62
63
1207—1208 жж. Шыңғыс ханның үлкен баласы Жошы Енисей
қырғыздарын жəне Сібірдің оңтүстігіндегі «орман халықтарын»
бағындырды. Қазіргі Шығыс Түркістан аумағында тұрған ұйғырлар
монғолдарға бағынды. 1211 ж. Шыңғыс ханның қолы Солтүстік
Қытайға енді, 1215 ж. олар Цзинь мемлекетінің астанасы Чжунду
(Пекин) қаласын жаулап алды. 1217 жылы Цзинь империясы Хуанхэ
өзенінің солтүстігінде орналасқан барлық иеліктерінен айырылды.
Шыңғыс ханның негізгі мақсаты батыс елдерін —
Орта Азия
мен Иранды, Таяу Шығыс пен Кавказды, Шығыс Еуропаны басып
алу болды. Батыста монғолдар 1211 жылы алғаш рет Жетісу жеріне
келгенімен ұзақ тұрақтай алмады. Бұл жылы монғол əскерін
Жетісуға Шыңғыс ханның қолбасшыларының бірі Құбылай бастап
келген болатын. 1216 жылы Шыңғыс хан өзінің үлкен ұлы Жошыны
қыпшақ даласында көшіп-қонып жүрген меркіттерді біржолата
талқандауға аттандырды. Жошы Торғай даласында қыпшақтарға
қарсы 60 мың əскерімен жорыққа шыққан хорезмшах Мұхаммедтің
қолымен кездесіп қалды. Екі жақ күні бойы шайқасты, ал түнде
монғолдар жаққан оттарын қалдырған күйі кері шегініп кетті.
Монғолдардың батысқа қарай жылжуы 1218 жылы қайта
басталды.
Осы жылы қаңлы, найман жəне керей тайпалары
жайлаған Жетісу жеріне алғашқы соққы берілді. Бұл кезде Жетісуды
наймандардың Күшлік ханы билеп тұрған еді. Оған қарсы Шыңғыс
хан өзінің таңдаулы қолбасшыларының бірі Жебені жіберді.
Монғолдар жергілікті халыққа ислам дінін жария түрде ұстануға
рұқсат етіп, Күшліктің мұсылмандарды қудалауына байланысты
халықтың наразылығын тиімді пайдаланды. Сонымен қатар Жетісу
халқын өз жағына тарту үшін Шыңғыс хан бұл өлкеде тонаушылық
пен қырғынға тыйым салды. Көптеген елді мекендер, соның
ішінде Баласағұн қаласы ұрыссыз берілді, ал Күшлікті монғолдар
Бадахшанда ұстап, өлтірді.
Шығыс Түркістан мен Жетісуды басып
алғаннан кейін
монғолдарға Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияға жол ашылды.
Бұл өңірге басып кіруге «Отырар апаты» деп аталатын оқиға
сылтау болды. 1218 жылы жазда Шыңғысханның тапсырмасымен
құрамында көпестері мен монғол барлаушылары бар, барлығы 450
адамнан тұратын 500 түйеге теңделген жүгі бар керуен Отырарға
аттанады. Отырар билеушісі Қайыр хан көпестерді жансыздар деп
күдіктеніп, оларды өлтіруге бұйырады, керуен тоналады. Бұған
шамданған Шыңғысхан оның қарымтасы ретінде хорезмшах
Мұхаммедтен Қайыр ханды ұстап беруді талап етіп, елшілерін
жібереді, ал хорезмшахтың келген елшілерді
өлтіруі соғысқа сылтау
болады.
Шыңғысхан Орта Азияны бағындыруға өз вассалдарының
жасақтарымен қоса жалпы саны 150 мың адамы бар қалың қол
жіберді. Əскери жорық 1219 жылы қыркүйекте Ертіс жағалауынан
басталды. Отырар қаласы қоршауға алынды. Өзінің əскерін үш
топқа бөлген Шыңғысхан бір бөлігін Отырарды алу үшін ұлдары
Шағатай мен Үгедейге қалдырды, үлкен ұлы Жошы бастаған екінші
бөлігін Сырдарияның төменгі ағысына аттандырды. Өзі Бұқараға
бет алды. Отырар билеушісі Қайыр хан ерлікпен шайқасты, ол
басқарған əскер мен қала тұрғындары басқыншыларға қарсы табан
тіресе қарсылық көрсетті, қаланы 5 ай бойы ұстап тұрды. Бесінші
айдың аяғында хорезмдік əскербасы
Қараджа хаджиб опасыздық
жасап, қаланың қақпасын ашып, 10 мың əскерімен монғолдар
жағына шығып кетіп, оларды қалаға жіберіп қойды, кейін оның өзі
осы опасыздығы үшін монғолдар тарапынан өлтірілді. Қайыр хан
өз жауынгерлерімен қамалда тағы бір ай қорғанды. Бірақ күш тең
болмады, қамал қиратылды, 1220 жылы ақпанда
Отырар қаласы
алынды, Қайыр хан қолға түсіп, қатал жазаланып өлтірілді.
Отырар сияқты Сыр бойындағы Сығанақ, Ашнас жəне т.б.
қалалар тұрғындары да монғолдарға қатты қарсылық көрсетті. Араб
жəне парсы тіліндегі тарихи деректерде монғолдар халқын түгелдей
қырып, күл-талқан қиратқан отыз шақты қалалар аталады. Олардың
ішінде оңтүстік қазақстандық Отырар, Сығанақ, Ашнас қалалары
бар.
Монғолдар Сырдария өңіріндегі қалаларды бағындырып, Орта
Азияға қарай ішкеріледі. Үргенішті қоршауға алу бірнеше айға
созылды. Монғолдар Бұқарды, Самарқанды алды, Хорезм жаулап
алынды. 1221 жылы көктемінде монғолдар Орта Азияны жаулап
алуды аяқтады.
Енді соғыс Хорасан, Ауғанстан жəне Солтүстік Индия аумағына
ауысты. Қолбасшылар Жебе мен Сүбедей нояндар басқарған 30
мыңдық əскер Солтүстік Ираннан шығып, 1220 жылы Кавказға
басып кірді. Бұл əскер армян, грузин, алан, қыпшақ жəне орыс
əскерлерін Қалқа
өзенінің бойында талқандап, 1224 жылы Шығыс
Дешті Қыпшақ даласы арқылы Шыңғысханның Ертіс бойындағы
ордасына оралды. Сөйтіп, 1219—1224 жж. монғол шапқыншылығы
нəтижесінде Қазақстан Шыңғысхан империясының құрамына
кірді.
Шыңғысхан көзінің тірісінде ұлан-байтақ аумақты алып жат-
қан жаулап алған жерлерін бəйбішесі Бөртеден туған ұлдарының
64
65
санына қарай төрт ұлысқа бөлді. Кіші ұлы Төле Шыңғысханның
негізгі жұртын — Монғолияның өзін,
сондай-ақ монғолдың
тұрақты 129 мың адамдық армиясының 101 мыңын иеленді. Үшінші
ұлы Үгедейге Монғолияның батыс бөлігі, Жоңғария мен Шығыс
Түркістан аймағы қарады. Оның ұлысының орталығы жоғарғы
Ертіс пен Тарбағатай аймағында орналасты. Шыңғысханның
екінші ұлы Шағатайдың иелігіндегі жерлер Оңтүстік Алтайдан
Əмударияға дейінгі, яғни Жетісу мен Мəуераннахрды қамтыды.
Шыңғысханның үлкен ұлы Жошының үлесі Ертістен батысқа қарай
төменгі Еділге дейінгі жерді қоса бүкіл Шығыс Дешті Қыпшақты
қамтыды. Сонымен Қазақстанның аумағы монғолдың үш ұлысының
құрамына: үлкен бөлігі — Жошы ұлысының құрамына, Оңтүстік
жəне Оңтүстік-Шығыс Қазақстан — Шағатай ұлысына, Жетісудың
солтүстік-шығыс бөлігі — Үгедей ұлысына кірді.
Достарыңызбен бөлісу: