7 Лекция. Ғылымның қазіргі кезеңінің ерекшеліктері
Постклассикалық емес ғылымның сипаттамасы.
Ғылыми зерттеу жаңа стратегиялары және өздігінен дамитын синергетикалық жүйелерді меңгеру.
Ғылымның этосы.
Ғылымдағы рациональдық рациональдықтың бірден-бір жалғыз формасы емес, өйткені мәселені мақсатқа сәйкес дұрыс шешіп, дұрыс іс істеген жердің бәрінде қазақша ақылдылық жасапты дейді. Өндірістік және қоғамдық еңбек қызметінің түрлі салаларында ең тиімді нәтижеге жету жолын тапқан адамды ақыл-ойлы кісі екен дейді. Мекемеде, ұжымда ауыз бірлік болмай, конфликт туса, ешбір топқа немесе адамға бүйрегі бұрмай мәселені әділ шешкен басшыны ақыл-парасатты екен дейді. Тіпті жасаған тентектігін түсініп, райынан тез қайтқан баланы педагог ақылды бала екен дейді. Бұл келтірілген мысалдардың бәрінде мәселе кең мағынада алғанда ақыл-оймен шешіліп отыр. Бұл ақыл-ойдың төркіні ғылыми танымда ертеден келе жатқан латын тілінің "гаtionalis" деген сезінде, ол қазақтың ғылыми терминологиясына тікелей негіз болған орыс тілінің "разум", "разумность" деген сөздерінде десек, қателеспейтін шығармыз.
Адамның дүниетану процесінің екі деңгейі немесе екі сатысы болады: сезімдік және ақыл-ой, эмпириялық және теориялық немесе рациональдық деңгейлер. Бұл екі деңгейдің екіншісі (ақыл-ой немесе рациональды формасы) тек адамға тән, адамдық қана форма екенін атап көрсету қажет. Бірақ бұл негізгі екі деңгей немесе екі форма іштей бірлікте болатынын, бірінсіз-бірі болмайтынын да атап айту керек. Жеке адамның ақыл-ойын алсақ та, жалпы адамзаттың ақыл-ойының туу және даму тарихын алсақ та, бәрібір, дүниетанудың ақыл-ой (рациональдық) формасы сезімдіктен, жеке-дараны тікелей қабылдаудан өсіп шығады. Бұл жалпы заңдылық. Бірақ жалпы дүниетану (гносеология) тарихында әсіресе ғылыми таным теориясының (эпистемология) тарихында танымның екі деңгейінің, формасының ара қатынасы төңірегінде, яғни осы екеуінің қайсысы маңыздылау, қайсысы дүниетану процесінде сенімді ақиқат білім береді деген сұрақтың төңірегінде үздіксіз пікір таласы болып келе жатыр.
XVII ғ. ағылшын философы Фрэнсис Бэкон сол кездегі ғылымдағы схоластикалық ойлау дәстүріне қарсы күрес жүргізе отырып, танымның эмпириялық (тәжірибелік) әдісін бірінші орынға қойып, ғылыми ойлаудың индукциялық формасын асыра бағалағаны белгілі. Дәл сол XVII ғасырда француз философы Рене Декарт, керісінше, ғылыми танымның рациональдық деңгейін, ойлаудың дедукциялық формасын сенімді деп санады. Ал XIX ғасырдағы марксистік философия эмпиризмнің де, рационализмнің де сыңаржақтығын көрсете отырып, оларды диалектикалық бірлікте қарау қажеттігін дәлелдеп берді (ол жөнінде осы тараудың соңында арнайы әңгіме болады).
Тақырыптың негізгі мазмұны ғылыми танымдағы рациональдық проблемасы болғандықтан, рациональдықтың қазіргі ғылымтанудағы негізгі формаларын қарастыруға көшейік. Рациональдықты дербес проблема ретінде арнайы қарастыру бірден туған жоқ, ғылымның, техниканың, жалпы мәдениеттің үздіксіз дамуының нәтижелері қоғам дамуына шешуші түрде (көбінесе жағымсыз бағытта) әсер ете бастағанда туды. Бұл проблеманы талдауға қажетті арнайы ұғымдардың қалыптасуының, бұл проблеманы зерттеудің жолдарын анықтаудың, оның мазмұнын нақтылы түйіндеудің өзіңдік тарихы бар. Жалпы алғаңда, рациональдықтың табиғаты мен қызметін түсіну ғылым дамуының жалпы мәдениет дамуымен байланыстыра алғндағы нақтылы тарихи кезеңдерін талдаумен тікелей байланысты болып шығады.
Қазіргі ғылымтануда ғылымның жалпы даму тарихында үш кезенді ажырататыны белгілі: классикалық, классикалық емес (бейклассикалық), классикалық еместен кейінгі кезең (постбейклассикалық). Соған сәйкес рациональдықтың типтері де анықталады.
Достарыңызбен бөлісу: |