Қалыптастырушы бағалауды жоспарлау және ұйымдастыру
Қалыптастырушы бағалау үдерісінде мұғалім оқу бағдарламасындағы барлық оқу мақсаттарын қамтуы тиіс. Мұғалімдерге көмек ретінде қалыптастырушы бағалаудың тапсырмалар жинағы дайындалған, онда оқу мақсаттарына сәйкес бағалау критерийлері, дескрипторларымен бірге тапсырмалар үлгілері берілген.
Мұғалім қалыптастырушы бағалау үдерісінің тиімділігін арттыру үшін жинақта берілген тапсырмаларды қолдануына болады. Одан басқа мұғалімдерге қалыптастырушы бағалаудың құралдарын өз бетінше дайындауға мүмкіндік беріледі. Ол үшін жоспарлау кезеңінде мұғалімге:
• оқу бағдарламасымен, оқу жоспарымен танысу, оқу мақсаттарына талдау жасау;
• оқу бағдарламасына сәйкес оқу мақсаттары негізінде бағалау критерийлерін құрастыру;
• тапсырма құрастыру кезінде саралау (дифференциялау) тәсілін қамтамасыз ету үшін бағалау критерийлерін ойлау дағдыларының деңгейлеріне бөлу;
• бағалау критерийлеріне сәйкес тапсырмалар құрастыру;
• әр тапсырмаға оның орындалу кезеңдерін сипаттайтын дескрипторлар құрастыру ұсынылады.
Мұғалім оқу мәнмәтінін, өз білім алушыларының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, тапсырмаларды іріктеп алады немесе құрастырады.
Әр тапсырмаға дескрипторлар анықталады. Бағалау кезінде мұғалімнің шешімі анық болу үшін тапсырмалардың дескрипторлары дәл, нақты болуы қажет. Бұдан басқа дескрипторлар білім алушыға тапсырманы орындаудың қай кезеңінде қиындық туғызғанын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл білім алушылар мен олардың ата-аналарына сындарлы (конструктивті) кері байланыс беруге жағдай жасайды.
Достарыңызбен бөлісу: |