Лекция мәтіні (қысқаша)



Дата03.11.2023
өлшемі21,73 Kb.
#121776
түріЛекция
Байланысты:
№9 дәріс. ТҚН


9-тақырып. Тіл және сөйлесім
Жоспары:
1. Сөйлеу процесінің ойға қатысы
2. Сөйлесімнің әлеуметтік маңызы


Лекция мәтіні (қысқаша):
Тіл - қоршаған табиғатпен, қоғаммен тығыз байланысты құбылыс. Сондықтан кез-келген тілді табиғатпен, қоғаммен, әлеуметтік жағдайлармен тығыз байланыста қарастырған жөн. Ғалымдар тілдің анықтамасын бергенде, оның:
біріншіден, қатынас құралы, яғни ойды білдіру және хабарлау құралы екендігін;
екіншіден, тілдің құрылымына қарай ол - кейбір единицалар мен единицаларды қолдану заңдылықтарының жиынтығы, яғни ол единицалар “сөйлейді”;
үшіншіден, тілдің өмір сүру формасы тұрғысынан алғанда: тіл – әлеуметтік, ұжымдық дағдылардың нәтижесінде қалыптасады;
төртіншіден, таңбалық тұрғыдан алғанда: тіл белгілер (таңбалар) жүйесі;
бесіншіден, ақпарат, яғни белгілі бір мағыналық информация алу не беру қасиетін атап көрсетеді.
Сонымен, тілге анықтама бергенде, оны оймен, санамен, қоғаммен тығыз байланыста қарастырған дұрыс. Ойлау мен сөйлеу тек адамзатқа ғана тән күрделі тілдік қоғамдық-әлеуметтік үдеріс (процесс).
Психологтар тілімен айтқанда, сөйлеу дегеніміз - әрекет. Әрекет – белгілі бір нәтижеге жету үшін бағытының, мақсатының бірлігі арқылы топтасқан процестердің жиынтығы. Адам сөйлеу үшін алдына белгілі мақсат қояды, сол мақсатқа жету үшін адам сөйлеу мүшелері арқылы әр түрлі артикуляциялау, акустикалық әрекеттер жасайды. Айырмашылығы сөйлеудегі әрекет тілдік тұлғалардың жанама қатысы арқылы іске асады және тілдің заң ережелеріне, нормаларына бағынады.
Тіл мен сөйлеу - бір-бірінен ажырамас табиғи бірлікте.
Сөйлеу - тілдің тіршілік ету, өмір сүру формасы. Сөйлеу әрекеті сөйлеу, есту, ұғыну сияқты үш бөліктен тұрады. Сөйлеу дегеніміз - тілдік қатынас процесінде өз ойын басқаларға білдіру, басқаның ойын білу мақсатында қолдану. Яғни сөйлеудің 3 қызметі бар: тілдесу, хабарласу, іс-әрекеттке жұмылдыру. Сөйлеу дегеніміз – адамдардың әр түрлі әлеуметтік ортаға орай қарым-қатынас жасау үшін дұрыс жүргізген сөйлеу әрекеті. Сөйлеу екі я бірнеше адамның бетпе-бет отырып, ауызша дауыстап сөйлеуі ғана емес, оған жазба тіл де, үн шығармай іштен сөйлеу де, ойды іштей топшылау да жатады. Бірақ бұлардың әрқайсысының мән-мағынасы, көріну, қабылдану жолдары әр басқа.
Сонымен тілдің де, сөйлеудің де ең маңызды қызметі - адамдардың қарым-қатынасын іске асыру. Сөйлеудің енді бір қызметі – адамның өзінің сезім-күйін білдіруі, сезімді білдіруде басқаға әсер етуі. Мұны тіл білімінде тілдің экспрессиялылығы мен эмоциональдығы деп атайды. Тілді оқытуда тіл білімінің мәселелеріне көп көңіл бөлінеді де, мәтін арқылы өз ойын, сезімін білдіру назарға алынбайды. Адамдардың жасына, біліміне сай әдеби тіл стильдері бойынша мәтін арқылы тіл дамыту жұмыстарын жүргізсе, адамдар ойлауға, өз сезімдерін ортаға салуға дағдыланады. Өйткені сөйлеудің үшінші қызметі – ойды жеткізе білу.
Тіл мен сөйлеудің бір еместігін, бұлардың арасында айырма барлығын ғалымдар ертеден-ақ байқаған. Әрқайсысының өзіндік ерекшеліктерін жете ашып, екі бөлек мәселе етіп қоймағандарымен, сөйлеу мен тілдің бір еместігін ХІХ ғасырда өмір сүрген В.Гумбольдт, Г.Штейнталь, Г.Шухардт сияқты ғалымдар айтқан. Бірақ тіл мен сөйлеуді екі бөлек мәселе етіп қараудың қажет екенін ғылыми тұрғыдан алғаш дәлелдеп берген ғалым деп, әдетте, Ф. де Соссюрді атайды. Оның басқа теорияларының (ішкі және сыртқы лингвистика, синхрондық және диахрондық зерттеу т.б.) барлығы да тіл мен сөйлеуді екі бөліп қарау тезисінен туатын логикалық қорытынды. Ф.де Соссюр тіл білімін тіл лингвистикасы, сөйлеу лингвистикасы деп екі салаға бөледі де, мұның алғашқысы негізгі, оның нысаны - тіл, тіл индивидуумға тәуелсіз, әлеуметтік құбылыс, соңғысы негізгі емес, көмекші нәрсе, оның нысаны - сөйлеу әрекетінің индивидуалдық жағы, ол - таза психофизикалық пән, бұл екі пән өзара тығыз байланысты: тіл сөйлеу түсінікті болу үшін және өзінің барлық әрекетін жарыққа шығару үшін қажет, ал сөйлеу тіл қалыптасу үшін қажет деп біледі. Ф.де Соссюр тілді қалыпты, сипаттамалы құбылыс ретінде тани келіп, оны дыбыстық материяның тұтас жүйесі түрінде қарастыру керек деп санайды.
