Дәріс 11-12
№11 дәріс.
Қазірігі қазақ тілінің фразеологиясы
«Фразеология» дегеніміз, біріншіден, «тілдегі барлық фразеологизмдердің жиынтығы, әлемі, қазынасы», екіншіден, «фразеологизмдерді зерттейтін ғылым саласы». Фразеологизм дегеніміз - құрамындағы сыңарлары өте тұрақты болып келетін, қолданысқа әрдайым дайын тұратын тұрақты тіркес. Мұнда тіркес құраушы сөздер өздерінің бастапқы тура мағыналарынан мүлдем немесежарым-жартылай айырылып, өзаражымдаса келіп, бір ғана фразеологиялық жалпы мағынаға ие болады. Бұл мағынаға ауыспалылық пен бейнелілік тән. Қазақ фразеологиясының бағыт-бағдарын саралаған, осы саланың дербес пәнге айналуының негізін қалаған ғалым академик І.Кеңесбаев болды. Оның XX ғасырдың 40 жылдары жарық көрген "Қазақ тілінің тиянақты сөз таптары" (Докторлық диссертация, Алматы, 1944), "Қазақ тілінің идиомдары мен фразалары туралы" (Халық мұғалімі. 1946)," К вопросу об экспрессивно - стилистических функциях фразеологизмов" (Тезисы докладов конференции "Развитие стилистических систем литературных языков народов СССР". Ашхабад, 1966) сияқты еңбектерінен кейін-ақ қазақ фразеологиясын зерттеу айрықша қолға алынды. А.Ысқақов, М.Балақаев, Т.Қордабаев, Ә.Т.Қайдаров, Р.Сыздықова тәрізді қазақ тіл білімінің көрнекті өкілдері қазақ фразеологиясының дербес пән болып қалыптасу, даму жолында көптеген мәселелерді ғылыми тұрғыда қарастырды. Фразеологизмдерді топтау мәселесі І.Кеңесбаев, М.Балақаев, Т.Қордабаев, Ә.Т.Қайдаров еңбектерінде жан-жақты қарастырылды. Ә.Т.Қайдаров, Р.Жайсақовалар қазақ фразеологизмдерінің құрамдық сипатын ашып, семантикалық-тақырыптық аясын белгілеп, топтастыру принциптерін айқындады. Р.Сыздықова Абай тіліндегі фразеологизмдерді зерттеу арқылы қазақ фразеологизмдерінің поэтикалық тілдегі жұмсалу өрісін зерделеп, авторлық қолданыстағы фразеологизмдердің жасалу механизмін көрсетті. Ә.Болғанбаев, Ғ.Қалиев еңбектерінде қазақ фразеологиясының теориялық мәселелері жинақтала сөз болды. Р.Сөрсенбаев зерттеулерінде фразеологизмдердің мақал-мәтелдермен, нақыл сөздермен ара-қатысы айқындалды.
Фразеологизмдердің тілдік табиғаты аса күрделі: фразеологизмдер жеке сөзге де, сөз тіркесіне де, сөйлемге де ұқсайды, сонымен бірге олардың ешбіріне ұқсамайтын қасиеттерімен де ерекше болып тұрады. Фразеологиялық мағына фразеологизмнің құрамына енетін сөздердің дербес мағынасынан туындамайды. Сондықтан олардың мағынасы «фразеологиялық байлаулы», «фразеологиялық шартты мағына» деп аталады. Тілімізде негізгі мағынасын сақтаған, бірақ тұрақты сөз тіркестерінің құрамында айтылғанда өзгеше қызметке көшкен сөздер де бар. Қара сөзінің жеке алғандағы мағынасы түр-түсті білдіретіндігі белгілі, ал, кейбір сөздермен тіркес құрай келгенде бұл сөз мүлде өзгеше мәнге көшеді. Қара шаңырақ, қара орман, қара жол. Мұндай тіркестерде қара сөзі ұлы, үлкен тәрізді ұғымды аңғартады. Мұндай құбылыс кейбір түркі тілдерінде де кездеседі
Фразеологизмдердің түрлері
Ғасырдан ғасырға ұласып, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып, көне заманнан келе жатса да байыры беделін жоғалтпай, сонылығын сақтаған алуан айшықты, терең мазмұнды тұрақты тіркестер ана тіліміздің асыл қазынасы іспетті.Бейнелі сөз орамдары дөп тигізіп айтар дәлдігімен, ерекше көркемдігімен кімді де болса әрдайым баурап алады.
Тілдің фразеологиялық саласы – өте күрделі құбылыс. Тілдік бірлік ретінде фразеологизмдердің семантикалық құрылымы, лексикалық құрамы, лексика-грамматикалық ерекшеліктері, қолданылу тұрғысынан экспрессиялық-стилистикалық реңктері, диахрония тұрғысынан шығу тегі, жасалу жолдары т.б. мәселелері өз алдына жеке-жеке зерттеу объектілері болатындығы даусыз.
Тұрақты сөз тіркестерінің фразеологиялық түйдек, фразеологиялық шоғыр, фразеологиялық тіркес, фразеологиялық тізбек деп аталатын семантикалық типтері бар.
№ 12 дәріс.
Достарыңызбен бөлісу: |