Лекция жоспары: Ежелгі түркі әдебиетінің қамтитын тақырыптары мен ерекшеліктері


ОРХОН-ЕНИСЕЙ ЕСКЕРТКІШТЕРІНІҢ ЖЫРЛАРЫ ЖӘНЕ



бет2/3
Дата07.01.2022
өлшемі106,5 Kb.
#18888
түріЛекция
1   2   3
ОРХОН-ЕНИСЕЙ ЕСКЕРТКІШТЕРІНІҢ ЖЫРЛАРЫ ЖӘНЕ

ОЛАРДЫҢ ТАРИХИ, ӘДЕБИ СИПАТЫ

Лекция жоспары:

  1. Ежелгі Түркі қағанатының тарихи жағдайы;

  2. Орхон-Енисей жырларының зерттелуі, түркологиядағы мән-маңызы.

Кіріспе: Шамамен VI ғасырдың орта кезінде, Жетісу, Алтай, Орталық Азияны мекен еткен түрлі ру-тайпалар бірігіп, Түрік қағанаты деп аталатын мемлекет құрғаны тарихтан жақсы мәлім. Міне, сол ежелгі түркі дәуірінің қоғамдық, әдеби, мәдени өмірін жыр еткен ғажайып дастандар бар. Бұлар – «Күлтегін», «Білге Қаған» және «Тоныкөк» жырлары деп аталады немесе «Орхон-Енисей» ескерткіштері делінеді (өзендер атауы). Бұдан 1250 жыл бұрын үлкен құлпытастарға қашап жазылған осы әдеби ескерткіштер идеялық мазмұны жағынан да, көркемдік шеберлігі тұрғысынан да күні бүгінге дейін оқушысын таңдандырып, тамсандырып келеді.

Руна жазуындағы жәдігерліктер жанры туралы соңғы кезге дейін әр түрлі пікірлер айтылып келеді. Бұларды біресе прозалық шығарма десе, екінші жолы поэзиялық туынды деп келеді. Ал кейінгі кезде, әсіресе, көрнекті совет ғалымы И.В.Стеблеваның «VI-VIII ғасырлардағы түркі поэзиясы» деген еңбегі басылып шыққанннан кейін, руна жазуындағы әдеби мұралар поэзиялық туынды деп танылды. Совет ғылымының табыстары нәтижесінде сол кезде көне ескерткіштерге, шексіз сахарада мүлгіп қалған меңіреу тастарға тіл бітіп, іргелі ел болып қанат жайған түркі халықтарының бақытты ұрпағына тарихи шежіресін баян етуде. Бір кездерде сақтар жайлаған, гундер шарлаған кең атырапты заманымыздың VI-VIII ғасырлары арасында, яғни үш жүз жыл бойы ұзын найзалы, жорау атты біздің ата-бабаларымыз түріктер еркін билеген. Бертінде олар Дешті Қыпшақ аталған ел болған. Бұл орта ғасырларға жататын мерзім. Бұл өлкені ежелден-ақ қазіргі түркі тілдес халықтардың түпкі төркіні болып табылатын көк түріктер мекен етуші еді.

Орхон ескерткіштері Селенга, Орхон өзендерінің бойынан табылған. Көздің жасымен, жүректің қанымен құлпытастарға қашалып тұрып жазылып, қаймағы бұзылмай бізге жеткен осы бір ғажайып руналық жазулардан кейде жоқтау, кейде мадақтау ыңғайында айтылған шешендік сөздердің, өлеңдік ұйқастардың, мақалды тіркестердің не бір көне үлгілерін көреміз. Онда VIII ғасырдың іргелі мемлекеті – Түрік қағанатының құрамындағы толып жатқан рулардың өзара есепсіз жауласуы, сабылған жорықтары мен соғыстары суреттеледі. Бұл – ескерткіштердің басты кейіпкерлері хандар, бектер, тектілер болғанымен, біз олардан неше түрлі қанау-тонауды көрген, азар-мехнат шеккен бұқара халықтың аянышты өмірін де анық көреміз. Заманымыздың V ғасырынан бастап бұл өңірлерде әлгі аталған бірлестік –мемлекеттердің негізінде түркі халқы қоғамдасып, соның негізінде Түркі қағанаты орнады. Бүгінде түркі халықтары деп аталатын қазіргі әзербайжан, түрікмен, қырғыз, қазақ, өзбек, қарақалпақ, башқұрт, татар, алтай, хақас, ұйғыр, чуваш, ойрат, тува халықтары осы Түркі қағанатына топтасқан ру-тайпалар негізінде қалыптасқан.

Түркі халқын әдетте хан басқарған. Ханның ордасы болған. Ордада ханмен бірге әр уақытта ақылшы жырау тұрған. Ханнан кейінгі басшыны – жабғы (бас уәзір), ханның өз мұрагерін - тегін деп атаған. Ал дулаттар (дулу) билеген Батыс Қағанатында ханнан кейінгі дәреже жора деп аталған. Әскери демократияға негізделген түркі қоғамында халық: бек (ақсүйек), қара будун (бұқара), құл, күң деп жіктелген.

Күші жағынан да, мекені жағынан да заманының іргелі мемлекеті болған Түрік қағанатының тарихы V ғасырда Хундардан қашып шығып, Алтай тауының түстігіне қоныс тепкен – Ашындардан (тайпа) басталады. Тарихи деректерге қарағанда, Ашында көшіп келген Алтай тауын ол кезде өздерін түрікпіз деп есептеген қаңлылар, қыпшақтар, төлістер, қырғыздар, байырқылар, басмолдар, құрықандар, оғыз татарлар, ірілдер, едіздер, қарлұқтар, кеңгереетер, дулаттар, үйсіндер, сол сияқты бертінде түркі халықтарының негізін құрған басқа да көптеген дала тайпалары мекендеген. V ғасырдан бастап осы аталған рулардың бәріне түсінікті, ортақ түркі тілі қалыптаса бастайды.

Түркі халықтарының бірігуін тарихшылар Бумын қаған үстемдік еткен 545 жылдан бастайды. Бумын – саясатқа мықты, айлакер адам болса керек. 551 жылы өзімен көршілес жужандарды талқандап, көшпелілердің арасында даңқы асқан ол Елханы деген атқа ие болады. Бумын қайтыс болған соң, таққа бірінен кейін бірі қатарынан оның үш ұлы отырады. Солардың ішінен тарихта Мусанханның есімі ерекше аталады. Ол өзімен көршілес жужандарды, татабыларды, қидандарды түгел бағындырады.

Түркілердің жойқын соғыстарының біразы Бумын ханның інісі Естеміс (Есті-ми, ақылды деген мағынада) ханның атымен сабақтасады. Ол – бумынның тірісінде – ақ қол басқарып, көзге түскен, ханның жабғысы болған адам. Естеми батыс жорықтарын басқарған. 555 жылы Шам (Ташкент) қаласын, Жейхун (Амудария), Інжу (Сырдария) өзендерін қаратып, Арал теңізіне дейін жеткен. VI ғасырдың 80 жылдары хан тұқымдарының арасында дау-жанжал өршіп, соның салдарынан Түркі қағанаты Батыс және Шығыс қағанаты болып екіге бөлінеді. Жетісу өңіріндегі, Шу бойындағы, Еділдің төменгі, Ертіс, Есіл өзендерінің жоғарғы сағасындағы өзара жауласып, әбден титықтаған түркі рулары Батыс қағанатының құрамына енеді. Батыс қағанатының құрамына енген рулардың ең бастысы Дулу (дулаттар) одағы мен Шу, Талас, Ыстықкөл маңындағы Нушебейлер (үйсіндер) еді. Дулаттар мен үйсіндер (нушебейлердің) әрқайсысы дербес бес рудан тұрса керек. Осыдан Батыс қағанатын «он ру» немесе «он оқ» халқы деп атаған.

604 жылы Батыс қағанаты құлайды. 635 жылы Дулаттың бес руы, нушебейдің бес руы бөлініп, өз араларынан бек сайлап, биліктің белгісі ретінде оларға оқ береді. Дулаттар мен нушебейлердің шекарасы ретінде Шу өзені белгіленеді.

656 жылдың қақаған қысын пайдаланып, Қытай империясы Батыс қағанатқа төтенше шабуыл жасап, басып алады. Тұтқиылдан тап берген есепсіз күшке төтеп бере алмаған нушебилер, дулаттар бірінен соң бірі жеңіліп, олардың басшысы Халлығ қалған қолымен Іле өзеніне шегінеді. Сөйтіп, он оқ халқынан бүтіндей қол үзген ол шегінгеннен шегініп, ақыры Шу өзенінде тізе бүгеді. Көп жылдар өктемдік еткен қытайлар 692 жылға дейін дулаттар мен нушебилердің 60-70 мыңдаған кісісін қырып тынады. Осыдан бастап Түрік қағанаты күйреді деп есептеледі. Әбден қорлық көрген түріктер VII ғасырдың аяғында Қытай империясына қарсы көтеріліске шығады. Әдепкіде біраз табысқа жеткенмен, Қытайдан жаңа күш келіп, Қарақұмға шегінген көтерісшілер аштыққа ұрынады. Бірақ түркі халқы бұл жолы жеңілгенмен, тойтарыс алдық деп босқа қарап отырмаған. Бір жылдан соң Құтлығ басқарған түркі халқының жаңа толқыны қайта өрлейді. Құтлығ әскери білімі бар, айла-тәсілге жетік кісі болған. Ол тоз-тоз болған түркі халқын қайта жиып, дана, әрі батыр Тоныкөкті соңына ертіп, 683 жылы Қытай басқыншыларынан түркі жерін азат етеді. Осы әрекеті үшін халық Құтлығты Елтеріс (елді теруші, жинаушы мағынасында) хан деп атап кетеді. Түркі халқын құрап іргелі ел еткен Елтеріс 693 жылы дүние салады. Соңында әлі де балағатқа жетпеген, әжетке жарай қоймаған екі ұлы қалады. Сондықтан да таққа оның інісі – (Мочур) Қапаған отырады. Қапаған тым қатал кісі болыпты. Ол бір кезде даңқы жайылған Түркі қағанатындай мемлекет орнатуды арман етеді. Оның тым қаталдығы халық наразылығын күшейтіп, ақыры Қапаған 716 жылы көтерісшілердің қолынан қаза табады. Бұл жағдай Елтеріс ханның буыны бекіп, бұғанағы қатайған заңды екі мұрагері –Білге мен Күлтегінді таққа әкеледі.

Кішісі – Күлтегін өте ер болған. Қарлұқтармен арада болған соғыста (711-715) даңқы жайылған жас батыр бұрыннан келе жатқан ата дәстүрін бұзбай, «Білге хан» деген ат беріп, таққа өзінің ағасын Магилянды отырғызады. Ал Білге хан болса, інісі Күлтегінді әскер басы етіп сайлайды. Басқаша айтқанда, бұл шын мәніндегі Қағанат иесі деген сөз. Билікті түгелдей қолдарына алған Білге мен Күлтегін саясатты әуелі ағасы Қапағанмен сыбайлас болған ақсақалдарды жоюдан бастайды. Бұрын соңды соғысқа араласып жүрген кәрі тарландардан Елтерістің тұсында да көрегендігімен көре түскен, Қапағанға да кеңесші болған қарт Тоныкөкті ғана ақылшы етіп қалдырып, оған Баға Тархан (мемлекеттік кеңесші) атағын береді. Қарт данышпан бұл кезде 70 жаста еді. Көп кешікпей айлакер Тоныкөк өз қызын Білге қағанға қосады. Сөйтіп осы үшеуінің тұсында түркі халқының даңқы қайта жер жарады.

731 жылы Күлтегін қайтыс болады. Батырдың азасына ат қойып ел-елден келген көңіл айтушыларда есеп болмаған. Батырлығының куәсі ретінде оның басына мәңгілік ғажап ескерткіш орнатылды. Көп кешікпей, 734 жылы дүниеден Білге қаған да өтеді. Оны сатқындар у беріп өлтіреді. Таққа отырған Иолығ-тегін әкесі Білге қағанның басына зәулім ескерткіш орнатады. Сөйтіп, ағасына да, әкесіне де арнап тасқа қашап олардың ерліктерін дәріптеген жоқтау-мадақ жырын жазады. Иолығ-тегін ақын болған адам. Ол 739 жылы қайтыс болады. Міне, Түркі халықтарының тарихына қатысты және түркі қағанатының құрамына енген, бертінде түркі халықтарына ұйытқы болған және Орхон ескерткіштерінде аталатын рулар, тайпалар, әңгіме желісі осы.

Сонымен 731 жылдың жазында шексіз даланы армансыз билеген Бумын, Қапаған, Естеміс, Құтылық қағандардың ұрпағы, ұзын найзалы, жарау атты түркі руларының ырысы әрі бақыты – Бозайғырлы айбында ер Күлтегін дүние салады. Бетіне дұшпан қаратпаған айбынды ердің қазасы қасірет пен қайғы болып бүкіл түркі қауымының арасын лезде-ақ шарлап шыққан. Оның басына тізе қосқан досы да, кескілескен қасы да тегіс жиылған. Ұшы-қиырсыз, дамылсыз ағылған халықтың қаралы шеруі даңқты батырға деген ықылас-пейілдің куәсіндей еді. Заманының атақты ақын-жырауы, Күлтегіннің немере інісі Иолығ-тегін жан-жақтан шедерлер алдыртып, келесі жылдың күзінде Күлтегіннің басына оның батырлығының белгісіндей мәңгілік ескерткіш зәулім құлпытас орнаттырады. Әдемі әшекеймен, оймышталып, өзгеше нақышпен өрнектелген заңғар құлпытаста ел сүйген елге халық жоқтауын көне түркі тілінде мәңгілікке өшпестей қашатып тұрып жаздырады. Содан бері 1260 жыл өтті. Тарихтың беті сан рет өзгеріске ұшырады. Жылдар жылжып, ғасырлар алмасып жатты. Жер жаңарып, қоныс өзгеріп жатты. Бірақ Орхон өзенінің бойындағы қас батырдың ерлігіндей тәкәппар, сұсты, маңғаз тас ескерткіш XII ғасырдан аттап, өз заманының шындығын, қайғы-қасіретін, амал-әрекетін арқалап, сол күйінде бұзылмай жетті.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет