Көру қабілетіқарқынды түрде дамиды: жарқыраған заттар сәбидің назарын тоқтатады және оны бақылатады. Сәби өз қолдарына алғашында үзік-үзік көз салып, кейін мұқият бақылап, оларға қарай бастайды. Едәуір ұзақ уақыт бойында сәби қолдары мен саусақтарына қарап, оларды қосып, бір қолымен екіншісін ұстап, қозғалыстарын бақылауы мүмкін. Осыған ұқсас қимылдарды жаңадан туылған сәби өзінің аяқтарымен де істеуге қабілетті.
Егер екі айлық балаға сылдырмақ секілді жарқыраған ойыншықты көрсетсе, ол оған тек қарап қана қоймайды, оны қолымен ұрып жіберуі де мүмкін. Осы уақыттан бастап сәбиге ойыншыққа қарап жату жеткіліксіз, енді ол оны қолымен зерттей бастайды. Сәбиді өзіне жақын орналасқан, ұсақ бөлшектері бар нәрселер және жай қозғалатын нәрселер қызықтырады.
Баланың әдеттегі дене қалпы да үлкен өзгерістерге ұшырайды: ол шалқасынан жатады, басы денесінің орталық сызығының бойында орналасқан, қолдары бүгілген, ал аяқтары бүгіліп, кереует деңгейінен жоғары көтеріліп жатады. Жаңа туылған сәбидің аяқ-қолдары айтарлықтай күшейе түседі. Бұл сатыда сәбилер бұлшық еттерін жаттықтырудан үлкен ләззат алады. Жақын жерде жазықтық болса, соған тіреліп, кері итерілген жағдайда, аяқтарын тез тік қалпына келтіре алады. Жаңа туылған сәби ересек адамның көмегімен аяқтарына сүйеніп, өз салмағын ұстай алады.
Үш айдан соң жаңа туылған сәбиде мінез-құлық үйлесімділігі пайда болады. Егер баланың қолына бір зат ұстатса, ол көбіне соған көз сала отырып, оны ернімен байқап көру үшін аузына апарады. Бір уақытта ұстау, көру, ему әрекеттері үйлестіріледі. Мінез-құлық үйлесімділігін екі қолдың өзара әрекетінен де көруге болады: бір қолымен алынған зат екінші қолының көмегімен зерттеледі, екінші қол өз зерттеушілік белсенділігінде затты ұстаған қолға қосылады.
Бұл жастағы зерттеудің маңызды құралы ауыз болып табылады. Заттарды ауызбен «мыжғылау» – балалардың сүйікті ісі. Бастапқыда олар көбінесе осы мақсатта өздерінің кішкене жұдырықтарын таңдайды. Кейінірек сәби аузымен өз саусақтарын, сондай-ақ ауызға салуға болатын кез келген затты сорып, «мыжғылайтын» болады. Зерттеу функциясынан басқа, алғашқы тістерінің жара бастауына байланысты болатын ауыру сезімдерін басу үшін де ол аузына заттарды салуы мүмкін.