№11 Лекция тақырыбы Жалпы білім беру ұйымдарындағы инклюзивті үрдістің құқықтық негіздері.
Лекцияның оқыту нәтижелері: 1. Мүмкіншілігі шектеулі балалармен жұмыс жасауға дайындығын көрсетеді;
2. Білім беру барысында балалардың ерекшелігін есепке ала отырып, тәжірибеде қолдану дағдысын көрсетеді;
Лекция мазмұны:Мүмкіндігі шектеулі балалардың тең құқықтарын білім жүйесінде іске асырудың инициаторы Біріккен Ұлттар Ұйымы болып табылады. БҰҰ құрылған күннен бастап (1945 ж.) мемлекеттердің назарын мүмкіндігі шектеулі адамдардың сапалы білім алуы мен білім алудың қолжетімділігі мәселесіне назарын аударды. Бұл мәселелер БҰҰ бірқатар құжаттарында бейнеленген: адам құқықтарының Декларациясы (1948 ж.), білім саласында дискриминациямен күрес туралы Конвенция (1960 ж.), бала құқықтарының Декларация (1959 ж.), ақыл-есі кем тұлғалардың құқықтары туралы Декларациясы (1971 ж.), мүгедектердің құқықтары туралы Декларация (1975 ж.). Алғашқы рет мемлекеттер халықаралық деңгейде адамның білім алуға құқықтарын 1948 жылы қабылданған адам құқықтарының Жалпыға бірдей декларациясында мойындады. Бұл құжатта білім берудің гуманисттік құндылығы мен әмбебаптылығы алдыңғы қатарға қойылған: «....Білім беру адам жеке тұлғасының толық дамуына және адамның құқықтары мен негізгі еркіндіктеріне сыйластықты арттыруға бағытталуы тиіс. Білім беру өзара түсіністікке, төзімділікке және барлық халықтар мен діни топтар арасындағы достыққа негіз болып, БҰҰ бейбітшілікті қолдауға бағытталған іс-әрекетіне көмек беруі керек .....» Адам құқықтарының Жалпы декларациясының 26 бабында айтылған: «Әр адам білім алуға құқылы...Техникалық және кәсіби білім беру жалпыға қолжетімді болуы керек, ал жоғары білім әркімнің қабілеттер негізінде барлығына қолжетімді болуы тиіс». Бұл декларацияда мүгедектер (қоғамның басқа да әлеуметтік категориялары сияқты) тікелей аталмағанына қарамастан, олар басқа да азаматтар қатарында білім алу құқығына ие. 1959 жылдың 20 қарашасында Біріккен Ұлттар Ұйымының Генералды Ассамблеясының резолюциясында қарастырылған негізін қалаушы принциптердің арасында келесі принциптер көрсетілген:
физикалық, психикалық немесе әлеуметтік тұрғыдан жетілмеген бала, оның ерекше қалпына байланысты, арнайы тәртіппен білім беру және күтіммен қамтылуы тиіс.
Бала тегін және міндетті білім алуға құқылы; алғашқы кезеңдерде балаға, оның жалпы мәдени дамуына әсер етіп, тең мүмкіндіктер негізінде оның қабілеттерін дамытып, қоғамға пайдалы мүше болуына негіз болатын білім берілуі тиіс.
Баланы діни немесе қандай да болмасын дискриминацияның басқа түрлерін қолдау тәжірибелерінен қорғау керек.
1960 жылы ЮНЕСКО өзінің білім саласындағы дискриминацияға қарсы күрес туралы Конвенциясын қабылдады. Бұл конвенцияға сәйкес, «дискриминация» түсінігі, білім саласында теңдікті бұзу немесе жою мақсатымен жүргізілетін, кез-келген айырмашылық, шеттету, шектеу немесе өзгерістерді қалау іс-әрекетін қамтиды, мысалы:
а) нақты тұлға немесе топ үшін білім алу кезеңі мен мекеме түрін жабу;
б) нақты тұлғаны немесе бір топ тұлғаларды адам құқықтарымен сай келетін жағдайларға қою.
Осыған байланысты мемлекет міндетті:
а) білім саласындағы дискриминациялық мінезді әкімшілік тәжірибені болдырмау заңнамалар мен әкімшілік тапсырыстарды жою;
б) мемлекеттік ұйымдар оқу мекемелеріне нақты көмек түрлерін ұсынуда, балалардың нақты топқа қатысты болуына байланысты ешқандай шектеулерді, таңдауларды болдырмау;
в) бастауыш білім алмаған немесе оны аяқталмаған тұлғалардың білім алуын тиімді әдістердің көмегімен дамыту немесе қолдау, әр адамның қабілеттеріне сәйкес білім алуларын жалғастыру.
Бұл Конвенциядан соң бірқатар жалпыға міндетті келісім шарттар қабылданды, олардың арасында осы баяндамаға тікелей қатысы бар экономикалық, әлеуметттік және мәдени құқықтар туралы Халықаралық пакт (1966 ж.). Халықаралық пакттың 13 бабында Жалпыға бірдей декларация әр адамның міндетті және тегін бастауыш білім алуға құқығын қолдау, сонымен қатар тегін орта және жоғары білім беруге біртіндеп көшу туралы құқықтарды ресми қолдау арқылы әрі қарай дамыды.
БҰҰ қабылдаған халықаралық құжаттардың бір бөлімі білім алу құқыған қоса алғанда мүгедектердің құқықтары мәселелеріне арналған.
1971 жылы қабылданған ақыл-есі кем тұлғалардың құқықтары туралы Декларациясының 2 пунктінде мемлекеттердің «ақыл-есі кем тұлға білім алуға, оның қабілеттері мен мүмкіндіктерін максималды дамытуға мүмкіндік беретін оқуға құқылы екендігіне назар аударуын» ұсынды. Ақыл-есі кем тұлғалардың құқықтары туралы Декларацияда көрсетілген:
ақыл-есі кем тұлға мүмкіндігінше максималды деңгейде басқа адамдар сияқты өз құқықтарын іске асыра алады.
Ақыл-есі кем тұлға тиісті медициналық қызмет пен емделуге құқылы, сонымен қатар өзінің қабілеттерін және максималды мүмкіндіктерін дамытуға негіз болатын, білім алуға, оқуға, қамқорлыққа және еңбектенуге қабілеттілігін жаңғыртуға құқылы.
Ақыл-есі кем тұлға материалдық қамтылуға және қанағаттанарлық өмір сүру деңгейін қол жеткізуге құқылы. Ол өзінің мүмкіндіктеріне сай нәтижелі еңбектенуге немесе қандай да болмасын басқа пайдалы іспен айналысуға құқылы.
Мүмкін болған жағдайларда, ақыл-есі кем тұлға өз отбасында немесе асырап алушы ата-анасымен бірге тұрып, қоғам өмірінің түрлі қалыптарына араласуға құқылы. Мұндай тұлғалардың отбасына көмек берілу керек. Ақыл-есі кем адамды арнайы мекемеге орналастыру жағдайында жаңа орта мен өмір сүру жағдайының қалыпты өмір сүру жағдайынан айрмашылығы аз болуы тиіс.
1975 жылы мүгедектердің құқықтары туралы Декларацияда ментальды ғана емес, денсаулығының басқа да бұзылыстары (кемістіктері) бар адамдардың білім алу және әлеуметтік құқықтарын қамту ережелері барлық адамдарға қатысты қарастырылған: «Мүгедектердің өз мүмкіндіктері мен қабілеттерін максималды көрсетіп, олардың әлеуметтік интеграциялану немесе реинтеграциялану процесін жылдамдатуға мүмкіндік беретін, білім алуға, мамандандырылған кәсіби дайындыққа... және басқа да қызмет алу түрлеріне құқықтары бар (Декларацияның 6 бабы)». Бұл құжатта мүгедектердің адами құндылықтарын сыйлауға байланысты құқықтары расталған.
20 ғасырдың 70-ші жылдарынан бастау алған «білім алу - барлығы үшін» принципін дамытуды жалғастыруда, 1982 жылдың 3 желтоқсанында Бас Ассамблеяның 37/52 резолюциясынан қабылданған мүгедектерге қатысты әрекеттердің Бүкіл әлемдік бағдарламасы БҰҰ мемлекеттер - мүшелерінің бұл тұлғаларға қатысты саясатының бағыттарын нақты етіп белгіледі, онда басқа адамдармен қатар, мүгедектердің білім алуға мүмкіндіктерінің тең құқылы болуы қабылданған. Сонымен қатар мүгедектердің білім алуы мүмкіндігінше жалпы мектептік жүйе шеңберінде іске асырылуы керек. Бұл жүйе «жеке бағыты ... жергілікті халыққа қолжетімді; жалпыны қамтитын; халықтық нақты тобының ерекше қажеттіліктеріне сай бірқатар мүмкіндіктер ұсынуы тиіс».
Бүкіл әлемдік бағдарламаның 124 пунктінде қарастырылған: «егер жалпы мектептік жүйенің мүмкіндіктері қандай да себептерге байланысты кейбір мүгедек-балаларға жеткіліксіз болса, онда бұл балалар нақты уақыт бойы арнайы мекемелерде оқуы тиіс. Арнайы мектептік оқытудың сапасы жалпы мектептің жүйесінің сапасына тең болуы керек және де бұл білім берудің екі түрлі жүйелері бір-бірімен тығыз байланыста болуы қажет». Бірақ жалпы әлемдік бағдарлама мүгедектер мен «мүгедек еместерді» жалпы оқу бағдарламалары бойынша мүгедектігі бар адамдарға білім беру негізі ретінде, біріктіріп оқытуға приоритетті берді.
1989 жылы бала құқықтары туралы Конвенция қабылданды, мұнда: әр баланың, қандай да болмасын дискриминациялаусыз (нәсіліне, жынысына, тіліне, дініне, саяси немесе басқа сенімдеріне, ұлттық, этикалық немесе әлеуметтік ерекшеліктеріне, материалдық жағдайына, денсаулық жағдайына, ата-аналары мен заңды қамқоршыларына немесе қандай да болмасын басқа жағдайларға байланыссыз), құқықтарын қамту мен сыйлау міндеттері қарастырылған.
23 бапта қатысушы-мемлекеттер толық жетілмеген баланың ерекше қамқорлыққа құқығын қабылдап, ресурстар болған жағдайда балаға және оған қамқорлық жасайтын адамдарға көмек берілу, қолдау көрсету жағдайын қарастырған (көмек беру шаралары баланың қалпына сәйкес ата-аналар немесе қамқоршы тұлғалардың жағдайына байланысты жүргізіледі).
28 бапта қатысушы-мемлекеттер баланың білім алуға құқығын мойындап және де тең мүмкіндіктер негізінде бұл құқықты біртіндеп іске асыру мақсатымен, тегін және міндетті бастауыш білім беруді енгізуді көздеген.
1990 жылы мүгедек-балаларға, қиын жағдайларға тап болған балаларға назар аударылып, қамқорлық пен қолдау көрсету міндеттерін атқару үшін балалардың өмір сүруін, қорғалуы мен дамытуын қамту туралы Бүкіл Әлемдік декларация қабылданды. Бұл декларацияға қол қойған мемлекеттер сауатсыздық деңгейін төмендетіп, баланың жынысы мен тегінен тәуелсіз, білім алуға мүмкіндік беретін бағдарламаларды орындау міндетін өздеріне жүктеді. Аталған бағдарламалар балаларды еңбектену іс-әрекетіне дайындап, өмір бойы білім алу мүмкіндіктерін ұсынады, мысалы, кәсіби дайындық арқылы. Бұл бағдарламалар арқылы балалар қолдауды сезініп, жағымды және мәдени жағдайларда кәмелеттік жасқа жете алады. Инклюзивті бағыттың дамуына 1990 жылдың наурыз айында Джомтьенде (Тайланд) «білім алу барлығы үшін» мәселесі бойынша Бүкіл Әлемдік конференцияның өтуі әсер етті. Конференцияның жұмысына қатысқан 155 мемлекеттің және 160 мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері аталған мақсаттарға жету үшін белгіленген әрекеттер Бағдарламасын қабылдап, «білім алу барлығы үшін» Бүкіл Әлемдік Декларациясын қолдады. «....әр адам - бала болсын, жас адам немесе үлкен адам болсын - білім алу мүмкіндігіне ие болып, оның жемістерін пайдалануы қажет ...» шешімі қабылданып, «білім алу барлығы үшін» Бүкіл Әлемдік Декларация білім беруді дамытуда жаңа парақты ашты.
Мүгедектігі бар балалар, жастар және үлкендердің бастауыш, орта және жоғары білім беру аймақтарында тең мүмкіндіктерін анықтауда маңызды рольді «Мүгедектерге тең мүмкіндіктерді қамтудың Стандарттық ережелері» (1933 ж.) атқарды. Бұл ережелерде жалпыға мектептік білім беру жүйесінде барлық мүгедектердің білім алу қажеттіліктерін қамту жолдары қарастырылған. Құжатта мүгедектігі бар балалардың, жастардың және үлкендердің бастауыш, орта және жоғары білім беру аймақтарында тең мүмкіндіктерін қамту қажеттілігі туралы айтылған. Мүгедектердің білім алуы жалпыға білім беру жүйесінің бөлігі болып табылуын мемлекеттер қамтуы тиіс. Мүгедектердің интеграциялық құрылымдарда білім алуы үшін жауапкершілікті жалпыға білім беру ұйымдарына жүктеу қажет. Құжат мемлекеттерге мүгедектерге білім беру мәселесіне байланысты сұрақтарды білім беру саласында ұлттық жоспарлау бағдарламасына қосуды және оқу бағдарламаларын құрастыру мен оқу процесін ұйымдастыруда ескеруді ұсынды. Стандарттық ережелерде (мүгедектерге қатысты әрекеттердің Бүкіл Әлемдік бағдарламасында сияқты) «жалпыға мектептік білім беру жүйесі барлық мүгедектердің қажеттіліктерін қамти алмағанда, арнайы білім беру қарастырылған. Мемлекеттер арнайы білім беру мекемелерінің жалпыға білім беру жүйесіне біртіндеп интеграциялануына ұмтылу керек».
«Мүгедектерге тең мүмкіндіктерді қамтудың Стандарттық ережелерінде алғашқы рет «мүгедектік» өмірлік іс-әрекеттің шектеуіне әкелетін және әлеуметтік қорғау қажеттілігін тудыратын, ағза қызметтерінің тұрақты бұзылыстары себебінен денсаулықтың бұзылуы - әлеуметтік жетіспеушілік», ал балалық жаста - «білім беру мен тәрбиелеу бағдарламаларына баланы қосу мүмкіндігінің қатаң шектелуі, қосымша қызмет көрсету мен көмек алу қажеттілігінің артуы» - деп анықталды. Сондықтан білім алуға тең құқықтарды іске асыру үшін, мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерді қоғам өміріне белсенді қатыстыру мен оларды әлеуметтік бейімдеу үшін жалпыға білім беру мектептеріне физикалық тұрғыдан ғана жету жеткіліксіз болады. Бұл құжат арнайы білім берудегі жетістіктерді сақтап, оларды жалпыға қолжетімді білім беру процесі бағытында дамытуға шақырады. Арнайы мектептік білім берудің сапасы жалпы мектептік жүйенің сапасына тең болуы керек және де екі жүйе тығыз өзара байланыста болуы тиіс.
1994 жылы Испанияда (Саламанка қаласы) ерекше қажеттіліктері бар тұлғаларға білім беру мәселесі бойынша Бүкіл Әлемдік Конференция өтті. Нәтижесінде педагогикаға «инклюзивті білім беру» термині енгізіліп, инклюзивті білім берудің негізгі принциптері анықталды. Конференцияда қабылданған Саламанка декларациясы «инклюзивті білім беруді» білім беруді дамытудың басты бағыты деп қарастырды. Бұл бағыттың ерекшелігі –білім беру жүйесі әр баланың ерекшеліктері мен қажеттіліктеріне бейімделуі тиіс, сонымен бірге жалпыға білім беру мектептерінде біріктіріп оқытумен қатар, кейбір балалар арнайы мекемелерде оқуы мүмкін. Атап өту керек, мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алу аймағын қалыптастыру нақты мемлекеттің дәстүрлеріне және даму деңгейіне байланысты. Сондықтан көрсетілген құжаттарда БҰҰ қатысушы мемлекеттерде білім беру жүйелерінің жалпы бағыттары мен жетілдіру принциптері анықталған. Сонымен, жоғарыда көрсетілген халықаралық құжаттарды іске асыру нәтижесінде өткен ғасырдың 90-шы жылдарында мүгедектіктің жаңа идеологиясымен байланысты білім беру аймағының бағыты дамып, «инклюзивті білім беру», «инклюзивті бағыт» түсініктерімен жалпыланды. Инклюзивті бағыт балалардың түрлі білім алу қажеттіліктерін түсініп, оны қажеттіліктеріне сай білім алу процесіне толығырақ қатысу, қоғамның көмегі мен білім беруде сегрегация мен дискриминацияны жою арқылы қызметтер ұсынуды қарастырды.
2000 жылдың сәуір айында Дакарлық әрекеттер шеңберінде инклюзивті білім беру мәселесі бойынша Бүкіл Әлемдік форум өтті. Мұнда халықаралық қауымдастықтың әр баланың негізгі білім алу қажеттіліктерін қамтуға арналған стратегияны іске асыру жолдары талқыланды. Дакар әрекеттер құрылымы кепілдік береді: 2015 жылға барлық балалар, әсіресе қыздар, сонымен бірге қиын жағдайда өмір сүретін балалар, этникалық аз топтар сапалы, тегін бастауыш білім алуға қол жеткізеді. Қазіргі таңда сенімділікпен айтуға болады - инклюзивті білім беру мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдердің қалыпты білім беру мекемелерінің білім беру процесіне қатысуы мен белсенді қосылуын ғана қарастырмайды, сонымен бірге барлық топтағы балалардың білім алу қажеттіліктерін қамту мақсатымен жалпы білім беру жүйесі мен оқыту-тәрбиелеу процесін қайта құруды қажет етеді. Яғни, философиялық білімдердің шеңберінде жетілген гуманисттік идеялардың құқықтық, педагогикалық, психологиялық және әлеуметтік аймақтарға біртіндеп енуі үшін аз емес уақыт қажет болған.
Адам құқықтары аймағында, негіз қалаушы халықаралық құжаттарға сәйкес, Қазақстан Республикасының Заңында мемлекеттің барлық балалары үшін білім алуда тең құқықтар принципі қарастырылады. Балалардың білім алуға құқықтары Қазақстан Республикасының Коституциясында - «ҚР бала құқықтары туралы», Қазақстан Республикасының Заңдарында - «Білім алу туралы», «Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзете қолдау туралы» және т.б. қарастырылған. Осы құжаттар негізінде мемлекет әр баланың ұлтына, дініне, денсаулық қалпына қарамастан тегін жалпы білім алу құқығын қамтиды.
Қорыта келе, дәрісте жалпы білім беру ұйымдарындағы инклюзивті үрдістің құқықтық негіздері (Халықаралық және отандық нормативті-құқықтық актілер) қарастырылды.