Лекциялар курсы Редакциясын басқарған тарих ғылымдарының докторы, профессор Қ. С. Қаражан Алматы



Pdf көрінісі
бет26/78
Дата31.12.2021
өлшемі1,99 Mb.
#21082
түріЛекция
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   78
Байланысты:
karazhan ks kazakstan tarikhy lektsiialar kursy

Жазу мен ғылымның дамуы. VI—VIII ғасырларда түрік 
қағанатына бағынған Орталық жəне Орта Азияның түркі тілдес 
халықтары, сондай-ақ Хазар қағанатын құрған төменгі Еділ 
бойының, Дон жағалауы мен Солтүстік Кавказдың түрік тайпалары 
өздерінің жеке жазуларын қолданды. Жазу негізінен əкімшілік жəне 
елшілік тəжірибелеріне қатысты, сондай-ақ мемлекеттік актілерді 
бекіту қажеттілігінен туындаған тəрізді. Діни қатынастардың да 
белгілі бір рөл атқарғаны анық. 
Шежірелерде айтылғандай, ертедегі түріктер ағаш тақтайларға 
“қажетті адамдардың аттарын, салық пен малдың санын” есептеу 
мақсатында ойықтар салатын болған. Сонымен қатар түрік елшілері 
грамотамен жабдықталды. 567 жылы Константинопольге II Юсти-
ниан  императоры  сарайына  келген  елші  соғды  Маниах  қағаннан 
“скиф жазуымен” жазылған хатты əкелген. “Мұның не жазу” 
екендігін түрік қағанатының — Бугут көне жазуы ескерткішіне 
қарап білуге болады. Бағананың үш жағында соғды тілінде жазыл-
ған жазу бар. Оның бір жағындағы брахма жазуымен санскриттегі 


56
57
жазба толығымен өшкен. Сөйтіп, руна əріпі пайда болғанға дейін 
түріктер соғды əліппесін кеңінен қолданғанын, ол Түрік қағанатының 
бірінші ресми жазуы болғандығын білеміз.
Жаңа жазба — көне түрік əліппесі — түріктердің арасында VII 
ғ. бірінші жартысында пайда болған. Əліппе алғашында бір-бірінен 
бөлек жазылатын геометриялық белгілерден құрылып, 37 немесе 38 
əріптен тұрған, оның соғды əліппесінен айырмашылығы ағаш пен 
тасқа жазуға қолайлылығымен ерекшелінеді. Руна ғаріптері түркі 
тілінің ерекшеліктерін дəл бере білді. Əдеби жəне тарихи тұрғыдан 
алғанда, руна ескерткіштері тіл мен əліппеге қатысты біркелкі емес. 
Аймақтық белгісіне орай ескерткіштер бірнеше топқа бөлінеді. 
Моңғолиядан  табылған  руна  ескерткіштері  Орхон,  Тола  жəне  Се-
ленга өзендері алқаптарында шоғырланған. Бұл топқа Білге-қаған 
мен Күлтегінге арналған белгілі руна мəтіндері жатады: Кошо-
Цайдам бағаналары, Чойрэн бағанасы, Тоныкөк ескерткіші, Онгин 
жазуы, Куличор құрметіне арналған бағана, Селенга тасы, Сэврэй 
тасы, Терхин бағанасы, Тэсинь бағанасы, Қарабалғасун жазуы, 
Суджа жазуы, Тайхир-чулудің 20 жазуы, Исе-Асхеттің 2 жазуы, 
Хэнтэй жазуы, Хангай мен Гобаның ұсақ жазуы, сондай-ақ соғды 
тіліндегі Бугут жазуы. Бұл жазулар “орхон ескерткіштері” деп 
аталады.
Тува жəне Минусин аймағындағы Енисей ескерткіштеріне 
жататын құлпытастарда, тастарда, алтын жəне күміс ыдыстарда, 
теңгелерде қазіргі таңда белгілі болған жазудың 150 түрі белгілі 
болса, Лена-Байкал жағалауындағы ескерткіштер тобында тұрмыс 
заттарына жазылған, əлі күнге дейін оқылмаған 16 қысқа жазу 
кездеседі. 
Алтай тобының ескерткіштері: бір тас бағана мен тасқа жазылған 
жазулар жəне молалардан табылған күміс ыдыстағы жазулар 
(барлығы 50-ге жуық жазулар).
Шығыс Түркістан ескерткіштеріне Тұрфандағы көне құрылыстың 
қабырғасында жазылған 4 жазу, үңгір ғимараттарындағы 2 жазу, 
Миран мен Дуньхуандағы қағазға түсірілген бірнеше ірі мəтіндер, 
қоладан жасалған қол айнадағы жазу жатады. 
Ал Жетісулық деп аталған Орта Азиялық ескерткіштер тобына 
— Талас алқабындағы құлпытастардағы, теңгелердегі, тұрмыстық 
заттар мен ағаш таяқтардағы 12 жазуды, ал Ферғана ескерткіштеріне 
жататын қосалқы тобы керамика мен металдағы 17 қысқа жазу 
жатады. 
Көне түркі мəдениетіндегі адамзат өркениетінің өлмес қазына-
ларының бірі — баға жетпес асыл мұрасы — жазудың пайда болуы 
мен жазба əдебиетінің байлығы. Білге-қаған мен Күлтегіннің жəне 
басқа түрік елінің көрнекті қайраткерлерінің құрметіне арналған 
руна мəтіндері ең құнды əдеби шығармалар ретінде жəне сол 
кезеңнің тарихын баяндайтын дерек ретінде жоғары бағаланады. 
Бірақ біртіндеп оңтүстік өлкелерді арабтардың жаулауы, ислам 
дінінің көшпелі ақсүйектер арасына терең тамыр жаюы нəтижесінде 
ежелгі түріктердің руна жазуы ығыстырылып, араб графикасы 
негізінде жаңа түрік жазбасы қалыптасқан. 
Ортағасырлық мəдениеттің қаншалықты деңгейде дамығанды-
ғына философ, ғалым энциклопедист, Отырардан (Фарабтан) шық-
қан Əбу Насыр ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Узлак əл-Фараби 
ат-Түріктің (870—950) ғылыми еңбектері куə. Немістің шығыста-
нушысы Ф.Дитеритстен бастап Дж.Сартонға дейінгі мəдениет пен 
ғылымның көрнекті өкілдері, тарихшылар əл-Фарабиді кереметтеп, 
ұлы тұлға екендігін ерекше баяндайды. Ол астрономияны, логика-
ны, музыка теориясын, математиканы, социология мен этиканы, 
медицина мен психологияны, философия мен құқықты зерттеді. 
Оған “Муаллим ассана” — “екінші ұстаз” деген атақ берілген. Бұл 
жерде “екінші” деген Аристотельден кейінгі дегенді білдіреді. Əл-
Фараби шын мəнінде əлемдік дəрежедегі ғалым болды, ол өзінің 
шығармаларында араб, парсы, грек, үнді мəдениетімен түрік 
мəдениетінің жетістіктерін бір-біріне жақындастырып, біріктіре 
білді. Ол атақты “Китаб аль-музык аль-кабир” атты еңбегінде музы-
ка мəселесіне ерекше мəн береді. Ол ғылымды, білімді жаңғыртушы 
болды,  бұл  оның  “Ғылымды  топтау  туралы  сөз”  деген  еңбегінде 
қамтылды. 
Əл-Фараби саяси философия мен этикаға ерекше мəн берді, 
өйткені, солардың арқасында шын мəніндегі бақытқа қол жеткізуге 
болады, бұл бақытты алдамшы бақыттан ажырата білу керек 
деген, Əл-Фараби жақсылық тілеуші қаланы надан, адасқан қалаға 
қарсы қояды, ақ ниетті адамдар үшін өтірік айту, алдап-арбау жəне 
астамшылық жат нəрсе деген. Рухтың еркіндігі туралы Əл-Фараби 
шығармаларында өте анық жазылған. Фарабидің қолжазбалары 
əлемнің көптеген кітапханаларында сақталған. Əл-Фарабидің 
осы еңбектері арқылы ортағасырлық ғылым қалыптасты, оның 
ықпалымен Ибн Руштің, Ибн Синаның, Омар Хайямның, Роджер 
Бэконның,  Леонардо  да  Винчидің  жəне  өзге  де  ойшылдардың 
дүниетанымы қалыптасты.
Дамыған орта ғасырлар кезеңіндегі тағы бір ірі əдеби  поэтикалық 
шығарма  “Құтадғу  білік”  немесе  “Қайырымды  білім”  поэмасы 
болып табылады.


