Пайдаланылған әдебиеттер: 1. Педагогика. 2015. Әлқожаева. Н.С.
2.Педагогика. 2016. Дүйсенбаев. А.Қ.
3.Педагогика. 2014. Усманов.Ә.Ә. Сәрсенбаева.М.Б.
4.Дидактика. 2013. Әмірова.Ә.С.
5.Педагогиканың философиясы және әдіснамасы. 2016. Таубаева.Ш.Т.
6.Педагогика. 2015. Дүйсенбаев. А.Қ.
7.Педагогика. 2014. Каракулов. К.Н.
Лекция№3 Педагогика адам туралы ғылым жүйесінде
Лекция жоспары: 1.Педагогика ғылымының қалыптасуы мен дамуы.
2.Педагогика - қазіргі адамтанудың саласы.
3.Педагогиканың объектісі, пәні және қызметтері.
4.Педагогиканың негізгі категориялары (тәрбие, оқыту, білім беру, педагогикалық үдеріс), олардың өзара байланысы.
Лекция мәтіні: 1.Педагогика ғылымының қалыптасуы мен дамуы. Қандай да болмасын ғылым салаларының дамуы қоғамның өмірлік мұқтаждығынан, талабынан туады. Педагогиканың пайда болуы қоғамның жас ұрпақты тәрбиелеудің тиімді жолын табу мақсатынан және де өндірісті дамыту талабынан туған. Тәрбие ұрпақ пен ұрпақты байланыстыратын дәнекер болып саналады. Педагогика ғылымы ұзақ тарихи даму жолынан өтті.
Алғашқы педагогикалық ой-пікірлер ертедегі шығыс елдерінің (Мысыр, Вавилония, Унді, Қытай) философиялық жүйесінде дамып, кейін біртіндеп өз алдына жеке ғылым болып дами бастады. Ежелгі дүние философиясы ертедегі шығыс елдерінің қорытып жиыстырған білім мұрасын дамытқан еді. Сократ, Платон, Аристотель, Демокрит саясат, тәрбие, мемлекет, жеке адам тәрбиесінің мақсаттары мен мазмұны және ерекшелігі сияқты педагогикалық мәселелерді қарастырады. Феодалдық қоғамда (орта ғасырда) тәрбиеге деген көзқарас мүлдем өзгерді. Ерте дүние педагогтары ұсынған адамның рухани және дене күштерінің қатар дамуы көзқарасының орнына "о дүниелік өмірге" дайындауды ұсынған пікірлер қалыптасты.
ХУ-ХУI ғасыр педагогикасы орта ғасыр педагогикасын сынады. Адамның жеке басының тәрбиесін оның дамуы ойшылдарды толғандырды, мәдениет пен педагогикалық бағыт "гуманизм" деп аталды (Ф.Рабле, Т.Мор, Т.Кампанелла).
Гуманистер жаңа дәуір үшін жаңа адам қажеттігін дәлелдеді.
Феодализмнен капитализмге өту дәуірінде дін шырмауындағы ғылымдар дамып, жеке бөлініп шыға бастайды. Осы кезде педагогика да өз алдына ғылым ретінде бөлініп шықты. Сол ғасырда педагогиканың жеке ғылым ретінде мәртебесі чех халқының ұлы педагогы Ян Коменскийдің (1592-1670) "Ұлы дидактика" еңбегімен беки түсті.
Батыс Еуропада ағылшын философы Джон Локк (1632-1704) "Тәрбие туралы ойлар" деген еңбегінде тәрбиенің психологиялық негіздеріне, адамгершілік тәрбиесіне көбірек көңіл бөлді. Ол баланы "таза тақтаға" теңеді. Францияда Жан-Жак Руссо (1732-1778) баланы табиғат арқылы, табиғаттай жетілдіре тәрбиелеуге көңіл бөліп, баланы жазалауға қарсы болды, қатаң таяқ тәртібіне қарсы "еркін тәрбие" идеясын ұсынды. Швейцарияның педагог-демократы И.Песталоцци "Лингард және Гертруда" деген еңбегінде білім беруге демократиялық көзқарасты, тәрбиенің гуманитарлық сипатын балаға шын пейілмен көңіл бөлуді жақтады.
Ресейде революциялық-демократияшыл ойдың негізін салушылар:
А.Н.Радищев, В.Г.Белинский, А.Н.Герцен; XIX ғасырдың 60-ы жылдарында Н.Г. Чернышевский, Н.А.Добролюбов; XIX ғасырдың екінші жартысында демократияшыл тәрбиенің идеяларын ұсынушылар: Н.И.Пирогов, К.Д.Ушинский, Л.Н.Толстой, т.б. болды.
Н.К.Крупская (1869-1939) кеңестік педагогика ғылымын дамытуға зор үлес қосып, еңбек және политехникалық білім беру, идеялық-саяси тәрбие мәселелерін ғылыми-теориялық негізде талдады. Н.К.Крупскаяның айырықша көңіл бөлген мәселелерінің бірі - оқыту теориясы. Сонымен қатар кеңес мектебінде оқушылардың өзін-өзі басқарудағы мақсаты мен міндеттерін белгіледі. Оның еңбектерінде отбасы тәрбиесі, балалардың қоғамдық ұйымдарының қоғамда алатын рөлі және міндеттері көрсетілді.
Көрнекті кеңес педагогы Антон Семенович Макаренко (1888-1939) жастарды қайта тәрбиелеудегі өзінің бай тәжірибесіне сүйеніп, оқу-тәрбие жұмысын жүргізудің жүйелі теориясы мен әдістемесін құрды.Макаренконың тәрбие мен оқу жайлы еңбектері, оның жеті томдық педагогикалық шығармаларында жинақталған. Олар: "Ата-аналар кітабы", "Балаларды тәрбиелеу жайлы дәрістер , "Тәрбие жұмысын ұйымдастыру әдістемесі", "Кеңестік мектеп тәрбиесінің мәселелері”, "Педагогикалық поэма", "Мұнара үстіндегі тулар". Бұл енбектерінде Макаренко тәрбиенің мақсаттары мен міндеттерін, әдістері мен негізгі принциптерін, балалар ұжымы мен оқушыға қойылатын бірыңғай педагогикалық талаптарды зерттеп, жинақтады.
Көрнекті педагог Василий Александрович Сухомлинский (1918-1970) өзінің педагогикалық жүйесінде әрбір оқушының жан-жақты дамуының, дара ерекшеліктерінің, бейімділігінің, қызығушылығының, тағы басқа қабілеттерінің жетілуіне бағытталған оқу-тәрбие процесін ұйымдастырды. "Павлыш орта мектебі, "Балаға жүрек жылуы", "Ұжымның құдіретті күші", "Мектептің жас директорымен сырласу", "Ұлыма хат", тағы басқа құнды еңбектері арқылы В.А.Сухомлинский жас ұрпаққа тәрбие мен білім берудің ұлы ісінің жалғастырушысы болды.
Қазақстанда ағартушылық идеяны көтергендердің бірі - Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов (1835-1865). Ағартушы-ғалым қазақ даласындағы оқу, мектеп ісін ғылыми негізде құрып, оқу білімінің табиғат сырларын ашуға бағытталуын, туған халқының алдыңғы қатарлы мәдениетті елдерді қуып жетуін аңсады. Діни бағыттағы медреселер мен ел билеуші әкімдер, тілмаштар дайындайтын мектептердің мақсатын сынай келіп, жалпы білім беретін мектептердің ашылуын көздеді. "Тек ақиқат білім ғана адамға күдік туғызбайды, ол өмірді бағалауға, тұрмыс құруға үйретеді', - деді Шоқан.
Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы Ыбырай Алтынсариннің (1841-1889) демократиялық-ағартушылық бағыты оның педагогикалық көзкарастарынан айқын көрінеді. Бүкіл өмір жолын мектеп ашуға, қазақ, балаларын оқуға тартуға, дүние ғылымдарын үйретуге, оқу құралдарын жазуға, тәлімгер-ұстаз дайындауға, оларға ғылыми әдістемелік басшылық жасауға, өз кезеңіндегі қазақ халкының қоғамдық өміріндегі саяси-әлеуметтік мәселелерді жан-жақты қамтып, жазуға жұмсады. Ы.Алтынсарин қазақ жастарының мамандық алуына жол ашты.Торғайда - қоленер, Қостанайда - ауыл шаруашылығы училищелері, Ырғызда - қазақ қыздарына арнап мектеп-интернат ашылуына зор ықпал жасады.
Қазақ халкының ұлы ойшыл ақыны Абай Құнанбайұлының (1845-1904) поэтикалық шығармалары мен "Қара" сөздері педагогикалық ой-пікірлерге толы. Табиғаттық санадан тыс, тәуелсіз өмір сүруі, өмір ақиқатының түйсікпен қабылдануы, адамдар жаратылысының бірдей еместігі, ғылымның ақылмен, жан құмарымен алынатындығы оның көрінісі. Ақынның педагогикалық көзқарасының қоғамдық қатынастар тұрғысындағы пікірлері, жастарды халқының әдеп-ғұрпы, салт-санасы, дәстүрінен тәлім-тәрбие алуға шақыруы дүниежүзілік педагогика классиктерінің ой-пікірлерімен үндеседі.
Ағартушы-педагог Ахмет Байтұрсынов (1873-1937) мол педагогикалық мұра калдырды. А. Байтұрсынов бүкіл саналы өмірін қазақ қоғамында білім-ғылымның дамуына, мектеп ағартушылық ісінің жанданып, кемелденуіне бағыштайды. Ол ауыл мектебінде, семинарияларда бала оқытты, оқу-тәрбие жұмыстарын жетілдіру саласында көп ізденді.
А.Байтұрсынов оқытудың дидактикалық принциптерін| ғылыми тұрғыда белгілеп берді.
А.Байтұрсынов ұсынған жаңа әліпби 1913 жылдардан бастап мұсылман медреселері мен орыс-қазақ мектептерінде қолданыла бастады. Қоғам алдына ол қазақ даласында оқу-ағарту ісі дұрыс жолға қойылсын, ол үшін ауыл мектептерінде балалар қазақша сауат ашатын болсын, оқу ана тілінде жүргізілсін деген талаптарды бастаушы болды.
Міржакып Дулатов (1885-1935) Ы.Алтынсариннің ұстаздық идеяларын әрі қарай дамытып, А.Байтұрсынов сияқты оқу-тәрбие мәселелерін ғылыми тұрғыдан қараған, шәкірттердің жаңа бағдарламалар арқылы білім алуына, мұғалімдердің ғылыми дидактикалық қағидаларға сәйкес сабақ жүргізуіне ерекше мән берген педагогтардың бірі.
Жүсіпбек Аймауытов (1889-1931) педагогика, психология саласында құнды ғылыми-зерттеу еңбектерімен қатар, бірнеше оқулықтар, оқу құралдарының авторы болған ірі тұлғалардың бірі. "Тәрбиеге жетекші" атты еңбегінде (1924 ж.) педагогиканың дидактика саласын ғылыми негіздеген.
Қазан төңкерісінен кейін тәлім-тәрбие ғылымына терең үңілгендердің бірі - Мағжан Жұмабаев (1893-1938). Оның "Педагогика" атты еңбегі соңғы кезеңдегі ана тілімізде жазылып, ғылыми әлемді елең еткізген туынды болды.
Қазақ педагогика ғылымының тұңғыш профессоры Шәрапи Әлжановтың (1901-1938) тәлім-тәрбие саласында әр түрлі тақырыптың төңірегінде жазған жиырмадан астам еңбегі жарық көрді. Ол "Ес және есте сақтау меселелері», "Ой мәселелері", "Дағдылану мәселелері» атты еңбегінде (1936 ж.) шәкірт психологиясының жас және дара ерекшеліктері жайлы сөз қозғайды, сол салада жүргізілген сараптамалық зерттеулердің нәтижесін оқырман назарына ұсынады.
Қазақтың белгілі педагогы Әбдіхамит Сембаевтың (1905-1989) қаламынан сексеннен астам қомақты ғылыми-педагогикалық еңбектер шықты. "Қазақстанда Советтік мектептің даму тарихы" (1962 ж.) атты монографиялық еңбегінде мектептердің көптеп ашылуын, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың жасалу жолдарын, мұғалім кадрларын даярлау ісіндегі қол жеткен табыстарды нақтылы деректермен ғылыми тұрғыда дәлелдеді..
Қ.Бержанов (1924-1976) - педагогика ғылымдарының докторы, профессор. Педагогика ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан ғалым-ұстаз. Қорыта айтқанда, Қазақстанда педагогика ғылымы XX ғасырдың екінші жартысынан бері тез қарқынмен дамыды.