Лекция Кіріспе лекция. Мұхтартану ғылымы және оның қалыптасу кезеңдері. М.Әуезовтің "Өз жайымнан мағлұмат" автобиографиясындағы тарихи деректермен жазушының өмірі және шығармашылығы



бет1/2
Дата15.02.2023
өлшемі33,89 Kb.
#68232
түріЛекция
  1   2
Байланысты:
1-лекция


1-лекция
Кіріспе лекция. Мұхтартану ғылымы және оның қалыптасу кезеңдері. М.Әуезовтің "Өз жайымнан мағлұмат" автобиографиясындағы тарихи деректермен жазушының өмірі және шығармашылығы.
Қамтылатын мәселелер:
1.Мұхтартану ғылымы және оның міндеті мен мақсаты.
2.М.Әуезов шығармаларының маңызы.
3.Мұхтартану ғылымының қалыптасуы.
4.Мұхтартану ғылымын зерттеген ғалымдар. Мұхтар Әуезовке байланысты жазылған ғылыми еңбектер.
5.Жазушының ата-тегі, өскен ортасы. Құнанбай мен Әуез әулеттерінің арақатынастары. Абай шығармаларының жазушыға әсер ықпалы.

Мұхтар Омарханұлы Әуезов шығармашылығын оқуда бірнеше мақсаттар көзделді. Ең алдымен курстың мақсаты мен міндеті айқындалды, одан әрі бағдарламалық талаптарға сай М.О.Әуезовтің өмірі мен шығармашылық өнері, қазақ әдебиеттану ғылымына қосқан үлесі, жазушының әлем әдебиетінен алатын орны сияқты күрделі мәселелер қамтылды. Сонымен қатар жас ұрпаққа тәлім-тәрбиелік тағылымы күшті Әуезовтің өзі айтқан өсиет, аманат сөздер мен ол туралы айтылған даналық сөздер де топтастырылды. Мұның бәрі бағалы дүниелер екені түсінікті.


Бұл уақытқа дейін өзіміз де ұлы тұлға жайында аз-кем дүниелер жазған екенбіз, ол еңбектерді де ретіне қарай қосқанды жөн санадық. Әсіресе жазушы Әуезовтің ғалым Ысмайыловпен арадағы шығармашылық қарым қатынасы, олардың арасындағы «сенген көңіл, сеніскен бейіл» жайында білгенімізді ортаға салдық. Бұл дүниелердің шәкірт жүрегіне бір шапағаты тисе болғаны деп ойлаймыз.
Қазіргі уақыт, соның ішінде білім беру саласы жаңа халықаралық нормаларға, стандарт жүйесіне көшіп, сапа менеджмент жүйесіне ерекше қөңіл бөлетін уақыт екені мәлім жайт. Осындай сапа жүйесін одан әрі дамытып, жетілдіріп жатқан тұста әдістемелік бағытты да естен шығармаған жөн. Сол себепті біз де осы лекциялар курсын дайындау барысында әдістемелік көмек беру жағын да ескердік, аталған шараларды жүзеге асыру мақсатында Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің шығармашылық өнерін тереңірек таныту мақсатында бақылау жұмысын ұйымдастыру, курстық және дипломдық жұмыс тақырыптары, тест сұрақтары, қажетті әдебиеттер тізімі секілді мәселелер де кеңінен қамтылды. Мұның бәрі мұхтартану ғылымын жетік білгісі келгендерге өз көмегін тигізетіні сөзсіз.
Қорыта келгенде қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымындағы өскелең, күн сайын кемелденіп келе жатқан ғылым - мұхтартаны ғылымы, осындай іргелі саланың жас ұрпақ санасына сіңе беруіне шапағаты тиетін бір шараны хал-хадірімізше жасадық, игілігін жас шәкірттер көріп жатса мақсат-мұраттың орындалғаны.
М. Әуезов шығармаларының әдебиет әлеміндегі маңызы зор. Қазақ әдебиеттану ғылымының дербес бір саласы болып қалыптасқан Мұхтартану ғылымы – бұл күндері жан-жақты дамыған, өсіп жетілген іргелі саланың бірі. М.Әуезов творчествосы жүйелі түрде оқытылып, терең мазмұнда таныту үлкен мақсатты көздейді. Ғасырлар бойы арманы болған азаттыққа енді ғана қолы жеткен өскелең ұрпағының санасына ұлы жазушының сан қилы өмір жолын, әлемдік деңгейге көтерілген шығармашылық сапарын оқыту арқылы ұлттық болмыс, тәрбиелік тағылым беру жүзеге асырылады. Әуезов мұрасы – ұлттың рухани байлығы. Мұхтартану курсының басты мақсаты айқын міндетінің бірі де осы рухани байлықты игеру, игілікке жарату болып саналады.
Мұхтартану ғылымының қалыптасуы жазушының алғашқы еңбектерінен бастау алады. Мұхтартану - Әуезовтің өмірі мен шығармашылығын зерттейтін қазақ әдебиеттану ғылымының бір саласы. Жалпы алғанда Мұхтартану ғылымы күн санап дамып, жетіліп, өркендеп келе жатқан келешегі мол ғылым. Ол қазақ әдебиеттану ғылымының көрнекті бір саласы ретінде ілгері жылжып келеді. Теориялық тұрғыдан жетіліп, өзіндік мектебі қалыптасып келе жатқан бұл саланың алдында аса күрделі мақсаттар мен міндеттер тұр. Сондай іргелі мақсат, міндеттердің ұдайы шешімін тауып отыру, жүзеге асырудың маңызы орасан зор. Өркениетке ұмтылған ұрпақ бұл ғылымнан сусындайды, нәр алады, керегін үйренеді. Бұл ғылым күн өткен сайын кемелденіп, қанат жайып, қазақ халқының ғылым, білімге құштар ұрпағына қызмет істей береді.
Мұхтар Әуезов феномені туралы айтылып, жазылып жүрген ой-пікірлер, зерттеулер баршылық. Дегенмен, қаншама мол жазылып, айтылған сайын мұхтартанудың проблемалары артып, тереңдеп өсе береді. Жаңа сыр-қыры ашылып, жаңа міндеттер жүктеле түсері сөзсіз.
«Абай жолы» роман-эпопеясын Луи Арагон XX ғасырдың ең үздік шығармаларының бірі деп бағаласа, Шыңғыс Айтматов XX ғасырды – Әуезов ғасыры деп атады. Ал, президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Әуезовті тану – қазақты тану, Қазақстанды тану» деген сөзді айтты. Шын мәнінде М.Әуезов XX ғасыр әдебиетінде ғажайып құбылыс, феномен екендігі ешқандай күмән тудырмайды. Оның мәңгілік туындыларын жан-жақты терең зерттеп тану ғасырдан ғасырға жалғаса береді.
М.Әуезов творчествосының тұтас тұлғасының қадір-қасиеті, құдіреті неде? Оның өзгешелік, еркшелік сыр-сипатын қалайша тауып, тани аламыз? Бұл - өте күрделі, дәуірлік мәселе. Оны әрбір кезең, әрбір ұрпақ өзінше таниды. Керек болса, әрбір жеке оқырманның өз Әуезові бар. М.Әуезовтің тұтас бүтін бітімін танып білу үшін алдымен оның сан қырлы творчестволық мұрасын жекелей, сатылай тануымыз керек.
Қазірше, басы ашық объективті жағдай: біріншіден, М.Әуезов тумысынан, табиғатынан айрықша дарынды болып жаратылған. Екіншіден, туып-өскен ортасынан, айналасынан алған тәлім-тәрбиесі, бойына терең сіңіріп өскен нәрі өте құнарлы болған. Үшіншіден, мұсылманша медресе мен орыс мектебінен, Ташкент, Петербург университеттерінен түбегейлі терең білім, таным алып жетілген. Төртіншіден, жастайынан үлкен қоғамдық, мемлекеттік қызметтер атқарып, ел тірлігінің тұтқасын ұстап, келелі мәселелеріне араласқан. Бесіншіден, семинарияда оқып жүрген кезінен бастап, күнделікті газет-журналдар шығарысып, үзбей атсалысып еңбек еткен, қаламгерлік өнерге ерте жетілген. Алтыншыдан, әдебиет пен өнер-ғылымның, мәдениеттің адам өмірінде, қоғам тірлігінде атқаратын қызметін ерте танып, кәміл түсінген. Міне, осы аталған объективті жағдайлар Әуезовтің терең де заңғар, нәрлі де нәзік суреткерлігінің негізгі бір қыры – оның кемеңгерлік ойшылдығында, ғұлама ғалымдығында, өткір сыншылдығында жатқандығы да анық.
