№13 Лекция тақырыбы: Еркіндік философиясы Лекцияның оқыту нәтижелері: 1. Негізгі дүниетанымдық ұғымдардың мағынасы мен рөлін адамның
қазіргі әлемдегі жеке және әлеуметтік болмысының құндылықтары ретінде негіздей алады.
2. Қазіргі жаһандық қоғамның өзекті мәселелеріне қатысты өзінің адами
ұстанымын қалыптастыру және сауатты дәйектей алады.
Лекция жоспары: Философия тарихындағы еркіндік ұғымы
Адам және оның еркіндігі.
Сөз бостандығы, білдіру және жауапкершілік.
Лекция мазмұны: Еркіндік — адамның немесе жеке ұлттың, халықтың өз мүдделері мен мүмкіндігіне сай әрекет етіп, өз қалауын жүзеге асыруы. Адамдар өз әрекетінің объективті жағдайларын қалауынша таңдап алуға ерікті емес, алайда олар нақтылы және салыстырмалы еркіндікке ие. Ғылыми-техникалық ілгерілеу әрбір адамға, әлеуметтік топқа, тұтас ұлтқа қызмет ете отырып, олардың табиғаттың объективті заңдарын игеруіне, іс жүзінде қолдануына жәрдемдеседі. Жеке адам мен ұлттың еркіндік дәрежесінің артуы тұтастай алғанда қоғамның ілгерілеу үрдісінің өзекті өлшемі болады. Оның әлеуметтік кедергілерге қарсы күресі, жалпы алғанда, қоғамның алға басуының қуатты қозғаушы күші болып табылады. Адамдардың дүниедегі объективті жағдайды таңдау еркіндігі болмағанымен, олар өзіндік мақсаттарды көздей алады және оған жетудің әр түрлі мүмкіндіктері қатарынан неғұрлым тиімді жолды ерікті түрде пайдаланады. Бірақ, бұл қоғамдағы жалпы объективті жағдай мен мүмкіндікке, субъектілердің (жеке адамның, әлеум. топтың, этникалық топтың) жаратылыс заңдары мен қоғам заңдылықтарын игеру қабілетіне және басқаларына байланысты. Әлемдік философияда еркіндік туралы бір- біріне қайшы көзқарастар қалыптасқан. Гегельеркіндікті субъективті рухпен, Фейербах адамның өзінің ерекшелігімен байланыстырса, дін оны адамдардың құдайға құлшылық етуімен, экзистенциалистер адамның психикалық актілерімен байланыстыра қарастырады. К.Маркс еркіндік мәселесін қажеттілікті және заңдылықтарды білумен, оны игерумен байланысты түсіндіреді. Ф.Энгельс өзінің “Анти-Дюринг” атты еңбегінде еркіндік әлдебір нәрседен тәуелсіздік нышаны емес, керісінше, ол адамның жаратылыс күштеріне, қоғамдық қарым-қатынастарға және өз болмысына үстемдігі дейді. Еркіндік — нақты және салыстырмалы ұғым. Мысалы, адам әр түрлі жағдайларға байланысты еркін болады немесе одан мүлдем айырылады. Ол өмірдің бір саласында өзін еркін сезінгенімен, өзге бір салада оған жете алмауы да мүмкін. Сол секілді жеке адамның және ұлттың еркіндік дәрежесі де әр түрлі. Мұның өзі қоғамдағы өндіргіш күштердің дамуына да тікелей қатысты. Сонымен қатар ол әлеуметтік, этникалық топтардың, жекелеген адамдардың еркіндігін анықтайтын қоғамның әлеум.-саяси құрылымына да тәуелді. Міне, сондықтан еркіндік мәселесін саясаттану жағынан алып қарайтындар оны азаматтардың және тұтас бір ұлттың қоғамдық құрылым мен басқару түрін таңдауы деп түсіндіреді. Экономика саласында еркін базар, еркін бәсекелестік принциптері негізінде өндіргіш күштер дамитыны, адамдардың еркіндік аясы кеңейе түсетіні рас. Әр адамның, әр ұлттың еркіндік дәрежесін олардың табысы мен меншігінің көлемі ғана емес, сонымен бірге олардың материалдық және рухани игіліктерді өздерінің таңдауы мен орынды жұмсай алу мүмкіндігі анықтайды. Саясатта еркіндік мәселесі ұлттың құқықтық мемлекет құру идеясымен байланысты. Кез келген қоғамдағы жеке адам мен ұлттың еркіндік дәрежесі, ең алдымен, билік жүйесіне, оның түрлеріне (деспоттық, либералдық-демокр., т.б.) байланысты болып келеді. Либералдық- демократиялық басқару моделінің саяси еркіндік саласындағы негізгі принципі — жеке адамдардың үстемдігі емес, ең алдымен заңның үстемдігі, яғни адамдардың заңмен ғана шектелетін еркіндік құқыларын пайдалана алуы. Жеке адам мен ұлт еркіндігінің шектелуі немесе тежелуі әр түрлі объективті және субъективті себептерге байланысты. Мыс., тоталитарлық, авторитарлық жүйелердің үстемдігі, яғни демократтық құқыларға, саяси бостандықтарға (сөз, жиналыс, митинг,бірлесу, сайлау және сайлану, т.б.) қысым жасалуы, сондай-ақ, материалдық жоқшылық, рухани жұтаңдық, шектен тыс эгоизм және т.б. Шынайы еркіндік — адамдар арасындағы мәдени қарым-қатынастардың кепілі. Ендеше оның ғылыми мәні мен мазмұнын әрбір азаматтың айқын түсінуіне қол жеткізу ұлттық идеология мен саясаттың басты міндеттерінің бірі болып табылады. Адам о баста табиғатпен туылса да, оған берілген еркіндік пен жауапкершілік, оны айналадағы болмысты зерттеп, тануға қызықтырады. Сондықтан бұларды иеленгендер қашанда белсенді позицияда тұрады. Таңдау еркіндігі арқылы әрекеттене отырып, адам тәжірибесін байытады, өзін көрсету мүмкіндігіне ие болады. Олар өз еркімен әрекет етіп, ойлай алатын мүмкіндіктен тұрады.
Объективті әлемде біз өзімізден басқа бар нәрсені көрмейміз, тек, өзіміздің еркін әрекетіміздің ішкі шектелуін ғана байқаймыз. Еркіндік үшін алғышарт қажет, адам өз әрекетінде еркін, соңғы нәтижесінде қажеттілікке тәуелді. Адам еркіндігі мәселесі қазіргі таңда саяси және рухани өмірдің орталығында тұр, оған жету деңгейі қазіргі қоғаммен, оның жалпы мәдени дамуы демократиялығымен анықталады және өркениеттілігінің негізгі критерийі болып табылады .
Еркіндік пен жауапкершілік тұлғаның өмір сүруінің шарттары, адамдар өз әрекетінің мақсатын анықтағанда едәуір еркіндікті иеленеді. Еркіндік те, жауапкершілік те абсолютті үғымдар емес. Еркіндік бізді күреске итерме-лейді, адамдық қуаныш пен ләззаттан бас тартуға сүйрейді. Қайғыру, тәуекел, жеңіліс арқылы болған еркіндіктің өзі өмірімізді жақсы ете алады, сондықтан оған адам ғана таңдау жасайды. Еркіндік пен жауапкершілік мәселесі өздерінің әлеуметтік мәнінде қоғамдық өмірде, саясатта, заң, басқа да заңды актілерде, өнерде, көркем әдебиетте кең тарағандықтан антропо-логия, саясаттану, заң ғылымдары, психология, мәдениеттану, әлеуметтану, этика, қоғамтану пәндерінің орталық мәселесі ретінде көреміз .
Бұл категориялар адамзат дамуының әрбір кезеңінде, әр дәуірдің философтары, әлеуметтанушылары болсын, тіпті христиандық, ислам және буддизм дінінің өзі еркіндік мәселесіне өзінше қарап, өздігінше тұжырым жасаған, алайда мәселе күрделілігінің салдарынан толық шешілмеген және бұл ұғымдардың өзара байланысының әлеуметтік- философиялық, діни-этикалық аспектілері жайлы зерттеу жоқ, сондықтан біз осы мәселені көтеріп отырмыз.
Қаншалықты абстрактілі ұғым болса да, еркіндіктің нақты, тарихи және әлеуметтік жағдайда мазмұны бар. Еркіндік пен жауапкершіліктің байланысы адам болмысының әмбебаптық сипаттамасы. Қарапайым түсінікте еркіндік біреудің үстемдігінсіз өмір сүру, қалаған әрекетін іске асыра алу қабілеті болып саналады. Еркін таңдау, ерікті адам, ерікті ерік, азамат еркіндігі, еркін ойлар, еркін махаббат міне қарап тұрсаңыз, қоғамдық сана мен бұқаралық мәдениетте еркіндіктей анағұрлым қажетті де, лайықты ұғым жоқ та шығар. Сондықтан, адамзат үшін еркіндік пен жауапкершілік - мемлекет қайраткер-лерінің, жастар субмәдениетінің риторикалық атрибуты болып саналады. Еркіндік пен жауапкершіліктің философиялық интерпретациясы әртүрлі түсіндірулермен байланысқан. Мұнда орталық мәселе ретінде, еркіндік пен қажеттілік арақатынасын алуға болады. «Краткий словарь философии права» кітабында жауапкершілікке мынадай анықтама берілген: «Жауапкершілік - тұлғаның әлеуметтік ортадан қоғам мен мемлекеттен нормативтік үлгіге сәйкестікті талап ететін этикалық-құқықтық категория». Жауапкершілік ұғымында әлеуметтік нормаларды ұстану үшін моралді-құқықтық санаға шақыратын мәжбүрлік сипат бар. Бұл біздің жоғарыда айтып кеткен анықтамамызға ұқсас болып тұр. Еркіндік пен жауапкершіліктің өзара байланысы адамзат дамуының ажырамас бөлігі, олар материалды игіліктер мен ақпаратқа өзара айырбас жасаумен байланысты.
Философиялық сөздікте де жауапкершілік пен еркіндік өзінше анықталып жүр. Анықтамасы бойынша: «Жауапкершілік - этика және құқық саласымен байланысқан, ерекше, әлеуметтік және моралді, құқықтық тұлғаның қоғамға, адамзатқа қатынасын білдіреді, ол өнегелік парыз атқарумен сипатталына-ды». Анықтамада көрсетілгендей, шындығында, қазіргі кезде жауапкершілік этика мен құқық саласында ең көп қолданыс тапқан, өнегелік парыз сезімімен байланысқан. Дегенмен, бұл анықтаманы толық, жан- жақты деп айту қиын, себебі, адам онтологиясының осы мәселеге қатысты келесі маңызды көрінісі - еркіндікпен байланыссыз қарастырған. Жауапкершілік - еркіндіктің керісінше жағы, оның екінші «мені», ол еркіндікпен үздіксіз байланысқан, еркіндіктің имманентті шектеушісі болып табылады.
Философиялық әдебиетте: жауапкершілікке қоғам алдында адамның өз міндеті мен парызын сезінуінің моралдік-психологиялық категориясы деген анықтама беріліп жүр. Бұл тұрғыдан қарағанда, жауапкершілік - адамдардың өз әрекетінің нәтижесін көре білу мүмкіндігі, оның қоғамға әкелер пайдасы, не зияны бар ма, осыны анықтау болып табылады. Қалай десек те, бұл екі ұғым философиялық қана емес, антропологиялық, онтологиялық, діни, этикалық, құқықтық ұғымдар ретінде күнделікті тұрмысымызда көп кездесетінін байқаймыз. Этикалық тұрғыдан жауапкершілік ұғымына жақын ұғымның бірі әдеп болып табылады, ол туралы саралап көрсек: әдеп - қоғамдағы адамдар мінез- құлқына қойылатын этикалық талаптардың жиынтық атауы. Әдептің қоғамдағы басты қызметі тұлғалық қатынастарды адамгершілік талаптарына сәйкес ретке келтірумен байланысты. Бұл сипатта әдеп мәдениеттің іргелі бір құрамдас бөлігіне жатады.
Еркіндік пен ерік синоним ретінде қолданылады. Ерік өз тілегеніңді алдыңа қойған мақсатыңды жүзеге асыру, саналы ұмтылыс, тілек, талап, билік, мүмкіндік, ал «еркіндік дегеніміз - ерікті күй». Ар-ождан қоршаған орта алдындағы өнегелі жауапкершілік сезімі. Ар «өз қылығы үшін адамдардың қоғам алдындағы моралді жауапкершілікті сезінуі мен сезімі» - деп анықтауға келеді . Егер еркіндік шындықты адекватты түрде тануда болса, онда адам таным объектісіне тәуелдікте, оның еркін ерігі басылып қалған. Объективті қажеттілікті тани отырып, адам өзін қоршаған табиғи ортаға, әлеуметтік үрдістерге, өз табиғатына әсер етуге қабілетті. Еркіндік пен жауапкершіліктің өзара байланысын гносеологиялық тұрғыдан қарастырғанда, мәселе өте күрделенеді. Еркіндік пен жауапкершілік ұғымдарын түсіну диапозоны өте кең. Ол еркін таңдау мүмкіндігін толық терістейтін - бихевиоризм концепциясынан басталып, қазіргі өркениеттік қоғам жағдайындағы Э.Фроммның «Еркіндіктен қашуына» дейін жалғасып жатыр.
Еркіндікке келсек, ол адамдардың қылыққа қабілеттілігі, «саналы қажеттілік» арқылы жауапкершілікпен байланысқан. Еркіндік еріктілік ретінде тұлға мен қоршаған орта адамдарының алдында шектеледі. Ол адам болмысының әмбебапты сипаты. Адамдардың жауапкершілігі таңдау еркіндігі арқылы өсіп, немесе төмендеп отырады. Біреулерге еркіндік - рәміз, біреулерге идеал, біреулерге мақсат емес, құрал, енді басқаларға өнегесіз, саяси ойында қалқа болып табылады. Таңдаулылар үшін еркіндік пен жауапкершіліктің элитарлы концепциясы мен ұжымдық теориялары бар. Бұл мәселенің онтологиялық- антропологиялық мәні де бар, қоғамда әлеуметтік өмірге саналы бастама ендіру, қоғамға өз бетімен басқаруды әкелу жеке еркіндік өлшемін арттырады. Бұл сонымен қатар, әлеуметтік және моралдік жауапкершілік тудырады. Жауапкершілік қашанда - тұлға әрекетінің өзін реттеуші, тұлғаның өнегелі кемелдігін көрсетуші феномен. Жауапкершілік адамдарға ар мен парыз сезімін, өзін басқара білуді жүзеге асыруда көмек-теседі. Антропологиялық философияда еркіндік пен жауапкершілікті түсіну қалыптасқан стереотиптермен,теориялық әдетпен ерекшеленеді.
К. Маркс еркіндік туралы біршама ой-көзқарастарын өзінің «Капитал» еңбегінде қалдырады. Ол адам еркіндігінің адамдық қатынастағы үш тарихи кезеңі немесе сатысын көрсетті. Бұларға жеке тәуелділік қатынас, ерікті индивидуалдылық және жеке тәуелділік жатады. Жеке тәуелділік қатынас жүздеген жылдарға созылған. Алғашында, алғашқы қауымдық қоғам кезінде саяси-экономикалық тәуелдікке тап болды. Екінші кезең, ерекше адым кезеңі - еңбектің өндіргіш күшінің прогресімен, нарықтың өсуімен байланысты. Жұмысшы күші, еңбекке қабілеттілік еркін, тәуелсіз сипатта. Экономикалық еркіндікке қоғамның саяси жүйесі сай келді, басқа адамдармен материалдық, заттық тәуелділікті сақтаудағы адамдардың жеке, саяси, заңдық тәуелсіздігі шынайы еркіндікке қадам болып есептелінеді. Бірақ, бұл шынайы адам еркіндігі емес. Капитализм де, социализм де, адам еркіндігінің дамуындағы ассиметрияны, заттық және рухани дуализмін жеңуге қабілетсіз. Еркіндік дамуындағы үшінші сатыға жету үшін үйлесімді дамыған тұлға және жан-жақты, ерікті, жатталынбаған немесе еркін индивидуалдылық деп аталатын, қазіргі қоғам эволюциясындағылардан басқа өлшеусіз нәрсе қажет. Бұндай толық еркін индивидуалдылық өзінің ішкі потенциясының дамуының әмбебапты өсуімен
ерекшеленеді.