Лекция мақсаты мен міндеті: Философияның қоғамдағы алатын рөлін түсіндіру


-Лекция. Тақырыбы: Адам философиясы. Өмір және өлім. Өмірдің мәні



бет20/36
Дата14.10.2023
өлшемі0,72 Mb.
#115094
түріЛекция
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   36
7 -Лекция. Тақырыбы: Адам философиясы. Өмір және өлім. Өмірдің мәні.
Лекция жоспары:
1. Адам ұғымының мәні.
2. Философия тарихындағы адам мәселесі.
3. Өмірдің онтологиялық және аксиологиялық мазмұны
4. Өмірдің мәні. Өмірдің мәнін іздеу
Лекция мақсаты: Адам ұғымының мәнін ашу. Философия тарихындағы адам мәселесін талқылау.Адам болмысының категориялары (бақыт, сенім, өмір және өлім). талдау.
Лекция мәтіні:
Адам болмысы философиядағы басты проблемалардың бірі болып табылады. Адамның табиғаты, мәні, бағыт-бағдары философиядағы антропологиялық мәселелердің өзектілігін және ерекшелігін анықтайды. Адамның философиялық концепциясы ғылымдардың жалпы философияның негізі ретінде көрініс бере отырып, еңбек, сана, ұжымдылық деген сияқты адамның тектік мәнінің негізгі формаларын талдайды. Мұнда антропосоциогенез процесінде сананы, сонымен бірге заттық- практикалық қызметті қалыптастыратын негізгі факторлар болып табылатын тіл мен еңбектің роліне көп көңіл бөлінеді. Адамның тіршілігін үйлестіруге, оның құндылығы мен мәнін анықтауға деген ұмтылыстар идеалды адам концепцияларында жүзеге асырылып, философияда гуманистік дәстүрді тудырды. Адамның индивидуалды тіршілігінің ақыры, өмірі, өлім және өміршеңдік /бессмертия/ мәселелері, «өлуге құқылы» / Эвтаназия/ мәселесі, адам өмірінің әлеуметтік және биологиялық және әлеуметтік жалғастығы сияқты философиялық гуманизмнің классикалық мәселелері қазіргі заманымызда да актуальды. Бірыңғай әлемдік қауымдастықты қалыптастырып, дамыту сияқты интеграциялық процестер қазіргі заманда адамзат тағдырын ғаламдық тұрғыдан қарастыруды біргейлі идеясын адам мен адамзаттың бір-біріне өзара қарым-қатынасының философиялық негіз етіп алады. Адам туралы алғашқы идеялар философия пайда болғаннан көп уақыт бұрын айтыла бастады. Бұл туралы біздің заманымызға жеткен мифтер мен алғашқы қауымдық діни түсініктер мәлімет берді. Адамды философиялық тұрғыда түсінудің іргетасы осы қалыптасқан түсініктер, идеялар, образдар мен ұғымдар негізінде және қалыптаса бастаған философия мен мифология арасындағы сұхбат нәтижесінде қаланды. Дәл осылайша адам туралы алғашқы ілімдер ежелгі Шығыс мемлекеттерінде пайда болды.
Ежелгі Үнді философиясында адам әлемдік жанның бөлігі ретінде пайымдалады. Жанның көшуі туралы ілімде тірі жандар (өсімдіктер, жануарлар, адамдар) мен құдайлар арасындағы шекара шартты және өтпелі. Буддизм философиясы өзінің алдына адамды қиналу азабынан құтқаруды мақсат етіп қойды. Егер бұған дейінгі брахманизм деп аталатын деп аталатын діни- философиялық ілім адамның азап шегуін бұрынғы күнәсі үшін тартатын жазасы, одан құтылудың жалғыз жолы – құдайға құлшылық етіп, табына беру десе, буддизм керісінше , өмірдің өзі азап шегуден тұрады, бұл дүниеде одан адамды азат ету құдайлардың қолынан келмейді, азаптан құтылудың бір ғана жолы бар, ол адамның өзіне байланысты: сансардан кету деп санады. Мұның мәні: бұл дүниенің өткіншілігін сезіну, сол арқылы тіршілік қамын ұмыту, нәпсіні тежеу арқылы болып жатқан істер мен құбылыстарға немқұрайды қарап, бейтарап күйге түсу. Бұны «нирвана» деп атайды. Нирванаға жеткен адам, бұл о дүние мен осы дүниенің айырмашылығын сезіп-аңғарудан қалған адам. Адамды азаптан құтқарудың бұл жолы дұрыс па бұрыс па оны мәселе қылып отырған жоқ, тек буддизм философиясының адам мәселесін ең жоғары биікке көтеріп, өзін түгелдей соған арнағаны жайында болып отыр.
Философияның негізгі зерттеу нысандарының бірі адам екені көне заманнан белгілі. Адам мәселесі – философияда толық шешімін таппаған іргелі тақырып. Ертедегі ойшылдардың адам жөніндегі, оның дүниедегі атқаратын қызметі мен алатын орны жайлы ой-толғауларына тоқталып көрейікші. Грек ойшылы Протагор: «Барлық заттың өлшемі-адам» деген қанатты сөзін тілге тиек етсе, Көне Қытай философы Лао Цзы: «Басқаларды білетін адам-ақылды, өзін танып білген адам – данышпан»,- депті. Үнді философиясының, буддизм ілімі өзінің алдына адамды қиналу азабынан құтқаруды мақсат етіп қояды. Ал қазақтың ұлы данышпаны Абай: «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» атты қанатты сөз қалдырған. Адам мәселесі және оның тарихи дамуы, философиялық тұжырымдар мен толғамдар қазақ ойшылдарын да бей-жай қалдырған емес. Адамды философиялық тұрғыдан түсінудің іргетасы осы қалыптасқан түсініктер, идеялар образдар мен ұғымдар негізінде, философия мен мифология арасындағы сұхбат нәтижесінде қаланды. Абай заманынан алыс кетсек те, даналық ойларын санамызға сіңіре отырып, оның рухани әлеміне жақындай береміз. Хәкім Абай өзінің азаматтық көзқарасын, халқының өмірін, болмыс тіршілігін, қара сөздері арқылы паш етті.
Адамдардың ғұмыр бойы ақыл-ойдың толысу дәрежесене жете де алмай қалуы қажап емес. Өйткені ақыл-ой практикалық қызметпен байланысты бола отырып, әрбір адамның дүниеге кең пейілмен,адал жүрекпен, ыстық сезіммен қарауды, адамзаттың тағдырына, қоғамның дамуына барынша назар аударып, соған атсалысып, үлес қосуды талап етеді. Ендеше ақыл-ой әрбір адамды, жеке индивитті қоғам өмірінің қайнаған мыс қазанына қарай жетелейді. Сол қазанның қайнауынан өткен индивид қана ақылға ие болып, қоғамдық өмірдің мәнін түсіне алады. «Практикалық мақсаттар көздеген күшті ақыл-жер бетіндегі ең жақсы ақыл» - деген болатын И.Гете. Ал, Л. Толстой болса «Адамды билейтін де, илейтін де – орта» депті. Олай болса, сол ортаның өзіне, яғни адамның ақылына сыйымсыз болған, нашар қоғамға қөңіл аудару, оны ақылды турде өзгертіп, адамның ойын, санасын азғындықтан, топастықтан тазарту өте күрделі мәселе екендігі рас.
Ақыл-ой халықтың, әрбір ұлттың рухымен тығыз байланысты. «Ақыл-ой дегеніміз-рух» деген Гегельдің тұжырымы бар. Сондықтан да, Гегельдің ойынша, рух –ақиқаттың тікелей өзі болғандықтан, ол- адамдардың адамгершілік өмірі, соның айнасы. Алдымен өмір-жеке индивиттің, адамның өмірі. Ақыл-ой адамның мәнімен байланысты. Ол адамның бойындағы білімі, санасы, ыстық сезімімен бірге, оның адамдық қасиеті арқылы да бағаланады.
Адамгершілік қасиет адамзат қоғамының даму тарихы арқылы қалыптасып, әрбір дәуірдің өзіндік қайшылықтарымен бірге қайнасып, жетіледі. Сондықтан да, адамгершіліктің мәнін абстрактылы түрде қарап, оны адамдардың табиғатымен, биологиялық ерекшеліктермен ғана байланыстыруға болмайды.
Адамның адамгершілігі – оның ең жоғары қасиеті былайша айтсақ, кісілігі. Оның негізгі белгілерінің бірі - өзі үшін ғана емес, елі, қоғамы үшін өмір сүру, адамдық ар-намысты ардақтау, әр уақытта жақсылық жасауға ұмтылуы, соған дайын болуы. «Өзің үшін еңбек қылсаң, - дейді Абай,- өзі үшін ортаға хайуанның бірі боласың. Досыңа достық - қарыз іс, дұшпаныңа әділ бол» ақылды, мейірімді адамды кез келген уақытта өзінің жақсылығын бағалағыш болып келеді. Арлы адам- ардақты. Біздің өткен тарихымыз – біздің арымыз. Арымыз таза болса, тарихымызда таза.
Жаңа заман ойшылдары адамға мынадай анықтама береді: «Адам-ақыл иесі», «Адам-сана иесі», «Адам-мораль және бостандық иесі». Ақыл, сана және бостандық адамның адамдық жігерлілігінің абстрактылы сипат-тамасы. Олардың негізі заттық-материалдық іс-әрекетте, міндеттерде болуы керек. Адамдар өзін қалайша аңнан ажыратқан? Маркстің сипаттауы бойынша адамдар аңнан санасына, дініне, жалпы басқа да сапасына қарай ажыратылады. Олар өздерінің өміріне қажетті заттарды шығарысымен-ақ өздерін аңдардан ажырата бастайды. Өмірлік қажет-тілікті шығара бастап-ақ, адамдар жанама түрде өздерінің материалдық өмірін туғызады. Материалдық өмірді жасау өндіріссіз мүмкін емес. Өндіріс, шексіз қайталанып отыратын еңбек процесі бар жерде адам-дардың әлеуметтік, мәдени бірлігі - қоғам бар.
Еңбек арқылы пайда болған тіл ойлау мен сөйлеуді тудырды. Тілдің негізінде сөз жасалады. Сөз арқылы, сөйлеудің нәтижесінде адамдардың өзара қатынасы жоғары тиімділікке ие болады. Адамдар тіл арқылы өздерінің сезімдік қабылдау процесінен шығып, обьективті дүниені түсінуге, оның мәнін ұғынуға ұмтылады. Тіл арқылы тез өзара ұғынысу процесі ғана емес, сонымен бірге басқаның да ойын қабылдау, өзіндік жеке түсінікті жеткізу мүмкіндігі пайда болады. Сөйтіп, адамдардың күнделікті, өте күрделі ақпараттық хабарларды қабылдай отырып талдап, қорытынды шығаруына жағдай туады.
Тілдің материалдық негізі адамда қоршаған дүниеде. Адамдардың табиғаттан білініп шығуы да тілдік пайда болуына байланысты.
Адам жаратылысынан іс-әрекет етуші, оның барлық ерекше қасиеттері еңбектің нәтижесінде, тарихи дамумен қалыптасқан. Бұл жағынан адам еңбеккке қарыздар. Еңбек адамның қажеттілігін жай қанағаттандырып қана қоймайды, оны ардақты етеді. “Көптеген заттарды пайдалану үшін, - дейді Маркс, - адам оларды пайдалануға қабілетті болуы керек”.
Бір-бірінен, еңбек құралынан, білімінен және дағдыдан ажыратылған адам, яғни қоғам мен табиғаттан аластатылған адам аңға айналды. Себебі өмір сүрудің адамдық ерекше тәсілі – еңбек. Ол өзінің пайда болуынан бастап біріккен ұжымдық іс-әрекет сипатында болады.
Жеке адамның қоғамда өмір сүре отырып жететін сапасы нәтижесінде олардың өндірісте, қоғамдық еңбекте қалыптасатын күрделі және көпсалалы қатынастары анықталады. Даңқ, ақыл, байлық, тартымдылық және дарын – бәрі де адамның сапасы. Бұлардыңі әрқайсысы шын мәнісінде мазмұнды, себебі бір адамның осы қасиеттері қоғамнан ажыратылса, оның жеке сапасы затпен қамтамасыз етлімеген ақшаның сатып алу қабілетіндей ғана болып қалады.
Адамның сапасы мынадай сипаттарда көрінеді: олар құралдың көмегі-мен құрал жасайды және оны материалдық игіліктерді жасауға пайда-ланады; қайырымдылық пен ашудың қарама-қайшылығын түсінеді; тарихи дамыған қажеттілік пен еңбек дағдысын бойына сіңіре біледі; қоғамнан тыс қалыптаспайды және өмір сүрмейді; олардың жеке сапасы және тұрқы қандай да бір болсын обьективтік қатынастың түріне жауап беретін қоғамдық мазмұнда болады: қызметі, іс-әрекеті саналы-еріктік қоғамдық мазмұнда болады: қызметі, іс-әрекеті саналы-еріктік сипатта болады, соның нәтижесінде өзін танытатын ерекшелігі, қабілеті, ар-ұяты және сапалы түрдегі жауапкершілігі болды.
Адамның таптық қоғамға дейін-ақ қалыптасқан, бәріне тән, жалпы әлемдік сапалық негізі осылар. Бұлар барлық әлеуметтік және мәдени құндылықтардан да бұрын қалыптасқан сапалардың ежелгісі әрі негізгісі.
Қоғам пайда болғаннан бері адам мен қоғамның арақатынасы күн тәртібіндегі күрделі мәселенің біріне айналды. Адамның қоғамға тәуелді екендігін ешкімнің күмәні жоқ. Адам қоғамсыз өмір сүре алмайды.
Адамның қоғамдағы іс-әрекеті әр түрлі әлеуметтік бірліктер арқылы іске асырылады. Олар: әлеуметтік топтар, әлеуметтік институттар, әлеуметтік ұйымдар және қоғамда қалыптасқан нормалар мен құндылықтар жүйесі. Соның нәтижесінде адам көптеген әлеуметтік жүйеге енеді, демек күрделі құрылымдық жүйеде болады.
Адам туралы айтқанда нақтылы жеке адам туралы айтылады. Сонымен қатар адам туралы ұғымда басқа да көптеген өзара жақын түсініктер бар:”адам”, “индивид” (“жеке адам”). Жай айтқанда бұл ұғымдар бір мағына береді, ал ғылымда олардың әр түрлі түсініктері бар.
Индивид – жеке адам ұғымы белгілі бір әлеуметтік бірліктің жеке өкілі ретіндегі адамды білдіреді. Бұл ұғым сол қоғамның маңызды белгілерін көрсететін болғандықтан әрбір адамға қолданыла береді, жеке адам адамның айқын мәнін көрсетеді. Жеке адамдағы басты нәрсе – оның әлеуметтік сапасы. Сондықтан жеке адам деген ұғымға ие болу үшін ол адам әлеуметтік сападағы қызметпен айналысуы керек. Белсенді, саналы іс арқасында индивид (жеке адам) бірте-бірте жеке тұлғаға (личность) айналады. Сөйтіп, оның әлеуметтік сапасы анықталады.
Кез-келген адамның ерекше биологиялық және психологиялық сипаты болады. Ол оның тәртібін анықтамайды, жекелік, даралық сипат береді. Адамның тумысынан физиологиялық құрылымы болады, яғни ол – биологиялық организм. Сондықтан кез келген адамның жеке биологиялық сипаты: жүйке жүйесі, зат алмасуы, ұмтылысы (аштық, құмарлық, т.б.), дене құрылысының пісіп-жетілу, даму ерекшелігі болады. Сонымен қатар адамның тумысынан қалыптасқан психологиялық сапалары да бар: ерік, мінез-құлық, ойлау, бақылау, сенім, қабілет, құштарлық, темперамент, т.б. бұдан біз тумысынан табиғаттың адамға көп нәрсені бергенін көреміз. Осылардың бәрі адамның адамдық сапасын қаншалықты анықтайтынын айту қиын, бірақ олар оған , сөз жоқ, әсер етеді.
Адам тумысынан бүкіл адамзаттық сапаларға ие болып тумайды, биоло-гиялық құрылым болып туады. Адам болып әлеуметтенілу (социализация) барысында қалыптасады. Кең көлемде алғанда, адамдық мәдениетті қабылдау барысында адамның табиғатында мәдениетті қабылдайтын, қоғамға ене алатын әлеуметтік сапа қалыптасады. Бұл қабілет адам қоғамда өмір сүрсе ғана дамиды, ал қоғамнан тыс өмір сүрсе (мысалы, аңдардың арасында) бұл жойылады, дамымайды. Адам адам болып әлеуметтеңілу барысында тәрбиеге көне ме? Табиғатынан сапасы төмен не жоғары адам бола ма? Адамның іс-әрекетін анықтауда тұқым қуалаушылық немесе орта маңызды ма? Бұл сұрақтарға әлеуметтенілу жауап береді, ол адамды биологиялық сападан алып шығады.