Мұхтартану ғылымын зерттеген ғалымдар. Мұхтар Әуезовке байланысты жазылған ғылыми еңбектер. М.Әуезовтің шығармашылығы жайлы тұңғыш пікір «Сарыарқада» (1917ж. №2) «Талап азаматының», «Еңлік-Кебек» пьесасын алғаш рет қойылуы жайлы жазылған «Игілікті іс» хабары. Жазушының шығармалары 1921 жылдан бастап жариялана бастады да, көркемдік кесек болмысы көзі қарақты әдебиетшілердің назарын бірден өзіне аударады. «Еңлік-Кебек» пьесасы туралы «Еңбекші қазақ» газетінің (5.01.1927ж.), С.Мұқановтың «Тілші» (2.10.1925ж.), Мұстафаның «Еңбекші қазақ» (18.03.1928ж.), «Бәйбіше-тоқал» хақында, Даниалдың «Ақжол» (23.12.1923ж.), Смағұлдың «Еңбекші қазақ» (31.10.1926ж.)газеттерінде мақала, рецензиялары жарияланды. Бұлар да сол кезде өріс алып келе жатқан саяси-әлеуметтік сындардың бет алысы байқалғанмен де жалпы алғанда екі пьесаны дұрыс бағалауға ұмтылушылық байқалады. Жазушы шығармашылығы хақында алғаш жылы пікір білдіргендердің қатарында К.Кемеңгеров, М.Мұстанбаев, С.Садуақасов, Ш.Тоқжігітов сияқты қазақ зиялылары бар. Қазақстанда таптық күрестің күшейе түсуіне байланысты «Алашшыл Әуезовтің шығармаларындағы «жат идеялар» сынала бастады. 20-жылдардың соңы мен 30-жылдардың басында ұлтшыл жазушыларды, ішінде Әуезов те бар, қаралаған мақалалар көбейді. Оған «Қазақ ұлтшылдығының жас идеологтарының бірін», «Алаш орданың белсенді қайраткерлерінің бірі», «қазақ байшылдығының ұлтшыл идеологы» шығармаларында «қазақтың тұрмыс-тіршілігін өткенді көксеген қазақ байының көзімен көреді, қазақтың алашшыл ескілігін жырлайды: қазақтың хандарын, аңызға айналған батырларын, данышпан билерін, ардагер ақсақалдарын, феодал сал-серілерін мадақтайды» («Советская степь», 19.04.1929ж.) – деген сияқты саяси тұрғыдан ауыр «айыптар» тағылды. ҚазААП-тің тұсында Алашорда әдебиетін – ішінде Әуезов те бар - әшкерлеу істері негізгі міндеттердің бірі саналды. С.Мұқановтың «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» (1932ж.) атты кітабында басқа да алашордашыл жазушылармен бірге М.Әуезовке де жеке тарау арналып, шығармалары идеялық жағынан сыналды. Бүкіл 30-жылдары М.Әуезовке «Алашшыл», «Байшыл», «Ескішіл» деген сияқты айыптар тағылып, кей туындылары «зиянды» деп танылды. 1942 жылы «Абай» романының бірінші кітабының жарық көруіне байланысты, романды қазақ әдебиетінің зор табысы санаған Б.Кенжебаевтың, Е.Ысмайыловтың, Т.Нұртазинның, Ғ.Мүсіреповтің т.б пікірлері жарық көрді. 1947 жылы «Абайдың» екінші кітабы шықты да алғашқы екі кітапқа 1949 жылы бірінші дәрежелі Мемлекеттік сыйлық берілді. «Абай» туралы одақтық баспасөз бетінде В.Жирмунскийдің, Л.Климовичтің, З.Кедриннің, М.Фетисовтың, П.Скосыревтың т.б. мақалалары жарияланып, жылы лебіздер білдірілді. Соғыстан кейінгі жылдарда идеологиялық күрес күшейе түсті де М.Әуезовтің шығармашылығы қайтадан таптық тұрғыдан сын нысанына айналды. Жазушының ұлтшылдығы жайлы бір ғана 1951 жылы 15-тей мақала жарияланған. Әуезовтің шығармашылығындағы «буржуазиялық-ұлтшылдық сарындар», «идеялық» кемшіліктерді сынауға республика баспасөзімен бірге Мәскеудің «Правда» (30.01.1953ж.) газеті де атсалысты. М.Әуезовке қарсы соңғы шабуылды 1971 жылы Мәскеудің «Вопросы литературы» журналы жасады. Ондағы негізгі пікір «Абай жолы» шын мәніндегі роман емес, аңыз-әңгімелердің жиынтығы дегенге сайды. Әуезовтің шығармашылығының ғылыми тұрғыдан зерттеліне бастауы «Абай жолы» роман-эпопеясының аяқталып, 1959 жылы Лениндік сыйлық алуына байланысты болды. 1957 жылы «Абай жолына» арналған ғылыми-шығармашылық конференция өтіп, материалдар «Қазақтың тұңғыш эпопеясы» деген атпен кітап болып шықты. Әуезовтің алпыс жылдық мерейтойы кезінде ол туралы 25 мақала жарияланса, 70, 80, 90, 100 жылдықтары тұсында жазушының шығармашылығы жайлы жазылған мақала, зерттеулердің саны мен көлемі арта түсті. М.Қаратаевтың «М.Әуезов», Ы.Дүйсенбаевтың «М.Әуезов», А.Нұрқатовтың «М.Әуезовтің творчествосы», Е.В.Лизунованың «М.Әуезовтің шеберлігі», Л.М.Әуезованың «Қазақстан тарихы М.Әуезов шығармашылығында», «М.Әуезов шығармаларында Қазақстан проблемалары», Ә.Байтанаевтың «Шын шеберлік», Р.Нұрғалиевтің «Әуезов және алаш», «Трагедия табиғаты», «Күретамыр», К.Сыздықовтың «М.Әуезов - әдебиет сыншысы», «Мұхтартанудың беймәлім беттері», Б.Майтановтың «М.Әуезов - суреткер» сияқты монографиялық еңбектері Мұхтартанудың әсем күмбезін одан әрі биіктете түсті. «Абай жолы» эпопеясы басқа да қоғамдық ғылым салаларының зерттеу обьектісіне айналды. М.Әуезовтің «Абай жолы» романының жиілік сөзі» (1979ж.) шықты. «М.Әуезов және фольклор», «М.Әуезов және театр», «М.Әуезов және өнер», «М.Әуезов және әлем әдебиеті» деген сияқты тақырыптар зерттеліне бастады. «М.Әуезов творчествосы бойынша библиографикалық көрсеткіш» (1917-1971 ж.ж.), «М.О.Әуезовтің өмірі мен шығармашылық шежіресі» жасалынды. М.Әуезовтің шығармашылық мұрасы жайлы ондаған диссертациялық жұмыстар жазылды. ЮНЕСКО-ның шешімімен 100-жылдық тойы 1997 жылы халықаралық көлемде өткізілуіне байланысты М.Әуезов туралы зерттеулер жаңа өрістерге шықты. Баспасөз бетінде жүздеген материалдар жарияланды; ондаған зерттеу, естелік, көркем кітаптар жарық көрді. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары «Мұхтар мұрасы – Наследие Мухтара» (1997ж.), «М.Әуезов үйі» ғылыми орталығы «М.О.Әуезовтің өмірі мен шығармашылық шежіресі», «М.Әуезов туралы естеліктер» (1997ж.), «Мұхтар әлемі» атты ұжымдық кітаптар шығарды. Мерейтой қарсаңында шыққан М.Мырзахметовтің «Әуезов және Абай», «Абайтану тарихы», Т.Жұртбаевтың «Талқы», «Бесігіңді түзе», Р.Бердібайдың «Мұхтар шыңы», К.Сыздықовтың «Мұхтартанудың беймәлім беттері», З.Қабдоловтың «Менің Әуезовім», З.Ахметовтың «М.Әуезовтің роман-эпопеясы», Р.Нұрғалиевтің «Әуезов және Алаш», Ө.Күмісбаевтың «Мұхтар Әуезов және әдебиет әлемі» сияқты еңбектері Әуезовтің әдебиеттегі әсемдік әлемін жарқырата түсті: егеменді елдің ұлттық мүддесі тұрғысынан жазушы шығармашылығын жаңаша бағалаған тың сөз болды. Ә.Молдахановтың «М.Әуезов - фольклортанушы», А.Тайжановтың «М.Әуезовтің дүниетанымы» (орыс тілінде) т.б. сияқты кітаптарда ұлы жазушының дарын қырлары түрлі жақтарынан зерттелді. М.Әуезовтің туыстары Г.Омарханова мен Ә.Әзиевтің «Мұхтар аға», Л.Әуезованың «Тұңғышы едім әкемнің» атты естеліктер кітабында жазушының өмір жолына, жеке басына қатысты деректер мол. Д.Досжановтың «Мұхтар жолы» (1998 ж.), «Алыптың азабы» (1997 ж) шығармаларында М.Әуезовтің ұлы тұлғасы көркемдік тұрғыдан бейнеленеді.
Жазушының ата- тегі, өскен ортасы. Құнанбай мен Әуез әулеттерінің арақатынастары. Абай шығармаларының жазушыға әсер ықпалы. Мұхтар Әуезов 1897 жылы 28 қыркүйекте бұрынғы Семей уезі, Шыңғыс болысындағы Қасқабұлақ деген жерде, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданындағы Шыңғыстау деген жерде дүниеге келген. Мұхтардың атасы Әуез ескіше сауаты бар, араб, парсы, ортаазиялық түркі әдебиетімен таныс кісі болған. Ол бала кезінде атасының үйретуімен арабша хат таниды. Мұхтардың әкесі Омархан да, атасы Әуез де Абай ауылымен іргелес отыратын, сыйлас көңілді, құдандалы, дос-жар адамдар еді. Абай ауылымен қатар болған аралас-қүраластық, ұлы ақынның шәкірттерімен және балаларымен бір ортада өсу жас Мұхтардың рухани жағынан өсіп-жетілуіне игі әсерін тигізді. Жас Мұхтар хат танығаннан кейін-ақ атасының ықпалымен ауыз әдебиетінің үлгілерін, Абай өлеңдерін жазып алып, жаттап үйренеді. Классикалық түркі әдебиетінің жекелеген нұсқаларымен таныстығы да осы кезеңде басталған. Бұл жағдай алғыр ойлы, зерек баланың сөз өнеріне деген құмарлығын тым ерте оятады.
1908 жылы Мұхтарды немере ағасы Қасымбек Семейге алып келіп, орыс мектебіне түсіреді, осыдан кейін ол бес жыл қалалық училищеде, төрт жыл мұғалімдік семинарияда оқып, білімін көтереді. Осы тұста М.Әуезов орыс әдебиетінің шығармаларымен кеңінен танысады, өзі де қаламгерлік қадамын бастайды. Оның тұңғыш күрделі шығармасы — «Еңлік — Кебек» драмасы 1917 жылы, семинарияда оқып жүрген кезінде жазылды.
Мұхтар Әуезов — халқымыздың қайта өрлеу ауқымындағы ренессанстық тұлға. Ол өзінің энциклопедиялық құлашты білімімен, асқар талантымен рухани өмірдің көптеген салаларында жарқырап көрініп, бүкіл қазақ мәдениетіне ықпал жасады. XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ қоғамы қойған талаптар оны сол кезеңдегі басқа да аса көрнекті қазақ зиялылары сияқты әрі жазушы, әрі ғалым, әрі қоғам қайраткері болуға еріксіз ұмтылдырды. Бұл қайта өрлеу дәуірінің міндеттері еді. Сол себепті де Мұхтар Әуезовтің сан қырлы таланты оның өнердің қазақтар үшін бұрын белгісіз болып келген түрлері мен жанрларын түңғыш қалыптастырушылардың қатарынан көрінуіне айқын жол ашты. Әуезов — қазақ елінен шыққан тұңғыш кәсіби драматург, ұлттық театрдың тұңғыш режиссері әрі үйымдастырушысы, тіпті тұңғыш кәсіби әдебиеттанушы да. Семей мұғалімдер семинариясында оқып жүріп оқушы-студент кезінің өзінде-ақ ұлы Абай туған өлкеде, атақты Ойқұдық жайлауында екі киіз үйді жалғастыра тігіп, оның «Еңлік—Кебек» атты тұңғыш пьесасы бойынша спектакль қойылды, ал кейін бұл пьеса ұлттық драматургияның інжу-маржанына айналды, жазушы есіміндегі қазіргі академиялық драма театры 1926 жылы өз шымылдығын осы спектакльмен ашты. М.Әуезов сонымен бірге түңғыш әдеби киносценарийлер мен опера либреттоларының алғашқы авторы болды.
Мұхтар Әуезов дарынының кең ауқымында ұлы жазушы таланты мен ірі ғалым — ойшылдың таланты табиғи ұштасып жатыр. Оның жазушылық лабораториясында бір ғана көркемдік идея – ұлы Абай тағдыры асқақ міндет ретінде оның бүкіл өмірінде құлшынысына қанат берді де, өзінің өзекті тақырыбы да Абай болды, шығармашылық өмір жолының басталуында Абай тұрса, ғылыми қызметінде де Абай тұлғасы басты зерттеу обьектісі болды. Бала кезінен Абай өлеңдерінен сусындап, ақын әлемінің құдіретті қуатын бойына сіңіріп өсті, барлық баянды өмірін тұтас дерлік ұлы ақын өмірбаяны мен әдеби мұрасын зерттеуге, насихаттауға, кеңестік қоғамдағы тоталитарлық жүйенің шабуылынан қорғауға арнады, қазақ әдебиеттану ғылымының жаңа саласы – Абайтану ғылымының негізін қалап дамытты, өзінің ұлы Абай туралы баға жетпес зерттеу еңбектерімен ғұлама ақын рухын көтерді, қайта тірілтті, қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы екендігін толық дәлелдеп берді де, оны жеке дара тұлға ретінде емес, бүкіл түп тамырымен халық мәдениетінің қалың қойнауына бойлаған алып тұлға ретінде бейнелей, зерттей отырып, туған ұлтының сана-сезімін жаңа сатыға көтерді, сөйтіп қазақ әдебиетін дүниежүзілік аренаға көтеріп, әлемдік әдеби процесске қосты.
Мұхтар Әуезов – өз бойында ренессанстық негізді жинақтаған, өз талантының сан қырлы байлығымен туған халқының рухани қуатын неғұрлым толық бейнелеген қайталанбас тұлға. Бұл тұста жазушы, ғалым, драматург, аудармашы, қоғам қайраткері, ойшыл Әуезовтің асқан зор күш-жігері біртұтас арнаға құйылып жатыр. Оның ұлылығы да осында.
Мұхтар Әуезовтің артында қалған бай әдеби-ғылыми мұрасы — әдебиетшінің, оның қаламгерлік қарымының ой-арманы мен мақсат-мұратының биік мүдделері туралы сыр шертуге үлкен темірқазық. Жазушы-ғалымның өлмес туындылары ұлы суреткердің жеке басының зиялылығының, асқақ азаматтығының, қаламгердің шығармашылық кызметте де, өмірде де шексіз адал болуының жарқын өнегесі болып қала береді.
Жазушының білім алған оқу орындары мен ғылыми педогогикалық, жазушылық, ғалымдық, қайраткерлік қызметі. Шығармашылық өмірбаяны және қайраткерлік қызметі. 1919 жылы мұғалімдік семинарияны ойдағыдай бітіріп, Семей губерниялық атқару комитетінде ұлттар бөлімінің меңгерушісі, онан соң төрағасы болып қызмет істейді. Алғашқы көркем әңгімесі – «Қорғансыздың күні» 1921 жылы жарияланады. М.Әуезов 1922 жылы Орынборда, Қазақ Орталық атқару Комитетінде жауапты қызметте болды. Бұдан соң Ташкентке келіп, қызметке орналасады, әрі Орта Азия мемлекеттік университетінде оқиды. Мұхтар Әуезовтің бірталай әнгімелері 1922-1923-жылдарда Ташкент қаласында шығып тұрған «Сана», «Шолпан» журналдарында басылған («Кешкі дөң басында», «Түнгі ауыл», «Қысты күнгі дала», «Қысқы түн», «Сыбанның моласында», «Сөніп жану» т. б.).
«Адамдық негізі – әйел» (1917), «Мәдениетке қай кәсіп жуық», «Оқу әдісі», «Ғылым тілі» (1918) секілді мақалаларында ол оқу-ағартудың, мәдениеттің маңызды мәселелерін көтереді. Мұхтардың 1923 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінде қырғыз эпосы «Манас» туралы жасаған баяндамасы ғылыми қауымның назарын аударады.
1923 жылы М.Әуезов Ленинград университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Еліміздегі ең атақты жоғары оқу орындарының бірінде сабақ алу, аса көрнекті ғалымдардың дәрістерін тыңдау оның білім өрісін ерекше өсіреді. Семей губерниялық атқару комитетінің шақыруымен Мұхтар Әуезов 1924 жылы еліне оралып, қазақ педагогикалық техникумында сабақ береді. Ол осы жылы орыс географиялық қоғамының Семей бөлімшесіне толық мүше болып өтеді, көп ұзамай бөлімше төрағасының орынбасарлығына сайланады. 1924 жылдың қысында М.Әуезовтің басқаруымен Семейде Абайдың қайтыс болғанына жиырма жыл толуына арналған ғылыми жиналыс өткізіледі. Онық көркем прозадағы бір топ туындысы да осы кезең жемісі («Жетім», «Барымта», «Ескілік көлеңкесінде», «Жуандық» т. б.). Драматургия, аударма, сын-зерттеу еңбектері де қатарласа туып жатады. Бұған 1923 жылы жазылған «Бәйбіше – тоқал» драмасы мен «Қобыланды батыр», «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты зерттеулері, «Жердің жаратылысы жайындағы әңгімелер» деген аудармасы мысал бола алады.
М.Әуезов осы кезде ел арасынан, құйма құлақ қариялардан ауыз әдебиеті нұсқаларын, ең маңыздысы – данышпан ақын Абайдың өлеңдерін үздіксіз жинап, жазып алып, жариялап отырды.
1925 жылы М.Әуезов Ленинград университетіне қайта келіп, үзілген оқуын жалғайды, оны 1928 жылы бітіріп шығады. Ленинградта оқыған кезінде М.Әуезов білімін жан-жақты кеңейтіп, тереңдетумен бірге жазушылық жұмыстарын да қатар жүргізді. Оның ендігі шығармаларында ескі қазақ ауылындағы таптық кайшылықтар мен күрестер сырын көрсету өткірлене түседі. «Қарагөз» трагедиясында Мұхтар бұрынғы казақ қоғамындағы әлеуметтік теңсіздікті, жастар басындағы еріксіздікті тамаша суреттеді. «Қараш-Қараш оқиғасы» (1927), «Қилы заман» (1928) повестерінде ел өміріндегі күрделі мәселелерді көтерді.
1928 жылы Ленииград университетін бітірген М.Әуезов Ташкентке келіп, орман техникумында әдебиеттен сабақ береді, 1929 жылы Орта Азия мемлекеттік университеті түркология кафедрасына аспирантураға түсіп, онда 1930 жылдың октябріне дейін болады.
Отызыншы жылдар – М.Әуезовтің түрлі жанрда еңбек еткен тұсы. Бұл кезде ол ғылыми-зерттеушілік жұмысын оқытушылықпен берік ұштастырады, орта және жоғарғы оқу орындарының студенттеріне арнап оқулықтар жазуға, хрестоматиялар құрастыруға қатысты.
Ауыз әдебиетін зерттеуді Мұхтар Әуезов шығармашылық мақсатта да жүргізген. 1934 жылы жазылған «Айман – Шолпан», одан біраз кейінірек туған «Қарақыпшақ Қобыланды», «Бекет» пьесалары – осындай игілікті ізденістердің нәтижесі. Абайдың әдеби мұрасын ұзақ тексеру «Абай» пьесасын жазуға әкелді. Мұның өзі жазушының әрқашан ғылыми және көркем творчествоны қатар алып жүргенін, бұл күрделі шығарма жасаудың белгілі бір шартына айналғанын көрсетеді.
М.Әуезовтің отызыншы жылдардағы шығармашылығынан қазіргі заман тақырыбына жазылған еңбектері елеулі орын алады. Колхозды ауылдың жағдайын аралап көру, сана мен салттағы өзгерістердің сырына көз жіберу жазушыны жаңа ауыл өмірінен шығармалар жасауға шабыттандырды. «Білекке білек», «Үш күн» (1934), «Іздер», «Шатқалаң» (1935), «Бүркітші» (1937) атты әнгімелері сондай туындылар.
Замана шындығын драмалық шығармаларда көрсетуге де М.Әуезов бұл тұста белсене кірісті. «Октябрь үшін» (1933), «Түнгі сарын», «Тартыс (1934), «Тастүлек» (1935), «Алма бағында» (1937), «Шекарада» (1938) тәрізді пьесаларда революциялық дәуір мен социалистік құрылыс жылдарының оқиғалары қамтылды.
М.Әуезовтің ең жақсы аудармалары да соғысқа дейінгі бесжылдықтар кезінде жасалды. Ол аударған Шекспирдің «Отеллосы», Гогольдің «Ревизоры», Погодиннің «Аксүйектері», Треневтің «Любовь Яроваясы» казақ көркем мәдениетінің төл туындысындай жатық шықты. Кейінірек бұл аудармалар катарына Шекспирдің «Асауға тұсауы», Тургеневтің «Дворян ұясы» қосылды.
40-50-жылдар жазушының таланты жан-жақты кемелденіп, ең үздік шығармаларын берген кезі. М.Әуезовтің бұл мезгілдегі басты табысы – төрт кітаптан тұратын «Абай жолы» (1942-1956) роман-эпопеясы. Соныммен қатар суреткер қаламынан осы кезеңде көптеген очерктер, әңгімелер, повестер туды («Асыл нәсілдер», «Түркістан солай туған» т. б.).
Елуінші жылдардың соңғы тұсында М.Әуезов осы заман тақырыбына бірнеше роман жазуды көздеп, үлкен жоспар жасайды. Осы мақсатпен ол қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Алғабас, Созақ, Түркістан, Мақтарал аудандарын аралап, халықтың тұрмыс тіршілігімен, мәдениет жағдайымен танысты, малшылыр, мақташылар өмірінен бірнеше очерктер жариялады. Өкінішке қарай, суреткер өзінің алдына қойған ұлы ниетін толық жүзеге асырып үлгермеді, төрт кітапқа мөлшерленген романның бірінші бөлімін ғана жазып қалдырды, ол шығарма «Өскен өркен» деген атпен жазушы қайтыс болғаннан кейін ғана басылып шықты.
М.Әуезов 1932-1934 жылдарда Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтында, 1934 жылдан өмірінің соңына дейін С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) қазақ әдебиетінен лекция оқыды. 1951-1953 жылдарда М.Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университеті КСРО халықтары әдебиеті кафедрасының профессоры болды.
Жазушыға «Абай» романы үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығы, ал төрт кітаптан тұратын «А6ай жолы» роман-эпопеясы үшін Лениндік сыйлық берілді. Ол Қазақ ССР Ғылым академиясының толық мүшесі болды (1946). Ғылымды дамытудағы көп жылдық ұланғайыр қызметі үшін ол«Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері» деген кұрметті атақты иеленді.М.Әуезов көптеген қоғамдық қызмет атқарды. Ол екі рет Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты (1955, 1959) болып сайланды. Совет Одағының Бейбітшілік қорғау комитетінің мүшесі ретінде ол халықаралық конфереренцияларға қатысып, өзінің жалынды, шыншыл сөзімен жер жүзінде баянды бейбітшілік орнату, әлемдегі прогресшіл күштердің ынтымағын арттыру үшін қызу ат салысты.
Бүкіл саналы өмірі мен дарын қуатын, қайрат жігерін туған халқына, ұлы Отанына қалтқысыз қызмет етуге арнаған, өзі өмір сүрген кезеңдегі социалистік реализм әдебиетін асыл шығармаларымен байытқан аса көрнекті жазушы, ғалым, қоғам қайраткері М.Әуезов артына өшпес мұра қалдырды. Ол 1961 жылы 27 маусым күні Москва қаласында қайтыс болды.
М.Әуезовтің "Өз жайымнан мағлұмат" автобиографиясындағы тарихи деректер. Заманымыздың заңғар жазушысы, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің XX ғасырдағы биік шыңы – ұлы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің артында қалған ұланғайыр мұрасын зерделеп, ой елегінен өткізу үшін де әр дәуірдің, әр ұрпақтың өз айтар сөзі, таным-түсінігі болатыны сөзсіз. Егемен ел жағдайында ұлы жазушы мұрасына деген ілтипатымыз да осындай бір ұмтылыстың көрінісі болмақ. Ғасырлар бойы көшпелі тіршілікті бастан кешіріп, XIX ғасырдың бел ортасында жол айырығына келген қазақ өмірінің барлық әрі мен нәрін, сыны мен сырын, соры мен бағын теңдессіз тарихи тұлға Абай тағдыры арқылы әрі көркем, әрі түпсіз ой көзімен ашып берген суреткер туралы талай-талай ізденістер жалғаса бермек. Олай болатыны М.Әуезов шығармашылығы ғасырлық өлшемдердің аясына әлдеқашан-ақ именбей енгеніне күн өткен сайын көзіміз жетіп келеді.
Ұлы жазушы, ғалым, қоғам қайраткері М.Әуезовтің көркем мұрасы біздің төл әдебиетіміздің ғана емес, бүкіл адамзат мәдениетінің де бағалы жетістігі екені тарихи шындық. Оның шығармашылық карымы ауқымды да бай. Романшы, драматург, әдебиетші ғалым, аудармашы – бұл ұлы қаламгер дарынның толық емес тізімі. Оның Абай туралы жазған эпопеясы мен асқан шеберлікпен жазылған шағын әңгімелері, повестері ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің және әлем әдебиетінің алтын қорына мәңгілік енді.
Қазақ халқының мәдени, әдеби даму тарихында жазушы, драмашы, публицист, зерттеуші, аудармашы әрі аса ірі қоғам қайраткері Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің алатын орны ерекше. М.Әуезов – ауыз әдебиеті мен классикалық әдебиеттің, батыс пен шығыс көркем сөз мұрасының озық дәстүрін жете меңгеріп, қазіргі дәуірдегі қазақ әдебиетінің реалистік сапасын арттыруға, әдеби тілді байытуға ересен зор еңбек сіңірген ХХ ғасырдың ұлы жазушысы. Шығармашылық сапары өткен ғасырдың алғашқы жылдарындағы дауылды дүрбелеңімен, яғни қазан төңкерісімен тұстас келген суреткер 20-жылдардың бас кезінде жазылған «Қорғансыздың күнінен» «Абай жолы» роман-эпопеясына, «Еңлік-Кебек» трагедиясынан «Қарақыпшақ Қобыландыға», отызыншы жылдардағы әңгімесі – «Білекке білектен» - «Өскен өркен» романына, эпос, әдебиет тарихы туралы мақалаларынан КСРО халықтары әдебиетіндегі дәстүр мен жаңашылдық, ұлттық және интернационалистік сипат мәселелеріне арналған терең теориялық зерттеулеріне дейін ұзақ та жемісті жол кешті. Оның бүкіл қазақ әдебиетінің асқақ тұрған күмбезіндей «Абай жолы» роман-эпопеясы әлемдік даңққа ие болды. М.Әуезовтің таңдаулы шығармалары осы заман әдебиетінің жер жүзілік көлемде танылған жаңашылдығын зор қуатпен дәлелдеді.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет