ҚАЗАҚСТАН 1917 ЖЫЛҒЫ ҚОС ТӨҢКЕРІС ЖӘНЕ АЗАМАТ СОҒЫСЫ ЖЫЛДАРЫНДА Ресейдегі 1917 жылғы Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясы жəне оның Қазақстандағы қоғамдық-саяси өмірге əсері.
Қазақстан 1917 жылғы Ақпан революциясы кезінде
Ұлттық интеллигенцияның қалыптасуы және «Алаш» партиясының құрылуы.
1917 жылғы Қазан төңкерісі және Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы
Қазақстан азамат соғысы жылдарында (1918–1920 жж.). «Әскери коммунизм» саясаты (1918–1921 жж.)
Ресей империясының барлық саяси жүйесіне тəн дағдарыстың салдары болып табылатын 1917 жылғы Ақпан революциясының нəтижесінде патша үкіметі құлатылды. Ол Ресей халықтарының, оның алдыңғы қатарлы күштерінің патша билігіне, крепостниктік құрылысқа жəне отарлық езгіге қарсы көп жылдық күресінің жеңісімен аяқталды. 1917 жылы 28 ақпанда М.В.Родзянконың басшылығымен Мемлекеттік Думаның комитеті құрылып, мемлекеттік жəне қоғамдық тəртіпті қалпына келтіруді өз қолына алғанын мəлімдеді. 2 наурыз күні Мемлекеттік Думаның Уақытша комитеті мен Петроград Кеңесінің арасындағы келісім бойынша Уақытша үкімет құрылды. Жаңа құрылған үкіметтің құрамы мен міндеттерін белгілеген Декларация да осы күні жарияланды. Онда: “Азаматтар! Мемлекеттік Думаның Уақытша комитеті мүшелері астана жұртшылығы мен əскердің қолдауы, ниеттестігі арқасында қазіргі уақытта ескі режимнің қара күштеріне қарағанда анағұрлым табысқа жетіп отыр. Қалыптасқан жағдай атқару өкіметін құруға мүмкіндіктер туғызды.
Осы мақсатта Мемлекеттік Думаның Уақытша комитеті бұрынғы қоғамдық-саяси қызметімен көзге түскен өкілдерден құрылған алғашқы кабинеттің министрлерін тағайындады”,- деп князь Г.Е.Львов басқаратын кабинеттің министрлері көрсетілді. Бұл кабинет өз қызметінде: 1) саяси, діни, қарулы көтеріліс жəне т.б. істер бойынша амнистия жариялауды; 2) сөз жəне баспасөз бостандығын жария етуді; 3) ұлттық, діни жəне сословиялық шектеушіліктерді
жоюды; 4) елді басқару формасын, конституциясын айқындайтын жалпыға бірдей жабық, тікелей дауыс беру арқылы сайланатын Құрылтай жиналысына тоқтаусыз дайындық жүргізуді; 5) полицияны милициямен алмастырып, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына бағындыруды жəне т.б. демократиялық негіздерді басшылыққа алатынын мəлімдеді.Патшалық билікті құлатқан Ақпан революциясын қазақ қоғамы зор қуанышпен қарсы алды. “Қазақ” газеті 9 наурыздағы санында: «…Киіз туырлықты қазақтың оң жағынан ай, сол жағынан күн туды, жақсылық, қуаныш тек қана орыстікі емес, отаны Руссия болған жұрттың бəріне тегіс жақсылық, бəріне тегіс қуаныш» - деп жар салды. Ақпан революциясы қалың бұқараның саяси құқықтарын кеңінен пайдалануына мүмкіндік жасады, олардың саяси күреске ашық араласуын қамтамасыз етті. Елдегі қоғамдық өмірде саяси партиялардың рөлі орасан өсті. Революция патшалық цензураны жойды. Жұртшылық сөз жəне жиналыс бостандығын кеңінен пайдаланды. Уақытша үкіметтің ұлттық мəселе бойынша қабылдаған алғашқы актілерінің бірі 1917 жылы 20 наурызда Ресей азаматтарының құқындағы діни наным-сеніміне, ұлтына қарай шектеушілікті алып тастауы болды. Көктен іздегендері жерден табылғандай болған халық Уақытша үкіметке барынша қолдау көрсетуге даяр екендіктерін білдіріп, империяның түкпір-түкпірінен құттықтау жеделхаттар жөнелте бастады. Қызылжар қаласы мен уезінің мұсылмандары қалалық мешітте жұма-намаз күні бүкіл халыққа шаттық əкелген Уақытша үкімет мүшелеріне ұзақ өмір беріп, бақытты етуін Алладан өтініп, жаңа үкіметке адал қызмет етуге серт берді. Ресей тарихында бірінші рет діни нанымдық, нəсілдік кемсітушілік жойыл
ды деп, ұлттар теңдігін қағаз жүзінде болса да жария еткен бұл акт бұрынғы бұратана атанған езгідегі елдердің орыстармен терезесін тең сезінуіне жол ашты. Қазақ халқының Ақпан төңкерісін зор қуанышпен қарсы алуының мəні де осында болатын. Ақпан төңкерісінің қазақтар үшін қаншалықты маңызды
болғанын А.Байтұрсынов: “Алғашқы революцияны қазақтар тура түсініп, қуанышпен қарсы алса, ол, біріншіден, бұл революцияның оларды патша өкіметінің қанауы мен зорлығынан құтқаруында жəне, екіншіден, оларды өзіміз басқарсақ деген ескі үмітінің нығая түскенінде еді”,- деп түсіндіреді. Халықтың Уақытша үкіметке барынша қолдау көрсетуіне оның 1916 жылғы 25 маусым жарлығының күшін жойып, енді бұратаналарды қара жұмысқа алуды тоқтатуын, ал 7 наурызда 1916 жылғы көтеріліске қатысушыларға амнистия
жариялау сияқты шаралары да ықпал етті. Бұл жөнінде М.Дулатов: “Сары əскер” қарсылық қылған елдерге лек-легімен аттанып, қазақ-қырғыз даласын қызыл қанға бояуға кірісіп еді. Он айға жетпей патша өкіметі құламаса, Ресейдегі ұлы төңкеріс болмаса, не болар еді”,- деп жазды. Самодержавияның құлатылғаны жайлы хабар жер-жерлерге жетісімен түрлі əлеуметтік топтардың, саяси партиялардың өкілдері жоғарыдан нұсқау күтпей-ақ, өздерінің қоғамдық ұйымдары арқылы жергілікті басқару органдарын құруды қолға ала бастайды.
Қоғамдық негіздегі құрылған мұндай жергілікті басқару органдары: азаматтық атқару комитеті, біріккен қоғамдық құрама (коалициялық) атқару комитеті деген сияқты атауларға ие болды. 1917 жылдың 5 наурызына дейін Қазақстанда да қоғамдық негіздегі атқару комитеттері құрыла бастады. Мəселен, 3 наурызда Көкшетауда, 4 наурызда Қызылжарда, 5 наурызда Семейде біріккен қоғамдық
ұйымдардың атқару комитеттері құрылды. Бұл ұйымдарға түрлі əлеуметтік топтар мен саяси партиялар мүшелікке ұмтылды. Бұл - халықтың демократиялық басқару дəстүріне құлшына араласқанын аңғартады. Мемлекеттік Думаның Уақытша комитеті мен Уақытша үкімет билік орындарын құру туралы 5 наурызда арнайы қаулы жариялады. Осыған байланысты жергілікті басқаруда, ел өмірін жаңа мазмұнда ұйымдастыруда өзгерістер бола бастайды. Наурыз жəне сəуір айлары ішінде ескі əскери губернаторлық, уездік, болыстық жəне ауылнайлық басқару жүйелері жойылып, келмеске кетті. Олардың орнына Уақытша үкіметтің облыстық жəне уездік комиссарлық басқару жүйесі, сонымен бірге облыстық, уездік, болыстық жəне ауылдық деңгейде азаматтық комитеттер жəне олардың атқару орындары қалыптаса бастайды. Мамыр мен маусым айларында бұларға қосымша облыстық азық-түлік комитеті, жер комитеті жəне басқа осы сияқты басқару орындары құрылады. Батыс майдан штабы жанынан земскі жəне қалалық одақтардың бұратана бөлімін басқарып жүрген Ə.Бөкейханов 20 наурыз күні
Торғай облыстық комиссары қызметіне тағайындалды. Қазақ елі патшалық Ресей құрамына енгеннен бергі уақытта оның бірде-бір өкілінің империяның əкімшілік жүйесінде губерниялық, облыстық деңгейді қойғанда, тіпті уезд бастығы дəрежесінде қызмет жасамағандығы мəлім. Империяның басқару жүйесінде қазақтар болыстық атқарудан жоғарғы қызметті иемденуге тиісті емес еді. Бұл тұрғыдан Ə. Бөкейханов ескі патшалық биліктің орнына келген
Уақытша үкімет жағдайында облыстық басшылыққа келген бірінші қазақ болатын.1917 жылы наурыз айы ішінде Орал облыстық комиссары болып Бизянов бекітілді. Ақмола мен Семей облыстары қарайтын Дала өлкелік комиссарлығына мемлекеттік кеңес мүшесі И.Лаптев жіберілді. 1917 жылы сəуірде Уақытша үкіметтің қаулысы бойынша Түркістан өлкесінде нақты тəртіп орнатып, күнделікті туындап отыратын мəселелерді сол жерде шешіп, өлкені басқару үшін Түркістан уақытша комитеті құрылды. Оның құрамына Мемлекеттік Дума мүшесі Н.Н.Щепкин, бірінші Дума мүшесі Ə.Бөкейханов, екінші Дума мүшесі М.Тынышпаев, үшінші Дума мүшелері С.Мақсудов, В.С.Елпатовский, А.А.Липовский, П.И.Преображенский, О.А.Шкапский жəне генерал-майор А.Дəулетшин енді. Комитеттің төрағасы болып Н.Н.Щепкин тағайындалды. Самарқан, Ферғана, Сырдария, Жетісу, Закаспий облыстарында жəне Хиуа мен Бұқара хандықтарындағы орыс поселкелеріне Түркістан комитеті Уақытша үкімет атынан билік жүргізуге өкілетті болды. Ə.Бөкейханов Түркістан комитеті құрамына енгенімен, Торғай облыстық комиссары ретінде орны босап, оның қызметіне ат салыса алмады. Торғай облыстық комиссары Ə.Бөкейханов өз қызметінде жергілікті жердің салт-дəстүрін, ерекшеліктерін білетін азаматтарды, əсіресе, қазақтың зиялы азаматтарын мемлекеттік басқару орындарына тағайындауды басшылыққа алды. Оның ұсынуы бойынша, Қостанай уездік комиссары болып бірінші жəне екінші мемлекеттік Думалардың мүшесі Ахмет Бірімжанов, Торғай уездік комиссары болып Ғұмыр Алмасов, Ырғыз уездік комиссары болып Тобыл округтік сотының мүшесі Ғабдолла Теміров бекітілді. Қазақ облыстарында болыстық комитеттердің құрылуы барысында да баяғыша болыстыққа таласқандай таласып, ескі əдетке
