4-бап. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасының мақсаты мен міндеті 1. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасының мақсаты Қазақстан Республикасы халқының денсаулығын сақтау мен нығайту үшін қолжетімді және сапалы медициналық көмекті қоса алғанда, азаматтардың денсаулығын сақтау құқығын іске асыруын қамтамасыз ету болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасының міндеті Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын жақсартуға бағытталған құқықтық жағдайлар жасау болып табылады.
5-бап. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасының қағидаттары Денсаулық сақтау саласындағы қатынастарды құқықтық реттеу мынадай қағидаттарға негізделеді:
1) Қазақстан Республикасы азаматтарының қауіпсіз, тиімді және сапалы медициналық көмек алу құқықтарының теңдігін қамтамасыз ету;
2) мемлекеттің, жұмыс берушілердің және адамдардың жеке және қоғамдық денсаулықты сақтау мен нығайту үшін ортақ жауапкершілігі;
3) ана мен баланы қорғау;
4) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қамтамасыз ету;
5) халықтың денсаулығын, дәрілік заттардың қауіпсіздігін, сапасы мен тиімділігін ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету факторларына жатқызу;
6) қауіпсіз, сапалы және тиімді дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың қолжетімділігін және олардың ұтымды пайдаланылуын қамтамасыз ету;
7) денсаулық сақтаудың халықтың қажеттіліктерін, мұқтажын қанағаттандыруға және өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бағдарлылығы;
8) саламатты өмір салтын және дұрыс тамақтануды қалыптастыруға жәрдемдесу;
9) денсаулық сақтау жүйесі қызметіндегі профилактикалық бағыттың басымдығы;
10) медициналық көмектің қолжетімділігі;
11) медициналық көмектің сапасын үнемі арттыру;
12) Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау құқықтарын қамтамасыз етуге қоғамдық бірлестіктердің қатысуы;
13) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету;
14) медициналық көмек көрсету кезінде денсаулық сақтау субъектілері қызметінің сабақтастығы;
15) қазіргі заманғы оқыту технологияларын пайдалана отырып, денсаулық сақтау саласындағы білім беру қызметінің үздіксіздігі мен сабақтастығын қамтамасыз ету;
16) отандық медицина мен фармацевтика ғылымын мемлекеттік қолдау, профилактика, диагностика, емдеу және медициналық оңалту, жаңа дәрілік заттардың инновациялық әзірлемелері саласындағы ғылым мен техниканың озық жетістіктері мен технологияларын, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы әлемдік тәжірибені ендіру;
17) ерікті өтеусіз донорлықты көтермелеу;
18) отандық әзірлемелерді және бәсекеге қабілетті медициналық және фармацевтикалық өнеркәсіпті дамытуды мемлекеттік қолдау;
19) қоғамның денсаулықты сақтау мәселелеріндегі мүмкіндіктерін кеңейту;
20) халықтың барлық санаттары мен топтарын денсаулықты сақтау және нығайту жөніндегі іс-шаралармен қамту.