Орхон ескерткіштерінің табылуы және ашылуы
XVIII ғасырдың басы еді. Орыс армиясының қолына түскен тұтқын швед офицері Филипп Иоганн Страленберг Сібірді түгел аралап, Орхон өзенінің бойын жағалай жоғары өрлеп келе жатады. Ұзақ жүрді, бірақ бұл өңірден пәлендей тіршіліктің белгісін көре алмады. Әбден шаршап шалдыққан саяхатшы алдағы жолдың қызығынан біржолата күдер үзгендей еді. Бір кезде сонау көз ұшынан бұлдырап сағымға малтыққан кереметті көзі шалады. Қызыл көрген бүркіттей шаршағанын ұмытып, Иоганн жүрісті жылдамдата түсті. Жақындаған сайын оны әрі үрей, әрі өзгеше бір жұмбақ сезім билей бастаған тәрізденді. «Зәулім тастар, белгісіз таңбалар, тас болып қатып қалған адамдар... Әйтеуір ұзына бойлы созылған, қол қусырап мөлиген тас мүсіндерде шек жоқ. Бұл не ғажап!? Табиғаттың өзі жасаған құзырет пе, жоқ әлде адамның сиқырлы қолынан туған керемет пе!?.. «Ол ұзақ ойланады, ұзақ толғанады; бірақ түпсіз шыңырау, тұңғиық ойдың түбіне жете алған жоқ. Бұл осыдан үш жүз жыл бұрын болған еді. Бейшара Иоганн алдында тұрған меңіреу тастардың бетінде ғажап сыр барын біле алған да жоқ.
Бұл мұралар жайындағы алғашқы мәліметтер XVIII ғасырдың аяғына таман көріне бастайды.
ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде біраз мағлұматтарды өзі шығарып тұрған «Сибирский вестник» журналында Григорий Спасский жариялайды. 1818 жылы оның мақаласы көп кешікпей латын тіліне аударылады да, Орхон ескерткіштері басқа елдердің ғалымдарына да белгілі бола бастайды. Бұл хабарды естіген фин археологиялық қоғамы 1875 жылы Минусинскіге екі рет экспедицияға жіберіп, 1889 жылы «Енисей жазбалары» деген атпен 32 таблицалы, 8 фотосуретті атлас жариялайды. Ескерте кететін бір жай, жазбалардың әліппесі табылғанша бұл мұраларды фин ғалымдары өз халқының ескерткіші деп танып келген. Себебі, көне заманда угрофиндер де осы өлкеден еді. Алайда, бұл пікірдің негізсіз екендігін олар кейін мойындайды.
1889 жылы орыс зерттеушісі Н.М.Ядринцев Орхон өзенінің бойынан, Енисей өзені сағасынан табылған ескерткіштерден әлдеқайда үлкен белгісіз таңбамен жазылған зәулім, қолдан қашалған төрт қабырғалы биік тасты көреді. Н.Ядринцев тасқа мынадай сипаттама береді: биіктігі – 3,5 метр, төменгі ені – 1,32 метр, жоғары жағының ені – 1,22 метр. Биіктеген сайын жіңішкере береді, жоғары бөлігі өрнектелген. Тастың төрт жағы бірдей жазылған. Батысқа қараған бетінде қытай жазуы да, қалған қабырғасы бірдей руналық жазумен толған. 1891 жылы Н.Ядринцевтің айтуына қарағанда, ескерткіштен 25 метрге дейін созылған аласа дөңес жатыр. Осы қабырғаның жанынан басы жоқ, мрамордан жасалған 7 түркі тас мүсіні табылған. Ескерткіштің батыс жақ бетінде басы бір-біріне қараған, қираған екі хайуанның мүсіні бар. Ал, осы кіре берістен әрқайсысының арасы 10-12 метрден, беттері шығысқа қараған адам мүсіндес сын тастар ұзындығы 1,5 шақырымға дейін созылып жатыр екен. Көп кешікпей Н.Ядринцев Россия археологтарының 8 конгресінде ғалымдардың назарын сол Орхон бойындағы көне мұраларға аударады. Осыдан бастап бұрын тек Енисей ескерткіштері деп қана аталып келген жазбалар енді Орхон, яки Орхон-Енисей жазулары деген атқа ие болды. 1890 жылдың көктемінде Н.М.Ядринцевтің ізімен Орхон өзеніне финдердің А.Гейкель бастаған археологиялық экспедициясы және 1891 жылы Санкт-Петербургтен біздің елімізде тюркологияның негізін салған ұлы орыс ғалымы В.В.Радловтың басқаруымен құрамында Ядринцев те болған ғылым академиясының экспедициясы аттанады. 1892 жылы осы екі экспедицияның да қорытынды жазбалардың суретімен екі үлкен атлас түрінде жарияланып, бұл атлас дүние жүзі ғалымдарының алдына ауыр да жауапты міндет-жазудың сырын оқу міндетін қояды. Әлбетте, ол жазуларды оқудың қиындықтарымен қатар кейбір жеңілдіктері де бар еді. Өйткені бұл уақытта ескерткіштің қытай тілінде жазылған тексті оқылып, сол тексттен ескерткішті жасаған халықтың, оны басқарған бектердің аты белгілі болатын. Дегенмен, әлі де сырын ашпаған тілсіз-үнсіз ескерткіштің әліппесін тауып оқу, оған тіл бітіру кез келген кісінің мүмкіндігінен тыс, жан-жақты, дайындығы мол лингвист ғалымының қолынан ғана келетін іс еді.
Міне, дәл осындай зерттеуші – Дания ғалымы, Копенгаген университетінің салыстырмалы тіл білімі кафедрасының профессоры Вильгельм Томсен болып шықты. В.Томсен – көп тілді білген, дарынды ғалым болған. 1877 жылы басылып шыққан ерте Русь және Скандинавияның өзара қатынастарына арналған тарихи еңбегінен соң, Томсен Оңтүстік Сібірден табылған Орхон-Енисей ескерткіштерін зерттеуге біржолата ден қояды. Ақыры 1893 жылы Орхон жазуының «кілтін» табады. Қазіргі дәуірде Томсен ашқан жаңалықты тек Орхон жазуларына ғана табылған кілт деп қарамай, сонымен қатар бүтін Орта Азия мен Қазақстан тарихында кездесетін көне жазу-сызулардың да сырына үңілуге мүмкіндік берген қымбат кілт деп бағалау орынды. Вильгельм Томсен ашқан алфавитті қолданып, академик В.В.Радлов 1897 жылы тұңғыш рет ескерткішті орыс тіліне аударып, тексттің нұсқасын латын әліппесіне береді.
Түркі қоғамын терең зерттеушілердің бірі қазақтың белгілі ғалымы академик Әлкей Марғұлан түркі халқының мәдениетін, әдебиетін кеңінен тәптіштей келе былай деп жазады: «VI-VIII ғасырлардағы халық фольклорында эпостық поэзияның Орхон ескерткіштерінде жазылып қалған ең ертедегі ақындық тәсілдері мен дәстүрлері белгілене бастаған. Бұл поэзияның элементтерін Күлтегін мен Білге ханның басындағы құлпытастарына жазылған жазулардан көруге болады. Бұл жазулардың текстісі эпостың әңгіме стилінде жазылған. Ғалымның Орхон ескерткіштерінде ақындық тәсілді де, дәстүрді де тауып, оларды жанры жағынан ерлік жырына жатқызып отырғанын осы мысалдан көруге болады. Орхон ескерткіштерін жалаң тарихи фактілер тізбегі деп қарамай, түркі халқының ізгі арманын, кескілескен соғысын, айбынды батырларын өзгеше әуезбен жыр еткен ерлік эпосының ең әдепкі үлгісіне жатқызу орынды. Сондықтан да бір кездерде эпостық дәстүрі айрықша дамыған қазақ халқының бай мұрасы мен Орхон ескерткіштерін салыстыра зерттеудің ерекше мәні бар. Өйткені, Орхон жырларын зерттеу проблемасын жалпы әдеби процесімізден бөліп қарауға болмайды. Қайта біз халқымыздың тарихи өткенінен, рухани өсуінен мол мағлұмат беретін шығарманы терең зерттей түссек, онда бұл шығармалар эпикалық мәдениетіміздің көп сырларын ашуға мүмкіндік береді. Басқаша айтқанда, эпостарымыздың жасалу процесін, оған қоса ғасырлар құрдымынан бүгінге дейін үзілмей, жалғасып келе жатқан жанды дәстүрді дәлелдей алатын боламыз. Осы уақытқа дейін қазақ эпопеясының тууы жайындағы қорытындылар тұспалдап қана айтылып келсе, Тоныкөк, Күлтегінге арналған жырлардың зерттелуімен байланысты, бұл мәселені нақты дәлелдермен топшылауға мүмкіндік алатын боламыз.
Осы ретте біз енді Орхон жырларын қазақ эпостарының кейбір үлгілерімен салыстырайық. Жалпы эпос - жыршы деген сөз. Бұл ұғымның ең алғашында белгілі бір елеулі оқиғаны дәріптеумен, жыр етумен байланысты шыққандығы сөзсіз. «Шынын айтқанда, - деп жазды белгілі шығыс зерттеушісі А.Н.Веселовский, - батырлардың ерлігін жырлаған эпостар халықтың қалыптасуымен қатар туа бастаған. Тарихи кезеңдердің елеулі тұлғалары – ерлердің төңірегінде неше түрлі өлеңдер құрастырылып, солардың негізінде бүтін цикл жасалған. Қазақ эпосының тууы жайындағы академик Қажым Жұмалиевтің мына бір пікірін келтірейік: «Қай елдің эпосы болмасын, белгілі бір тарихи оқиғаның ізін баса туғанға ұқсайды және ол бір күн, не бір жылдың ғана жемісі емес, халықтың басынан өткізген талай заман, талай ғасыр, талай тартыстардың нәтижесі... Қазақтың осы күнгі ұзақ эпостарының бастамалары ерте замандағы потриархалдық рулық құрылыс кезінде үйсін, қаңлы, қоңырат, керей, қыпшақ замандарында, әр рудың өз істерін ерлікке айналдырып жыр еткен қысқа көлемді жырлар жатуы, кейін олар ұмытылса да есте сақталынып қалған аңыздардың негізінде ұзақ жыр, поэмалардың тууы мүмкін. Демек, А.Веселовский айтқандай ерлік жырлары халықтың қалыптасуымен бірге қатар туған болса, онда Күлтегінге арналған жыр, дәл осылай, түркі халқының қалыптасуы кезінде жасалған. Ал Күлтегін, Тоныкөк жырларының өзі Үйсін, Қаңлы, Қыпшақ, Қоңырат, Дулат, Керей, Найман, Жалайыр, Алшын руларының VI-VIII ғасырлардағы Түркі қағанаты астына топтасқан дәуірдегі мұралар болатын. Сол себепті біз қазақ эпостарының әдепкі арналары Түркі қағанатының кезінен басталады дейміз. Қазақ халқы ақындық қабілет-дарынды өзінің ата-тегі байырғы түркі тайпаларынан мұра тұтқан. Олай дейтініміз, соншалықты ерте туғандығына қарамастан, Орхон ескерткіштерінде шешендік арнаудың, келісімді ырғақтың, ойлы мақалдың, азалы жоқтаудың, жойқын соғыс суреттерінің сан үлгілері ұшырасады. Арнау түрінде жазылғандығына байланысты Орхон ескерткіштерін ерлік жырына жатқызғанның өзінде, үндеу, үгіттеу мақсатында туған деп есептейміз. Бұл олардың эпостық құнын төмендете алмайды. Өйткені, қазақ эпостары да негізінен арнаумен байланысты туған. Жырда Күлтегін жасаған жорықтар мен оның айқастары суретеліп келеді. Халқымыздың ең көне эпикалық мұрасы – Күлтегін мен Тоныкөк жырларын ерлік жырына жатқызудың тағы бір себебі мынада: қазақтың батырлар жырына тән бұлжымас ортақ қасиеттердің денін біз Орхон жырларынан да табамыз. Ол ортақ қасиеттер қандай? Біріншіден, Орхон ескерткіштерінің де , қазақ эпостарының да негізгі идеясы бар. Ол - өз елін, өз жерін шет басқыншылардан, сыртқы жаулардан қорғау идеясы. Екіншіден, солардың қай-қайсысында да әлеуметтік сарын басым. Ат жолын тартып, қолына қару алған жас батыр елінің намысы үшін сыртқы жауға қарсы аттанып, есепсіз қиындықтардан өтіп, ақыры жеңіспен оралады. Батырдың ерлігі қырғын соғыста көрінеді. Үшіншіден, эпикалық жырларда жеңілуді білмейтін ежелгі батырлардың жас шағынан өмірінің ақырына дейін ерлік әрекеттері түгел, тұтас жырланады: Қобыланды мен Алпамыс батырлардың дүниеге келуінен бастап суреттелсе, Орхон жырларында Күлтегіннің он алты жастан қырық жеті жасына дейінгі өміріндегі ерлік істері баяндалады. Сонымен, жинақтай келе айтарымыз: Біріншіден, Орхон ескерткіштері – түркі халықтары тарихының көп деректерінің әсерлі желісін жеткізген, эпикалық шығармалардың шағын фабулалық оқиғалы жыр өрімдерін қамтыған тарихи-ерлік жырлардың ең әдепкі үлгілері. Эпостың баяндауға негізделген бұл ескерткіштерде жеңілуді білмеген ежелгі жыр батырларындай, Күлтегіннің басынан кешкен ерлік қимылдары, жорық сапарлары қаншама? Тілсіз тасқа сыйғызған сол жойқын соғыс суреттерінен біз Күлтегіннің жекпе-жек шайқастарын анық елестетеміз. Орхон жырларының негізіне түркі руларын біріктіру, нығайту, сыртқы жаулардан қорғау идеясы алынған. Сонымен бірге біз олардан рулық дәуірдің әлеуметтік теңсіздігін де көреміз. Аталмыш ескерткіштерде жырды шығарушылардың өмірден түйген, білген философиялық толғаныстары да жоқ емес: «тағдырды тәңірім жасар, адам баласы өлмекке жаралған», «Қай халық болмасын, сол елдің ішінен пәтуәсіз табылса, онда ол халықтың қаншама соры бар десеңізші» деген данышпан Тоныкөктің сөзі қалыптасқан қағида, қазақ арасында кең етек алған толғаудың түпкі сағасы тәрізді. Екіншіден, Орхон ескерткіштері мен ежелгі қазақ эпостарын салыстырудың нәтижесі олардың арасындағы дәстүрлік байланыстың барлығын дәлелдейді деп білеміз. Бұдан шығатын қорытынды – қазақ халқындағы бай жыр дәстүрінің негізі сол Орхон ескерткіштерінде қаланған. Қазіргі қазақ өлеңдерінде сақталған адамның әр жастағы ісін, қайратын сипаттау өлең түрлерін Күлтегінді бейнелеуден көреміз. Онда Күлтегіннің жеті жаста әкесі өліп жетім қалған кезінен бастап, 47 жасқа жетіп, өлген күніне дейін не істегені әр жастағы жетістіктері сатыланып көрсетіледі. Ескерткіш авторы түркі елінің өткен өмірінде дамылсыз шабуыл жасап жортуылдарда сан сәтсіздікке ұшырап, қорлық өмір кешкен дәуірлерінің болғанын да жасырмайды. Басқа елге бағынышты болып, құрып кетуге таянған түркі елін біріктіріп, дегенге жеткізіп едім, ел қайғысы ішті кернеп, көзге ыстық жас келді, жұртым үшін қызмет қылдым, күн-түн ұйқы бөліп, қан мен терге бөленіп ерлік істер көрсеттім, соны келешек ұрпаққа үлгі еттім, - дейді батыр монологі. Ескерткіш сөздерінен Күлтегіннің әмірі жүріп тұрған кезде оның мемлекетінің мығым болғаны, ол орнатқан тәртіптің берік екені анықталады. Ескерткіш жазуы ел-жұртқа түрік қоғамын үгіттеуді мақсат етеді. Ерлік күрес дәстүрі үлгі етіліп, кейінгілерді ерлікке, бірлікке тәрбиелейді. Күлтегін ескерткіші түркі елінің бір кездегі тарихын танытарлық құнды мұра болуына қоса, сол халықтың поэзиясынан да мол мәлімет беретін көркем туынды. Күлтегіннің өліміне байланысты жоқтау, жылау сөздері де, оның алып күшін, жорықтардағы батыл істерін де, тұлпар аттарын бейнелегенде де талай-талай көркем сөздер, нақышты образдар қолданылған ақыл-нақыл сөздер, өсиеттер беріледі. Шынында да ескі түркі жазба ескерткіштері Күлтегіннің кіші және үлкен жазбалары және Тоныкөк ескеркіші VI-VIII ғасырларда дәуірленген Түркі қағанатының мәдени өміріне тікелей байланысты тарихи-әдеби маңызы зор шығарма. Аталмыш Күлтегін және Тоныкөк құлпытас жазбалары VIII ғасырдың орта шеніне жатады. Одан