Лекция тақырыбы: Қ. Жұбанов «Абай және халық әдебиеті» Мақсаты: Қ. Жұбановтың «Абай қазақ әдебиетінің классигі»



бет1/2
Дата16.02.2023
өлшемі24,35 Kb.
#68627
түріЛекция
  1   2
Байланысты:
professor-.zhbanovty-aza-folklortanu-ylymyna-osan-les-abay-aza-debietn-klassig-ebeg-negznde


Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік универсиеті
Филология факультеті
Қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы
Әлия Жолдасқалиқызы Ұлықпанованың
«Жұбановтану» пәнінен өткізген дәріс сабағының жоспары
Лекция тақырыбы: Қ.Жұбанов «Абай және халық әдебиеті»
Мақсаты: Қ.Жұбановтың «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» атты зерттеуінің «Абай және халық әдебиеті» аталатын 3 тарауында айтылған тұжырымды пікірлердің құндылығын студенттерге ұғындыру.
Әдіс-тәсілдер: Ақпараттық-құзіреттілік технологияны қолдану арқылы студенттердің танымдық қабілеттерін арттыру.
Кілт сөздері: халық әдебиеті, фольклор, фольклортанушы.
Негізгі мәселелері мен мазмұны:

  1. «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» зерттеуінің маңыздылығы.

  2. Зерттеудің 3-тарауы туралы сөз.

  3. «Халық әдебиеті» терминіні пайдалану себептері.

  4. Абай сынаған қыстырма сөздердің ауыз әдебиетіндегі пайдасын түсіндіруі.

  5. Ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттің ерекшеліктерін туралы.

  6. Абайды ескіні жаңамен шебер ұштастырушы деп бағалауы.

Лекция тезисі. Қ.Жұбановтың фольклор мен халық әдебиетін кең диапозонда алып қараған ең негізгі еңбегі, ғалымның фольклор зерттеушісі екендігін танытатын ең негізгі шығармаларының бірі – «Абай қазақ әдебиетінің классигі» деп аталады. Аяқталмай қалған бұл зерттеу 3 тараудан тұрады: «Еленбеген ерекшелік», «Абай және шағатай әдебиеті», «Абай және халық әдебиеті». Бұл тараулардың қай-қайсысы да Абайдың ақындығын танытуға арналған. Дегенмен де, «Абай және халық әдебиеті» аталатын тарауды жеке қарастырып, талдағанды жөн көрдік. Бұл зерттеудің ең көлемдісі де, осы «Абай және халық әдебиеті» тарауы. Сонымен бірге, Абай ақындығына зерттеуші ретінде әділетті бағасын берген профессор Қ.Жұбанов, осы тарауда фольклор, халық ауыз әдебиеті туралы бай тұжырымдамалар жасайды. Өзекті тақырыпты танытуда терең білгірлік танытады. Ауыз әдебиеті үлгілері таптық қоғамның жемісі, үстем таптың көзқарасын насихаттаушы, бүгінгі ісімізге пайдасынан зияны көбірек деген тұрпайы таным алақұйындатып тұрған 30-жылдары Абай мен халық әдебиеті арасында іліктестікті іздеп, халық даналығының ақынның шығармашылығына тигізген игі ықпалын атау онсыз да соқа басын саудаға салып қойған абайға қатысты сол «кезеңдік» танымды ушықтырмаса, тұншықтырмайтын еді. Міне, осы тұста тереңнен танып, астарлап меңзейтін профессор Қ.Жұбанов асқан зерделілік танытып, ұлы ақынды басқа халық ақындарынан биіктетіп, қадірін арттыру мақсатымен халық әдебиетінің «ақиқаты азған, шындығы тозған, шақпағы керексіз Абай «ескі бише отырмын бос мақалдап» деп осыларды сынаған, қысқасы халық әдебиетінің жаңалығы жарытусыз», − деген пайымдауларына бір жақты қарамау керек. Бұл Абай қажет пе, қажет емес пе деген тұста, қайткенде де ұлы ақынның зор тұлғасын кішірейтпей, ұлылығын мойындатудан туындаған шарттылық болатұғын. «Біз Құдайбергеннің замандастары, әрі достары ... Қуанұлы Жұбановтың игі еңбектерін еш уақыт ұмытпақ емеспіз» – деп сөз арнаған М.О.Әуезов: «Оның (Қ.Жұбановтың) 1934 жылы Абайдың қайтыс болғанына 30 жыл толуына арналған мерекеде жасаған баяндамасы (кейін мақала түрінде жарияланған) – қазақ филологиясының, әдебиеттану ғылымының алтын қорына қосылатын бағалы еңбек. Абайдың өлең құрылысындағы ерекшеліктерді, ақынның новаторлығын және халық тілін пайдаланудағы шеберлігін алғаш көрсетушілердің бірі де осы Құдайберген болды», - деп баға берген болатын.
Ойшыл ғұламаның халық қазынасын қаншалықты құрметтегені сыншы С.Әшімбаевтің риясыз ой-толғамдарына қарап отырып-ақ көз жеткізуге болады, қараңыз: «Біз осы уақытқа дейін «ауыз әдебиеті» деген терминді оңды-солды көл-көсір пайдаланып келдік. Ауыз әдебиеті дегенннің өзі бір жағынан ауызекі, жеңіл-желпі сөз деген сияқты да мағына беретіндігіне мән бермей келгеніміз де рас. Ал шындап келгенде мұнда халық творчествосының мән-маңызын кеміту сарыны, кемсітушілік райы байқалып тұрған жоқ па?
Соңғы кездері ауыз әдебиеті деудің орнына халық әдебиеті деп алып жүрген парасатты тенденция көзге түсе бастайды. Халық әдебиеті деген сөзде халыққа, оның ұлылығына деген симпатия басым. «Білмеген кісі у ішеді» деген осы ғой, бақсақ, «халық әдебиеті» атты оңтайлы термин Құдайберген Жұбановтың сонау отызыншы жылдары жазған мақаласында жүр екен. «Халық әдебиеті халықпен құрдас, онымен бірге жасасып келе жатқан кәрі нәрсе... Әрбір жаңа шығарма сол ескі тамырға көктеп өседі... Абайға сүтпен кіріп, сүйегіне сіңген әдебиет үлгісінің бірі − халық әдебиеті дер едік. Қ.Жұбановтың осы парасатты пікірлеріне сүйене отырып, біз халық әдебиеті алып әдебиет деген қорытынды жасауға мәжбүр болып отырмыз». Соныменен, Құдайберген Жұбановтың ұлттық әдебиет тану тұрғысында өзіндік термин пайдаланып, «ауыз әдебиеті» деп қолдануды «халық әдебиеті» деп пайдаланғандығын баса назар аударып айтқанымыз жөн. Бұл арада, «ауыз әдебиеті» деген қолданыстан гөрі «халық әдебиеті» деуінің өзінде фольклордың синкреттілік сипатын тану жатыр. Ия, үңіле білген жанға білімдардың бұл ғылыми-теориялық зерттеуі небір тұңғиық сырларға, нәзік талдауларға бай. Профессор Қ.Жұбанов Абайға рухани нәр болған – халық әдебиеті, әдеби тілдің дамып, өсіп-өркендеуіне аздық етеді дейді. Яғни, «Абайдың алдындағы әдебиет үлгісі осы сұйық мәнді жұқа дәнді өлеңдер, тозығы жеткен мақалдар, бір өңдей тізіліп, жалықтырғыш келетін ертегілер еді», – деп жазды. Олай болса, Қ.Жұбанов қазақтың сан ғасыр бойғы ауыз әдебиетін керек етпеді деп айтуға әсте болмайды. Абай ақын сөздің түп мәнін тексере, өлеңге аса сыншылдықпен қараса, бұл үлгілі сыншылдық Қ.Жұбановқа да жат емес. Соныменен, жоғарыда келтіргеніміздей, Қ.Қуанұлы, халық ауыз әдебиетін тосын көріп, мүлдем жатсынып тұрған жоқ. Абайдың өзі классик ақын дәрежесіне таза халық тілімен жазып тұрып жетті дейді.
Зерттеуде фольклортанушылар үшін таптырмайтын құнды пікір-дәлелдемелер жеткілікті. Алдыменен, елдің әдеби мұрасының ғасырлық өміршеңдігінің себептеріне тоқтала келеді: «Халық әдебиеті – халықпен құрдас, бірге жасасып келе жатқан нәрсе. Оның жаңалығы жарытусыз, бұрынғының үстіне жаңа бояу жағу түрінде ғана болады. Жаңа шығармасы да сол ескі тамырға көктеп өседі... Халық әдебиетінің сақталатыны да, оның таусылмайтыны да осыдан». Қ.Жұбанов тіл табиғатын да, адам жанын да зерделей білген психолог. Сөзімізге дәлел іздесек, Қ.Жұбановтың әрбір пайымдауының астарынан шыға келеді: «қазақтың халық әдебиеті де сахна әдебиеті болатын, көпшіліктің тыңдауына бейімделген шығарма болатын. Тыңдалатын шығарма мағынаның артық қоюлығын көтермейді. Олай болса, тыңдаушының миын шаршатады. Сондықтан халық шығармасында шығарманың тақырыбына қатысты сөздердің аралығына тыңдаушының миына гимнастика болғандай «басы артық» сөздер енгізілген». Осылайша, Абай сынаған қыстырма сөздердің ауыз әдебиетіндегі пайдасын лингвопоэтикалық пайымдау тұрғысынан түсіндіреді, теориялық талдаулар жасайды.
Құдайберген Жұбанов: «Абай ескі мұраны талғамай ала беретін адам емес. Ол ескіден қалған мұраға да өз заманының жайына да сын көзімен қарап, өзінің ақыл елегінен өткізіп алған. Қашаннан келе жатқан «мәңгі шындық» саналатын мақалдарды, әдет заңын Абайдай қирата сынға алған қазақта ол кезде болмаған», − деп Абайдың сыншылдық көзқарасын да елеусіз қалдырмайды. Осы тұста М.Мырзахметовтың: «Профессор Қ.Жұбановтың осы еңбекте Абай мен Абайға дейінгі қазақ әдебиетінің ара қатысына, олардың өзара әсеріне тоқталып, пікір айтуының осы күнге дейін ғылыми маңызы зор. Өйткені «Абай және халық әдебиеті» деген бөлімде Абайдың халық әдебиетіне сыншылдық тұрғыдан қарай отырып, оның өміршең жағын сарқа пайдалана білген ақындық шебелілігі мен ой-пікірінің ұшталуына, көрнекті қоғамдық қайраткер дәрежесіне көтерілуіне елеулі әсер еткен халық әдебиетіне зор мән беруі бұрын соңды айтылмаған әрі өз кезеңіндегі кесек пікір. Сол дәуір мен соңғы кездердегі жазылған кейбі еңбектерде Абай дүниетанымының қалыптасуына ықпал еткен рухани қазына көздерінің бірі – халық әдебиетіне жетерліктей көңіл бөліп, арнайы қарастырылмауын еске алсақ, бұл мәселенің мәні ашыла түспек», − деген ұстанымын ескерсек, Қ.Жұбановтың Абайды талдау, түсіндіру арқылы бізге жеткізбек болған халық әдебиеті туралы танымын ұғына түсеміз.
Ә.Дербісалиннің атап көрсетуінше, «зерттеудегі өзге бір өзекті мәселенің бірі – Абайдың өзіне дейінгі әдебиетпен, әсіресе, қазақ ауыз әдебиетімен байланысын анықтауға қатысты, ғалым мұнда да аса негізгі мәселелердің төңірегінде толымды ойлар түйеді. Ең алдымен ол «Абайға сүтпен кіріп, сүйегіне сіңген әдебиет үлгісінің бірі – халық әдебиеті» екенін атап айту арқылы Абай мен Абай поэзиясының ұлттық сөз өнері негізінде дүниеге келгенін, яғни ұлы ақынның халықтық, ұлттық негізін атап көрсетеді. Бұл тұста Абайды тану мен бағалауда басты талас мәселенің бірі осы төңіректе еді» - деп оңды ойды өрбітеді.
Ф.ғ.д., профессор С.Негимов те: «...Қ.Қ.Жұбанов ұлттық фольклор жайында құнарлы ой-пікірлер өрбіткен. Оның жазба поэзиядан өзіндік ерекшеліктері мен айырмашылықтарын білгірлікпен айқындап берген. Екіншіден, ғұлама ғалымның сөз саптауы, ой түюі, нәзік талдау шеберлігі, интеллектуалдық мәдениеті, ғылыми таным шеңбері, зерттемпаздық қабілеті мейлінше қызықтырады. Сондықтан да оның еңбегінің танымдық, ғылымдық мәні де осында», – деп ой түйіндейді.
Профессор Қ.Жұбанов Абайды ескіні жаңамен шебер ұштастырушы деп бағалауымен қоса ұлы ақынның бойында фольклор зерттеушісін де танығанға ұқсайды. Бұған ғалымның зерттеуіндегі мына жолдар айғақ: «Қазақтың мақалдарына қарап отырып, қазақтың тарихын қарастыруы да, өз сөзіндегі қазақтың шаруашылық қалпын, дүниеге көзқарасын білуге мақалдарды кілт қылғысы келгені де, бәрі де халық әдебиеті мұрасын қалай пайдалану жолын түсінгенін көрсетті». Дау жоқ, сөз ақынның «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» мақаласындағы шығу тарихын қазақ халқының тарихымен байланыстыра ашқан «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы − Майқы би», «Жылан жылы − жылыс болды...», «Самарқанның сар жолы, Бұланбайдың тар жолы» деген сияқты мақалдар турасында болып отыр. Профессор Қ.Жұбановтың асқан көрегендікпен Абайды жаңа бір қырынан тануын бұрын-соңды әдебиеттану ғылымында болмаған тың таным деп бағалауға болады. Осы орайда, ірі зерттеуші ғалым С.Қасқабасов қазақ фольклорын зерттеу ісінде Абайдың орны аса зор тұлға екендігін тұжырымды дәлелдегендігін атап өту керек.
Академик С.Қасқабасов «Абай және фольклор» аталатын еңбегінде қазіргі ғылым бағытын жаңа соқпаққа салатын тың пікірлер айтылған. Автор: «Ғылымда тоқтау болмайды, ізденістер үнемі жүріп жатады. Осы процесте алуан түрлі ойлар айтылуы мүмкін, олардың арасына қате айтылғандары да болуы мүмкін» – дейді. Сол секілді, С.Қасқабасовтың өте орынды атап көрсеткеніндей, бүгінгі таңда Абайды жеке бір ақынның шәкірті, бір аймақтың ақындық мектебінен ғана сусындаған деушелер ақиқаттан алыс тұрғандар. Автордың айтуынша Абай фольклор мен өзіне дейінгі ақын-жыраулардың, жалпы Шығыс, одан бергі Батыс пен орыс халықтарының әдебиет әлемімен түгел таныс болған.
Зерттеуші атаған бірінші мәселе, танымы терең, өресі биік ақынды тек қана бір топырақтан нәр алып, бір ғана адам шығармашылық шабытын оятты, әдебиетке баулыды деген теріс ойдан аулақ болған жөн. Және Абайдағы үш қайнар бұлақтың көзін дәл тауып көрсеткен М.Әуезовтен кейін, Абай шығармашылығына қатысты жаңа ғылыми зерттеулердің де туындамай отырғаны да рас. Екіншіден, С.Қасқасбасовтың айтуынша, Абай тек қазақ фольклорын ғана емес, жалпы әлем халқының бай фольклорлық мұрасымен өте жақсы таныс болған. Әйтсе де, шығармашылық үзеңгілестіктің көрінісін ақын шығыс сюжеттерін пайдалану арқылы танытты.
Европа мен Ресей елдерінің мәдени-әдеби жайын жақсы білгенімен, сюжеттерін өз шығармаларына арқау етпеген. Бұнын себебін, зерттеуші, басқа халықтың тұрмысы мен өмір салты қазаққа жат екендігімен түсіндіреді. Өмірді қабылдау санасы туған елінен өзге орыс халқының шығармаларын қазақ тіліне аударғанымен, сюжетін пайдалануды мақсат етпеген. Академик ғалым Сейіт Асқарұлы Абай – қазақ үшін, ренессанс өкілі болды дейді. Ақынның ой-пікірлерінің ренессанстық сипаты, оның ең бірінші жырлаған тақырыбы Адам болғандығында. Рухани тәуелсіздікке ұмтылатын Адамның жан-дүниесі, оның өмір сүрген заманы мен қоғамы, бұл тақырып та Абай үшін ерекше жырланбақ тақырып. Сол қоғамды өзгертуге күш салатын бейне ғана «толымды адам» бейнесі болмақ. Біздің пайымдауымызда да, Абайдың өз тұлғасы – нағыз толымдылқтың сипатын бере алады. С.Қасқабасов зерттеуінің бүгінгі ізденіс талаптарына сай келетін жаңашылдығы, «Абай ақын «... толымды адам туралы өз концепциясын ұсынды, өмірдегі барлық проблеманың кілті Адам деп тапты, яғни гуманистік пайымды өз философиясының негізі етіп алды. Әдеиетті де осы тұрғыдан бағалады, оны бұрынғы жыраулардан келе жатқан мемлекетттік қызметтен азат етіп, адамның ішкі-дүниесіне, көңіл-күйіне бұрды, оның бейнелік, әрі көркемдік сапасына ерекше мән беріп, әдебиеттің эстетикалық мән-маңызын артырды. Осы шартты данышпан ақынның фольклоға деген көзқарасынан да, оны пайдалану принципінен де көруге болады. Фольклорлық материалды көркемдеп баянағанда да, саралап талдағанда да темірқазық етіп ұстаған басты идеясы – адам болды – деген ой-пікірді ұстанып, дәлелдей білуінде.
Қ.Жұбановтың ғылыми зерттеулерінің басты құндылығы – ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттің айырым жігін ажырата отырып, Абай поэзиясының көркемдігін көрсетуінде де жатыр. Сонымен, Абай ақын «ауыз әдебиетіне қанша сүйсінсе де», ескі жұртта байланып қалмайды. Өйткені ақындық құдырет бойға толып, алға тартқызатындығын зерттеуші ашып айтады. Оның айтуында, ескі әдебиет мұрасын Абай пайдаланады. Бірақ ақын қолданысы мүлдем өзгеше. Яғни: көпшілікке ескі образ – таныс, ал таныс бейнеге жұрт үңілгіш. Үңілген жанның алдынан Абайдың жазуында бұрынғы, жалықтарғыш тіркес қайта айналып шықпайды. Таныс образдың сансыз құбылысы мың түрленіп көрінеді деген бағалы пікір бар.
Қ.Жұбанов қандай пікір келтірсе де, ешқайсысы дәлелсіз емес. Тек қана тіл-дерекке сүйенеді. Мәселен: «Жер – ана деген ұғым қай жұртта да бар. Бірақ Абайдың жер-анасы не қалыңдық ойнаған қыз болып, ұрын келген күйеуі күнмен жымыңдасып, күліп ойнап кетеді, немесе ол ана, елжіреп емізіп кетеді». Ия, Абай – сөз суретшісі. Абайда өлі сөз, құлаққа зәрлі тиетін шашаулы тіркес атымен жоқ. Әр сөзі санаға сәуле болып құйылып, тағлым боп бекиді. Қ.Қ.Жұбанов та бір қазақ тілін емес, бірнеше тілдің қыр-сырын қатар меңгергендіктен, салыстыра да алады, шешен тілін шебер ойната да біледі. Абайды жазса, Абайша толғап кетеді.
Қ.Жұбанов Абайдың образ жасауда пайдаланған халық әдебиеті үлгілерінің көне болғанмен де, құнарлы екендігін танытуға талаптанған. Осы орайда, бір ескертетін жайт, Қ.Жұбанов тіл білімімен айналысып жүрген кезеңде Қазақстанда ғана емес, бүкіл Кеңестер Одағы бойынша үстемдік етіп келген ғылыми тәсіл «тіл туралы Маррдың жаңа ілімі» деп аталады. Оның негізгі ұраны «Марксизм дегеніміз − тіл біліміндегі марксизм» деген еді. Осы ілім бойынша басқа ілім атаулылардың бәрі де «буржуазиялық» деген бір эпитетпен анықталып, олардың қағидаларын пайдалануға жол жол жоқ болатын. Солай бола тұрса да, Құдайберген Жұбанов халық әдебиетінің деректерін талдауда айшықты образы әсем ұйқастардың тікелей халық өмірінен, шынайы болмысынан туғандығын ескеріп, Батыс Еуропада кеңінен өрістеген этнолингвистикалық пайымдаулардан да қашпаған. Мысалы: қазақ фольклорындағы «Адамның басы − алланың добы», «Арыстан айға шауып мер болған» тәріздес мақал-мәтелдерде жиынтықталған халықтық образдардың поэзия тіліндегі көріністерін тек сол этнолингвистикалық ыңғайда түсіндіруі мүмкін еді. Біз ғалымның бұл орайдағы батылдығын, өз заманында әлі елімізде қалыптаспаған этнолингвистика, лингвистикалық поэтика мен стилистика секілді ғылым салаларына құлаш ұруынан да байқаймыз.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет