Сүліктер класы - Hirudinea
Теңіздерде, тұщы суларда және топырақта тіршілік ететін 400 түрі белгілі, еркін қозғалатын жыртқыштар немесе жануарлардың қанымен қоректенетін эктопаразиттер. Сүліктерде сегменттер саны тұрақты, параподиялары, қылтандары болмайды. Бас (простомиум) және аналь (пигидиум) бөлімдері жоқ. Денесінің алдыңғы және артқы жағында сорғыштары дамыған. Целом қуысы редукцияланып, лакунарлық жүйеге айналған. Ішкі мүшелерінің арасы паренхимаға толы. Көпшілігі гермафродиттер, тікелей (личинкасыз) дамиды.
Құрылысы мен физиологиясы. Сүліктер дене пішіні жағынан жалпақ құрттарға ұқсас. Денесі арқа-құрсақ жағына қарай қысылған, ұзындығы 20 см-ге дейін. Сыртқы жіңішке сегменттері ішкі ірі сегменттеріне сәйкес емес. Әдетте бір ішкі сегментіне 3-5-ке дейін сыртқы жіңішке сақина сәйкес келеді. Сүліктердің денесі 33 сегменттен (Acanthobdella отрядында - 30) түзілген, олардың алдыңғы төртеу қосылып алдыңғы сорғышты, артқы жетеуі - артқы сорғышты құрайды.
С урет. Сүлік 1- алдынғы сорғыш, 2 – артқы сорғыш
Параподиялары, қылтандары, қармалауыштары және желбезектері жоқ. Денесі тығыз кутикуламен қапталған, оның астын кілегейлі без клеткаларға бай эпителий астарлап жатады. Эпителий клеткалардың түбінде көптеген түрлі түсті түйіршіктелген пигментті клеткалары шашыраңқы орналасқан.
Сүліктердің түсі - осы пигменттердің түсі. Эпителидің астында сақина тәрізді әрі өте күшті дамыған ұзына бойы бұлшықеттер орналасқан. Сонымен қатар дорзо-вентральды бұлшықеттері де бар.
Ішкі мүшелерінің арасын паренхима толтырған, целом қуысы нашар дамып, жіңішке түтікшеге, лакунарлық жүйеге айналған, тек қана Acanthobdellida отрядының өкілдерінде ғана ересек күйінде целом сақталып қалған.
Сурет. Медициналық сүліктің анатомиясы. 1-церебральді ганглии, 2-жұтқыншақ, 3-өңеш, 4-асқазанның алдыңғы қалтасы, 5-асқазаның артқы қалтасы, 6-ортаңғы ішек, 7-артқы ішек, 8-анус, 9-артқы сорғыш, 10-ганглии, 11-метанефридий, 12-қуық, 13,15- аталық без, 14-тұқым жолы, 16-қынап, 17-аналық без, 18-пенис.
Достарыңызбен бөлісу: |