58
59
“Құтадғу  білік”  ежелгі  Түркістанның  батысы  мен  шығысында 
бірдей ІХ ғасырдан бастап-ақ ықпалды, іргелі елдік құрған 
қарахандар əулетінің билігі дəуірлеп тұрған заманда Жүсіп Хас-
Хаджиб жазған. Ол Х ғ. соңы мен ХІ ғ. алғашқы жылдарында қазіргі 
қазақ елінің жер ауқымына енетін ежелгі Баласағұн шəһарында туып 
өскен. Жүсіп Баласағұн айтулы этикалық-философиялық еңбегін 54 
жасында жазған. Баласағұн қаласында бастаған бұл шығармасын 
Қашқарда аяқтап, Қарахандар мемлекетінің сол кездегі əмірі Сатұқ 
Боғра ханға тарту етеді. 
“Құтадғу білік” 6520 бəйттен тұрады жəне 124 бəйттің қосымша-
сы бар. Шығарманың жалпы көлемі 13 мың екі шумақтан құралған 
өлең. Поэманың 3 түрлі қолжазбасы сақталған: ұйғыр жазуымен 
венгерлік, сондай-ақ араб қарпімен жазылған каир мен намангандық 
нұсқалары. “Қайырымды білім” тек əдеп-мораль трактаты ғана 
емес, терең философиялық шығарма, онда идеалдық қоғамның 
нормаларын, бұл қоғамдағы əртүрлі тап өкілдерінің мінез-құлық 
ережелерін суреттейді. Білім — билеуші үшін де, халық үшін де 
игілікке  қол  жеткізудің  бірден-бір  қайнар  көзі  деген  идея  оның 
мазмұнына арқау болған. Жүсіп Баласағұнның осы еңбегі арқылы 
Қарахандар  дəуіріне  барлау  жасап,  тарихи-этнографиялық  құнды 
пайымдаулар түйіндеп, пікір қорытуға болады. Шығармада ел 
басқарудың экономикалық, əлеуметтік-тұрмыстық ахуалы, əскери 
істі ұйымдастырудың, шаруашылықты, тағы басқа да мемлекеттің 
əл-ауқатын жақсартудың ерекшеліктері суреткерлік-философиялық 
тілмен баяндалады. Еңбекте сол заманғы ғылым мен мəдениеттің 
жетістіктері де аңғарылып отырады.
“Құтты білік” атты даналық дастаны ғұлама атын күллі Тұран 
еліне, Шығыс əлеміне танытты. Батыс пен Шығысты кең шарлап 
кеткен бұл əдеби жəдігер он ғасырдай мерзім өткенде өз атамекеніне 
оралды. 1986 жылы қазақ жерінде өз ана тілімізде алғаш рет жарық 
көрді. Сол Х—ХІІ ғасырлардың өзінде-ақ Орта Азия, Қазақ елі 
аумағын мекендеген халықтардың мəдени даму биіктерінің бірі 
болған философиялық поэманың даналық ойлары күні бүгінге 
дейін аса құнды, өміршең. “Құтты білік” — ежелгі түркі тіліндегі 
классикалық поэзияның тұңғыш шығармасы.
Түрік тайпаларының тілі, фольклоры, этнографиясы туралы 
шығарма  авторы  Махмуд  Қашқари  (1029—1101)  еді,  оның  халиф 
əл-Мухтадиге арнап 1072—1074 жж. жазған “Түркі тілдерінің 
сөздігі” («Диуани лұғат ат-түрк») атты атақты шығармасы бар. 
Онда тарихи-мəдени, этнографиялық жəне лингвистикалық мате-
риалдар жинақталып, кеңінен қамтылған. “Түркі тілдерінің сөз-
дігі” — XI ғасырдағы түркі халықтарының дүние танымының 
ерекшелігін, этникалық құндылықтары мен мінез-құлық норма-
ларын сипаттайтын түркі мəдениетінің ескерткіші, онда ата-
бабаларымыздың бұрынғы мұралары толық қамтылған. Кітапта 
ежелгі зороастрийлік-шамандық дүниеге көзқараспен қатар жаңа 
идеология — исламның элементтері мен оның бір тармағы суфизм 
туралы да айтылған.
“Сөздік” қазіргі кезде А.Н.Кононовтың айтуы бойынша XI 
ғасырдағы түріктердің өмірі туралы бірден бір ақпарат көзі болып 
табылады: атап айтқанда, олардың материалдық мəдениеті, тұрмыс-
салты туралы, этнонимдер мен топонимдер, рулық бөлініс жөнінде, 
түрлі лауазым иелерінің атақтары мен атаулары, тағамдар мен 
сусындар атаулары туралы, мал шаруашылығы жөнінде, өсімдіктер 
мен дəндер туралы, астрономиялық терминдер, металдар мен ми-
нералдар туралы, географиялық терминология мен номенклатура 
туралы, қалалар, аурулар мен дəрілер атаулары, тарихи жəне 
мифологиялық батырлар, діни жəне этникалық терминология 
туралы, балалардың ойыны мен ойын-сауықтар туралы жəне т.б.”. 
Махмуд Қашқари өзінің кітабында мынандай негізгі жанрларды 
бөліп қарастырады: түркі тілді фольклорлық-тұрмыс-салт жəне 
лирикалық əндер, батырлар жырынан үзінділер, тарихи ертегілер 
мен аңыздар, 400-ден аса мақалдар, мəтелдер жəне шешендік 
сөздер. 
Түркі суфизмінің негізін қалаушы, ойшыл жəне ақын Қожа Ахмет 
Яссауи ортағасырда өмір сүріп артында мол мұра қалдырды. Оның 
өмірі мен қызметі Яссы (Түркістан) қаласымен тығыз байланысты. 
Оның  “Диуан-и  хикмет”  атты  кітабы  сақталған.  Яссауи  түркі 
суфизмінің көшбасшысы. “Диуан-и хикметте” исламның негізгі 
ережелері мен қағидалары баяндалады. Автор 4 ұстанымды, атап 
айтқанда, шариатты, тарихатты, хакихатты, мағрифатты түсіндіруге 
ерекше мəн береді. “Шариат” — ислам дінінің заңдары, дəстүрі, 
салт-дəстүрі, “Тарихат” — суфизм идеясы, “Хакихат” — құдайға 
құлшылық ету, бірігу. “Мағрифат” — дінді танып-білу. Яссауидің 
пікірінше, шариатсыз, тарихатсыз, мағрифатсыз хакихат жоқ. Ол 
“Хикметте” Алланың атын түріктер бұрын өзінің құдайы санаған 
Тəңір атымен жиі алмастырып отырған. Түріктер жаңа исламдық 
өркениетке көшкен соң да халықтың даму бағытын бір арнаға 
салуға күш жұмсады. Демек, жаңадан енгізілген идеологияны 
бұқараның ғасырлар бойы қалыптасып қалған сана-сезімінен, 


60
61
олардың ұстанып келген Тəңірге табынушылық — шаманизммен, 
зороастрийлікпен біріктіре білудің орны ерекше болған, кейін 
мұндай процесс “Түркі халқының мұсылмандығы” деген атауға 
ие болды. Осы орайда яссауилік ілім зор рөл атқарды, ол əділдікті, 
рухани тазалықты жəне адамның рухани дамуын жетілдіруді 
насихаттады, ал мұндай игі қадам түркі халықтарының көңіліне 
қонды. Егер рухани күш болмаса, құдайға шын көңілмен сенбесе, 
тіпті соған орай өзін-өзі құрбан етуге дейін бармаса, адамның өзін-
өзі тануы мүмкін емес,— деген қағиданы ұстанған Ахмет Яссауи 
өзінің барлық ғұмыры мен қызметін тап осындай идеялық-өнегелік 
жолға арнады.
Осылайша VI—XII ғасырларда кең толғамды, парасатты 
пайымдаулары мол ғылыми мұралардың, ақындық өнердің үздік 
дара туындыларының дүниеге келуіне белгілі бір өркениетті 
ахуалдың құнарлы топырағы, тарихи-əлеуметтік орта тынысы 
мен қоғамдық-саяси жағдайлардың заңдылықтары, алғышарттары 
болғаны күмəнсіз. Бұл классикалық шығармалар сол кездің өзінде 
белгілі дəрежеде əдеби-мəдени дəстүрдің, көркемдік-эстетикалық 
танымның қалыптасқан мектебінің болғандығын меңзейді.
Сөйтіп, VI—XII ғасырларда тарихи қалыптасқан жағдай — 
ғылымның дамуына, феодалдық негіздің нығайып, мемлекеттік 
құрылымдардың шығуына, отырықшы-егіншілік мəдениет пен 
қалалардың өсуіне, этникалық шоғырланушылық процестердің 
күшеюіне əкелді.    
 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   78




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет