Жақты сүліктер отряды - Gnathobdellida Ауыз қуысындағы үш хитинді тістері - тісті ара сияқты жақты құрайды. Еркін тіршілік ететін және паразитті формалар. Негізгі тұқымдастары: Gnathobdellidae, Herpobdellidae.
Жақты сүліктер (Gnathobdellidae) тұқымдасының негізгі өкілі медициналық сүлік - Hirudo medicinalis. Қоғалы көлдерде, өзен қайырларында, тоспаларда, ағын суларда, Сырдария бойларында, Кавказ суларында өте көп. Ұзындығы 120-150 мм, алдыңғы және артқы сорғыштары жақсы жетілген. Омыртқалы жануарлардың қанымен қоректенеді.
Медицинада кейбір ауруды сүлік салып емдеу әдісі ертеден бар. Мұны бделлотерапия дейді. Сүліктің 15-ке жуық түрі емге пайдаланылады.
Медициналық сүлікті гипертония, склероз, инсульт, көз, тері ауруларын емдеуге қолданады. Сүліктің гирудин затынан дәрі-дәрмек жасайды.
Адамға және малға қауіпті сүліктердің бірі - жылқы сүлігі (Limnatis nilotica). Ол сумен бірге жұтылып жұтқыншаққа, кеңірдекке жабысып, қанның тоқталмай ағуына себепкер болады.
Қан сормайтын сүліктердің ішінде жалған жылқы сүлігі -(Haemopis sanguisuga) барлық тұщы суларда кең тараған. Олар моллюскалармен, құрттармен, насекомдардың личинкаларымен қоректенетін жыртқыштар.