Лекция тақырыбы: Кіріспе. Фольклор және фольклортану ғылымы туралы түсінік



бет1/21
Дата12.02.2023
өлшемі169,13 Kb.
#67326
түріЛекция
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21
Байланысты:
Лекция та ырыбы Кіріспе. Фольклор ж не фольклортану ылымы тура


ЛЕКЦИЯ ТЕЗИСТЕРІ
1 ЛЕКЦИЯ
Тақырыбы: Кіріспе. Фольклор және фольклортану ғылымы туралы түсінік.
Жоспары:
1.“Қазақ халқының ауыз әдебиеті” пәнінің маңызы, мақсаты мен міндеттері, оқу процесінен алатын орны. Пайдаланатын негізгі және қосымша әдебиеттер.
2.Фольклортанудың ғылым ретіндегі ерекшелігі, объектісі мен міндеттері, өзге ғылым салаларымен байланысы.
3.Фольклордың синкреттілігі, халықтығы, көркемдік жүйесі мен поэтикалық тәсілдері, мәтіннің сақталуы, дәстүрлілігі, өмірді бейнелеу ерекшеліктері, полистадиялығы, ұжымдық сипаты, көпнұсқалылығы, қоғамдық мәні.

Фольклор туралы ғылымның мәнділігі оның зерттейтін пәнінің құндылығынан келіп шығады. Эпостық жырлар, ертегілер, ғұрыптық және ғұрыптан тыс лирикалық өлеңдер, аңыз-әпсаналар, хикаятта, драмалық ойындар, балалардың өлең-ойындары, жұмбақтар, жаңылтпаштар, мақал-мәтелдер жалпы халқымыздың ауызша шығармашылығы – оның сан мыңдаған жылдар бойы жинақтап сақтаған асыл қазынасы болып табылады. Халықтың ауызша шығармашылығы жазба мәдениеттен әрдайым бұрын пайда болары хақ. Сондықтан да алғашқы әдеби туындылар халық шығармашылығының көркемдік тәжірибесінен тамыр алады. Аса ірі әдеби құбылыстардың шығармашылық табиғаты да фольклорға қатыссыз болуы мүмкін емес. Осыларды ескерер болсақ, болашақ әдебиеттанушы үшін фольклортанудың ғылыми пән ретінде қаншалықты мән-маңызға ие екендігін түсіндіріп жатудың қажеті жоқ.


Фольклортанудың оқу процесіндегі осы маңыздылығынан бөлек ұжымдық шығармашылықтың идеялық-көркемдік мазмұны мен пішінін талдайтын арнайы ғылыми пән ретіндегі құндырақ жағы тағы бар. Фольклордың көркем әдебиетпен ортақ тұстары көп болғанымен, оның әдеби заңдылықтардың қалыбына симайтын өзіндік өмір сүру, даму ерекшеліктері мол.
“Қазақ халқының ауыз әдебиеті” пәні қазақ фольклоры жөніндегі алғашқы зерттеулерден бастап, бүгінгі күндегі жарық көріп жатқан іргелі зерттеу еңбектеріндегі бай тәжірибеге сүйеніп жүргізіледі және де халық шығармашылығының жалпыға ортақ заңдылықтары жөніндегі әлемдік фольклортану жетістіктері де басты назарда болады. Әсіресе, орыс фольклортану ғылымы теориялық-практикалық тұрғыдан көп елдердікінен озық екендігін танытты. Сондықтан жалпы теориялық мәселелерде, көбінесе, орыс ғалымдарының еңбектерін таяныш етуге тура келеді.
Фольклорды зерттейтін ғылым - фольклортану /фольклористика/ деп аталады. Фольклортанушылық әдебиеттану, лингвистика тарих, этнография, археология, философия, психология, педагогика, өнертану, музыкатану, социология сияқты басқа ғылым салаларымен тығыз байланыста болады. Өйткені фольклор поэтикасының өзгеріп отыратын жанды құбылыс екендігі, оның тек сөз өнері ғана емес, басқа да өнер, тұрмыс-салт түрлерімен бірге өмір сүретін ерекшелігі оны оқыту ісінің де пәнаралық тығыз байланыста жүргізілуін талап етеді.
Бұл пәннің негізгі мақсатына фольклор табиғатын таныту, тектері мен түрлерін саралау ғана емес, бұдан басқа да мәселелер енеді. Соның бірі – халық ауыз әдебиеті үлгілері мен жазба әдебиеттің бір-бірімен байланысы, олардың өзара ықпалдасуы - кез-келген халықтың жазба әдебиеті халық шығармаларындағы көркемдік тәжірибе негізінде пайда болады. Сондай-ақ өмір сүру үстіндегі халықтың ауызша шығармашылығына да ел жүрегінен орын алған жазба әдеби мұралардың үлкен әсері тиеді.
Фольклорлық туындылардың көбі есте жоқ ескі замандардан бері адамзат баласымен бірге жасасып келеді. Сондықтан да олар ұлттық шеңберден шығып, бүкіл адамзат баласына ортақтасып кетеді. Фольклордың жалпыхалықтық сипатының мол болу сырын түсіндіріп беру де “Халық ауыз әдебиеті” пәнінің басты міндеттерінің бірінен саналады. Мұндай типологиялық ұқсастықтардың тек халықтардың генетикалық туыстығы ғана емес, сонымен бірге мәдени байланыстар, өмір және қоғам тектестігінен де келіп шығатындығы осы курста теориялық тұрғыдан баян етіледі. Сондай-ақ фольклордың теориясы мен тарихына қатысты жалпы мәселелер де қамтылады.
“Халық ауыз әдебиеті” терминімен қатар “фольклор” термині жарыса қолданылады. “Фольклор” термині ағылшын тілінде (folk, lore) - халық, даналық деген сөздерден құралып, “халық даналығы” деген мағынаны береді.
Фольклорды зерттейтін ғылым - фольклортану (фольклористика) деп аталады.
Фольклортану халықтың ауызша жаратқан туындысын зерттеуден қалыптасады. Фольклортану халықтың ауызша туындысының даму сатылары, өмір сүру ерекшеліктері, жазба әдебиетпен байланысы сияқты мәселелерді зерттейді. Басқа ғылым саласы сияқты фольклор ғылымы да теория мен тарихтан тұрады. Алайда, бұл екі сала әдебиеттанудағыдай дербестік таныта алмайды. Халық ауыз әдебиеті үлгілерінің өзіне тән белгілерін көрсету, оны жанрлар мен жанрлық түрлерге жіктеу сияқты нағыз теориялық мәні бар мәселелер тек тарихилық принципті сақтап зерттеуде ғана дұрыс нәтиже береді. Фольклор тарихы әдебиет тарихы сияқты нақтылыққа ие бола алмайды. Мұнда – әрбір құбылыстың пайда болу кезеңін, тарихи және хронологиялық анықтығын терең зерттеу талап етілмейді. Фольклор тарихы нақты деректердің тапшылығынан, көбінесе, ғылыми негізі бар болжамға сүйенеді. Фольклортану мен әдебиеттану бір-бірімен тығыз байланыста өмір сүретін, ортақ тұстары көп ғылым салалары болғанмен, олардың өзіне тән айырмашылықтары да баршылық. Әдебиеттану өзі зерттейтін объектісін анық әрі дайын материалдар арқылы қарастырса, фольклортануда мұндай мүмкіндік жоқ. Сонымен бірге фольклортану ғылымындағы зерттеу ісі негізгі 3 кезеңнен өтеді:
1. Өзі зерттейтін халық шығармалары үлгілерін жинау.
2. Текстология, палеография сияқты жұмыстарды жүргізіп, жиналған материалдарды іріктеу, қажет болса жариялау.
3. Зерттеу жұмыстарын жүргізу.
Фольклор үлгілерінің көптеген өнер түрлерімен тығыз байланысты екендігі белгілі. Сол себепті фольклортанушылар халық ауыз әдебиеті үлгілерін зерттеуде ғылымның өзге сала өкілдерімен бірге кешенді түрде жұмыс істейді.