Адамның адам болып қалыптасуына шешуші әсер ететін жағдай бір-ліктегі ұсақ әлеуметтік топтар (отбасы, достары, мектеп және еңбек ұжымы, т.б.). Адамға табиғат тумысынан бірсыпыра қабілеттерді берсе де, адам организмі адамдық мазмұнды әлеуметтенілу арқылы қабылдайды. әлеуметтеңілу процесі барысында тәрбие беретін топтар (отбасы,достар, мектеп) адамда мәдени құндылық жүйесін қалыптастырады. Адам дүние жөнінде неше-түрлі ұғымдар мен бейнелерді тудырып, солар арқылы кеңістік пен уақыттың шектеуінен ой арқылы шығып кету дәрежесіне көтеріледі. Ол заттар мен құбылыстардың ішкі сырын аша алатын пенде. Ол неше-түрлі рухани құндылықтарды басшылыққа алып өмір сүреді, сонымен қатар, оларды жойып, тіпті өзін жойып жіберетін кездер де болады. Ең соңында, адам өз-өзін бақылап, баға беріп, өзімен өмір мен өлім жөнінде сұхбаттаса алатын пенде. Егер жануарлар өз табиғатына сай өмір сүрсе, адам алдында «мен неге дүниеге келдім?», «не үшін өмір сүруім керек?», «қалай өмір сүруім керек?»,- деген т.с.с. сұрақтар пайда болады. Оның себебі жоғарыда көрсетілген адамның ішкі рухани өмірінде жатыр. Міне, бұл қойылған сұрақтар адам өмірінің мән-мағнасын анықтауға итереді.
Адам өмірінің мән-мағынасы ғасырлар бойы талданып келе жатқан мәселе. Өмір өзгерген сайын болашақта да бұл мәселе талай рет көтерілетіні сөзсіз. Яғни, бұл адамзаттың өзіне қойған “мәңгілік” сұрақтарының біреуіне жатады. Орыстың ұлы ойшылы Л.Н.Толстой «адамның ішінде екі «мен» бар сияқты және олар бір-бірімен сыйыспай күресіп жатқан сияқты»,- дейді. Бір «мен»: «мен ғана нағыз өмір сүріп жатырмын, қалғандардың бәрі өмір сүріп жатқан сияқты ғана, сондықтан, бүкіл дүниенің мән-мағнасы маған деген жақсылықтың болуында» - дейді. Екінші «мен»: «Бүкіл Дүние саған емес, өз мақсаттарына, сондықтан, саған бұл өмірде жақсы ма әлде жаман ба, ол оны білгісі де келмейді»,- дейді. Бұл өмір сүруге қорқыныш сезімін әкеледі»,- деп қорытады ұлы ойшыл. Әрине, адамның ішкі өмірі неше - түрлі қайшылықтардан тұрады. Біршама жағдайда біз тек ақыл-оймен ғана емес, инстинктер, интуиция арқылы бір нәрселерді (жақсы, я жаман болсын) жасауымыз ғажап емес…
Адам өз өмірінде, басқа тіршіліктер сияқты, әр-түрлі қажеттіктерін өтейді. Жалғыз ғана дәулетке жету адамды қанағаттандырып, оның өмірінің мән-мағнасын құрай алмайды. Оның сыртында талай рухқа негізделген адамның қажеттіктері тұр. Уақытында американ ғалымы А.Маслоу адам қажеттіктерінің төменнен жоғары көтерілетін тізбесін жасаған болатын. Ең төменгі - іргетасты физиологиялық (тамақтану, тыныс алу, қозғалу, киім, баспана т.с.с.) жыныстық (дүниеге ұрпақ әкелу) қажеттіктер. Екінші – экзистенциалдық қажеттіктер (қауыпсіздік, ертеңгі күнге деген сенімдік, өмір сүру жағдайларының және қарым-қатынасқа түсетін қоршаған адамдардың тұрақтығы т.с.с.). Үшінші - әлеуметтік қажеттіктер ( басқа адамдармен бірігіп, қарым-қатынасқа түсіп, солардың сый-сияпатына ие болу). Төртінші - престиждік, яғни, беделді басқалардың назарына ілігу, еңбек сатыларымен жоғарылау, жоғары тұлғалық бағаға ие болу т.с.с. Бесінші – рухани қажеттіктер - шығармашылық арқылы өз мүмкіндігіңді өмірге еңгізу, іске асыру.
А.Маслоудың ойынша, төменгі қажеттіктер өтелмейінше жоғарғылар әлі де болса адамға қызықты емес. Өтелген қажеттіктер өз күшін жойып, адамды жоғарғы қажеттіктерді игеруге итермелейді. Егер де төменгі қажеттіктерді өтеу - қоғамның даму деңгейіне байланысты - қиын мәселеге айналса, ол адам өмірінің негізгі мән-мағнасына айналуы мүмкін. Бүгінгі таңда қаншама адам “нан табу” мәселесінің шеңберінен шыға алмай жүр?! Оны тарихи қалыптасқан қоғам өмірінің кемшілігі ретінде қарау жөн болар.
Сонымен, өмірдің ең биік мән-мағнасы – шығармашылық сатыға көтеріліп, өз қабілеттеріңді іске асыру, соның арқасында өз тұлғаңның ерекше орнын анықтап, қанағаттану болмақ. Ондай адамға тән нәрселер:
  1. өмірдің әрбір күнін теңдесі жоқ сый ретінде қуанышты сезіммен қабылдау;


  2. басқаларды өзіңді сияқты бағалап қабылдау;


  3. басқаларға тәуелді болмау, әр мәселе бойынша өз пікіріңді көрсете білу, өзгелердің пікірін де қабылдап сыйлау;


  4. өз таңдаған ісіңді сүю, шығармашылық деңгейінде игеру;


  5. бойындағы өз қабілеттеріңді әрі қарай дамытуға тырысу;


  6. мақсат-мұратқа жететін құралдарды таңдау, жақсылық пен жамандықты, сұлулық пен түрсіздікті айыра білу;


7. қай жерде болмасын өзіңді қарапайым күндегідей ұстай білу; т.с.с.


Адам өмірінің мән-мағынасы жөнінде арнайы еңбек жазып құнды пікірлер айтқан ХХ ғ. өмір сүрген австрияның ұлы ойшылы В.Франкл болды. Ол бүгінгі адамның өмір ақуалына тоқтала келе оның қиындығы жөнінде сыр шертеді. Бүгінгі адам жануарлар сияқты инстинкттің, кешегі қоғамдағы сияқты әдет-ғұрыптың талабына сай өмір сүре алмайды. Сондықтан, ол басқалар сияқты болғысы келеді (конформизм), я болмаса, басқалардың айтқанын істейді (тоталитаризм). Ол оның рухани дағдарыста екенін, өмірдің мән-мағнасын әлі таба алмағанын көрсетеді. Нәтижесінде, адам “экзистенциалдық вакуумға” (өмір сүрудегі мәнсіздікке) келіп тіреледі. Ондай адам әлеуметтік аномияға (ауытқуға) ұшырауы мүмкін. Олар: нашақорлық, ішімдікке салыну, қылмыстыққа бару, құдай іздеу жолына түсу, өз-өзін өлтіру (суицид) т.с.с. Батыс қоғамында кең тараған жалған көзқарас ретінде В.Франкл өмір мәнін байлықтан іздеуді келтіреді. Мысалы, әке-шешесі өз баласына барлық жағдай жасап, не қалағанын алып береді де, оның алдындағы өз борышын орындағандай сезінеді. Ал ол баланың ішкі жан-дүниесі қандай, ол кім болғысы келеді, нені қиялдайды т.с.с. – оған көңіл бөлуге олардың қолдары да тимейді. Ақырында, киімі көк, тамағы тоқ бала көзді ашып-жұмғанша ересектік сатыға келеді. Балалық қиялдарының бәрі артта, ерекше тұлғалық дәрежеге көтерілген жоқ, өмірден өз орнын таба алмай қалды. Не істеу керек? – бұл сұраққа ол жауап бере алмайды. Бұл қиын ақуал кездейсоқ біреудің нашаны ұсынуымен аяқталады. Ол оны қабылдап - өз армандарын орындаған сияқты тәтті сезімге шомылады…
Әңгіменің қиындығы - өмірдің мән-мағынасын тудыру, жасауға болмайды, оны тұлға өзі іздеп тауып алуы керек. Бұл дүниеде өмірге келген әр адамның өз орны бар, сондықтан, әр адам өмірінің мән- мағнасы өзгеше. В.Франклдің айтуынша, бұл өмірде әр адамға өзіне керек іс тауып, қайсыбір ақуалдың шеңберінде өмірлік мән-мағнаны ашуға болады. Біреу өмірінің мән мағнасын балаларын жеткізуден, екінші – табиғи дарынын ашудан, үшінші – сүйген адамы үшін өмір сүруден т.с.с. көруі мүмкін.
В.Франклдің ойынша, жалпылай келе, өмірлік мән-мағнаны үлкен үш топқа бөлуге болады. Оның ең биігі – шығармашылық құндылықтарына жету, яғни, тарихта бұрынғы-соңғы болмаған жаңаны тудыру. Ол үшін, әрине, табиғи дарыннан тыс, сол саланы толығынан игеріп, шыңына жету керек. Ол негізінен элитарлық топтарға тән нәрсе.
Бірақ, кең түрде алғанда, шығармашылық - адамның тектік қасиеті. Сондықтан, әр адам - өзінше шығармашылық сатысына көтеріледі. Мысалы, талай жылдар гүл өсіріп, осы істі сүйетін адам күндердің бір күнінде гүлдің бір жаңа түрін тудырмай қоймайды. Киім тоқыйтын көп балалы әйел журналдағы көп өрнектерді игереді де, күндердің бір күнінде өз өрнегін ойлап шығаруы мүмкін. Бәлкім, ол өрнек модалар журналында басылмас, бірақ, ол шығармашылық деңгейге көтерілді емес пе?! Егер қайсыбір нәрсені бұрынғыдай емес, жаңа жолмен, әдіспен жасасаңыз – ол да шығармашылықтың нышаны болмай ма?
Көп жағдайда өз өміріңнің мән-мағнасын жоғалтып алмас үшін белгілі бір алдыңа қойған мақсатқа жете алмасаң, соған деген көзқарасыңды өзгертсең болғаны. Оны В.Франкл “құндылықтарға деген көзқарас” деген ұғыммен береді. Ондай ақуал қарапайым адамдардың арасында қиын-қыстау заман кезінде жиі кездеседі. Мысалы, құндыздан тігілген қымбат киімді армандап, сол себепті дұрыс ұйықтай алмай, жүйкесі тозып жүрген сұлу бикеш өз көзқарасын өзгертіп, Джина Лолобриджида секілді осы құндылыққа деген өз көзқарасын өзгертсе (аңның терісінен киім кию – соларды өз қолыңмен өлтіргенмен тең), я болмаса, үнді халқының тудырған “еш тіршілікті зәбірлемеу” философиясын қабылдап, басқа материалдан тігілген киім алса – мәселе сол сәтте-ақ шешілер еді.
Адамның өмірінде тіпті ойға келмейтін қиын жағдайлар туып (соғыс, жер сілкінуі, түрмеге түсу, қатерлі ісіктің пайда болуы т.с.с.) қолынан еш нәрсе келмей, тағдырдың тәлтегіне түскен кезде ол өмірінің мән-мағнасын жоғалтып түңілуі мүмкін. Ондай жағдай болмағанның өзінде әр адам өз өмірінің аяғында “қайғылы үштіктен” (зардап, күнә, өлім) өтеді. Осындай жағдайдың өзінде адам өз өмірінің мән-мағнасын жоғалтып алмауы керек,- дейді В.Франкл. Ол “ой-толғау құндылықтарына” көшу керек, сонда зардап шегудің өзінен жан-дүниені тазартатын, көп нәрселерге жаңа баға берілетін мән-мағнаны табуы мүмкін.
Осы араға келгенде біз үлкен экзистенциалдық мәселеге - өлім мен өлместікке келіп тірелдік.
Қайсыбір өмірдің өліммен аяқталатынын әрбір адам біледі. Бұл Дүниеге келгеннен кейін уақыты келгенде кету керек. Ол бізге тәуелді емес, қолымызда тұрған жоқ, ол - табиғи заңдылық. Адамзаттың мыңдаған жылға созылған өмір тәжрибесі бірде-бір өлген адамның тіріліп өмірге қайта келгенін көрсеткен жоқ.
Әсіресе, жақын адамдардың бұл дүниеден кетуі біздің жан-дүниемізде ауыр жаралар қалдырады. Енді біз оларды ешқашан да көре алмай, іштегі сырымызды айтып, бірге қуанып, сонымен бірге қайғы-қасіретімізді бөлісе алмаймыз. Бәрі де өткен шақтың қойнауына кетті. Сол сәтте біз өзімізді де сондай тағдыр күтіп тұрғанын үрейлене аңғарамыз.
Сонымен қатар, біз ақыл-ой таразысына “мәңгілік өмір сүру” мәселесін салсақ, онда оны адамға берілген ең ауыр жаза екенін байқауға болар еді. Өйткені, егер адам шексіз өмір сүре берсе, онда оның еш мән-мағнасы болмай қалады. Шексіз өмір жөніндегі ой өрісі бүгінгі күннің ашынған өзекті мәселелеріне немқұрайлы қарауды тудырып, қоғам өмірі мелшиіп бір орнында тұрып қалар еді.
Мәселеге терең қарағанда, өмірдің мән-мағнасы болуының өзі оның өліммен бітетінінде болса керек. Расында да, біле-білген адамға өмірдің шектелгені әрбір күн мен жылды, минут пен сағатты бағалауға, тиімді жұмсауға итереді. Өйткені, өмірді ешқандай байлыққа сатып алуға болмайды, бірақ, оның бір ғана өлшемі бар – ол “Ұлы мәртебелі Табиғаттың” (я болмаса, егер адам сенімде болса - Құдайдың) әр адамға берген өмір жасы, яғни, уақыты. Бұл дүниеде бір де бір жасалған ұлы нәрсені істеген адамдар, әрине, өз өмірінің шектелгенін біліп, сондықтан, асығып, “соны үлгірсем екен”,- деген ой-үмітпен оларды аяқтады емес пе?! Егер ол мәңгілік өмір сүрсе, сол ұлы істерді бастамас та еді ғой !! Антик дәуіріндегі стоиктер “Өлімді есіңнен шығарма !”,- деген болатын. Оның терең мәні - өз өміріңде әр іс-қимыл, басқа адамдарға деген қатынастар, айтайын деген сөзіңді өмірдің соңындағы сияқты сезінуде. Мұндай өмірлік бағытты ұстау - адам өміріндегі қайсыбір уақиғаны терең сезініп-тебіренуге, мейлінше мазмұнды өмір сүруге әкеледі. Жайшылықты өмірде байқалмайтын кіші-гірім нәрселерге көңіл бөлініп, Дүниенің ғажаптығы айқындалып сезіледі.
Бұл Дүниеде қайсыбір тіршілік формасы – соның ішінде адам да – бір ұрпақты екінші ұрпақпен ауыстырып өз өмірін жалғайды. Табиғаттың “даналығы” осында. Соның арқасында алға өрлеу – даму бар.
Әр адам өлімді адамның жүрегі мен тынысы тоқтап, санасының өшуімен теңейді. Дегенмен де, адамның кейбір жақтары әлі де болса талай күндер тіршілік жасайды. Мысалы, адамның сақал-мұрты, шашы, тырнақтары дене толығынан шіріп біткенінше өсе береді… Егер адамның жүрек қысылымы өсіп, оның миына қан құйылса, ол ешкімді танымай, өзіндік санадан айырылғанмен, талай айлар төсек тартып, тірі болып қала беруі мүмкін. Бірақ, ол тұлғалық қасиеттерден толығынан айырылды. Кейбіреулер ондай адамға “тірі өлік” ( живой труп) деген ат береді…
Уақытында ұлы Платон философия ғылымы бізді абыроймен өлуге үйретеді,- деген болатын. Бұл пікірге толығынан қосылуға болатын сияқты. Кейбіреулер өмірінің жартысын “гүлге қонған көбелек” сияқты өткізіп, қырыққа келіп, ақылы тоқталған кезінде өз алдына өмірлік мақсаттар қойып, оны асыға істей бастайды. Бірақ, көп жағдайда “Ұлы мәртебелі Табиғат” оларды аяқтауға уақыт бермейді. Ондай адам өлер алдында бұлқан-талқан болып, бүкіл ағайын-туғандарын тік тұрғызып, көп жағдайда азапқа салады. Ондай адамға өлер алдында “Әттең-ай!”,- деген өкініш келіп, сол аянышты сезіммен өмірден кетеді.
Екіншілерге өлім үрейін аттап өтуге діни сенім көмектеседі. Олар тәні болмағанмен, жан-дүнием мәңгі өмір сүреді,- деген үмітпен өмірмен қоштасады.
Үшіншілер бұл күйбең өмірде ішіп-жеу, ойын-сауық құру, әр сәттен ләззәт алудан басқа еш нәрсе жоқ,- деген өмірлік бағыт ұстайды. Бірақ, оқтын-оқтын мешітке барып (кім біледі, мүмкін Алла–тағала бар шығар,- деген ой кейбір кезде оның жүрегін сыздатады) садақа беріп, намаз оқытады. Бірақ, бәрібір ол болашақ өлімнің мұздаған лебінен құтыла алмай, жаны түршігеді.
Енді Платонның айтқан философиялық дайындығы бар адамға келсек, ол өз өмірін бүкіл Табиғаттың, Ғарыштың өмірімен байланыстырып, өзін телегей-теңіздегі бір ғана тамшы ретінде сезінеді. Ол оны үлкен тебіреніске әкеліп, өлім өмірдің соңында келетін заңды табиғи үрдіс екеніне көзі жетеді. Ондай адамды өлім үрейлендіре алмайды.
Бесінші адамдар өз тағдырының шеңберінде тырысып бағып өмірдің шаттығын да, зардабын да толығынан басынан өткізіп, бұл өмірде өзіне тән із қалдыру жолында бар күш-қуатын аямай жұмсап, өлім алдына өмірден шаршаған сияқты сезіммен келеді. Ол өз өмірін толығынан аяқтады. Ешқандай өкініш жоқ. Орындалмаған армандар болғанның өзінде, ол оны табиғи заңдылық ретінде түсінеді. Ол – нағыз адам. Ондай адам көп жұрттың есінде мәңгілік қалады.
Соңғы жылдары Батыс университеттері мінбелерінде “аутоназия” (auto - өзім, nazіa - өлім) мәселесі қызу талқылануда. Орыс әдебиетінде бұл терминді өз тілдеріне жақындатып “эвтаназия”,- дейді. Әңгіме адамның өз еркімен қоғамның көмегі арқылы бұл дүниеден кетуі. Яғни, оның “суицидтан”- өзін-өзі өлтіруден айырмашылығы – ол қоғамның рұқсаты және көмегімен өз қалауы бойынша дүниемен қоштасады. Тәндік-сезімдік ләззәт алу өмір бағытын ұстаған Батыс адамы өмірінің соңында да еш зардап шекпей бұл өмірден тәтті ұйқыға шомылып кете барғысы келеді. Енді бұл мәселені біз де талдап көрелік.
Бір қарағанда бұл мәселені Батыс цивилизациясының гуманистік даму жолындағы үлкен жетістіктерінің бірі ретінде қарағың келеді. Расында да, егер адам қатерлі ісікпен (рак) ауырып, қатты зардап шегуде, я болмаса, қартайып, қолынан күш кетіп ешкімге керек болмай қалған т.с.с. жағдайда қоғам ондай адамдарға өз еркімен дүниеден кетуге көмектессе де болатын сияқты.
Бірақ, мұндай көзқарас бүкіл дүниежүзілік діндердегі өмір жөніндегі терең интуицияларға (көкей көзге) қайшы келеді. Бұл Дүниеге келген әр адам Иса пайғамбардың арқалаған ауыр жүгіне мойынсынуы керек. Екіншіден, бірде бір адам өмір соңында “қайғылы үштікті” (зардап, күнә, өлім) аттап кете алмайды. Ол да болса өмірдің соңғы тәжірибелерінің бірі, қоршаған адамдарға ой салатын өнеге емес пе?! Соңғы өмір зардаптарынан өту – адам рухын шексіз күшейтіп, оның ішкі жан-дүниесін тазартып, адамның абыроймен бұл дүниемен қоштасуына мүмкіндік жасайды.
Мәселеге философиялық тұрғыдан келсек, бұл Дүниеде адамнан асқан құндылық жоқ, сондықтан, ешкімнің де адам өмірін қиуға (соның ішінде - адамның өзін-өзі де) құқы жоқ.
Аутоназияның моральдық-құқтық жағына келер болсақ, ғалымдардың айтуына қарағанда, заңды түрде оны өмірге еңгізгенде неше-түрлі басқа теріс салдарлар пайда болуы мүмкін. Мысалы, адамның дене мүшелерін сату, екіншіден, адам жүрегіне үрей салып өмірден кету жөнінде шешімге келуге мәжбүрлеу т.с.с. келеңсіз жағдайлардың пайда болуы ғажап емес.
Бүгінгі таңда тек Голландия елінде парламент деңгейінде аутоназия жөнінде заң қабылданып ол іске асуда.
Енді келесі үлкен мәселені – өлместікті талдауға уақыт келген сияқты. Бұл мәселе адам өмірі мән-мағнасымен тығыз байланысты екенін сол сәтте байқауға болады. Егер бұл дүниеге келген адам өз ізін қалдырмаса, онда ол не үшін келді, оның жаңбыр құртынан айырмашылығы қандай?,- деген сұрақ пайда болады емес пе!
Өлместік мәселесі - қайсыбір діннің өзегін құрайды. Құдайдың бар, я болмаса, жоқ екенін ешқашанда ешкім дәлелдей алмаса да, миллиардтаған адамдар осы уақытқа дейін Оған сенеді, өйткені, өлместікті аңсайды. Өлместік идеясы сонау көне заманда адамдардың өлімнен қорқу сезімінен өз бастауын алады. Көне Үнді және Мысыр елдерінде адам өлгенде оның жаны басқа денеге көшетіні жөніндегі идеялар қалыптасты. Буддизмдегі мойындалатын нәрсе – жан әрбір жаңа денеге көшкен сайын өз күнәсінен тазара береді.
Көне гректер адам өлгеннен кейін оның екінші өмірі басталады деген пікірде болған. Олардың ойынша, құдайлар мен адамдардың арасында онша көп айырмашылық жоқ, өйткені, жақсы адам өлгеннен кейін өлместік сыйына ие болып, құдайлардың қатарына кіреді. Ал құдайларға келсек, олар өмір сүріп жатқан адамдарға келіп, қарым-қатынасқа түсіп, тіпті жердегі әйелдер олардан аса күшті ер балалар, я болмаса, аса сұлу қыз балаларды туады екен. Мысалы, Геракл Зевс құдайы мен Алкмена деген әйелден туыпты-мыс.
Бүгінгі таңдағы иудаизм, христиандық және ислам діндері адам өлгеннен кейінгі оның жан-дүниесінің өлместігін мойындайды. Дегенмен де, бүгінгі таңдағы бірде-бір дін өмір, я болмаса, өлімнің не екенін түсінікті ғылып адамға жеткізе алмайды.
Идеалистік философиядағы өлместік жөніндегі ойлар діни көзқарасқа өте жақын. Алайда, мыңдаған жылдарға созылған адамзат тәжірибесінде ешкім де қайта тірілген жоқ және қазіргі білімді адамға “о дүниеде денесіз мәңгі өмір сүретін жанды” көзге елестету өте қиын шаруа екенін ашық айту керек. Көп адамдар оған сенбейді де.
Олай болса, өлместік деп нені түсінуге болады? Бүгінгі таңдағы ғылыми деректерге сүйене отырып, біз тіпті дене ретінде де мүлде өшпейтінімізді айтып кетуіміз керек. Өйткені, өмір жаңа өмірді тудырып өз өмірін жалғастыра береді. Біздің бет-әлпет, мінез-құлық, сезім, дене бітім, табиғи дарын т.с.с. ерекшеліктеріміз – толығынан болмаса да – болашақ ұрпақтарға дариды. Олай болса, біз толығынан бұл өмірден кетпейміз, бала, немере өмірі арқылы қала береміз.
Енді адамның жан-дүниесі, рухына келер болсақ, ұлы адамдардың шығармашылық ісі адамзат тарихында мәңгілік сақталады. Абай, Құрманғазы, Шоқан, т.с.с. мыңдаған қазақ халқы тудырған асылдар өз шығармашылығымен тарихта мәңгі өмір сүреді. Олардың тудырған рухани құндылықтарынан біз мәңгіліктің қоңыр лебін сезінгендей боламыз.
Енді миллиондаған қарапайым адамдардың тағдырына келер болсақ, олардың өлместігі - өз өмір шеңберіндегі жасаған басқа адамдарға деген жақсылығымен байланысты болса керек. Өйткені, ол олардың есінде қалады. Ол дене ретінде көз алдымызда жоқ болса да, рух ретінде – бізбен бірге өмір сүріп қала береді. Ұлы Конфуцзы айтқандай, жақсы адам халықтың сый-сияпатына ие болса, жаман адам ит сияқты бір шұңқырда ұмыт болып қалады.
Десек те, әрине, қазіргі адам мұндай көзқараспен келіскісі келмейді, ол шынайы өлместікті армандап, барлық үмітін ғылымға артады. Әсіресе, тез қарқынмен дамып келе жатқан гендік инженерия саласы болашақта адам өмірін бейнақтылы ұзарта беруге болатынын айтады. Алайда, біздің ойымызша, ол – жалған жол болса керек. Әрине, гендік инженерияның жетістіктеріне сүйене отырып тұқым қуатын аурулармен күрессек - ол жақсы. Ал адамның өмірін гендік жолмен ұзартуға бағытталған зерттеулер қандай салдарларға әкелуі мүмкін – оны ешкім бүгінгі таңда білмейді. Кейбір ғалымдардың айтуына қарағанда, оның теріс салдары – ядролық бомбаны ойлап шығарғаннан да жаман болуы мүмкін. Екінші жағынан, адам Дүниедегі ең теңдесі жоқ биік құндылық болғаннан кейін оның өмірі мен денесіне жасанды тәжірибелер жасау - қылмыс болар еді (адам көлбақа емес қой).
Мәселенің ғылыми емес, моральдық жағына келер болсақ, бірде-бір жер бетінде өзі тудырған қауып-қатерді адамзат әлі шешкен жоқ. Жеке адамның өмірін ұзартпақ түгіл, бүкіл адамзаттың құрып кету мүмкіндігі (ядролық соғыс, я болмаса экологиялық апат) осы уақытқа дейін күн тәртібінен шығарылған жоқ. Осы адамға шынайы өлместіктің керегі қанша, егер ол күнбе-күн соғыс-қақтығыстарда бір-бірін осы уақытқа дейін өлтіріп жатса?,- деген заңды сұрақ дереу ойға келеді.
Қорыта келе, шынайы өлместік бүкіл миллиардтаған жылдар бойы қалыптасқан іргетасты табиғат заңдылықтарына қайшы келеді,- дер едік. Әңгіме бізге берілген теңдесі жоқ сый - өмірді – бақытты мүмкіндіктерді іске асыруға, өз өмір шеңберінде үлкен маңызды істерді жасап өз ізіңді қалдыруда болса керек. Оларды өлім жоя алмайды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   36




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет