай алады.