Фольклорды жаратушы ретіндегі халық өзінің тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпымен ауызша жаратылған сөз өнерін әрдайым байланыстырып отырады. Фольклор туындысын сан алуан ғылым саласының бірігіп зерттеу ерекшелігі – халық шығармаларының көп қырлы (синкретті) сипатынан туындайтын құбылыс. Халық шығармалырын тек қана мәтіндік тұрғыдан зерттеу оның шынайы табиғатын аша алмаған болар еді. Фольклор – көп қырлы, синкретті өнер. Оның көркемдік, эстетикалық қызметі қағаздан оқуға емес, көзбен көріп, құлақпен естіп, тамашалауға арналған. Көркем фольклор үлгілерін көзбен оқығанда алатын әсеріміз бір басқа, оны айтушының аузынан естіп қабылдау әсері бөлек. Әрине, оның естіп тамашалау кезіндегі әсерінің күшті екендігі белгілі. Жыршы шығармалардың қайғылы тұстарын өзі де жылай жырап көрермендерді де ағыл-тегіл жылатуы мүмкін. Немесе дәл олардың ішек-сілесіп қатырып күлдіреді. Демек, ауызша айту сәтінде ғана фольклор өзінің шынайы болмысының эстетикалық қуатын толық таныта алады екен. Бұдан фольклордың тек сөз өнері ғана емес, өнердің өзге түрлерін бірлікте өмір сүретін шығармашылықтың ерекше түрі екенін көреміз. Поэзия түріндегі фольклордың мақам, әуенсіз, музыкалық аспатың сүйемелдеуінсіз айтылатыны жоқ десе де болады. Халық прозасының да артистік, дикторлық т.б. өнер шеберлігін талап ететін өзіндік орындаушылық ерекшелігі бар. Енді бір фольклор үлгілері өнерінің басқа түрлерімен ғана емес, халықтың әдет-ғұрпымен, көне наным-сенімдерімен бірлікте өмір сүрді. Бұлардың көпшілігінде әдет-ғұрып түрлері жетекші орында болды. Бұлардағы эстетикалық функция екінші орынға ығыстырылды. Олардың айтылуы көркемдік мақсатты көздемейді. Мысалы, жоқтау, сыңсу, беташар т.б. жанр түрлері тыңдаушыға рухани азық беру үшін емес, халықтық дәстүр, салт аясындағы белгілі бір өмірлік жағдайда ғана, қажеттілік үшін айтылады. Бұл жанрдың негізгі қызметі – утилитарлық (қолданбалы)сипатта болады. Бұл жанрдың айтылу мақсаты эстетикалық қасиетке ие болмағанымен, олардың поэтикасы, әсіресе, тіл көркемдігі өзге фольклор үлгілерінен кем түспейді.
Фольклордың ең басты ерекшелігінің бірі – авторсыздығы. Мұның айтушысы да, тыңдаушысы да халық. Фольклор жаратушысы ретіндегі халықты біз барлық әлеуметтік топтардың жиынтығы ретінде қабылдауымыз керек. Фольклордың халықтығын Кеңес дәуірі тұсында бір жақты бағалап келді. Оның таратушысын езілуші халық деп қана көрсетуге тырысты. Әрине таптық- антагонистік қоғам тұсындағы фольклордың негізгі жаратушысы езілуші тап болатындығы және бұл тұстағы шығармалардың идеясы мен тақырыбын таптық күрес иеленетінін жоққа шығаруға болмайды. Себебі мұндай қоғам тұсында аз ғана езуші таптың мақсат-мүддесі езгідегі халық бұқарасының арман ниетімен үйлеспейді, бірақ фольклорлық мұраның таптық жіктелуге дейін де пайда болғанын естен шығармауымыз керек.
Фольклордың көп қырлы өнер екендігі әрдайым айтылып келе жатыр. Қазіргі кезде синкретті өнер мағынасын дәлірек беруші термин ретінде “фольклор” атауы кеңірек қолданысқа ие бола бастады. “Фольклор” терминін ең алғаш 1846 жылы қолдаған ағылшын ғалымы У.Дж.Томс болатын. Содан бері қарай осы атау халықаралық терминге айналып кеткенімен, қолданылған қоғамдық ортаға қарай әр түрлі мәнге ие болды. АҚШ-та, Англияда “фольклор” атауымен халық өнерінің барлық түрлерін (поэзия, би, музыка т.б.) атайды. Бізде де осы мәнге жуық “музыка фольклоры” деген сияқты бірлі-жарым атамалар қолданғаны болмаса, негізінен алғанда, “фольклор” халықтың ауызша сөз өнері ретінде жұмсалады. Осы кезге дейін өзімен жарыса қолданылып келе жатқан “ел әдебиеті”, “халық әдебиеті”, “ауызша шығармашылық”, “халықтың ауыз әдебиеті” атауына қарағанда, “фольклор” терминінің кең қолданысқа ие болу себебі халық шығармашылығының синкретті сипатын бере алатын артықшылығында жатыр. Ал жоғарыдағы атаулар халық шығармаларын тек қана сөз өнері мәнінде аңғартады. Оның үстіне қазақ әдебиетінің ХІХ ғасырдың ІІ жартысына дейінгі тарихындағы шығармалардың тууы мен сақталуы, негізінен ауызша формада болады. пайда болған мезгілі мен мекені, авторы айқын болғанымен, бізге жетіп келу жолы халық шығармаларына жақын бұл туындылар “ауыз әдебиеті” деп атауға әбден лайық. Жоғарыда айтылған әр түрлі атаудың жарыса қолданылуының өзі фольклордың өте күрделі құбылыс екенін танытады. Бұл күрделілік оның көп қырлы сипатынан туындайды.
Фольклор қаншалықты көпқырлы өнер түрі болғанымен, ол ең алдымен, сөз өнері болып табылады. Фольклор сөз өнері тұрғысында әдебиетке жақын болса да, оның өзіндік ерекшелігі әрдайым осы екі өнер түрлерін салыстыру арқылы ғана айқын көрсетіледі. Әсіресе, салттан тыс фольклор жазба әдебиетке жақын. Біз ондағы мәтіннен шығарманың негізгі идеясының, тақырыптық- көркемдік ерекшеліктерінің, эстетикалық насаналарының қандай екенін анықтай аламыз. Ал мәтінсіз, тек қана орындаушылық өнерден, мақам-әуеннен, музыкадан біз шығарманың негізгі мән-мағынасын қабылдай алмаған болар едік. Демек фольклорда сөз өнері жетекші, өзге өнер түрлері көмекші орында болады. Көркем фольклор өнер үлгілерінде шығарманың айтылу мақсаты көркемдік сипатта болса, тұрмыс салт жырлары белгілі бір салтпен, ғұрыппен бір жүйе құрап, өзі сол жүйенің бір бөлшегі ретінде өмір сүреді. Осыдан келіп салттан тыс фольклор түрлерін әдебиетпен бір деп қарап, ал салтқа қатысты халық шығармаларын тұрмыстық құбылыс ретінде қарауға болмайды. Фольклордағы сөздің әдебиеттегі сөздерден ең басты айырмасы - бейнелеуіштік, көркемдеуіштік құрал ғана емес, сөз өнерін басқа өнер түрлерімен байланыстырушы ретінде әрі информациялық-қатынастық қызмет те атқарады. Ал салтқа қатысты фольклордағы сөз өзімен бір жүйе құрайтын салт, ғұрып жоралғылардан өзінің эстетикалық қасиетімен бөлектеніп тұрады. Фольклортану өнерді зерттейтін пән болғанымен, ол ғұрыптық фольклордағы көркемдік қасиеті бар компонентті ғана, яғни ондағы сөзді зерттейді. Фольклортану мұндағы ғұрыптық жоралғыларды, яғни этнографиялық мәселелерді сөздің эстетикалық функциясына қатысты ғана айтып отырады. Халық ауыз әдебиетінің оқиғаны беру тәсілдерінде, образдар құрамында, тілінде өзіне тән белгілер бірден көзге түседі. Олардағы оқиғалы уақыт көбінесе тым ертедегі замандарда болған етіп көрсетіледі. Шығарманың тілі күнделікті сөйлеуімен байланысты болғандықтан, архаизмер, диалектизмдер т.б. жалпы халықтық сөйлеу тілінің түрлі топтары ол үшін норма болып табылады. Халық шағырмашылығында бұқараның сан ғасырлар бойы көркемдік тәжірибесі негізінде қалыптасқан тұрақты поэтикалық жүйесі бар. Ондағы символдық образдар, дәстүрлі формула, тұрақты сюжеттік желілер шындықты орасан зор көлемде жинақтап беру сияқты белгілер - оның өзіне ғана тән поэтикалық ерекшелігі. Идеялық-образдық жинақтаудың ауқымдылығынан, кеңдігінен көпқабаттылық құбылысы пайда болады. Бір ғана халық шағармасының бойынан біз әр түрлі дәуірге, қоғамдық ортаға тән тарихи адам аттары мен оқиғалардың, заттар мен құбылыстардың бейнесін көре аламыз. Халық ауыз әдебиеті жанрлары ерекше кейіпкерлер құрамымен де өзгешеленеді. Батырлық жырлардағы халық батыры, жау-қалмақ, қызылбастар, ертегідегі хан, тазша бала, жалмауыз, айдаһар; аңыздардағы Қорқыт, Асан қайғы; лирикалық өлеңдердегі қыз бен жігіт осындай кейіпкерлер болып табылады. Фольклордың бұл белгілерінің дені оны жазба әдебиеттен ерекшелеп тұрады. Бірақ екеуінің ерекшелігі бұнымен шектелмейді. Орыс фольклористі К.В.Чистов бұл екеуінің жан-жақты өзгешеліктерін былайша көрсеткен.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет