Қолдансұрыптау және оның әдістері.
Қазіргі кезеңдегі қолдан сұрыптау. Қолдан сұрыптау дегеніміз - өсімдіктің жаңа іріктемелері мен жануарлардың қол тұқымдарын және микроағзалардың халық шаруашылығына қажетті штаммаларын алу әдістерінің жиынтығы.
Сұрыптауды адам мыңдаған жылдар бұрын өсімдіктер мен үй хайуанаттарының өнімділігін арттыруға пайдаланды. Әбу Нәсір Әл-Фараби сұрыптаудың жетістіктері сұрыптаушылардың көрегендігінің жемісі деп, оны өнердің бір саласына жатқызады. Өзінің еңбектерінде Дарвин қолдан сұрыптаудың екі түріне ерекше көңіл бөлді.
1.Бағалы белгілері бар дараларды сақтауға және көбейтуге бағытталған мақсатсыз сұрыптау. Мысалы, сүттілігі басым, дені сау, ірі қара малдың төлін көбейту, киім тоқу т.б. үй тұрмысқа қажетті бұйымдарды тігу-тоқу мақсатында.
2.Іріктемелер мен қол тұқымдардың жақсы білінген бір немесе бірнеше белгілерін барынша жақсы дамытуға бағытталған мақсатқа сай сұрыптау. Мысалы, сұлу, шабысы жылдам жылқы тұқымдары, аңды жақсы қуып жете алатын, иісшіл иттер тұқымы. Еттілігі мол ірі қаралардың сүттілігін арттыру мақсатында жүргізілетін сұрыптау.
Қолдан сұрыптаудың дұрыс жолдарын негіздеген Дарвин, оның құпия болып келген әдістерін ғылымға айналдырды. Қолдан сұрыпталу кезінде де мутацияның жүретіндігі анық. Мутациялар сыртқы ортадағы өзгерістермен байланысты. Сонымен қатар мутацияларды тәжірибе жолымен алып, жануарларға, өсімдіктер мен микроағзаларға қолдан сұрыптау жүргізіледі.
Н.И. Вавиловтың сұрыптаудағы еңбектері. Сұрыптаудың ғылым болып қалыптасуында орыс биологы Н.И.Вавилов көп еңбек сіңірді. Ол «сұрыптау дегеніміз адамның жүрегімен жүретін эволюция» деп көрсетеді. Н.И. Вавилов сұрыптау жұмыстарын жүргізу үшін төмендегідей мәселелерді зерттеу және еске алу керек екендігін көрсетеді:
-өсімдіктер мен жануарлардың бастапқы іріктемелері мен түрлерінің әр түрлі болып келуі;
-тұқым қуалайтын өзгергіштік (мутация) болу керек;
-зерттелген белгілердің дамуы мен білінуіндегі ортаның әсері;
-будандастыру кезіндегі тұқым қуалау заңдылықтары;
-тиімді белгілерді бөліп алып тұрақтандыратын қолдан сұрыптау түрлерін пайдалану қажеттілігі.
Сонымен бірге Н.И. Вавилов дүние жүзіндегі мәдени өсімдіктердің сан алуандығын, шығу тегін зерттеп, олардың орталықтарын анықтады. Мысалы,
1.Оңтүстік Азияның тропиктік аймағы, күріш, қант қонысы, шай, көкеністің сан алуан түрлері. (Үндістан, Қытай, Шығыс Азия аралдары).
2.Шығыс Азия орталығы. (Орталық және Шығыс Қытай, Жапония, Тайвань аралы, Корея) Соя, тары, жеміс, көкеністер. Мәдени өсімдіктердің 20% жуығы өседі.
3.Оңтүстік-Батыс Азия орталығы. (Кіші Азия, Орта Азия, Иран, Афганистан, Солтүстік-Батыс Үндістан). Бидай, қарабидай, бұршақ тұқымдастарының отаны. Мәдени өсімдіктердің 14%-тен түрі осы орталықтан шыққан.
4.Жерорта теңізі орталығы. Мәдени өсімдіктердің 10% өседі. Зәйтүн ағашы, жоңышқа, дара гүлді жасымықша, көптеген көкеністер мен мол азықтық дақылдар.
5.Абиссиния орталығы. Мәдени өсімдіктер флорасы жағынан өзіндік ерекшелігі бар аймақ. Сорго, бананның бір түрі, май үшін өсірілетін ноқат, бидай, арпа түрлерінің отаны.
6.Орталық Америка, Оңтүстік Мексика. Жүгері, таяшықты мақта, какао, бірқатар асқабақ тұқымдастары, үркебұршақ, барлығы 900-ге жуық мәдени өсімдіктер.
7.Анд орталығы Түйнекті өсімдіктер, картоп, дәрілік өсімдіктер, т.б.
Мәдени өсімдіктердің көпшілігінің шығу тегі жоғарыда көрсетілген географиялық орталықтар екендігін дәлелдеуі, еліміздегі мәдени өсімдіктердің іріктемелерін көбейтіп, отырғызатын аудандарын бекітуге маңызы зор болады.