Ғылыми танымның идеалдары мен нормалары – әртүрлі нақты тарихи дәуірде қалыптасқан ғылымға тән белгілі концептуалды құндылықтардың, методологиялық ұстанымдардың жиынтығы. Олардың негізгі қызметі – ғылыми зерттеуді ұйымдастыру, реттеу, жақсы нәтижелерге жеткізетін жолдар мен әдістерді нұсқау. Ғылыми зерттеу бір дәуірден екінші дәуірге өткенде оның идеалдары мен қалыптары өзгеріп отырады.
Ғылымның дамуының белгілі бір кезеңіндегі ғылыми танымның идеалдары мен нормаларының біртұтас жиынтығы ойлаудың стилі деп аталады. Ол ғылыми танымда реттеу функциясын орындайды. Интеллектуалдық іс-әрекеттің жалпыға бірдей стереотипін білдіреді. Классикалық, классикалық емес, постклассикалық ойлаудың стилі бар.
Ғылымның негізі туралы мәселенің өзегін ғылыми прогресс ұдайы үздіксіз дамиды деген көзқарас құрайды. Бұл ғылым дамуының кумулятивті моделінде көрініс береді. Бірақ ғылым тарихы оның дамуында үздіксіздіктің бұзылып, ғылымның негіздерінің жойылған уақыты болғанын да жоққа шығармайды.
Сонын салдарынан теориялардың өлшемсіздігі туралы пікір қалыпасып, ғылымның дамуы дискретті процесс деп түсіндірілді.
Қазіргі батыс философтары ғылымның негізіне әртүрлі факторларды қоюда: бұл – А.Пуанкаренің конвенциализмі, Э.Махтың психофизика, Вена үйірмесінің хаттамалық сөйлемдерінің талдауы, Т.Кунның парадигма, И.Лакатостың ғылыми-зерттеу бағдарламасы, Дж.Холтонның ғылымды тақырыпты талдау, П.Фейербендтің анархиялық плюрализм теориялары.
ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырда ғылым әлемінде кешенді өзгерістер болып, тың жаңалықтар ашылды. Мұның бәрі ғылымның мағыналық негіздерін қайта қарауға жол ашты. Осы толқындардың бірі – конвенциализм. Оның ірі өкілі француз математигі, методологы Анри Пуанкаре (1854-1912) болды. Конвенциализм – ғылымның негізіне ғалымдар арасындағы өзара келісімді қоюды ұсынған методологиялық бағдарлама. Келісім ақиқаттың өлшемдерімен тығыз байланысты емес, оны тиімділік, қарапайымдылық мәселелері көбірек қызықтырады. Өзінің ұстанымын А.Пуанкаре «Наука и гипотеза» (1902) және «Ценность науки» (1905) тақырыпты кітаптарында баяндады.
Конвенциализмнің қалыптасуына Евклид, Лобачевский, Риман геометрияларының әртүрлі аксиома жүйелері әсер етті. Олардың әрқайсысы тәжирибеге сәйкестірілгендіктен, қайсысы кеңістікті шынайы бейнелейді, қайсысын әлемді физикалық игерудің негізі етіп алуға болады деген сұрақ туындаған. Конвенциализм доктринасы Ньютон механикасының заңдары тілдік келісімдер деп есептеді.
Ньютонның бірінші заңы ешбір сыртқы күш әсер етпейтін зат тік тура қозғалады дейді. Затқа сыртқы күш әсер етпейтінін қалай біуге болады? Яғни, Ньютонның бірінші заңы тік тура қозғалыс туралы келісім болып табылады. Мұндай келісімдер пайдалы болуы керек, өйткені зат пен құбылысты тиімді сипаттау үшін жасалады. Пуанкаре үшін объективтілік – бәріне бірдей болушылық, яғни жалпылық.
Пуанкаренің пікірінше, жаңа нәтижені логикалық жолмен алуға болмайды, сондықтан ғылымның негізіне интуицияны қою тиімді.
3. Зерттеудің идеалдары мен нормаларын жақсы түсінуге постпозитивизм өкілдері жан-жақты дамытқан идеялар кең жол ашады.
П.Фейерабенд ғылыммен айналысатын адам іс жүзінде еркін, шығармашылыққа дайын болу тиіс, ол өзін белгілі бір қатаң ережелер мен қабылданған тәсілдермен шектемеуі қажет деп есептеді. Ғылымды еркін шығармашылықтың нәтижесінде пайда болатын рухани әрекет деп қарастыру негізінен дұрыс идея. Бірақ ғалым белгілі топтың қауымның, тарихи дамудың, өзіне дейінгі дәстүрдің нәтижесі болғандықтан абсолютті еркін бола алмайды.