салған жағдайлар да кездесіп тұрды. Ол жөнінде “Қазақ” газетінде: “Көкшетау уезі Айыртау болысы сайлауында зор талас болды. Председательдікке сайланған Ысқақ Баймұрат баласы қонақасына көп қой, бір ту бие сойып, 3 мың сом ақша шығарып, үлкен партия жасап барып сайланып шықты. Махмұд төре Уəлиханов сайлауды бұзуға жол іздеп Көкшетауға келді” - делінген.1917 жылы сəуір айында өткен Торғай облыстық қазақ съезінің шешіміне сəйкес болыстық, ауылдық-азаматтық комитеттер ұйымдастыру үшін Ақтөбе уезіне 9 адамнан, Ырғыз уезіне 9 адамнан, Қостанай уезіне 12 адамнан, Торғай уезіне 6 адамнан тұратын комиссиялар құрылды. Бұл комиссиялар болыстық комитеттерді ұйымдастыруға жан-жақты көмек көрсетіп, сайлаудың дұрыс өтуін бақылауға алды. Ақтөбе уезіне С.Досжанов, И.Ермұратов, Ж.Кенжебаев, Е.Өтемісов жəне т.б. құралған комиссия келіп 3 маусымға дейін 14 болыста болыстық комитет, 3 ауылдық комитеттің құрылуының басы-қасында болды.1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде белсенділіктің айтарлықтай арта түсуіне облыстық, уездік қазақ комитеттері үлкен əсер етті. Мысалы, 1917 жылдың 10 наурызында - Оралда (төрағасы - Əлібеков); 11 нау-
рызында - Семейде (төрағасы - Р.Мəрсеков); Омбыда (төрағасы - Е.Итбаев); наурыздың аяғында - Верныйда (төрағасы -И.Жайнақов) құрылған жəне т.б. облыстың қазақ комитеттері «Қазақ» газетінің көмегімен бірден-ақ қазақтардың облыстық съездерін дайындауға кірісті. Олар съездерге дайындалу барысында облыстық қоғамдық жəне басқа комитеттермен де, Уақытша үкіметтің ор-
гандарымен де ынтымақтастық жасады. Мысалы, Ə.Бөкейханов - Торғай облысы бойынша, М.Тынышбаев Жетісу облысы бойынша (эсер А.Шкапскиймен бірге) Уақытша үкіметтің комиссарлары болды. Ал, А.Байтұрсынов, М.Шоқаев, М.Дулатов, Ж.Досмұхамедов, Х.Ғаббасов, Ж.Ақпаев, А.Бірімжанов, Ə.Кенесарин, Р.Мəрсеков, тағы басқа қазақ зиялыларының өкілдері Уақытша үкіметтің жергілікті органдарында жұмыс істеді. Осындай байырғы қазақ халқының, əсіресе, ұлт зиялыларының саяси белсенділігі өскен жағдайда 1917 жылдың көктемінде: Торғай (Орынбор қаласы, 2-8 сəуір, 300-ден астам делегат, төрағасы - А.Байтұрсынов), Жетісу
(Верный қаласы, 12-13 сəуір, 81 делегат, төрағасы - И.Жайнақов), Орал (Орал қаласы, 19-22 сəуір, 800-ден астам делегат, төрағасы - Ж.Досмұхамедов), Ақмола (Омбы қаласы, 25 сəуір - 5 мамыр, 150-ге жуық делегат, төрағасы - А.Тұрлыбаев) қазақ облыстық съездері өткізілді. Бұл съездер ұлт азаттығын, жер мəселесін, діни, мəдени, қоғамдық-саяси, əлеуметтік-экономикалық жəне басқа да проблемаларды шешу жолындағы күрестегі қазақ қоғамының қалың
топтарының стратегиялық міндеттерін белгілеуге ұмтылуымен қатар, олардың осы мақсаттарға жетудегі тактикалық бағыттарын жасау жолында өздерінің одақтастары мен қарсыластарын да ашық көрсетуге тырысты. Облыстық съездердің ішінде Торғай съезі көлемі мен қабылданған шешімдері бойынша айрықша ерекшеленді. Съезд жұмыстарына Ə.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, А.Қалменов, М.Шоқаев, М.Жұмабаев жəне басқа да сол кезеңдегі
жас қазақ ойшылдары шешуші ықпал жасады. Соның арқасында съезд шешімдерінде «Алаш» қозғалысының бағдарламалық талаптары өз көрінісін тапты. Сонымен қатар, байырғы қазақ жұртшылығының түрлі топ-
тарын біріктіріп, олардың аттарын анықтау мен шешу мақсатында Торғай съезі Бүкіл қазақ съезін шақыруға қаулы қабылдап, оны шақыру мен бағдарламалық құжаттарын дайындау үшін ұйымдастыру бюросын сайлады. Оның құрамына Ə.Бөкейханов, М.Дулатов бастаған қазақ ұлт зиялыларының белгілі тобы енеді. Съезд осы жылы мамыр айында Мəскеуде өткізуге тиіс болған Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне делегаттар сайлады.1917 жылы мамырда Петроградта бірінші Жалпы ресейлік мұсылмандар съезі болып өтті. Съезде ұлттық-аумақтық федеративті негіздегі демократиялық республика ұлттық автономия құру мəселелері қаралды. Қазақстанда алғашқы Кеңестер 1917 жылы наурызда пайда бола бастады. Жұмысшы жəне солдаттарға қарағанда шаруа депутаттарының Кеңесі кейінірек, яғни мамыр жəне маусым айларында құрыла бастады. Кеңестердің көпшілігін алғашқы кезде эсерлер мен меньшевиктердің ұсақ буржуазиялық партиясы өкілдері басқарды. Бұған большевиктердің əлсіздігі мен аздығы, жергілікті жұмысшылар ұйымшылдығының жеткіліксіздігі мен саяси жетілмегендігі, Қазақстанның əлеуметтік-экономикалық даму дəрежесінің төмендігі себеп болды. Кейбір мəліметтерге қарағанда, 1917 жылдың наурыз-сəуір айларында Қазақстанда 25-
тен астам Кеңестер, оның ішінде 8 жұмысшы, 9 шаруа, 7 солдат депутаттарының Кеңестері жұмыс істеген. Өзінің пайда болуынан бастап Қазақстан Кеңестері, əсіресе, жұмысшы жəне шаруа депутаттарының Кеңестері өздерінің құрамы жөнінен көпұлтты болды. Кеңестердің құрамына: орыстар, қазақтар, украиндар, татарлар, ұйғырлар, өзбектер жəне басқа халықтардың өкілдері енді. Солдат депутаттары Кеңестеріне көбінесе орыстар, украиндықтар, ішінара татарлар кірді. Орталық Азияда жəне Қазақстанның оңтүстігінде мұсылман депутаттарының Кеңестері құрылды. 1917 жылғы 16-21 сəуірде Ташкентте мұсылман депутаттары Кеңестерінің І өлкелік (Түркістандық) съезі өтіп, ол Уақытша үкіметті қолдады жəне Ресейді басқарудың ең жақсы нысаны Түркістанға жəне басқа да ұлттық аймақтарға кең көлемде автономия берілетін жағдайдағы Федеративтік демократиялық республика деп таныды. Съезд Құрылтай съезіне дайындалуға жəне «Шура-и Ислам» мұсылмандар партиясының бағдарламасын тануға шақырды. Осы жерде айтып кететін жағдай 1917 жылы көктемде мұсылмандар қозғалысы негізінде «Шура-и Ислам» партиясы құрылған болатын. Ташкенттегі съезде (1917 ж. сəуір) қалыптасқан «Шура-и Ислам» партиясының Шымкентте, Əулиеатада, Перовскіде, Қазалыда жəне басқа қалаларда жергілікті ұйымдары болды, оларға мұсылман дінінің православие дінімен тең құқықтылығы, діни
шектеулердің жойылуы, ислам діні оқу орындарының ашылуы, Меккеге қажылыққа баруға рұқсат ету жəне басқа да діни құқықтар мен бостандықтар үшін күрескен татар, өзбек, қазақ діни қайраткерлері мен қатардағы мұсылмандар кірді. Қазақстандағы қос өкіметтің орталық аудандарға қарағанда
өзіндік ерекшеліктері болды, бұл өлкенің отар ретінде əлеуметтік-экономикалық жəне саяси даму деңгейіне, оның көпұлттығы мен халқының құрамы негізінен ұсақ буржуазия өкілдерінен шыққандығына байланысты еді. Тап осындай жағдай Түркістан өлкесінде де орын алды. Мұнда патша өкіметі құлаған соң биліктің үш түрі орнады: олар - Кеңестер, Уақытша үкіметтің атқару комитеттері жəне мұсылмандар ұйымы. Егер алғашқы екі билік сырт жағынан қарағанда жергілікті халықтың мүддесіне онша жаны ашымай бұрынғы саясатты жүргізсе, ал ұлттық зиялылар басқарған оның соңғысы жергілікті тұрғындарды алаңдатқан мəселелерді шешуге тырысты. Сонымен, Ақпан революциясының жеңісінен кейін Қазақстанда қоғамдық-саяси өмірдің біршама жандануында Ресейдің саяси партиялары, əсіресе, олардың жергілікті ұйымдары мен топтары өз əсерін тигізді. 1917 жылдың көктемінде болып өткен облыстық қазақ съездері болашақ партияның бағдарламасын əзірлеуге көмектесіп, съездерге қатынасқан делегаттар мен қазақ комитеттерінің мүшелері «Алаш» партиясының əлеуметтік негізін құрады. Осылайша, 1905
жылдың өзінде-ақ құруға əрекет жасалған «Алаш» партиясы іс жүзінде 1917 жылдың мамыр айында қалыптасып, ал оның ресми тіркелуі 1917 жылдың желтоқсанында жүзеге асқан еді. Тарихта «Алаш» партиясының саяси ұйым болып құрылуының бастауын 1917 жылдың 21-28 шілде аралығында өткен бірінші Бүкілқазақ съезі айқындап берді. Съезд жұмысына сол кезде қазақ даласының алты облысынан: Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Ферғана жəне Бөкей ордасынан делегаттар қатысты. Съезде 14 мəселе күн тəртібіне қойылды: мемлекеттік басқару жүйесі; қазақ облыстарының автономиялығы туралы; жер мəселесі; халық милициясын ұйымдастыру; земство туралы, халық ағарту ісі; сот ісі; дін мəселесі; əйелдер мəселесі; қазақтар облыстарында Құрылтай жиналысына делегаттар сайлау; бүкілресейлік мұсылман съезі туралы; қазақ саяси партиясын құру туралы жəне т. б. Осылардың ішінде өзінің мазмұны мен саяси маңызы жағынан ұлттық автономия, жер мəселесі мен Құрылтай жиналысына дайындық мəселелері бірінші кезекте, өте саяси пікірталас жағдайында талқыланды. Мысалы, ұлттық автономия туралы А.Байтұрсынов пен М.Дулатов тəуелсіз автономиялық Қазақ мемлекетін жақтап сөйлесе, Ə.Бөкейханов қазақ ұлттық-аумақтық автономияның Ресейдің құрамында болуын жақтады. Бірақ, ол мемлекет демократиялық федеративті
парламенттік республика негізінде құрылуына басты назар аударды. Бұл көзқарас көпшілік делегаттардың қолдауына ие болды. Сонымен съездің қарарында: «Қазақ облыстары аумақтық-ұлттық автономия құқығын алуы тиіс» деп жазылды. Сондай-ақ, жер мəселесі де қызу талқыға салынды. Съезд Қазақстанның барлық аймақтары мен Бұхара, Ферғана, Хиуадағы қазақтар қауымдастығынан Құрылтай жиналысына ұсынылған 81 кандидаттың 78-ін депутат етіп сайлады. Олардың арасында «Қазақ» газетінің жетекшілері, қазақ ұлттық-либералдық қозғалысының көсемдері Ə.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, аймақтардан А.Ермеков, Х.Ғаббасов, Ж.Х.Досмұхамедовтар, М.Тынышбаев, М.Шоқаев, С.Асфендияров болды. Съезде қаралған барлық мəселелер талқыланып, шешімдер қабылдану барысында қазақ ұлт зиялыларының ықпалы басым болып отырды. Сайып келгенде, Орынборда өткен бірінші Бүкілқазақ
съезі «Алаш» қазақ ұлттық саяси партиясын шын мəнінде заңдастырды. Атқару комитеті негізінде партияның басқарушы органы сайланды. Сонымен, қорыта айтқанда, Кеңестік дəуірдегі Коммунистік партияның идеологтары Алаш партиясы мен Алашорда үкіметін буржуазиялық ұлтшылдық қозғалысының көрінісі деп бағалап келді. Алайда, біздің жоғарыда атап көрсеткеніміздей, жалпы Алаш қозғалысы, соған байланысты XX ғасыр басындағы қазақ ұлт зиялыларының қоғамдық-саяси қызметінде «ұлтшылдықтың», «буржуазияшылдықтың» ешқандай да белгісі болған емес. «Алаш» қазақ халқының нағыз ұлттық демократиялық партиясы болды. Сондықтан, қазіргі де, болашақ ұрпақтың да санасында оның өмір сүрген уақыты қазақ халқының ғасырлар бойы армандаған өзінің толық тəуелсіздігін қалпына келтіру жолындағы күресінің ең маңызды бір кезеңі деп бағалануы керек.
Уақытша үкіметтің халық күткен аграрлық мəселені шеше алмауы, езілген халықтарға өзін-өзі билеуі немесе автономия
алу мəселесін күн тəртібіне қоюға тырыспауы, жұмысшыларға 8 сағаттық жұмыс күнін енгізу сияқты көкейкесті мəселелерді шешпеуі халық наразылығын одан əрі күшейтті. 1917 ж. жазының соңы мен күзінің бас кезінде бүкіл Ресейдің жер-жерінде бұқараның Уақытша үкіметке деген қарсылығы өсе түсті. Бұл Кеңестердегі большевиктердің ықпалының артуына жағдай жасады. Ал Корнилов бүлігінің талқандалуы большевиктер беделін біржола көтерді.
Осындай жағдайда большевиктер партиясы 1917 жылғы шілде оқиғасынан кейін алынып тасталған “Барлық билік Кеңестерге берілсін” деген ұранды қайта көтерді. Енді бұл ұран қарулы көтеріліске, Уақытша үкіметті құлатуға, пролетариат диктатурасын орнатуға бағытталды. 1917 ж. 24 қазанда (6 қарашада) Петроградта қарулы көтеріліс басталды. Келесі күні көтерілісшілер қаланың ең маңызды объектілерін басып алды. 1917 ж. 25 қазанда (7 қарашада) Əскери-революциялық комитет Уақытша үкіметтің билігінің жойылғандығын жариялады. Осылайша Қазан төңкерісі жеңіске жетті.Қазан қарулы көтерілісінің Петроградта жеңіске жетуі, сондай-ақ Қазақстанмен іргелес Ташкент, Омбы, Орынбор, Астрахань тəрізді ірі қалаларда Кеңес өкіметінің орнауы Қазақстанда да биліктің Кеңестердің қолына өтуіне ықпал етті. Алайда Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату төрт айға, 1917 ж. соңынан 1918 ж. наурызына дейін созылды. Бұл процесс аймақтың əлеуметтік-экономикалық жəне мəдени баяу дамуымен, ұлтаралық қатынастардың күрделілігімен, жұмысшылар мен большевиктік ұйымдардың аздығымен шиеленісе түсті. Кеңес өкіметінің Қазақстанда орнауына Ленин бастаған большевиктердің халыққа бейбітшілік, жұмысшыларға зауыт пен фабрика, шаруаларға жер, ұлттар мен ұлыстарға теңдік пен бостандық беру жөніндегі уəдесі өз септігін тигізді. Кеңес үкіметін орнатуға Орал, Жетісу, Сібір, Орынбор казак əскерлері мен құлаған Уақытша үкіметтің жақтастарының табанды қарсылық көрсетуі
жағдайды одан əрі шиеленістіре түсті. Кеңес өкіметі Уақытша үкіметтің жақтастары қарулы қарсылық көрсете алмаған Сырдария, Ақмола облыстары жəне Бөкей Ордасында бейбіт жолмен орнады. Ал, Торғай, Орал, Орынбор, Семей жəне Жетісу облыстарында Кеңес өкіметін орнату үшін қиян-кескі күрес болды. Облыстық орталықтар мен уездік қалаларда кеңес өкіметі қызыл гвардиялық отрядтардың жəне жергілікті горнизондар солдаттарының қарулы көтерілісі арқылы орнады. Перовск (Қызылорда) жұмысшылары мен солдаттары өкімет билігін 1917 ж. 30 қазанда (12 қараша) өз қолына алды. Ташкентте Кеңес үкіметі 1917 жылы 1 қарашада кескілескен ұрыс нəтижесінде орнады. Ал 1917 жылдың қараша айының орта кезінде Кеңес өкіметі Черняев
(Шымкент) қаласында жеңді. Қараша-желтоқсан айларында Кеңес өкіметі Əулиеатада, Түркістанда, Қазалыда, Арал поселкесінде жəне облыстың басқа да ірі елді мекендерінде бейбіт жолмен орнады. Көкшетау, Павлодар, Атбасар, Өскемен уездерінде казак-орыс əскерлерінің басым болуынан Кеңес өкіметі үшін күрес біраз қиындыққа кездесті. Кеңес өкіметі 1918 ж. наурыз айында Жаркентте, Сергиопольде (Аягөзде), Талдықорғанда, сəуірдің бас кезінде
Лепсіде орнады. 1917 ж. соңы мен 1918 ж. наурызы аралығында Кеңес өкіметі
Қазақстанда негізінен қалалар мен басқа да ірі халық тығыз орналасқан жерлерде орнады. Кеңес өкіметін орнатумен бірге өлкенің шаруашылығы мен мəдениетін қайта құру шаралары қатар жүргізілді. Өнеркəсіп орындарында, мəселен Спасск зауытында, Қарағанды шахтасында, Успен кенішінде, Ембі мұнай кəсіпорындарында бақылау қойылып, сондай-ақ банктер мемлекет меншігіне көшірілді. Кеңестердің 2- Бүкілресейлік съезінде қабылданған Жер туралы декрет бойынша алғашқы шаралар жүргізіле бастады. Қазан төңкерісінің алғашқы күндерінен бастап-ақ облыстық жəне уездік орталықтарда да жұмысшылар мен шаруалардың өкіметін нығайту ісі, ауылдық жəне селолық Кеңестерді құру ісімен бірге жүргізілді. Алайда ауылдың экономикалық жəне мəдени жағынан артта қалуынан туындаған қиыншылықтар, əлі де күшті рулық байланыстар қазақ ауылдары мен болыстарында Кеңес өкіметінің органдарын ұйымдастыру жөніндегі жұмыстарын қиындатты. 