Эмоциялық интеллект. Соңғы жылдары тұлғаның психологиясын және эмоциясын зерттеуге деген жаппай қызығушылықтың өсуі байқалады. Зерттеудің нәтижелерінен, адамның ақылы оның геніне байланысты екендігін байқауға болады. Бұл жағдайда екі сауал пайда болады: адам мүлде өзгеруге қабілетті ме және неге ақыл-ойы дамыған адамдар кейде сәтсіздікке ұшырайды, ал ақылы төменірек дарын иелері табысқа жетіп жатады? Бұл сұрақтардың жауабы, эмоциялық интеллект ретінде мәлім психологиялық қасиеттер кешенін дамытуда жатыр.
Эмоциялық интеллект – адамның ішкі жай-күйінде, айналадағыларға деген эмпатиялық қатынаста, идентификацияда, эмоционалды күйлермен мінез-құлықты бақылау және рефлексиялауда, эмоциялық ақпаратты айналадағы адамдармен қарым-қатынаста қолдануда көрінеді. Эволюция көзқарасында эмоцияның рөлі, адамға қауіптерді жеңіп шығуына көмектесуден тұрады.Өмір жетістігі тек 20% ғана рационалды ақылдың дамығандығына байланысты. Қалған 80%-на эмоциялық ақыл жауап береді – белгілі бір біліктері (өздігінен ынталандыру, кенеттен эмоциялық импульстерді ұстай білу, өзінің эмоциялық жағдайын бақылау) және психологиялық қасиеттері (табандылық, эмпатия, оптимизм).
Эмоционалдық интеллекттің дамуы. Эмоционалдық интеллект идеясы Эдуард Торндайк, Джой Гилфорд, Ганс Айзенк сынды авторлар зерттеуге алған «әлеуметтік интеллект» ұғымынан шыққан. Когнитивті ғылымның қарқынды дамуына байланысты интеллектінің ақпараттық, «компьютер тәрізді» модельдеріне баса назар аударылып, ойлаудың аффективті жағына айтарлықтай мән беріле қоймады. Әлеуметтік интеллект ұғымы тану үрдісінің аффективті және когнитивті жақтарын байланыстырушы буын екендігі ескерілмеді. Кейін әлеуметтік интеллект саласы аясында адам танымын «есептеуші машина» емес, когнитивті-эмоциялық үрдіс ретінде қарайтын түсініктер қалыптаса бастады.
1990 жылы Питер Салоуей «эмоциялық интеллект» ұғымын алғаш анықтап, «Эмоциялық интеллект» атты мақаласын жарыққа шығарды. Питер Салоуей және оның авторласы Джон Майер эмоциялық интеллектіні «эмоцияда көрінетін тұлға көріністерін қабылдау және түсіну, интеллектуалды үрдістер негізінде эмоцияны басқару» ретінде анықтайды. Аталған ғалымдардың анықтауынша, эмоциялық интеллект төрт бөлімнен тұрады:
1) өзінің және басқа адамның эмоциясын қабылдау немесе сезіну қабілеті;
2) өз эмоциясын ақыл-ойға бағыттау;
3) эмоция көріністерін түсіну қабілеті;
4) эмоцияны басқара білу.
Қазіргі таңда эмоциялық интеллект феноменін, оның құрылымын, даму жолдарын одан әрі терең зерттеу өзекті, себебі аталған құбылыс – тұлға аралық өзара әрекеттесу үдерісінде адамдар арасында туындайтын эмоциялық үрдістер мен жай-күйлерді терең ұғыну арқылы адамдармен қарым-қатынасты оңтайландыру мүмкіндігін ашады. Сондықтан, эмоциялық интеллектіні тұлға бойында дамытуды біртұтас қоғамда психологиялық мәдениетті арттырудың маңызды факторы ретінде қарастыруға болады.
«Эмоциялық интеллект» ұғымына әртүрлі көзқарастар қалыптасқан. Шетелдік психологияда П. Салоуей, Дж.Мэйер және Д. Карузо бойынша: «эмоциялық интеллект – әлеуметтік интеллектінің компоненті, өз сезімдері мен өзге адамдар сезімін қадағалау, оларды ажырата білу және ол ақпаратты өзінің ой, әрекеттерін басқару үшін қолдану қабілеті, эмоциялық интеллектінің дамуы тұлғаның үйлесімді, тұлғалық дамуына игі ықпалын тигізеді. Нақтырақ айтқанда, эмоциялық интеллект – эмоциялық ақпаратты өңдеу, түсіндіру (интерпретациялау) және қолданумен байланысты интеллект түрі».
Д.Гоулман (ЭИ мәселесін анағұрлым терең зерттеген ғалымдардың бірі): «эмоциялық интеллект – тұлғаға өзін-өзі сезінуге, түрткілендіруге, көңілкүйін басқаруға, импульстік көріністерді бақылауға, фрустрациядан бекіну, күнделікті өмірде табыстарға қол жеткізуге мүмкіндік беретін факторлар жиынтығы; өз интеллектісін көрсету тәсілі».
Р. Бар-Он: «қоршаған орта талаптары мен әсерлеріне (қысымына) оңтайлы жауап бере алу қабілеттілігі, ортаға оңай бейімделуге ықпал ететін эмоциялық, жеке және әлеуметтік қабілеттер жиынтығы». Д.Майерс: «эмоциялық интеллектуалды адамдар өзіндік санасының жоғары дәрежеде дамуымен ерекшеленеді. Олар өз эмоциясына дисфункционалды депрессия, мазасыздық, ашу арқылы нұқсан келтірмеуге тырысып, өмір сүреді. Олардың жанашырлық (эмпатия) көрсете білу қабілеті айналадағы адамдардың эмоциясын дұрыс түсініп, олармен үйлесімді қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді – олар достарына, әріптестеріне қалай қолдау көрсету керектігін, дау-жанжалды қалай шешу қажеттігін біледі». Шетелдік психологзерттеушілер пікірінше, «эмоциялық интеллект» — өзінің және өзгелердің эмоциясын тани білу, оларды басқара алу; эмоцияны басқару мүмкіншілігі – адамдардың тұлға аралық өзара әрекеттесуіне анағұрлым тиімді бейімделуге көмектеседі. Ресейлік психологиялық ғылымда «эмоциялық интеллект» ұғымын алғаш қолданған Г.Г.Гарсковая. Ғалым бұл ұғымды енгізу үшін екі негіздемені келтіреді: «интеллект» ұғымының біртекті, ұқсас болмауы және интеллектуалды операциялардың эмоциямен жасалуы. И.Н.Андрееваның пікірінше, «эмоциялық интеллектіні дамыту – аса өзекті мәселе, себебі эмоцияның бейімделуші табиғаты индивидтің белсенді өмір сүруіне мүмкіндік жасап, тұлғаның белгілі бір ортаға бейімделу қабілетін және оның қоғаммен үйлесімді қатынасын арттырады. Эмоциялық интеллект – эмоциялық ақпаратты талдауға, өңдеуге және қолдануға интеллектуалды қабілеттердің жүйелі көрінуі болып табылады. Эмоция тұлғалық құрылымдармен, тұлғалық иденттілікпен тығыз байланысты, адамның негізгі мотивациялық жүйесін бейнелейді. Сондықтан, эмоциялық интеллектіні дамыту тұлғаның үйлесімді, тұлғалық дамуына зор ықпалын тигізеді». И.Н.Андреева «эмоциялық интеллект» ұғымының шығу тарихын зерттей отырып, өзінің зерттеу жұмыстарының бірінде А.Р.Лазарус концепциясынан келесідей қағидаларды келтіреді:
-әрбір эмоциялық реакцияның айрықша тану немесе бағалау қызметі бар;
-эмоциялық жауаптың белгілі бір синдромы бар, оның әрбір компоненті жалпы эмоциялық реакцияның қандай да бір күйін білдіреді. Жоғарыда аталған концепция авторы Р.Лазарус пікірінше, эмоцияның пайда болу реті келесідей: «қабылдау – алғашқы бағалау – зерттеу белсенділігі – (бағаланатын жағдаяттағы эмоциялардың жеке маңызы) – екінші бағалау – әрекет жасауға тенденция – әсерлену, физиологиялық өзгерістер және моторлық реакцияларға тенденция көрінісі ретіндегі эмоция».
Эмоциялық интеллект – өзінің және өзге адамдардың эмоциясын түсіну, сондай-ақ өзгермелі қоршаған орта және өзгермелі талаптарға эмоциялық бейімделу қабілетінен тұрады. Эмоциялық интеллект деңгейі жоғары адамдар өзге адамдардың эмоциясы мен сезімдерін едәуір жақсы түсінеді, өзінің эмоциялық өрісін басқара біледі, сондықтан олардың қоғамдағы мінез-құлқы анағұрлым лайықты, икемді болып келеді әрі айналадағылармен өзара қарым-қатынаста өз мақсаттарына оңай қол жеткізеді.
Ресейлік психологияда «эмоциялық интеллект» терминіне О.К.Тихомировтың зерттеу нысанына алған «эмоциялық ойлау» ұғымын ұқсас деп санауға болады. О.К.Тихомиров эмоциялық ойлау ерекшелігін сипаттай келе, эмоциялық күйлердің міндеттерді шешу үрдісіне қатысатындығын тұжырымдаған. Ғалымның анықтауынша, ақыл-ой іс-әрекетімен барлық эмоциялық құбылыстар – аффект, эмоция, сезімдер байланысты. Эмоцияның ойлау үрдісімен өзара байланысы – барлық эмоциялық күйлердің ойлау үрдісінде басқарушы, эвристикалық қызмет атқаратынынан көрінеді. Сонымен қатар, О.К.Тихомировтың зерттеулері ақыл-ой іс-әрекетінің эмоционалды басқарылатындығын, яғни эмоциялық белсендіру – интеллектінің жемісті іс-әрекетінің шарты болып табылатындығын дәлелдейді.
М.А.Манойлова пікірінше, эмоциялық интеллект – ішкі тұлғалық және тұлға аралық бағыттылығы бар когнитивті, рефлексивті, мінез-құлықтық, коммуникативті қабілеттердің өзара байланысқан жиынтығы. Эмоциялық интеллект – адамның ішкі жай-күйінде, айналадағыларға деген эмпатиялық қатынаста, идентификацияда, эмоциялық күйлермен мінез-құлықты бақылау және рефлексиялауда, эмоциялық ақпаратты айналадағы адамдармен қарымқатынаста қолдануда, мақсатқа жету тәсілдерін таңдауда көрінеді.