«Еркін қоғамдағы әлем» деген еңбегінде мемлекет бақылауынан тыс өзімен өзі дамитын демократиялық ғылым идеясын дамытты.
Американлық философ Ст.Тулмин ғылымды зерттеудің эволюциялық бағдарламасын ұсынып, барлық ғылыми теориялардың негізінде түсіну мен рационалдылықтың стандарты жатыр деп есептеді. Стандартқа сәйкес құбылыстар мен оқиғалар түсінікті, ал оған сәйкес еместері – аномалия. Ғылымның басты мақсаты – осы аномалияны жою, қауымды одан тазарту. Түсіну стандарттары ғылыми теориялардың эволюциясы нәтижесінде өзгеріп отырады. Тулмин теорияларды белгілі бір пікірдің қисынды жүйесі емес, ерекше тұрғыдағы ұғымдардың популяциясы деп қарастырады. Бұл эволюциялық эпистемологияда маңызды рөл атқарады. Ғылымның дамуы биологиялық эволюция сияқты теориялардың өзара қақтығысында күштілері жеңіп шығады, әл әлсіздері ығысады.
Американдық ғалым Холтон Джеральд ғылымды тақырыппен талдау концепциясын дамытты. Оның пікірінше, тақырыптық талдау ғылымның тарихында ұдайылық пен сабақтастықтың белгілерін, яғни кейбір өзгермейтін инвариатты құрамды табуға болатынын көрсетті.
Тақырыптар – сұрақтың қойылуына, бағдарлманың туындауына, іргелі мәселелерді шешу тәсіліне ашық, айқын болмаса да түрткі қосымша себеп болған ұғымдар, болжамдар, методологиялар және ғылымның белгілі бір ұстанымдарға берген бағалары. Жаңа идеяның туындау барысында шығармашылық интуицияға бастау бола отырып, тақырыптар ғалымның іздену, қорытындылау жұмыстарына әсер етеді.
Ғылымның даму динамикасын талдауда және нақты жолын анықтауда бір-біріне қарама-қарсы екі көзқарас қалыптасты.
Кумулятивистік көзқарас ғылымның дамуын жаңа білімдердің күннен-күнге көбейіп, жинақтала беруімен түсіндіреді. Мұндай ұстаным білімнің өсуіндегі сандық өлшемге ерекше назар аударып, сапалық өзгерістерді қараусыз қалдырады, ғылыми кешенді өзгерістерге мән бермейді.
Бұған қарама-қарсы ұстаным ғылымның дамуын іргелі ұғымдардың, идеялардың күрт өзгерісімен түсіндіреді. Бұл бағыт ғылым тарихында болып тұратын пікір-таластың, келіспеушіліктің, кикілжіңдердің маңызын жоғары бағалайды.
Ғылымның дамуында екі фактор әсер етеді: оның біріншісі – ғылымның өз ішіндегі интеллектуалдық бастаулар, ал екіншісі – әлеуметтік, экономикалық факторлар.
Ғылымның дамып, өркендеп, пісіп-жетілуінде ғылыми ұтқырлықтың иесі болып табылатын элита үлкен роль атқарады. Ғылымда болып тұратын өзгерістер ғалымның іс-әрекетіне ықпал ететін жағдайларға тәуелді болатындықтан, ғылыми қауымдастықтағы ғалымның беделі мен алатын орны да маңызды болып табылады. Бірін-бірі ауыстыратын ғалымдар ұрпағы ғылыми түсіндірудің тарихи түрлерінің де алмасып отыруына әкеледі.
Ғылымның мәні мен мағынасы оқыту барысында келесі ұрпаққа жеткізіледі. Оның көптеген бағыттарының дамуы ғылыми мектептің іс-әрекетімен тығыз байланысты болады. Ғылыми мектептер ғылымға еңбегі сіңген тұлғалардың есімімен аталады. Мысалы, Резерфорд мектебі, Сеченов мектебі, М.Букетов мектебі.
Әлеуметтік-мәдени факторлардың ішінде қоғамның ғылыми әлеуеті, яғни оның адами, қаржылық, ұйымдастыру, жұмылдыру мүмкіндіктері алдыңғы қатарға шығады.
Ғылым философиясында теориялық білімдердің қалыптасуы оның дамуының өзекті бағыты болып есептеледі. Ол алғашқы теориялық модельдер мен заңдарды қалыптастырудан бастау алады. Модельдер тікелей қабылдауға мүмкін емес нысандар мен құбылыстарды көрнекті түрде елестетуге мүмкіндік береді. Мысалы, атом моделі, Әлем моделі, адам феномының моделі. Теориялық модельдер нақты нысандардың құрылымын, қасиеттерін және тәртібін бейнелейді. Ғылыми модельді жасау субьектінің ғылыми танымдық іс-әрекеті мен нысанның өзара әрекеттесуінде жүзеге асады.