1918 жылдың күзінен бастап басқарудағы ала-құлалық жойылып, билік Кеңес атқару комитеттері қолына алына бастады. Сонда да болса, ауыл-селоларда əлі Кеңестер күш ала алмай жатты. Кеңес өкіметінің нұсқау, жарлықтарын іске асыруға қарсылық күшті болды. Халық азық-түлік тапшылығынан зардап шекті. Кеңес өкіметіне қарсы күштер бас көтерді. Кеңеске қарсы күштердің қарсылығын басу үшін, жергілікті жерлерде өкімет билігін нығайту қажет болды. Кеңес өкіметін нығайту жолындағы күресте облыстық жəне уездік кеңестер съездері көп рөл атқарды. Облыстық, уездік, болыстық кеңестерде жер, азық-түлік, шаруашылық, сот, бақылау, қаржы бөлімдерінің жұмысын жолға қоюға бағытталған шаралар іске асырылды. Кеңестердің жанынан еңбек, ағарту, денсаулық сақтау т.б. бөлімдері ашылды. Кеңес қызметкерлерін даярлайтын курстар жұмыс істей бастады. Осындай төңкерістік шараларды іске асыру барысында, асыра сілтеушілік, солақайлық, теріс əрекеттер орын алып, Кеңес өкіметіне деген сенімсіздік күшейді. Əсіресе, Қазан төңкерісінің жеңісінен кейін ұлттық, ең алдымен ұлттық-мемлекеттік құрылыс мəселелері өткір сипат алып, талқылана бастады. Кеңес өкіметінің ұлттық саясатының негізгі принциптері маңызды екі құжатта - 1917 ж. 2 қарашада қабылданған “Ресей халықтары құқықтарының Декларациясында” жəне 1917 ж. 20 қарашада жарияланған Кеңес өкіметінің “Барлық Ресей жəне Шығыс мұсылман еңбекшілеріне” үндеуінде көрініс тапты. 1918 ж. қаңтарда кеңестердің Бүкілресейлік 3-съезінде В.И.Лениннің дайындаған “Еңбекшілер мен қаналған халықтардың құқықтары Декларациясы” қабылданды. Бұл құжатта Коммунистік партияның кеңес республикасының мемлекеттік құрылымы түріндегі кеңестік федерацияны ымырасыз жақтайтыны айқын көрсетілді. Декларацияда “Кеңестік Ресей Республикасы еркін ұлттар одағының негізіндегі кеңестік ұлттық республикалардың федерациясы түрінде құрылады” делінген. РКФСР құрылғаннан кейін елдің Шығысында жаңа автономиялық республикаларды құруға дайындық жұмыстары басталды. Большевиктік ұйымдар, Қазақстан жəне Түркістанның Кеңестері кеңестік бүкілқазақ, бүкілтүркістандық съездерін шақыруға дайындала бастады. 1918 ж. көктемінде еліміздің шығысында Түркістан автономиялық Кеңестік социалистік республикасы құрылды. Оның
құрылуы 1918 ж. сəуірдің 20-нан 1 мамырға дейін Ташкент қаласында өткен Түркістан өлкесі Кеңестерінің V съезінде іске асты. Қазіргі Қазақстанның оңтүстік аймағы (бұрынғы Сырдария жəне Жетісу облыстары) Түркістан автономиясының құрамына кірді. Бірақта 1918 ж. қаңтарда кеңестердің 3 - Бүкілресейлік съезі Ленин дайындаған “Еңбекшілер мен қаналушы халықтар құқықтарының Декларациясында” өзге ұлттардың өзін-өзі билеу құқы жоққа шығарылды. Осылайша, əуелі 1918 ж. 5 қаңтарында Бүкілресейлік құрылтай жиналысы, одан кейін 5 ақпанда Ташкент кеңесі шешімімен Қоқанд қаласы
шабуылмен алынып, Түркістан автономиясы күшпен таратылды. Қазақстанның қалған жерінде - Торғай, Орал, Ақмола, Семей облыстарында жəне Маңғыстауда қазақ кеңестік мемлекеттілігін құруға дайындық жөніндегі күрделі жұмыс одан əрі жалғастырылды. Қазан төңкерісінен бұрын-ақ қазақ либералдық-демократиялық қозғалысының жетекшілері Қазақстанда кеңестердің бүкілқазақ съезін шақыруға дайындық жұмыстары кеңес өкіметін нығайту процесімен қатар жүргізілді. Мұның өзі шын мəнінде кеңестік мемлекеттікті құру жəне оны бекіту үшін күрес екендігін көрсетті. Қазақ зиялылары мемлекет құру процесінің кеңестік жолмен шешілуімен келісе алмады. Мұндай қарсылықтың себептері мынада еді: бірінші - қазақ зиялылары əуел бастан тəуелсіз ұлттық автономия құруды жоспарласа, екінші - олар Қазан төңкерісін қабылдамады, сөйтіп Кеңес үкіметін мойындамады, оны заңсыз орнаған үкімет деп есептеді. Сондықтан да „Алаш” зиялылары ұлттық мемлекет құру үшін күрес жүргізді. Ə.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Е.Ғұмаров, Е.Тұрмухамедов, Ғ.Жүндібаев, Ғ.Бірімжанов құрастырған бағдарламаның жобасы “Қазақ” газетінің 1917 ж 21 қарашадағы санында жарияланды. Бағдарламаның жобасы он тармақтан тұрды. Осы бағдарлама Құрылтай жиналысына сайлауда “Алаш” партиясының ірі табысқа жетуін қамтамасыз етті жəне 1917 ж. 5-12 желтоқсанда Орынборда өткен Екінші жалпықазақтық съезде қазақ халқының əртүрлі топтарының өкілдерін біріктірді. Төралқа төрағасы Бақтыгерей Құлманов жəне орынбасарлары Əлихан Бөкейханов, Əзімхан Кенесарин, Халел Досмұхамедов жəне Омар Қарашев басқарған съезд Қазан төңкерісіне байланысты тез өзгеріп жатқан саяси жағдайдағы “Алаш” партиясының міндеттерін, қазақ автономиясын құру жəне оның үкіметін қалыптастыру мəселелеріне бірінші кезекте көңіл бөле отырып, қарастырды. Съезде қазақ автономиясы құрамына Бөкей ордасы, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу облыстары жəне Закаспий облысы мен Алтай губерниясының қазақтар мекендеген аудандары енуге тиіс деп шешті. Съезд Уақытша үкімет құлатылғаннан кейін қалалар мен селоларда, далада қазақтардың өмір сүруіне қауіп-қатер туғызған бей-берекеттік күннен-күнге күшейіп бара жатқандығын атап көрсетті. Сондықтан съезд қазақ халқын “аман алып қалу мақсатымен” “Уақытша Халық Кеңесі” түріндегі билік құру, оған
Алаш-Орда (алаш автономиясының үкіметі) деген ат беру жөнінде шешім қабылдап жəне бүкіл қазақ халқына “бағынатын үкіметіміз осы деп сеніп… басқа үкіметті мойындамай, өз үкіметінің əмірін екі қылмай орындау керектігі” баса ескертілді. Съезд қазақ милициясын құру жоспарын жасады. Оның əрбір облыс бойынша белгілі бір сандық құрамы, уездер бойынша үйрету мен жабдықтау шаралары белгіленді. Милицияны қару-жарақпен қамтамасыз етуді орталық əкімшілік салық салу арқылы алынатын қаржы есебінен жүзеге
асыруға тиіс болды. Ұлттардың өзін-өзі билеу құқығын талап етуін заңды процесс ретінде түсінген “Алаш” азаматтары Кеңес өкіметімен келіссөздер
жүргізіп, ұлттық автономия мəселесін шешуді қолға алды. Осы мақсатта 1918 ж. наурызында Алашорда үкіметінің тапсыруымен Халел жəне Жаһанша Досмұхамедовтер Оралдан Мəскеуге барып, Халық Комиссары Кеңесінің төрағасы В.И. Ленинмен жəне Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.В.Сталинмен кездесіп, оларға 1917 ж. желтоқсанда өткен екінші қазақ-қырғыз съезінің қаулысын табыс етті. И.В. Сталин қаулымен танысқаннан кейін 19-20 наурызда Семейдегі Ə.Бөкейханов жəне Х. Ғаббасовпен телефон арқылы
сөйлесті. Сөз Алашорда автономиясының мəртебесі туралы болды. Телефон арқылы сұхбаттасудағы И.Сталиннің сөзі “Сарыарқа” газетінің беттерінде қазақ тіліне аударылып жарияланды. Газетте: “Ресейдегі халықтардың құқықтары туралы халық комиссарлары шығарған белгілі ережесі бұл күнге ұлт мəселесі тақырыбын кеңес өкіметінің негізгі қызмет жобасы етіп келеді. Үшінші советтер съезі осы ережені жалғастыруға қаулы қылды. Өзінің бізге тапсырып
отырған жалпықазақ съезінің қаулысы түгелімен жоғарғы жобаға сай келеді. Бірақ жалғыз-ақ шарт қоямыз: егер сіздің съездің қаулысы өкілдеріңіздің совет өкіметін тануға қарсы болмаса болғаны. Үшінші советтер съезі советтік федерация жобасын жасап, бұл жоба Советтер съезінің бекітуіне салынсын деп қаулы қабылданды. Бұған қарағанда енді сөзді қойып, іске кірісу керек, яғни тұрмысы бір, салты басқа халықтар жергілікті советтермен қосылып, автономия, федерациялау, тегінде басыбайлы бөлініп кету секілді ұлт ниеттерін
жарыққа шығаруға съезд шақыратын комиссия құруға тырысу керек. Біз ойлаймыз, жалпы қазақ-қырғыздың өкілдері тез қамданып, ыңғайлы уақытты өткізбей, жергілікті Советтермен бірігіп, əлгідей комиссияны құрар. Сізден өтінетініміз, біздің осы жобамызды Алашорданың Кеңесіне салып жауап қайтарсаңыздар екен”,- деген мазмұнда болды. Бұл берілген Сталин сөзіндегі ең елеулі нəрсе оның жалпы қазақ-қырғыз съезі қаулысы мен Ресей халықтарының құқығы туралы декларацияның өзара үндес екендігін мойындауы еді. Міне, осы үндестік Кеңес өкіметіне Алашорданы мойындауға негіз болатындығын білдіріп, Сталин тек жалғыз ғана шарт қояды. Ол өз ретінде Алашорданың Кеңес өкіметін мойындайтындығын мəлімдеуі болатын.
И.Сталиннің сөзінен тағы бір жағдайды анық аңғаруға болады. Кеңес өкіметі “басыбайлы бөлініп кету секілді ұлт ниеттерін жарыққа шығару” үшін ең алдымен оны мойындау қажеттілігін талап етті. Сонымен бірге автономия алу мəселесі орталықта шешілетіндігін ескертті. Алашордашылар үшін мұндай жағдай қиындық тудырғанымен олар И.Сталиннің ұсынысын талқылап, автономияға қатысты өз шешімдерін мəлімдеді. Ол қаулы төмендегідей еді: 1918 жылы наурыздың 21-інде Алашорданың мүшелері ұлт жұмысын басқарушы халық комиссары Сталиннің Алаш автономиясы туралы айтқан сөзінен кейін Кеңес өкіметін Ресейдегі барлық автономиялы халықтардың кіндік өкіметі деуге қаулы қылып, төмендегі өз шарттарын білдіріп: “Желтоқсанның 5-нен 13-іне дейін Орынборда болған жалпықазақ-қырғыз съезінің қаулысы бойынша тоқтаусыз Алаш автономиясын жариялайтындықтарын, Алаш автономиясының құрамына: Семей, Ақмола, Торғай, Орал, Сырдария, Ферғана, Жетісу, Бөкей ордасы, Закаспий облысының Маңғышлақ уезі, Самарқанд облысының Жизақ уезі, Əмудария əнделі (бөлімі), Алтай губерниясына қараған Бийскі, Барнауыл, Змеиногор уездеріндегі қазақтар мекендеген аудандар енуге тиіс-тін, Алаш автономиясында заң шығаратын, ел билейтін үкімет Алашорда болатындығын, Қазақ-қырғыз істері туралы елші ретінде совет өкіметінің қасында болуға Алашорда мүшелері Халел һəм Жаһанша Досмұхамедовтар жіберілетіндігін ескертіп, жергілікті Советтердің бұйрығы бойынша ұсталып, абақтыда жатқан Алашорданың мүшелерін тоқтаусыз босатып, мұнан былай оларды өтірік шағым, жаламен қуғын-сүргінге ұшыратуды тоқтатуды” талап етті. Өкінішке орай, Ұлт істері жөніндегі халық комиссары Алашорданың қойған талап-шарттарына тікелей ресми түрде жауап бермеді. Себебі, алашордалықтардың автономия құру жөніндегі талаптары Кеңес өкіметінің мүддесіне қайшы келетін еді. Ұлт
мəселесін пролетарлық диктатураның құрамдас бөлігі ретінде қарастыратын кеңес өкіметіне алаштықтардың ұсынысы керағар болғандығын аңғару қиын емес. Сондықтан да 1918 жылдың 28 наурызында Мəскеуден Семейдегі Қазақ комитетіне И.Сталин жəне мұсылмандар ісі бойынша комиссар Вахитов қол қойған жедел-хат келді. Жеделхатта “қырғыз істері бойынша Комиссариат құру
үшін тез арада өкілдер жіберу” жөнінде айтылды. Мұның өзі Кеңес өкіметінің өлкедегі барлық істі өз қолдарына алғандығын көрсетті. Осы жылдың 29-наурызында Семейге Х.Ғаббасовтың атына Мəскеудегі Алашорда үкіметінің өкілдері Халел жəне Жаһанша Досмұхамедовтерден жеделхат келді. Онда Кеңес өкіметінің тұтқынға алынған қазақ қайраткерлерін тегіс босату туралы
облыстық кеңестерге əмір бергендігі жəне Алашорда өкіметінің қойған талаптарына таяу арада жауап беруге уəде еткендігі айтылды. Жеделхатта Ұлт істері жөніндегі халық комиссариаты жанынан қазақ бөлімі ашылып, оның құрамына қазақ халқының өкілдерін сайлау құқығы Алашордаға берілетіндігі де айтылған. “Сырдария” газетінде жарияланған осындай мəліметтер шындыққа жанасады. Оған дəлел ретінде Алашорда атынан РКФСР-дің Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И. Сталинмен Семейден тура телеграф сымы арқылы келіссөз жүргізген Халел Ғаббасовтың 1929 жылғы қарашаның 10-ында ОГПУ-дің тергеушісіне берген жауабын келтіруге болады. Онда былай делінген: “Келіссөздерде мен Совет өкіметінің декларациясының идеяларына сəйкес қазақ халқының өзін-өзі билеу құқығының кедергісіз жүзеге асырылуын талап еттім. Барлығы есімде жоқ, дегенмен де мен он төрт тармақтан тұратын
талаптар қойдым. Олардың жадымда қалған негізгілері: таратылған қазақ мекемелерін қалпына келтіру, Совет өкіметі жағдайындағы ұлттық автономияны құру, қазақ халқының тұтқынға алынған қайраткерлерін босату. Сталиннің жауабының мазмұны Алашорда Совет өкіметін мойындағанда ғана Қазақстанның Құрылтай съезін шақыруға əрекеттер жасалады дегенге сайды… Біз Сталинге телеграф арқылы Совет өкіметін мойындайтынымызды мəлімдеп,
сол кезде Москвада жүрген Досмұхамедовтерге Орталық үкімет алдында біздің мүдделерімізді қорғауды тапсырдық… Осылайша Халел жəне Жаһанша Досмұхамедовтердің Мəскеуге Кеңес үкіметі басшыларымен кездесулері мен телеграф арқылы Сталинмен жүргізген келіссөздерінде кеңес үкіметінің ұлттық тұтастық негіздегі қазақ мемлекеттігін мойындамайтындығын, тек кеңестік негіздегі автономия беруге даяр екендігін көрсетіп берді. Қысқасы
Кеңес үкіметінің бұл мəселе жөніндегі ұстанымы: “Өзін-өзі билеу принципі социализм үшін күрес құралы болу керек жəне социализм мүдделеріне бағындырылуы тиіс”,- дегенге сайды. Кеңес өкіметінің мұндай ұстанымы Семей облысынан өзге де кеңестерге В.И. Ленин мен И. Сталиннің атынан жолданған жеделхаттардан айқын көрінді. Мəселен, Ақмола Кеңесі Мəскеуден келіссөздер жүргізу нəтижесінде орталықтан мынадай мазмұндағы жеделхат алған, онда: “Кеңес билігі большевиктердің қабылданған бағдарламасына сəйкес патша өкіметі кезінде қаналған барлық халықтарға автономия береді.
Қазақ халқы өз территориясына лайық автономия құруға дайындала берсін”,- делінген. Əйтсе де іс жүзінде Кеңес өкіметі Алашорда үкіметінің өзін де, талаптарын да мойындағысы келмеді. Сондықтан да Х.Ғаббасов 1918 жылдың 1 сəуірінде РКФСР Халық Комиссарлары мен Ұлт істері жөніндегі комиссариатқа жеделхат жолдап, қазақ халқының ұлттық тұтастық мүддесін көздейтін Алашорда өкіметін тез арада ресми түрде мойындауын тағы да талап етті. Кеңес өкіметі мұндай талаптарды жауапсыз қалдырды. Осылайша алаштықтардың Кеңес үкіметі шеңберінде біртұтас ұлттық мемлекет құруға талпынысы нəтижесіз аяқталды. Большевиктер Алаш партиясына ұлттық бур-
жуазия мен феодалдық топтардың таптық мүддесін қорғайтын, пролетарлық революция жолындағы кедергі есебінде қарады. Алаш басшыларының Кеңес үкіметімен жүргізілген келіссөздердің нəтижесіз аяқталуына 1917 ж. күзінде құрылған, жетекшісі Көлбай Тоғысов болған, өздерін “Қырғыз (қазақ) социалистік партиясы” деп атаған “Үш жүз” партиясы да ықпал жасады. Бұл
негізінен ұсақ-буржуазиялық социалистік партия еді. Партияның саяси көзқарасы мен практикалық іс-əрекеті 1917 жылдың күзінен 1918 жылдың басына дейін елеулі түрде өзгерді. Əуелгі кезде «үшжүзшілер» социалист-революционерлер партиясымен одақтасу бағытын ұстанса, 1918 жылдың қаңтарынан бастап Кеңес үкіметін жер-жерде ұйымдастырып, нығайту ісіне белсенді түрде араласып кетеді. 1918 жылдың бас кезінен-ақ «үшжүзшілер» большевиктермен одақтасып, Алашордаға қарсы күресті.
Азамат соғысы үкімет үшін күрестің жалғасы болды, сол себепті де революция мен азамат соғысы арасында ешбір дəл шекара болған емес. Кеңес үкіметінің белсенді əрекеттеріне қарамастан, Қазақстанда азамат соғысының ошақтары өте тез пайда болды: 1917 ж. қарашаның аяғында Орынборда атаман Дутовтың басшылығымен ақ гвардия əскерлері Орынбордағы Кеңес күштерін шегіндіріп, билікті басып алды. Сол айда Жетісуда казак əскерлері кеңесінің “əскери үкіметі” жəне революцияға қарсы ошақ Оралда да құрылды. Құрылған облыстық əскери үкімет көп ұзамай жергілікті кеңесті таратып, өкіметті басып алды. Сөйтіп, Верныйда жəне Орал қалаларында ақ гвардия диктатурасы орнатылды. Бұл Қазақстанда Кеңес өкіметіне қарсы қозғалыстың басты күші болып табылды. Олар ақгвардиялық офицерлерге, ауыл-село шаруаларына сүйенді жəне меньшевиктер мен “Алаш” партиясының жетекшілерінен қолдау тапты. Жоғарыда атап көрсеткендей 1918 жылдың көктемінде кеңестік билік тарапынан түсінушілік пен қолдау табудан күдер үзген Алашорда, енді большевиктерге қарсы ымырасыз күрес жүргізуге ұйғарып, Сібір Уақытша үкіметі (Омбы) мен Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы мүшелерінің (Комуч) Самар комитеті қолдауына сүйеніп, Алаш автономиясын жүзеге асыруға кірісті. Сөйтіп, азамат соғысының бастапқы кезеңінде алашордашылар ақтармен одақтасып, қызылдарға қарсы соғысты. 1918 ж. шілде мен тамызында Ə.Бөкейханов, Ə.Ермеков пен əскери бөлім меңгерушісі капитан Қ.Тоқтамысов Самар мен Омбыда Комуч пен Сібір уақытша үкіметтері əскери ведомстволары өкілдерімен кездесіп, Алаш орданың қарулы күштерін құру жөнінде келіссөздер жүргізді. Алашорда Батыс бөлімінің басшылары Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтар Комуч арқылы Самарадан 600 винтовка мен пулемет алды жəне таяу уақытта 2000 адамнан қазақ отрядтарын ұйымдастыруға уəде береді. Торғай тобына 300 берданка мылтығы, 20000 патрон, əскери киім-кешек бөлінді. Дутовтың көмегімен екі атты полк: біріншісі - Қостанайда, екіншісі - Ырғызда құрыла бастады. 1918 жылы тамызда Семей қаласында құрамында 38 офицері мен 750 жауынгері бар Бірінші Алаш атты əскер полкі ұйымдастырылды. Ақ гвардияшылардың көмегімен асығыс үйретілген Алаш отрядтары көп ұзамай Қызыл Армияға қарсы шайқастарға қатысты. 1918 ж. жазында азамат соғысы өршіп, кең етек алды. Ақ гвардияшылармен бірігіп алған империалистік мемлекеттердің белсенділік көрсетуіне орай ең басты пəрменді күш - Сібір мен Оралда шоғырланған Чехословакия корпусының офицерлері бүлік шығаруына байланысты əскери қақтығыстар күшейе түсті. Бұл корпус революцияға дейін Австро-венгрияның тұтқын солдаттарынан - чехтар мен словактар қатарынан құрылған еді. Осы корпустың бөлімдері революцияға қарсы ішкі күштермен қоян-қолтық бірлесіп, Ақмола, Петропавл, Атбасар, Қостанай қалаларын басып алды.Мамыр айының аяғында В.В. Куйбышев В.И.Лениннен Орынбордағы Дутов авантюрасының тамырын жою туралы көмек сұрады, олай болмаған күнде Торғай мекенінің 12 мың тұрғыны аштан қырылатындығы туралы ескерткен еді. Осыған орай облысқа əскери көмек көрсетіліп, Қызыл Армияның бөлімдері құрылды, кейін бұл бөлім Ақтөбе майданының құрамына енгізілді. Ақ гвардиялықтар негізінен Орынбор жəне Илецкі аудандарында Дутовтың басшылығымен əрекет етіп, олар Ташкент пен Самараны Орталықтан бөліп тастады. 1918 ж. 2 шілдеде Дутов басқарған əскер Орынборды екінші рет басып алды да, Түркістанды орталық Ресейден бөліп тастады. Қызыл Армия бөлімі (10 мың адамға жуық) Орынбор қаласын тастап 2 топқа бөлінді. В.Г. Блюхер жəне Н. Каширин отрядтары солтүстікке кетіп, Шығыс майданның негізін құрды. Басқа бөлімдер Ақтөбе жəне Орск қалаларына шегініп, 1918 жылы шілде айында Г.В. Зиновьевтің басшылығындағы бір армияға бірікті. Қызыл Армия күштері қанды қақтығыстар жүргізіп Орскіні ұстап тұрды. 1918 ж. күзінде, яғни қазан айында Каспийге ағылшындардың келуіне байланысты Ақтөбе майданында қиын жағдай қалыптасты. Жоспар бойынша, ағылшындарға Қазақстан мен Орта Азияны ішкі контрреволюциялық күштер арқылы бір уақытта басып алу ұсынылды. “Орынбор тетігі” яғни стратегиялық негізгі темір жол қиылысы большевиктер өкіметін кəдімгідей ойландырды, сондықтан В.И.Лениннің нұсқауымен 1918 ж. Ə.Жангелдин басқарған 600 адамнан тұратын Балтық матростарының отряды қосылған əскери экспедиция орталықтан бөлініп қалып, көптеген қиыншылықтарды көре жүріп, 7 ай көлемінде Ақтөбе майданына қару-жарақ пен оқ-дəрі жеткізді. Мəскеуден Ақтөбе майданына ақша қаражаты мен оқ-дəрі, қару-жарақ тасымалдау үшін құрылған əскери экспедиция құрамына Австро-Венгрия мен Германияның бұрынғы тұтқындарынан құралған 150 шетел интернационалдары да өз еркімен кірді. Сөйтіп, негізгі күш Орынборға жұмылдырылды, себебі қаланы қалайда басып алу Түркістанды Дутовтан қорғау мүмкіндігін туғызды.Орынборды алу операциясына Ақтөбе майданының əскерлері мен Шығыс майданының əскерлері қатысты. 1918 ж. 29 желтоқсанда ауа райының қиындығына қарамастан шабуыл басталды, Дутов ақ гвардияшылары екі майданның əскерлерінің қысымынан жеңіліп, толық талқандалды. 1919 ж. 22- қаңтарында Орынбор қаласы алынып, Түркістан аудандары мен Орталық Ресей арасындағы қатынасты қалпына келтірді. Осымен Ақтөбе майданының тарихтағы 1- кезеңі аяқталды (1918 шілде - 1919 қаңтар). 1918 ж. күзінде ақ гвардияшылар Жетісудағы Саратов, Покровское, Покатимовское жерлеріне белсенді шабуылдап, Қызыл Армия қарулы күштерінің қарсылығына қарамастан Сергиополь, Үржар, Сарқант жəне т.б. жерлерге бекінді. Сөйтіп, Солтүстік Жетісу майданы құрылды. 1918 ж. аяғында Жетісу майданында 10 мың қызылармияшылармен біріктірілген Черкасск партизан күштері орналасты. 1918 ж. наурызда ақ гвардияшылар Орал қаласында Кеңес билігіне шабуылдап, облыстық атқару комитетінің мүшелерін қамап, соңынан оларды өлтірді. Алашорданың Батыс бөлімімен бірлесіп əрекет еткен Дутов бөлімдері Орал-Гурьев ауданында генерал Толстов басқарған ақтардың негізгі күштерімен бірікті. 1918 ж. күзінде Орал ақтарымен күресу үшін ”Ерекше армия (кейінгі шығыс майданының төртінші армиясы) құрылды. Жыл бойы Шығыс майданындағы Колчак əскерлерінің шешуші жеңісіне дейін Орал аймағы қолдан-қолға өтті. Орал облысында «Бірінші ерекше атты əскер» бригадасы құрылып, кейін Қызыл армияның 4-армиясының құрамына кірді. 4- Армияның қолбасшысы болып М.В.Фрунзе тағайындалды. Оралды босату операциясына В.И.Чапаев басқарған 2- Николаев дивизиясы жəне 4- армияның бөлімдері қатысты. 1919 ж. 24- қаңтарда қала босатылды. Сөйтіп большевиктер үшін азамат соғысының алғашқы кезеңі аяқталды. 1919 ж. көктемде Колчактың шабуылдауына байланысты Шығыс майданында жағдай бұрынғыдан да қиындай түсті. Колчак армиясы Орынбор мен Оралды алғаннан кейін Оңтүстік майдандағы Деникинге қосылу қажет болды. Сондықтан бұл аудандағы əскери
қимылдар М.В.Фрунзе басқарған Шығыс майданының Оңтүстік əскери бөліміне тапсырылды. Шығыс майдандағы туған шиеленіс Батыс Қазақстандағы жағдайды да қиындатып жіберді. Осылайша Орынбор шығыстан, оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан 100-120 шақырымда Колчак армиясымен қоршауға алынып, қаладағы 1- Дутовтың орынбор казак корпусы жəне 2- корпусы шабуылдап, əскери қимылдар қайта басталып, 1919 ж. сəуірдің бас кезінде Ақтөбеге шабуыл жасауға кірісті. Ақтөбедегі жұмысшы отрядтары əскер күшін жабдықтай алмауынан 1919 ж. сəуірде қала тасталынып,
қызыл гвардияшылар Қандыағаш станциясына шегініп, жергілікті тұрғындардан жаңа əскери күш жинақталып, оңтүстік Ақтөбе майданы құрылды. Ақтөбе майданы Түркістанның болашағы үшін стратегиялық негізгі нүкте болды. Партиялық ұйымдар «Бəріміз Колчакқа қарсы күреске» деген
ұранмен жұмысшылар, шаруалар, теміржолшыларды мобилизациялап, соғысқа аттандырды. Ақтөбе майданына Түркістан майданынан жүздеген ұлт өкілдері бар армия келіп қосылды. Майдан Түркістан АКСР-іне бағындырылды. Майдан құрамына Колузаевтың отряды (1105 адам), Қостанай партизан отряды (750 адам) қосылды. Майданды басқарған Колузаевтың Ембі ауданы жəне Темірде жүргізген əскери қимылдары сəтсіз өтті. Сондықтан да Түркістан АКСР-нің
революциялық-əскери советі Колузаевты майдан қолбасшысы қызметінен алды. Ақтөбе майданы əскерлерінің қолбасшысы болып А.И.Астраханцевті, ал комиссары етіп И.Ф.Казаринды тағайындады. П.Кобозев басқарған ТүрЦИК комиссиясы мен Жиляев арасындағы əскери келіспеушілік нəтижесі майдандағы жағдайды қиындата түсті. 1919 ж. шілде аяғында шабуылға шыққан ақ гвардияшылар кеңес əскерлерін ескі Арал теңізіне шегіндірді. Бұл кезде Шығыс майданының əскери бөлімдері Түркістанға көмекке келді.М.В.Фрунзенің ұсынысымен оңтүстік əскери топ Түркістан майданы болып бөлінді, олардың алдында: Орал мен Орынборды босату жəне Түркістанға экспедиция жіберу мақсаты тұрды. 1919 ж. 30 тамызы мен 1 қыркүйекте қарсыластар Ақтөбе майданына шабуыл бастады. 1919 ж. қыркүйегінде Түркістан, Ақтөбе майдандары Мұғалжар станциясында бірікті. Оңтүстік Колчак армиясының негізгі күші талқандалып, Түркістанға жол ашылды. Қазақстанның ақ гвардияшылар басып алған жерлерінде, олардың жіберген қателіктерінің салдарынан, партизан қозғалыстары мен халық көтерілістері де кеңінен өріс алды. Партизан қозғалысының ірі ошағы - Қостанай уезі болды. Партизан қозғалыстары Ақмола, Семей, Жетісу облыстарында, Павлодар, Өскемен, Бұқтырма мен Зайсан уездерінде, əсіресе Зырян, Катон-Қарағай, Шыңғыстау, Шемонайха болыстарында кең қанат жайды. Партизан отрядтарының негізін құраған шаруалар Қазақстанның барлық уездеріндегі большевиктік ұйымдарды құруда да ерекше рөл атқарды. 1919 ж. көктемінде Шығыс жəне Ақтөбе майданының жақындауына байланысты партизандар қозғалысының белсенділігі күшейді. Шаруалар жергілікті ақ гвардияшыларды қамауға алып, əскери революциялық комитеттер сайлап, көптеген жаңа отрядтар жинақтады. Мəселен, Бурабай поселкесінде 1270 адамдық отряд құрылды. Шаруалар көтерілісін əскери-революциялық штаб басқарып, сəуірде Қостанай қаласы алынды. Қостанайға ақ гвардияшылардың ірі əскери күштері мен 32- Донецк полкі аттандырылды. Кескілескен ұрыстардың нəтижесіне партизан отрядтарының əскери дайындығының нашарлығы əсер етсе, оның үстіне қостанайлықтардың Ақтөбе майданына қосылуына “Алаш Орда” кедергі жасады. Партизан отряды Торғайға қарай аттанып, Торғай атты əскер отрядымен бірігуге тырысты, себебі Ақтөбе қаласын Дутовшылардан қорғау үшін қосымша əскери күш қажет еді. 1919 ж. А.Иманов Торғайдағы гарнизондар мен əскери ұйымдарды көшіру туралы бұйрық берді. Осы уақытта Қостанайлық партизандар штабы бастығының көмекшісі Л.Таранның отряды қалаға жақындайды. А.Иманов жəне Л.Таранды жолдастарымен Алашордашылар тұтқындап, бір айдан кейін жазалады. Тірі қалған Қостанай партизандары Ақтөбе майданының құрамына енгізілді. Нəтижесінде Қостанайлық партизан отряды Ақтөбе майданының үлгілі 4-Долбушев жаяу əскер полкіне айналды. Сондай-ақ, Азамат соғысы тарихындағы партизан қозғалысының ірі ошақтарының бірі - Черкасск қорғанысы, Тарбағатай мен Алтайдың «Тау қырандары» отрядтарының қозғалысы Қазақстандағы Азамат соғысы тарихынан өшпес орын алды. 1919 ж. жазында Шығыс майдандағы Колчак армиясының негізгі күшінің күйреуі ба
тыс, солтүстік, солтүстік-шығыс Қазақстан мен Жетісуды азат етуге жағдай жасады. 1919 ж. аяғында Қазақстанның негізгі аумағы Дутов пен Анненковтың армияларының қалдықтарынан босатылып, 22 наурызда кеңес əскерлері Қапалды, 28 наурызда Арасан станциясын азат етті. 22 наурызда Үржар станциясын, 27 наурызда Бақты станциясын, 25 наурызда атаман Анненковтың ставкасы тұрған Үшаралды, 29 наурызда Қапал гарнизонын тізе бүктіріп, атаман Анненков жəне Дутов бастаған ақ гвардияшылардың қалдықтарын Синьцзянға қарай қуды. 1920 ж. 29 наурызында ең соңғы майдан Солтүстік Жетісу майданы жойылып, Кеңес үкіметі қайтадан қалпына келтірілді. Сонымен, 1920 жылы азамат соғысы аяқталып, онда қызылдар ақтарды талқандап, жеңіске жетті. Азамат соғысы жылдарындағы қызылдардың жеңісінің себептері: біріншіден, Кеңес өкіметіне қарсы күштер ұйымдасып, бірлесіп қимыл жасай алмады; екіншіден, ақ гвардияшылар өкіметі орнаған жерлерде бұқара халыққа қарсы бағытталған шаралар жүзеге асырылып, оған керісінше Кеңес өкіметі тарапынан ұлттардың өзін-өзі билеу құқығының сөз жүзінде болса да мойындалуы; үшіншіден, Кеңес өкіметінің орта шаруалармен одақ құруы жəне 1919 жылы шілдеде Казревком құрылғанда қазақтардың жерге мұқтаждығын өтеу жөнінде сөз болып, Қазақстанға қоныс аударуды тоқтату мəселесі қойылды. Түбірлі революцияық сипатта болмағанмен бұл шаралар большевиктерге азамат соғысы кезінде ақтар мен қызылдар арасында ауытқыған қазақтардың көмегіне сүйенуге жағдай жасады; төртіншіден, 1919
жылдың көктемінен бастап, А.Байтұрсынов бастаған алашордашылар қызылдар жағына шықты. Себебі, олардың Колчактық орыс шовинистік көзқарастарынан үміттері үзілді. Ақтар билеушілері қазақ халқына ұлттық автономия бергісі келмеді, тіпті, өздерінің қолдап жүрген Алашорда үкіметін де мойындамады. Сібірдегі уақытша Бүкілресейлік үкімет 1918 жылы 22 қазан - 4 қарашадағы
грамотасымен Алашорда Халық Кеңесі үкіметін таратып жіберді. Сонымен қатар, Сібір үкіметі Алаш автономиясын қазақтың аумақтық мемлекеттігі деп танудан бас тартты. Оған қоса, 1919 жылы жазға қарай ақтар Сібірде жеңіліске ұшырады. Алаш көсемдері қазақ мемлекеттілігін құрудың жаңа жолдарын іздеуге мəжбүр болды. Қазақ зиялылары ендігі жерде Кеңес үкіметімен ымыраға келу жолдарын қарастырды. 1919 ж. басында Алашордалықтар Кеңес үкіметімен арадағы келіссөздерін қайта жандандыра бастады. Келіссөздер Алашорда атынан емес, А.Байтұрсынов басқарған Торғайлық тобының атынан жүргізілді. А.Байтұрсынов ең əуелі Ə. Жангелдинмен, одан кейін Мəскеуде Сталинмен келіссөздерді жалғастырды. 1919 ж. наурызда Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті Алашордаға амнистия (кешірім) жариялады. Алашорда басшыларының бірі А.Байтұрсынов, оның жақтастарының үлкен тобы Кеңес үкіметінің жағына шықты. Желтоқсан айында Ə.Бөкейханов бастаған Алашорданың Шығыс бөлімі толығымен Кеңес үкіметін мойындады.
Азамат соғысы шет аймақтар халықтарының ұлттық мемлекеттігі туралы идеясымен санаспауға болмайтынын большевиктерге тағы да көрсетті. Кеңес үкіметі кеңестік негізде Қазақ Автономиясын құру жөнінде дайындық жұмысын жүргізе бастады. РКФСР ХКК-нің 1918 ж. 12 мамырдағы қаулысына сəйкес, ҚазАКСР-н құруға дайындық жұмыстарын ұйымдастыру үшін Ұлттар ісі халық комиссариаты жанынан алғашқы арнайы саяси орган - қырғыз (қазақ)
бөлімі ашылды. Алайда, азамат соғысы басталып кеткендіктен бұл жұмыстар кейінге қалдырылды. Қазақ съезі шақырылып, Қазақ республикасының автономиясы жарияланғанша өлкені əскери-əкімшілік басқару үшін 1919 ж. 10- шілдеде РКСФР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В.И. Лениннің қол қоюымен “Қырғыз (қазақ) өлкесін басқаратын төңкеріс комитеті (Ревком) туралы уақытша ереже” жарияланды. Ереженің 3- бабына сəйкес, Қазақ автономиялы республикасының аумағы Түркістан республикасымен, Қырғыз съезі жəне Орталық Кеңес үкіметімен келісіліп анықталғанға дейін Қазревком құзырына “…Астрахань губерниясымен Орал, Торғай, Ақмола жəне Семей
облыстарының территориялары қарайды” делінген. Қазревкомның бірінші құрамына: С.Пестковский (төраға), А.Байтұрсынов, В.Лукашев, Ə.Жангелдин, М.Тұнғаншин, С.Меңдешев, Б.Қаратаев кірді. Əртүрлі уақытта Қазақ ревкомының мүшесі болып: Ə.Əйтиев, С.Арғыншиев, А.Авдиев, Ғ.Əлібеков,
Б.Қаралдин еңбек етті. Əйтсе де Алашордалықтардың Кеңес үкіметінің жағына шығуы оңай болмады. Алашордаға жасалған кешірімге қарамастан оның басшыларына деген сенімсіздік ұзақ уақытқа сақталды. Ал Кеңес үкіметінің Қазақстандағы кейбір өкілдері Алашорда жетекшілеріне жау ретінде қарады. Мəселен, 1920 ж. Қазақ партия бюросының есебінде былай деп жазылды: „Бұрынғы алашордалықтардан тұратын қырғыз зиялыларының 3/4-і буржуазиялық-шовинистер”. Сондай-ақ, кешірім жасалғанға қарамастан Алашорда жетекшілері саяси тұрғыда оқшаулануға тиіс болды. Қазревкомның 1920 жылғы 5 наурыздағы “Алашорданың батыс бөлімін тарату туралы” қаулысында “Ұлттық Алашорда үкіметінің батыс бөлімінің жауапты жетекшілері қырғыз өлкесінде Кеңес үкіметі толық негізде орныққанша халық бұқарасынан оқшауландырылсын…” - деп ашып айтылды. Одан əрі аталған
қаулыда былай делінді: “Қырғыз халқының Кеңес үкіметіне іш тартатын бөлігі мен қоныс аударушылардың Алашорданың белсенді қызметкерлеріне өшпенділікпен қарайтындықтары ескеріле отырып, олар ревком мүшелігіне жəне басқа да жауапты кеңес қызметіне ұсынылмайтын болсын”. Ақырында жоғарыда көрсеткеніміздей Қазревкомның 1920 ж. 5 наурыздағы қаулысына сəйкес Алашорда таратылды. Осылайша біртұтас тəуелсіз ұлттық мемлекетті құруға талпынған қазақ зиялыларының пəрменді əрекеті нəтижесіз аяқталды.
Кеңес үкіметі мойындамаған Қазақ Ұлттық Автономиясы қазақ зиялыларының өркениетке, тəуелсіздікке қол созған əрекеттері ретінде тарихта ғана қалды.
Қазревком Қазақстанда əскери-азаматтық билікті қолға алып, кеңестердің бүкілқазақстандық 1- съезін шақыруды ұйымдастыру, Қазақ автономиясы туралы ереже жобасын дайындап, съезд талқысына ұсыну, РКФСР, Түркістан Кеңестік Республикасы жəне Қазақ өлкесі арасындағы қарым-қатынастарды реттеу, қазақтың байырғы жерін бір қолға жинау, яғни болашақ қазақ кеңес мемлекетінің аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету міндеттерін өз қолына алды. Алғашқы күннен Қазревком əрекет-қимылда жүрген армияны азық-түлікпен жабдықтау, астықты жəне басқа тамақ өнімдерін Орталыққа, Түркістан АКСР-на жеткізу, яғни “соғыс коммунизм” саясатының басты мəселесін шешу ісімен айналысты. Бұл саясаттың мəні - өнеркəсіпті жаппай национализациялау, басшылықты орталықтандыру, тіршілік үшін маңызды тауарлардың бəрін бөлу, азық-түлік салғыртын, карточкалық жабдықтау жүйесін, жалпыға бірдей еңбек міндеткерлігін, еңбекке бір мөлшерде ақы төлеуді енгізу, тауар-ақша қатынастарын жою болды. Осының ішінде еңбекші халық əсіресе, шаруалар үшін ең ауыры азық-түлік салғырты болды. 1919 жылы қаңтарда астықты дайындау мен бөлу монополиясына азық-түлік салғырты қосылды. Өлкенің адам жəне материал ресурстарын жұмылдыру экономикалық əдіске жатпайтын күштеу əдістерімен жүргізілді.
Кеңес үкіметі қала халқын жəне соғысып жатқан қызыл əскерді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін астық өнімдерін, мал-мүліктерін қаруланған азық-түлік отрядтарын жіберіп, халықтан күшпен тартып алып отырды. Сонымен қатар, “əскери коммунизм” саясаты өлкеде жергілікті бюджеттерді жоюдан, оларды бірыңғай мемлекеттік бюджетке қосудан, біртұтас қазына құрудан, ұсақ жəне майда өнеркəсіпті мемлекет меншігіне алудан көрінді. 1920 ж. тамызында Мəскеу қаласында қазақ əскери төңкеріс комитеті жəне Түркістан майданының əскери-төңкеріс кеңесі, РКП(б) Түркістан өлкелік комитетінің партия жəне кеңестік ұйымдардың өкілдері қатысқан Қазақ АКСР-н құру туралы бірнеше мəжілістер өткізді. Соңғы мəжіліске В.И.Лениннің өзі төрағалық етті.
Нəтижесінде 1920 ж. 17 тамызында РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі Қазақ Республикасы жөніндегі Декреттің жобасын қарап қолдады. 1920 ж. 26 тамызында Ленин мен Калинин қол қойған БОАК жəне РКФСР ХКК-нің құрамында, астанасы Орынбор қаласында болатын “Қырғыз (қазақ) Кеңестік Автономиялы Республикасын құру туралы” тарихи Декреті жарияланды.
1920 ж. 4-12 қазанында Орынбор қаласында өткен Қазақстан Кеңестерінің Құрылтай съезі, Қырғыз (қазақ) Кеңестік Автономиялық социалистік республикасы еңбекшілері құқықтарының Декларациясын қабылдады, ол Декларация РКФСР құрамына жеке автономия болып кіретін ҚазАКСР-нің құрылуын жұмысшылардың, еңбекші қазақ халқының, шаруалар, қызыл əскерлер депутаттары Кеңестерінің Республикасы ретінде бекітті. С.Меңдешевті бас етіп, Орталық Атқару Комитетін (ОАК) жəне В.Радус-Зеньковичті бас етіп Халық комиссарлары Кеңесін (ХКК) сайлады. 1920 жылдың көктемінен Қазақстан жерінде азамат соғысы жылдарында өлкенің жаудан азат етілген аудандарында ақ гвардиялық аппараттар жойылып, кеңестік мемлекеттік органдар ұйымдастырылып жатты.
Революциялық комитеттер азат етілген аумақтарда халық шаруашылығын қалпына келтіру, экономиканы көтеру, мемлекеттік құрылысты нығайту жұмыстарын жүргізді. 1920 жылдың көктемінде партияның ІХ съезі болды, съезд бейбіт тыныс алудың мүмкіндіктеріне сүйене отырып, халық шаруашылығын қалпына келтірудің бірыңғай жоспарын жасап бекітті. 1920 жылғы қаңтар-наурызда өлкенің губерниялары мен уездерінде партия конференциялары өтіп, оларда халық шаруашылығын қалпына келтіру мəселелері талқыланды. Өлкенің соғыстан зардап шекпеген жері кемде-кем еді. Қиыншылықтар мен ауыртпалықтарға қарамастан, Қазақстан еңбекшілері күйзелушілікке қарсы күресті. Басты шарттардың бірі - отын өндіруді арттыру жəне кəсіпорындарды жұмыс күшімен қамтамасыз ету, өнеркəсіп пен транспортты қалпына келтіру болды. Өнеркəсіпке отын беру үшін Орал-Ембі мұнай кəсіпшіліктері қалпына келтіріліп, Ембі-Атырау мұнай құбыры бірнеше шақырымға тартылды. 1920 жылғы наурыз-маусым айларында Ембі мұнай кəсіпшіліктерінен көліктің барлық мүмкіндіктерімен жəне су жолы арқылы 17452 пұт мұнай тасылды. Қарағанды мен Екібастұздың шахталары қалпына келтіріліп, 1920 жылы Қарағанды мен Екібастұздың шахтерлары 3 млн. пұттан астам көмір өндірді. Екібастұз зауытында, Риддер кенішінде қорғасын концентраттарының қорынан қорғасын қорыту жұмысы жолға қойылды. Семей жəне Ақмола губернияларының кəсіпшіліктерінде жыл ішінде 8,5 млн. пұт тұз өндірілді. Оралда, Қостанайда, Семейде, Ақмолада электр станциялары жұмыс істей бастады. Жылдың аяғына қарай республикадағы 59 электр станциясының 45-і қалпына келтіріліп, пайдаланылуға берілді. Шаруалар шаруашылығын шойын жəне мыс құймамен, арбаға арналған металл бұйымдары мен ауылшаруашылық құрал-саймандармен қамтамасыз ететін металл өңдейтін 6 зауыт іске қосылды. Тамақ, жеңіл жəне қолөнер кəсіпорындары қалпына келтіріліп жатты. Губерния орталықтарының бəрінде диірмендер, былғары, тері, сабын қайнату, кірпіш зауыттары, аяқ-киім, ер-тұрман шығаратын шеберханалардың жұмысы қайта басталды. Жергілікті өкімет органдары орасан зор зиян шеккен темір жол транспортын қалпына келтіруге айрықша көңіл бөлді. 1920 жылдың жазына қарай негізгі магистральдарда көпірлер, жол шаруашылығы, байланыс желілері қалпына келтірілді. 1920 жылдың аяғына таман республика өнеркəсібінде 162 кəсіпорын жұмыс істеді. Қазақстанды қалпына келтіру дəуірінің басында 1500-ге тарта ұсақ мемлекеттік өнеркəсіп кəсіпорындары болса, бұлардан тек қана ондаған зауыт-фабрика, кеніш, шахта, мұнай кəсіпшілігі, көміркен орындары ғана жұмыс істеді. Өнеркəсіп халық қажеттерін қанағаттандыра алмады. Еңбек өнімділігі өте-мөте төмен болды, шикізат пен отын жетіспеді. Азық-түлік өнеркəсіп тапшылығы қатты байқалды. Қазақстанның кеңес органдары совхоздар, артельдер, жерді бірлесіп өңдеу серіктестіктерін ұйымдастыру жөніндегі жұмыстарды қиыншылықтарға қарамастан жалғастыра берді.
1920 жылдың күзіне қарай Қазақстанда Жетісу облысын қосқанда 1039 коллективтік шаруашылық болды. Сол жылдары алғашқы ауылшаруашылық артельдері, коммуналар, совхоздар пайда болды. 1920 жылдың аяғында (Жетісу мен Оңтүстік облыстарды қоспағанда) 939 колхоз, оның ішінде 132 коммуна, 779 артель, 28 жерді бірлесіп өңдейтін серіктестік (ТОЗ), 348 тұтыну қоғамы жұмыс істеді. Бірақ бұлардың бəрі əлсіз болып, оларда құрал-сайман, тұқымдық астық, айналым қаржы жетіспеді. Азамат соғысының қиын-қыстау жылдарында кеңес органдары жергілікті жерлерде мəдени құрылысты да жүргізіп, саяси үгіт қатаң нысаналы сипатта болды. 1919 жылы сəуірде уездік жəне губерниялық Халық ағарту бөлімдерінің жанынан мəдени-ағарту ұйымдары құрылды. Оқу үйлері, кітапханалар, сауатсыздықты жою мектептері жұмыс істеді. Сол жылдары республикада 199 көпшілік кітапханасы, 196 клуб, 83 халық үйі, 1478 оқу үйі болды, үгіт қызыл керуендерін, ал темір жол бойында - үгіт вагондарын ұйымдастырды. Қорыта келгенде, Қазақстанда Кеңес үкіметі негізінен жəне көпшілігінде күштеп орнатылды. Қазақ халқы Қазан төңкерісінің мəнін, Ленин бастаған большевиктер партиясының бағдарламасын түсінген де жоқ, қабылдаған да жоқ. Əлеуметтік революцияға Қазақстанда ешқандай негіз жоқ болатын. Орта Азия мен Қазақстанның жергілікті халықтары үшін Қазан революциясының мəн-мағынасы орыс үстемдігі жойылып, тартылып алынған жер-суымыз өзімізге қайтарылады деген үмітке ғана сайды.