Ф.де Соссюрдің пікірінше, тіл – дыбыстық материяның жиынтығы, форма, қарым-қатынас құралы; ал сөйлеу – дыбыстың өзі, дыбысталу. Яғни тіл – барлық дыбыстық таңбалардың жиынтығы болса, сөйлесім – дыбысталудың жиынтығы.
Тіл мен сөйлеуге тілші тағы да мынадай анықтама береді. «Язык – это система знаков и правил из комбинирования: речь же – это использование нашей знаковой системы в целях общения».
Ф.де Соссюр тіл мен сөйлеуді ажырата келіп, олардың әрқайсысының айырмашылықтарын нақтылап көрсетеді. Автордың ойынша:
1. Тіл әлеуметтік, ал сөйлесім – жеке-дара құбылыс.
2. Тіл тұрақты және ұзақ өмір сүретін процесс, ал сөйлеу тұрақсыз және жиі өзгеріп отырады.
3. Тіл адамның миымен, санасымен бірге өзі қалыптасатын процесс, ал сөйлеу әркімнің өзі дамытып отыратын процесс.
4. Тіл адамның қарым-қатынасында және бәріне ортақ, ал сөйлеуде автордың өз қолтаңбасы болады.
5. Тіл – психикалық құбылыс, ал сөйлеу – психофизикалық құбылыс.
Осы тәріздес бірнеше өзгешеліктерін ажырата келіп, Ф.де Соссюр сөйлеу де, тіл де өз алдына күрделі құбылыстар, сондықтан олардың екеуін лингвистикада екі ғылым:
1) тіл лингвистикасы – тіл құбылысын;
2) сөйлеу лингвистикасы – сөйлесім құбылысын зерттеу керек дейді.
Ф. де Соссюрдің тіл мен сөйлеуге қатысты көптеген құнды пікірлерімен қатар кейбір қайшылықтары да бар. Ол сөйлеуді тек индивидуалдық, даралық құбылыс, онда әлеуметтік ештеңе жоқ дей тұра, тілді сол сөйлеу әрекетінің бір бөлшегі дейді. Бұл арадағы қайшылық - тілді әлеуметтік, сөйлеуді индивидуалдық деп, тілді сөйлеу әрекетінің бір бөлшегі деп қарауында. Егер сөйлеуде тек индивидуалдық қана сипат болса, адамдардың бір-бірін түсінуі мүмкін болмаған болар еді. Сөйлеушілердің бір-бірін түсінетіні сөйлеген адам жалпы халықтық тілдегі бар тұлғаларды, формаларды пайдаланады, оларды тілде қалыптасқан жалпы ережеге, нормаға сәйкес бір-бірімен байланыстырады, ал тыңдаушы адам айтылған тілдік тұлғаларды, олардың тіркестерін тілде қалыптасқан, ұжым қабылдаған мағынада түсінеді.
Қорыта айтқанда, бір-біріне қарама-қайшы пікірлердің барлығына қарамастан, тіл мен сөйлеу арасында бірлік пен өзгешелік бары - айқын мәселе. Тіл мен сөйлеуді ғалымдар кейде бірге алып қарастырса, кейде екеуін екі бөлек құбылыс деп таниды.
Лингвистикада сөйлесім мен тілді біріктіріп, қос процесс деп санаған көзқарастар да бар. Олардың айтуынша, сөйлесім мен тіл екеуі екі бөлек құбылыс емес, олар бір процестің екі жағы. Кейде оны тілші-ғалымдар «уровень языка», «уровень речи» деп те атайды.
“Қазақ тілі энциклопедиясындағы” тілге қатысты айтылған түсініктеме мен анықтамалар оның жан-жақты ерекшеліктерін, жалпы сипатын және күрделі құбылысқа тән басты белгілерін жақсы атап өтеді; «Тіл – адам қоғамының ең негізгі қатынас құралы. Дыбысты тіл – адам қоғамымен бірге туып, қатар жасап келе жатқан қоғамдық құбылыс. Тіл - өте күрделі, сан-салалы құбылыс.
Егер тілді функционалдық жағынан анықтағымыз келсе, оның қатынас құралы, адамдардың бір-бірімен пікір алысып, өзара түсінісуінің құралы дейміз.
Егер тілді ой мен санаға қатынасы жағынан анықтамақ болсақ, онда тілді ойды қалыптастыратын, оны жарыққа шығаратын құрал, ойлау құралы дейміз.
Тілді құрылымы жағынан анықтамақ болсақ, тіл – қатынас жасауға қажетті материалдардың жиынтығы деп қараймыз.


Бақылау сұрақтары:

  1. Тіл мен сөйлесімге қатысты көзқарастар

  2. Сөйлесімнің әлеуметтік құбылыс екендігі

  3. Сөйлесімнің қатысымдық мәні

Әдебиеттер:
1. Оразбаева Ф.Ш. Тілдік қатынас: теориясы мен әдістемесі. –Алматы, 2000.
2. Оразбаева Ф.Ш. Тілдік коммуникация негіздері. –Алматы: «РБК», 1995.
3. Оразбаева Ф.Ш. Тілдік қатынас негіздері. –Алматы: «РБК», 2005.
4. Оразбаева Ф.Ш. Тілдік қатынас. –Алматы: «РБК», 2005.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет