Тақырыбы: Қола дәуіріндегі тайпалардың қоғамдық құрылысы, тұрмысы, шаруашылығы (б.з.б. XYIII-IX ғғ.).
1. Қола дәуірінің жалпы сипаттамасы
2. Қазақстан территориясындағы Андронов және Беғазы-Дәндібай мәдениеті
Біздің заманымыздан бұрыңғы екі мың жылдықта мал және егіншілік шаруашылығымен қоса металл өңдеу кәсібі дами бастады. Мұның өзі Қазақстан жеріндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайларды өзгертуге жол ашты. Мал өсіруші тайпалар ірі және қуатты бірлестіктер құрды. Бұлардың арасында әр түрлі себептермен келіспеушіліктер, болып, қарулы қақтығыстар да орын алды. Қару енді жабайы аңдарды аулау үшін ғана емес, сонымен қатар тайпалардың соқтығыстарында да жиі қолданылды, қару жасау бірте-бірте металл өңдеудің дербес саласына айналды.
Б.з.б. 2 мың жылдықтың ортасында Қазакстан тайпалары қола заттарын жасауды меңгерген. Қола - әр түрлі өлшемдегі мыс пен қалайының кейде сүрменің, күшаланың, қорғасынның қорытпасы. Мыспен салыстырғанда қола өте қатты және балку температурасы төмен, түсі алтын сияқты әдемі болып келеді. Ол еңбек құралдары мен қару жасау үшін қолданылатын негізгі шикізат болып табылады. Қазакстан жерінде түсті металдар өңдеуге, әсіресе, мал өсіруге мықтап көңіл бөлген. Сөйтіп, б.з.б. 2 мың жылдықтың аяғында — 1 мың жылдықтың басында дала халықтары шаруашылықтың жаңа түрі - көшпелі мал шаруашылығына ауысады.
Кола дәуіріндегі экономикалық басты-басты екі бағыттағы: мал шаруашылығы мен металл өңдеу кәсібінің тез дамуы, ең алдымен еркектердің енбегін қажет етті. Мұның өзі қоғамда еркектер рөлінің күшеюіне әкелді. Сөйтіп, аналық рудың орнына аталық ру /патриархат/ пайда болды. Қоғамдық өмірдегі ірі өзгерістер өндірістік күштердің өсуіне, қоғамдық еңбектің мамандануына, патриархаттық қатынастың дамуына байланысты еді. Жеке отбасылар бөлініп оқшауланды, меншік ұлғайып кеңейді, рулық қауым ішінде мүлік теңсіздігі көрініс бере бастады.
Қола дәуірінде Сібірдің, Қазақстанның және Орта Азияның кең-байтақ далаларын тегі және тарихи тағдырының ортақтығы жағынан туыс тайпалар мекендеді. Бұл тайпалар бір үлгідегі, бір-біріне ұқсас мәдениет қалдырды. Олар қалдырған ескерткіштердің табылған жері Сібірдегі Ачинск маңындағы Андронов селосының атымен ғылымда шартты түрде "Андронов мәдениеті" деп аталды.
Андронов мәдениетінің негізгі орталықтарының бірі — Қазақстан жері. Археологиялық деректерге қарағанда, Андронов мәдениеті дәуірінде халықтың басым көпшілігі отырықшылықта өмір сүрген. Өзендердің, көлдердің жағасындағы жайылымы мол жерлерге орналасқан рулық-патриархаттық отбасылардың үйлері мен үлкен жертөлелері болған. Олардың жанынан әр түрлі шаруашылық жайлар мен мал қамайтын орындар салынған. Өйткені, бұл кезде мал бағу кәсібі басымырақ еді. Тайпалар малшылық- егіншілікпен аралас шұғылданды.
Андронов мәдениеті дәуірінде адамдар металдан еңбек құралдарын, қарулар және сәндік заттар жасауды жақсы білген. Олар түбі шығыңқы балталар, сағасында ойығы бар пышақтар, балға, шоттар, найзалар мен жебелердің өзгеше ұштары, білезіктер, айналар, моншақтар және әр түрлі ілмешектер, егін оратын орақ, пішен шабатын шалғы сиякты құралдарды өздері жасап, күнделікті тұрмыста кеңінен қолданды.
Андронов мәдениетінің алғашқы ескерткіштерін 1914 жылы А. Я. Тугаринов ашты.Содан бері өткен уақыт ішінде Кеңес елінде, сонымен бірге Қазақстанда бұл мәдениетке қатысты орасан көп археологиялық материалдар жиналды. Андронов мәдениеті қола дәуірінің алғашқы кезеңін /б.з.б. ХVIII-ХVІ ғасырлар/ және орта кезеңін/б.з.б. ХV-Х ғасырлар/ түгелдей қамтиды. Орталық Қазақстанда кола дәуірінің соңғы кезеңінде /б.з.б. Х-VIII ғасырлар/ Андронов мәдениетімен салыстырғанда анағұрлым жоғары Дәндібай-Бегазы мәдениеті болғанын білеміз. Ол Қарағанды қаласы маңындағы Дәндібай ауылында және Балқаштың солтүстік төңірегіндегі Беғазы қойнауында қола ескерткіштерінің алғашқы қазылған жеріне қарай аталған. Дәндібай-Беғазы мәдениеті Атасу өзенінен Ертіске дейінгі байтақ даладан табылған көптеген ескерткіштерімен сипатталынады. Олардың қатарына Ақсу-Аюлы-2, Ортау-2, Байбала-2, Бесоба, " Бұғылы-3 кешендері жатады. Бұл ескерткіштерге тән нәрсе, бір жағынан,' Андроновтық дәстүрлердің сақталуы, екінші жағынан, мәдениеттің, жаңа элементтерінің, тұрпаты ерекше бәйіттік тамдардың, жатаған, домалақ ыдыстардың пайда болуы. Жерлеу ғұрпы да Андронов мәдениетіне тән емес. Әдеттегі бүктелген қаңқалармен қатар аяқтарын созып, шалқасынан жатқызылған қаңқалар да кездеседі. Мұндай жерлеу ғұрпы кейінгі ерте темір дәуірінде Қазақстан жерінде тұрған малшы тайпаларда кеңінен тараған.
Беғазы мәдениеті жерінде жерленгендерден мүлік теңсіздігінің болғанын да байқаймыз. Басына обалар жасалып, оның айналасы ірі гранит тақталармен белдеуленген молалар да кездеседі. Бұл патриархаттық-рулық қоғамның көрнекті мүшелерінің қабырлары. Сондай-ақ, бұл - тағы малдарды, жануарларды қолға үйрету көшпелілер қоғамы дамуының заңды кезеңі еді.
Қазакстан жерінде мал шаруашылығымен қатар неолит дәуірінен бастап егіншілік дамыған. Мәселен, Усть-Нарым қонысында /Шығыс Қазақстан/ табылған қыстырма орақтар егіншіліктің болғанын көрсетеді. Тастан астық үгетін құралдар: астық түйгіштер, тоқпашалар, келілер, келсаптар жасалған. Егін жинауда алғашқы кезде пышақ пайдаланылған болса, соңғы қола дәуірінде әр түрлі қола және мыс орақ, шалғы қолданылады. Алқаптарда негізінен бидай, қара бидай, тары егілген.
Қола дәуірінде адам қоғамының өндіргіш күштерінің дамуында мал өсіру және егін егумен қатар әр түрлі рудаларды өндіру, тас пен сүйекті пайдалану аса маңызды рөл атқарған. Оған Қазақстан жеріндегі мыстың, қалайының және алтынның бай кендерінің болуы қолайлы жағдай жасаған.
Қола дәуірінде Қазақстан жерінде мекен еткен тайпалардың қоныс жайларын анықтау мақсатында бірнеше қазба жұмыстары жүргізілді. Көшпелілер, әдетте қоныс өзендердің жағасында, жайылымы мол мүйісте, көлдің маңына орналасқанын археологиялық қазбалардың нәтижелері көрсетіп отыр. Қоныстар 6-10 үйден, үлкендері 20 үйден тұрған. Өзен жағасында олар бір немесе екі қатар болып тізілген. Мүйістегі үйлердің ортасынан кең алаң-қотан калдырылған. Тұрғын үйлердің аумағы кең 100 шаршы метрден 300-400 метрге дейін жеткен.
Қола дәуірінде Қазақстан жеріндегі тайпалардың өмірге керекті және үй-тұрмысына қажетті заттарды істеп шығара бастағанын байқаймыз. Мал шаруашылығы адамдарды тек тамақтандырып қана қойған жоқ, сонымен қатар киім-кешекпен және аяқ киіммен де қамтамасыз етті. Сойған малдың жүнін түтіп, оны иіріп кйім етіп кию үшін жаңадан ұршық және қарапайым тоқыма станогі пайда болды. Бұлар бірнеше қазбалардан табылды. Мұның өзі сол тұста қазақ даласындағы үлкен жетістік еді. Адамдар малдың терісін өңдеп, үстіне тон, басына тымақ, аяғына киім етіп киеді. Қойдың биязы жүні мен ешкінің, түбітінен жүн киімдер тоқылған.
Қоныстарды мекендеушілерде керамика ыдыстарын жасау кеңінен дамыған. Оның бәрі шаруашылық пен тұрмыста пайдалануға арналды. Бұл тұстағы құмыра жасау-шылардың көбі әйелдер еді. Күйдірген балшықтан ыдыс-аяқтардың бірнеше түрі жасалған. Ыдыстарға әшекейлеп өрнек салынған. Соңғы қола дәуіріндегі құмыралардың дені иіні дөңгелек, бүйірі шығыңқы болып жасалынды.
Қола дәуіріндегі тайпалар жауынгерлік қару жасап, оларды үнемі жетілдіріп отырған. Ол кездегі негізгі қарулар: найза, күрзі, дүмі шығыңқы балта, балға, шот. Кейбір жауынгерлердің қанжары болған.
Коғамда азық-түліктің көбеюіне баиланысты артық заттарды айырбастау, осындай айырбас сауда барысында байлықтың қорлануы етек ала бастайды. Мал шаруа-шылығының қарқынды дамуы қоғамдық алғашқы ірі еңбек бөлісін туғызды, басқалардан өз алдына бақташылар бөлініп шықты. Сол сияқты егіншілік кәсіпте біраз өзгерістер болды. Өңделіп егілген жерлердің көлемі өседі. Бұл өзгерістер қоғамдық еңбекте үлкен бөлінуді туғызып, матриархаттық қатынастар патриархаттық-рулық қатынастармен ауыса бастады.
Патриархаттық отбасылық қауымның бірнеше сатыдан өткенін айту керек. Ерте кезде мұндай қауымдар әке жағынан туыс адамдардың төрт-бес ұрпағынан құралады және аумағы 200 шаршы метрдей, немесе одан да кең үлкен үйлерде бірге өмір сүрді. Әрбір патриархаттық-рулық қоныс-мекен осындай бірнеше үйлерден тұрды.
Отбасылық қауым отбасылық-өндірістік ұжым болды, ал ұжымдық еңбек тұсында өндіріс құрал-жабдықтары мен өндірілген өнім ортақ меншікке айналды. Кейін, әсіресе, соңғы қола дәуірінде кейбір материалдық жағынан күшейіп алған патриархаттық қауымдар барған сайын оқшаулана түсті, мұның өзі алғашқы қауымдық құрылыстың ыдырауына, отбасылық меншіктің пайда болуына әкелді. Мәселен, айналасы дуалдармең, қоршалып салынған қоныстардың Солтүстік Қазақстанда көп кездесуі, бұлардың қорғаныс, бекініс ретінде салынғанын, қола дәуірінің орта кезінде тайпалар арасында наразылық пен қақтығыстардың күшті болғандығын көрсетеді. Сондай-ақ, қоныстар мен қорымдардан табылған жебелердің қола және сүйек ұштары да тайпалар арасында жиі-жиі қақтығыстар болып тұрғанын байқатады. Жебе ұшы бір жолы /Шығыс Қазақстанда/ тізенің ұршығына, тағы бір жолы /Орталық Қазақстанда/ адам қаңқасының жамбас сүйегіне қадалып тұрған жерінен табылды.
Қола дәуірінің соңғы кезеңінде рудың ыдырауы және одан жеке отбасылар шаруашылығының бөлініп шығуы нәтижесінде үйлердің пошымы өзгерген. Кейбір үйлер жеке дербес отбасыға арналып екі-үш бөлмеден салынған, олардың тамақ пісіретін жер ошақтары бөлек болған. Рулық құрылыстың ыдырағанын және мүлік теңсіздігінің шыққанын қорымдардың қалдықтарынан да көруге болады. Кедейлердің қабірлері қарапайым және жерлеу саймандары да қарапайым. Ал байлардың қабірлерінен алтын және қола заттар мен шебер өрнектелінген балшық ыдыстары табылған. Отбасы иесінің, ру мен тайпа көсемдерінің молалары үстіне биік етіп топырақ оба үйілген немесе үлкен-үлкен гранит тастардан қоршау жасалынған.
Қола дәуіріндегі тайпалардың діни нанымдары мен сенімдеріне келетін болсақ, ол тұстағы адамдардың тұрмысы мен әл-ауқаты түгелдей табиғатқа тәуелді болғандықтан, олар табиғат күшін киелі рух деп білген. Бұл күштер ең алдымен су, күн, от, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі еді. Күн мен от жарық жылылықты береді, мұның бәрі қайырымды құдіретті рухтармен байланыстырылды. Адам мен жануарларға сусыз өмір жоқ, сондықтан суға да, сол сияқты, ай мен жұлдызға да табыну сияқты наным күшті болды.
Қола дәуірінің тайпалары ата-бабаларына сыйынған және о дуниеге сенген. Ауру адамдарды емдеу және оларды өлімнен сақтап қалу әрекеттері де болып отырған. Ол әрекеттер нәтиже бермеген жағдайда өлген адамды о дүниеге қажет деп санаушылық, о дүниеде тамақ керек деп, тамақ пен киіммен, құралдарымен, қару-жарағымен, сәндік заттарымен барынша жақсылап көму - қола дәуіріндегілерге тән рәсім.
Қола дәуірінде күнге, отқа, суға, айға, жұлдыздарға және қорғаушы рухтарға арнап құрбан шалу ғадеті де болған. Кейін келе адамның ой-өрісінің өсуі нәтижесінде, оның өзі туралы және табиғат жөнінде ұғымы күрделілене түсті, сөйтіп, діни дүниетаным келіп шықты. Қорытып айтқанда, қола дәуірінің соңғы кезінде өндірістік жабдықтарға және өндіріс өніміне ортақ меншіктің пайда болуына байланысты қоғамда қауымдық құрылыс ыдырап, отбасылық меншік пайда болды.
Достарыңызбен бөлісу: |