сол заманның өмір сүрген түркі ұлыстарының дүниетаным түсініктерін, өмір сүру ережелерін, әдебиеттік түр бейнелерін, қоғамдық, әлеуметтік нормаларын тануға болады. Ескерткіштерге тән ереже ерекшеліктері деп біз мынадай ортақ жайларды айтар едік. Ең алдымен, түркі ұлыстары өмірінің әр түрлі кезеңдерін біркелкі ұқсас сипаттау. Әр түрлі дәуірлердің бәріне де ортақ жол-жора өсиеттер айту. Олар: Ата жолына берік болуды керек ету; Бабалары жасаған жорық жолдарының шекараларын анықтау, әрбір келесі жорықтардың да сәтті сапарын тілеу. Екіншіден, Қолбасы батыр немесе ел басы қағандар тұлғасын жасаудағы ұқсас тәсіл-әдістер қолданулары. Ел жауына қарсы соғыстар да ерекше ерлік, ақыл артықшылықтарымен көрінеді, асыра дәріптеу, ел қамы, ұлыс мұраты үшін сіңірген еңбектерін қадірлеу. Ұтымды келіс сөздер, елшілік істер жүргізеді. Қауіпті кездерден ақыл-айламен құтылады. Ақылдасып, келісіп шешеді. Жорықтар бұрынғы ата-бабаның жол-жорасын жалғастырып, ақыры жеңіске жетеді. Күлтегін ескерткіші – VIII ғасыр туындысы. Бұл ескерткіштердің қазақ жұртшылығына жете таныс болуы 1960 жылдардың соңғы жартысы ішінде жасалған аудармаларға тығыз байланысты. Лингвист Ғ.Айдаров, М.Томанов, Ө.Құрысжанов VI-VIII ғасырлардағы тас жазуларын оқуға жол ашарлық құралдар мен зерттеулер, оқу құралдар жазды. Филология ғылымдарының кандидаты Мырзатай Жолдасбеков Күлтегін мен Тоныкөк есіміне байланысты тас жазбаларының аудармасын жасады және зерттеулер «асыл арналар» жазды. Жырда Күлтегін түркі елінің «төрт бұрышындағы» барлық жауды жеңіп, елде тыныштық, бейбіт өмір орнатады. Күлтегін түркі халқын тәуелсіз етті, байлыққа кенелтті деген пікір айтылады. Жырдың басты идеясы – түркі халқын ауыз бірлікке, сыртқы жауларға қарсы ұйымдасқан күреске, ата-баба жолын берік ұстауға шақыру болып табылады. Автор түркі халқы ата-баба дәстүрін берік ұстаған кездерінде ешкімге тәуелсіз, жақсы өмір сүргенін жырлайды. Орхон жазба ескерткіштері ішінде «Тоныкөк жыры» ерекше орын алады. Бұл жырдың басты қаһарманы батыр емес, бүкіл түркі елінің дана қарты, тіпті Білге қаған мен Күлтегіннің әкесі Елтеріс қағанға да кезінде ақылгөй болған Тоныкөк қарт. Сондықтан бұл жырда уағыз-өсиет, нақыл сөздер көбірек ұшырасады: «Қол қосылса – күш өсер» немесе «Өлімнен ұят күшті» т.б.
ҚОРЫТЫНДЫ: Күлтегін, Білге қаған және Тоныкөк ескерткіштері – мазмұны мен формасы жағынан да, тілімен көріктеу құралдары тұрғысынан да, өлең құрылысы мен композициясы жағынан да ежелгі түркі поэзиясының нағыз классикалық үлгілері болып табылады. Күлтегін ескерткішіндегі жазу - қазіргі түркі тілдес халықтардың көне заманда-ақ елдікті, адалдықты ту етіп көтерген батырлық эпосының алғашқы үлгілері деп танып-білуімізге мүмкіндік береді. Түркі елінің VI-VIІІ ғасырлардағы қоғамдық-әлеуметтік өмірін, түркі тайпаларының әдет-ғұрпын, наным-сенімін, өзіндік поэзиясын, тілін, т.б. танып-білуде Орхон ескерткіштерінің мәні аса зор. Әсіресе, жазба әдебиеттің өсіп-өркендеу процесін, халықтың эпостық табиғатын, сөз өнерінің түп тамырын зерттеп білуде руналық жазба ескерткіштер ғылым үшін аса құнды материал болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |