Биосфераны сақтау және экологиялық проблемаларды шешу жолдары
Биосфераны сақтау және экологиялық проблемаларды шешу жолдары. Қоршаған орта және даму жөніндегі Рио-де-Жанейро декларациясының қағидаттарын ескере отырьп, Қазақстанның экологиялық қауіпсіздік проблемалары - оларды әлемдік, ұлттық және жергілікті шешудің маңыздылығы мен деңгейіне байланысты қаралады. Әлемдік экологиялық проблемалар: климаттың өзгеруі, озон қабатының бұзылуы,биоәртүрлілікті сақтау және жердің шөлейттенуі және тозуы.
Климаттың өзгеруі. "Қызу әсерінің" салдарынан болатын климаттың өзгеруі жалпы әлемдік көлемдегі проблема болып табылады және қоршаған ортаның жай-күйіне барынша ықтимал қатер төндіреді. Киото хаттамасын бекіткеннен кейін нақты жобалар мен іс-шараларды іске асыруды көздейтін Қазақстан Республикасында қызған газдардың шығарындыларын азайту жөніндегі 2015 жылға дейінгі бағдарлама әзірленетін болады.
Озон қабатының бұзылуы. Біздің ел озон қабатын сақтау туралы халықаралық келісімдерге 1998 жылы қосылды. Қазіргі уақытта Қазақстанда озон бұзғыш заттарды (ОБЗ) пайдалануды қысқарту және оларды айналымнан алып тастау, озон қабатын бұзбайтын заттарды қолдану мен жаңа технологияларды енгізу жөніндегі жұмыстар жүргізілуде.
Биоәртүрлілікті сақтау .Қазақстаның экожүйесі Орталық Азияда және тұтастай алғанда континентте биологиялық әртүрлілік бірегейлігімен ерекшеленеді.Биоәртүрлілікті сақтау үшін Қазақстан Республикасы 1994 жылы Биоәртүрлілік жөніндегі конвенцияны бекітті, биологиялық әртүрлілікті сақтау және теңгермелі пайдалану жөніндегі ұлттық стратегия мен іс-қимыл жоспарын әзірледі.Биоәртүрлілікті сақтаудың неғүрлым тиімді шарасы - ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру болып табылады. Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтарын дамыту мен орналастыру тұжырымдамасына сәйкес 2030 жылға дейін олардың алаңын 17,5 млн гектарға дейін ұлғайту көзделген, бұл республика аумағының 6,4 %-ын құрайды.
Жердің шөлейттенуі және тозуы. Қазақстанның көп бөлігі қуаң аймақта орналасқан және оның аумағының шамамен 66 %-ы түрлі деңгейде шөлейттену процестеріне бейім. Шөлейттенумен күрес жөнінде бағдарламаның негізгі нәтижелері шөлейттену процестерін болдырмау және жердің тозу ауқымын қысқарту, шөлейттенумен күрестің экономикалық тетіктерін енгізу, ауыл шаруашылық жерлерінің өнімділігін арттыру болып табылады.
Ұлттық экологиялық проблемалар:экологиялық апат аймақтары, Каспий теңізі қайраңының ресурстарын қарқынды игеруге байланысты проблемалар, су ресурстарының сарқылуы және ластануы , байырғы ластанулар,трансшекаралық сипаттағы мәселелер ,әскери-ғарыш және сынақ кешендері полигондарының әсері.
Экологиялық апат аймақтары.Табиғи экологиялық жүйелердің бұзылуы, флора мен фаунаның тозуы орын алған және қолайсыз экологиялық, ахуал салдарынан халықтың денсаулығына елеулі зиян келтірілген Арал және Семей өңірлері экологиялық апат аймақтары болып жарияланды. Экологиялық апат аймақтары елдің ішкі қауіпсіздігіне нақты қатер болып табылады.Елдің ішкі қауіпсіздігіне қатерді жою мақсатында экологиялық апат аймақтарында халықтың тұруының әлеуметтік-экономикалық және экологиялык жағдайын кешенді талдау жөнінде іс-шаралар жүргізу, оның сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілуіне баға беру, экологиялық талаптарды әзірлеу және аумақтарды экологиялық бағалау мен ядролық сынақтар мен өзге де факторлардың халықтың денсаулығына, қоршаған ортаға әсерінің салдарларын ескере отырып, сауықтыру-оңалту іс-шараларын жүзеге асыру қажет.
