Оқыту - мұғалім мен оқушылар арасында белгілі дидактикалық міндеттерді шешуге бағытталған іс - әрекет.
Білім беру деп - табиғат және қоғам жайында ғылымда жинақталған білім жүйесін жеке адамның меңгеруін және оны өмірде тиімді етіп қолдана білуін айтамыз.
Білім берудің мазмұны - жеке адамның жан-жақты дамуы және қалыптасуы үшін меңгеретін білім, іскерлік, дағды жүйесі білім беру мазмұны болып табылады.
Оқытудың принципі - оқыту процесінің тиімділігін арттыруға қажетті ең негізгі дидактикалық талаптар жүйесінен анықталады. Оқыту принципі оқу пәндерін оқытудың барлық сатысында қолданылатын жалпы қағидалар болып табылады.
Оқытуды ұйымдастырудың формасы дегеніміз - ұстаз бен шәкірттердің арнайы ұйымдастырылған, белгіленген тәртіп пен режимде жүргізілетін оқу-таным, іс-әрекет процесі.
Оқыту процесінің өзіне тән функциялары бар. Олар оқытудың білім беру, оқытудың тәрбиелік, оқытудың дамыту функциялары.
Оқытудың білім беру функциясы - бұл адам баласын білім байлығымен қаруландыру, оны өз бетімен білім алуға, іскерлік пен дағдыны игеруге даярлау.
Оқытудың тәрбиелік функциясы - оқытудың тәрбиелік ықпалы жайындағы идея Я.А.Коменскийдің, И.Ф.Гербарттың, Ф.А.Дистервектің, Н.И.Пироговтың және К.Д.Ушинскийдің еңбектерінде мазмұндалған. Оқыта отырып тәрбиелеу, оқушыларды өмірге, білім алуға тәрбиелейді, ақыл-ой қабілетін дамытады, адамгершілік қасиетін қалыптастырады.
Оқытудың дамыту функциясы.Белгілі психологтар Л.С.Выготский мен С.Л.Рубинштейн ұсынған тұжырымдамасы бойынша жеке адамның тәрбие мен оқыту процесінде жетіледі. Дамытып оқыту - бұл оқушылардың таным іс-әрекеттерін барынша дамыту, яғни олардың ой-өрісін дамыту, өз бетімен жаңа білімді іздеп табуға және оны еркін игеруге үйрету. Дамытып оқытудың міндеті - «Ең таяу даму зонасын» жасау.
Оқыту процесі жүйе ретінде қарастырылады, ол өзінің белгілі құрылымы және бөліктерімен сипатталады. Олар:
Ғылыми білімнің, іскерліктің және дағдының жүйесі (білім беру мазмұны).
Мұғалім, оның өмірге, ғылымға көзқарасы және оқушылармен қарым-қатынасы (сабақ беру).
Оқушылар, сынып ұжымы (оқу іс-әрекеті).
Оқыту әдістері.
Оқытудың материалдық құралдары: дидактикалық және оқытудың техникалық құралдары.