Каспий теңізі қайраңының ресурстарын қарқынды игеруге байланысты проблемалар. Каспий теңізі бассейні мемлекеттерінің көмірсутегі ресурстарын кеңінен игеруі теңіз және жағалау маңы экожүйелеріне теріс әсер ауқымын ұлғайтады.
Су ресурстарының сарқылуы және ластануы.Қазақстан су ресурстары үлкен жетіспейтін елдерінің санатына жатады. Қазіргі уақытта су объектілерін тау-кен өндіру, металлургия және химия өнеркәсібі көсіпорындары, қалалардың коммуналдық қызметтері қарқынды ластауда және ол нақты экологиялық қатер төндіреді. Ертіс, Нұра, Сырдария, Іле өзендері, Балқаш көлі ластанған. Халықты ауыз сумен қамтамасыз етудің негізгі көзі болып табылатын жер асты сулары да ластануға ұшыраған.Бұл проблемаларды шешу мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылы 21 қаңтардағы№71 қаулысымен Экономиканың су секторын дамытудың және Қазақстан Республикасы су шаруашылығы саясатының 2010 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды.
Байырғы ластанулар .Ластанудың "байырғы" көздеріне қазіргі кезде иесіз тұрған объектілер: мұнай, газ және гидрогеологиялық ұңғымалар, шахталар, кеніштер (оның ішінде радиактивтік калдыкты), елдің экологиялық қауіпсіздігіне нақты қатер болып табылатын қалдық сақтағыштар мен ағынды суды жинақтағыштар жатады.Қазіргі кезде уран өндіру өнеркәсібінің радиактивтік үйінділерін жою және иесіз мұнай ұңғымалары мен өздігінен төгілетін гидрогеологиялық ұңғымаларды жою жөніндегі бағдарлама іске асырылуда. Алайда, бұл бағдарламалар байырғы ластанулардың барлық түрлерін толық қамтымайды. Сондықтан, байырғы ластануларды жою жөнінде бағдарлама әзірлеудің қажеттілігі тұр.
Трансшекаралық экологиялық проблемаларға су бөлу, трансшекаралық су объектілерін, атмосфералық ауа мен топырақты ластау, кауіпті технологияларды, заттар мен қалдықтарды өткізу, пайдалы қазбалардың шектес жатқан кен орындарын игеру, бірегей табиғи кешендерді сақтау мәселелері жатады.
Әскери-ғарыш және сынақ кешендері полигондарының әсері.Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының аумағында төрт әскери сынақ полигоны және "Байқоныр" кешені жұмыс істейді. Зымырандардың жерге түскен және құлаған сынықтары қоршаған ортаға аса қауіпті әрі улы болып келеді.
Жергілікті экологиялық проблемаларға әуе бассейнінің ластануы,радиоактивті ластану, бактериологиялык және химиялық ластану,өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар проблемалары жатады.
Биосфералық қорықтар .Соңғы жылдары қорғауға алынған территориялардың бір формасы болып табылатын биосфералық қорықтар көптеп құрыла бастады. Биосфералық қорық Жерді әр түрлі аймақтарының табиғи комплекстерінің (биогеоценоздарың) эталоны болып табылады.Олар экожүйелерге жыл бойы және көпжылдық зерттеулер жүргізу мен биосфераға антропогенді әсердің мониторингін жасау үшін жақсы база болып табылады.Биосфералық қорық қорықтық белдеу (биорезерваттың ядросы), буферлік белдеу мен интенсивті шаруашылық белдеуінен тұрады. 1992 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Жердің жоғарғы форумында Биологиялық алуантүрлілік туралы Конвенцияға қол қойылды. Конвенцияның негізгі мақсаты биологиялық алуантүрлілікті сақтау мен оның элементтерін тұрақты қорғау болып табылады. Биосфералық қорықтардың осы конвенцияны орындауға көмек беруге мүмкіндіктері бар. Ұлттық сая-бақтар мен қорғауға алынған территориялар мәселесі бойынша Каракас (Венесуэла, 1992 жыл) қаласында өткен төртінші Дүниежүзілік Конгресте биосфералық қорықтарды басқаруға жаңалықтар енгізілді және биорезерваттардың жаңа формалары жасалды. Мысалы, «Кластерлік және трансшекаралық қорықтар. Биорезерваттардың дамуы саласында кеңінен интеграциялау жұмыстары ұсынылды. Биосфералық қорықтар туралы Халықаралық конференция (Севилья, 1995 жыл) XXI ғасырдағы биосфералық қорықтардың рөлі мен дамуының Севилья стратегиясын жасады.Биосфералық қорықтар өзара толықтырушы үш функцияны атқаруы керек: генетикалық ресурстарды, биологиялық түрлер,экожүйелер мен пейзаждарды сақтауға бағытталған қорғау функциясы;тұрақты экономикалық және адамзаттық даму-
ға көмектесу үшін даму функциясы;зерттеу жұмыстарын қолдау үшін материалдық-техникалық қамтамасыз ету функциясы.Сонымен қатар, білім беру, мамандарды дайындау, жергілікті, ұлттық және ғаламдық сипаттағы іс-шараларға байланысты мониторингті жүзеге асыру.
Тұрақты даму концепциясы
Жоғарыда айтылып өткендей, адамзат қоғамының алдында тұрған экологиялық мәселелер оның дамуының барлық тарихи кезеңдерінде орын алып отырды. Бірақ, өндірістік қоғам мен демографиялық жарылыс кезеңінде адамзаттың табиғатқа теріс әсерінің нәтижелері ғаламдық сипатқа ие болды. Экологиялық мәселенің мәні — табиғаттағы қалыптасқан тепе-теңдікті бұзбай, миллиардтаған адамдарды жерде қоныстандыру және олардың барлық кажеттіліктерін қамтамасыз ету. Қазіргі Жердегі тіршілік адам қызметінің сипатына тәуелді.
Қазіргі кезең адамының ерекше биосфералық қызметі — биосфераны қорғау мен сақтап қалу қызметімен анықталып отыр. Экологиялық мәселелердің алдын алу үшін адам ретсіз дамудан тиімді, реттелген, табиғат пен қоғамның даму заңдарына негізделген дамуға өтуі тиіс. Тек осы кезде ғана адамзат қоғамының дамуы үздіксіз, ұзақ уақыттық, бірқалыпты жағдайда, табиғи және әлеуметтік дағдарыссыз дамиды. Мұндай дамуды - тұрақты даму деп атайды. Бірақ бұл үшін адамдардың сана-сезімі, олардың мақсаты мен адамгершілік бағыттылығы өзгеруі тиіс.
1992 жылдың маусым айында Рио-де-Жанейро қаласында өткен БҰҰ-ның қоршаған орта мен даму бойынша өткен конференциясы «Тұрақты даму» конценциясын және «XXI гасырдың күн тәртібіне» атты ауқымды бағдарламасын қабылдады. Бұл бағдарламада шешілуі болашақта тұрақты дамуды қамтамасыз ететін жалпы мәселелер қарастырылған.БҰҰ-ның конференциясы барлық елдердің үкіметтерін тұрақты дамудың ұлттық концепцияларын қабылдауға шақырды.
Қазақстан Республикасының Үкіметі ұсынған «Қазақстан Республикасының тұрақты дамуға көшу концепциясы» бекітілді .Республиканың экологиялық саясаты оның экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Республика Президенті Н.Ә. Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясында жасаған баяндамасында тұрақты дамуға жетудің түйінді мәселелерін шешудегі еліміз-дің белсенді қызметін дәлелдейтін нақты мысалдар келтірді. 1992—1998 жылдар аралығыыда Қазақстан тарихта бірінші болып ядролық полигонын жауып, ядролық қарудан бас тартты, Аралды сақтап қалуға арналған интеграциялық процестердің ұйтқысы болды.
Қазақстан Республикасының «экологиялық қауіпсіздігінің стратегиялық мақсаты мен міндеттеріне» экологиялық білім және тәрбие беру жүйесін жасау мен дамыту жатады.
Биосферадағы автотрофтық компоненттердің ролін ұлғайту,қалдықсыз технологиялар енгізу және т.б. жолдармен табиғи ортаның ластануын азайту мәселесіне қысқаша түсінік берелік.
Ормандардың көміртегіне қатысты қызметі. Атмосферадағы көміртегінің артық мөлшерін шығару арқылы парниктік эффект мәселесін шешуде адамдар орман экожүйелерінен үміттенеді. 1 т (абсолюттік құрғақ салмақ) өсімдік өнімі түзілуі үшін 1,5-1,8 т көмірқышқыл газы сіңіріліп, 1,1-1,3 т оттегінің бөлініп шығатыны белгілі. Өнімділігі орташа орманға есептесек, 1 га орман жылына 6-7 т көмірқышқыл газын сіңіріп, 5-6 т оттегін бөліп шығарады.Атмосферадағы көміртегі балансына әсер етумен қатар, ормандар ауадағы басқа да бөгде заттарды жоюға қабілетті.
Қатты,сұйық ,газ тәрізді және жылу қалдықтары мен шығарындыларын аз мөлшерде түзетін технология – қалдығы аз технология болып саналады. Қалдықсыз технология – бір кәсіпорынның немесе цехтың қалдығы басқасына шикізат болып табылатын өндірістің экологиялық нұсқасы. Қалдықсыз технология қажет ресурстардың үнемделуін қамтамасыз етеді.Біршама қарапайым қалдықсыз технология ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу кезінде, күрделі қалдықсыз технология химиялық өнеркәсіптің кейбір салаларында қолданылады. Қалдықсыз және қалдығы аз технологияда энергия аз жұмсалады. Қалдықтар – түзілген жерінде тікелей қолданылмайтын өндіріс,тұрмыс,көлік және т.б. қалдықтары.Қалдықтар халық шаруашылығының басқа салаларында немесе регенерация барысында өнім ретінде пайдаланылуы мүмкін. Қалдықтар қатты,сұйық ,газ тәрізді болады.
Экологиялық болжау-экологиялық өзгерістерге алдын ала болжау жасау. Күні бұрын жасалған экологиялық болжау табиғаттың өзгеруін бақылап отыруға көмектеседі.Экологиялық болжау - адамның іс-әрекетінің әсерінен биосферада орын алатын процестер туралы, сонымен бірге жуық арада немесе болашақта болатын қалыптасқан тепе-теңдіктің бұзылуын болжайтын мәліметтер. Болжанатын құбылыстардың ауқымына қарай экологиялық болжау ғаламдық (физикалық-географиялық), аймактық (бірнеше ел, бір материк, мұхит және т.б.), ұлттық (мемлекет шеңберінде) және өңірлік (жергілікті шағын аумақпен шектелген) экологиялық болжау болып сараланады. Болжам жасау үшін алдымен шаруашылық дамуының негізгі бағыттарымен қатар, оның болашағын және түпкі мақсатын анықтап алу қажет. Экологиялық болжау қысқа мерзімдерге, ұзақ жылдарға жасалады.
Экологиялық бақылау - сапалық және сандық тұрғыдан әсерлердің, заттектердің табиғатын және олардың көлемдік, массалық мөлшерін анықтап, оларды белгілі рұқсат етілген шамалармен салыстырып, пайдалылығын немесе зияндылығын талдап анықтау жолы.
Достарыңызбен бөлісу: |