Лекциялар курсы Редакциясын басқарған тарих ғылымдарының докторы, профессор Қ. С. Қаражан Алматы


  Қазақстан Республикасының қоғамдық-саяси дамуы



Pdf көрінісі
бет71/78
Дата31.12.2021
өлшемі1,99 Mb.
#21082
түріЛекция
1   ...   67   68   69   70   71   72   73   74   ...   78
Байланысты:
karazhan ks kazakstan tarikhy lektsiialar kursy

4.  Қазақстан Республикасының қоғамдық-саяси дамуы
Қазақстан Республикасының егемендігінің жариялануы жəне 
мемлекеттік тəуелсіздік алуы, бірпартиялық өктемдіктің жəне 
социалистік саяси жүйенің ыдырауы демократиялық принцип-
тер негізінде қызмет жасайтын сан алуан саяси партиялар мен 
қоғамдық бірлестіктердің қызметіне жол ашты. Көппартиялық 
жүйеге өтумен республика халықтарының мақсат-мүдделерін, 
талап-тілектерін жүзеге асыру жолында қызмет жасаған саяси пар-
тиялар қалыптасты. Жаңадан құрылған қоғамдық бірлестіктер мен 
саяси партиялар қоғамдық-саяси өмірді демократияландыру, саяси 
əр алуандық, халықтың əртүрлі əлеуметтік топтарының мүдделері 
мен құқықтарын қорғау, тұрақты əлеуметтік-экономикалық дамуға 
қол жеткізу мақсатында кеңінен қызмет жасады. 1990 ж. 1 наурызға 
қарай республикада 100-ге жуық қоғамдық ұйым қызмет істеп 
тұрды. 


354
355
1991 жылы тамыз айында Мəскеуде мемлекеттік төңкеріс жасау 
əрекеті болды. Оған КОКП Орталық Комитетінің кейбір жетекші-
лері қатысты. Мұның өзі партияның, оның басшы органдарының 
беделін түсірді. Бұл жағдай Қазақстан Компартиясының жұмысына 
теріс əсерін тигізді. Сөйтіп, 1991 жылғы қыркүйек айында өткен 
республика Компартиясының төтенше съезінде оның қызметі 
тоқтатылды. Өзін Компартияның ісін жалғастырушымыз деп санай-
тын Қазақстан социалистік партиясы құрылды. Оның құрамында 
сол кезде 50—60 мың мүшесі болды. 1992 жылы наурызда Қазақстан 
социалистік партиясының кезекті съезі өтті. Съезд республикадағы 
саяси, əлеуметтік-экономикалық жағдай жəне партияның таяудағы 
міндеттері, партияның бағдарламасы мен жарғысына өзгерістер мен 
толықтырулар енгізу сияқты мəселелерді талқылады. 
1991 жылы қазанда жетекшілері О.Сүлейменов пен М.Шаханов 
болған Қазақстан Халық Конгресі партиясы құрылды. Сондай-
ақ, бірқатар коммунистер бұрынғы Қазақстан Коммунистік 
партиясының қызметін қайтадан қалпына келтіруге əрекет жасады. 
Барлық саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстардың алдын-
да тек демократиялық жолмен, Конституция талабына сай қызмет 
ету мақсаты қойылды. Олар парламенттік партияларға айналу, 
сайлаушылардың көп дауысына ие болу үшін күрес жүргізді. Бұл 
саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстар тек құқықтық жағдайда 
өзара түсінісу, келісу арқылы байланыс жасап отыруға тырысты. 
Қайта құру жағдайында Қазақстанның қоғамдық ұйымдарында 
да сапалық жаңа өзгерістер іске асты. 1991 жылы қазан айында 
Қазақстан комсомолының кезектен тыс ХVІІІ съезі болып өтті. 
Съезд делегаттары республика комсомолын Қазақстанның жастар 
одағына ауыстыру жөнінде шешім қабылдады. Оның алдында ре-
спублика жастарының құқықтары мен мүдделерін қорғау міндеті 
қойылды. 
Осы кезде кəсіподақтың жергілікті, əсіресе, бастауыш ұйымдары-
ның рөлін көтеруге ерекше мəн берілді. Олар өздерінің мүшелерінен 
жиналған қаржыларды ұйым қажетіне жұмсауға толық ерік алды. 
Қазақстан Орталық кəсіподақ комитеті жəне облыстық кəсіподақ 
комитеттері салалы кəсіподақ Кеңестері болып қайтадан құрылды. 
Соңғы жылдардағы кəсіподақ ұйымдарының негізгі қол жеткен та-
бысы — ол əртүрлі саяси жəне мемлекеттік ұйымдардан тəуелсіздік 
алды. Бұқара халықтың мүддесін қорғауда олар көптеген əлеуметтік-
экономикалық мəселелерді мемлекеттік жəне шаруашылық органда-
рымен тең дəрежеде келісе отырып шеше алатын жағдайға қолдарын 
жеткізді. 
Сондай-ақ бұл жылдары əйелдер кеңесіне балама ұйымдар 
 
 
 
əдеттен тыс төменнен пайда болды. Солдат аналарының комитеті, 
Қазақстан мұсылман əйелдерінің лигасы, көп балалы аналар, 
жанұялар одағы, “Айша”, “Ақ отау” жəне Іскер əйелдер қауымдастығы 
құрылды. Сөйтіп, республикада 1991 жылы барлығы 120-дан астам 
дербес қоғамдық негізде бірлестіктер жұмыс істеді. 
Бұл жоғарыда аталған фактілердің барлығы ХХ ғ. 80- жылдардың 
2- жартысында қоғамды қайта құру барысында Қазақстанның 
қоғамдық-саяси өмірінде демократиялық қатынастардың кең өріс 
ала бастағанын көрсетеді. 
Қоғамдық-саяси қозғалыстардың ішінен «Азат» (1990 ж. 1 шілде), 
«Поколение» (1992 ж. 24 қараша), «Лад» (1993 ж. мамыр), «Азамат» 
азаматтық қозғалысы (1996 ж. 20 сəуір) кең көлемді қызметімен ерек-
шеленді. Қазақстанда қоғамдық бірлестіктердің қалыптасуының 
келесі кезеңінде Қазақстанның либералдық қозғалысы (1997 ж. 
мамыр), «Қазақстанның болашағы үшін» (1998 ж. ақпан) жастар 
қозғалысы, «Қазақстан — 2030 үшін» (1998 ж. 6 қазан) қоғамдық 
қозғалысы, «Өрлеу» (1998), «Ақ жол» қоғамдық қозғалыстары 
(1998), Қазақстанның демократиялық таңдауы қоғамдық бірлестігі 
(2002), т.б. құрылды. 1989-1994 ж. аяғында Қазақстанда 500-ге жуық 
қоғамдық бірлестік ҚР Əділет министрлігінде тіркелді. 1998 ж. 
олардың  саны  1500-ден  асты,  ал  2001  жылдың  аяғына  қарай  елде 
1700-ден астам ресми тіркеуден өткен қоғамдық бірлестік қызмет 
жасады. 
Қазақстан Республикасы тəуелсіздік алғаннан кейін елде көп-
партиялық жүйе қалыптасты. Қазақстанның социал-демократиялық 
партиясы (1990 ж. 26 мамыр), Қазақстанның социалистік партиясы 
(1991 ж. 7 қыркүйек), Қазақстан халық конгресі партиясы (1991 ж. 
5 қазан), Қазақстанның республикалық («Азат») партиясы (1991 ж. 
4 қыркүйек, 1999 ж. 29 мамырда «Алаш» ұлттық партиясы болып 
өзгерді), Қазақстан коммунистік партиясы (1991 ж. қазан), Қазақстан 
халық бірлігі партиясы (1993 ж. 6 ақпан), Қазақстан халықтық-
кооперативтер партиясы (1994 ж. 15 желтоқсан), Қазақстан дəуірлеу 
партиясы (1995 ж. 27 қаңтар), Қазақстанның демократиялық пар-
тиясы (1995 ж. 1 шілде), Республикалық еңбек саяси партиясы (1995 
ж. 18 қыркүйек), т.б. құрылды. 
Көппартиялықты құқықтық жағынан реттеу Қазақстан Респу-
бликасы Конституциясының 5-бабында, сондай-ақ, Қазақстан 
Республикасының «Қоғамдық бірлестіктер туралы» (31.5.1996) жəне 
«Саяси партиялар туралы» (2.7.1996) Заңдарында қамтамасыз етілді. 


356
357
Қазақстанның көппартиялық жүйе дамуының келесі кезеңінде 
Қазақстанның азаматтық партиясы (1998 ж. 17 қараша), Қазақстан 
республикалық халықтық партиясы (1998 ж. 17 желтоқсан), 
Қазақстанның аграрлық партиясы (1999 ж. 6 қаңтар), Республикалық  
«Отан» партиясы (1999 ж. 19 қаңтар), «Азамат» демократиялық пар-
тиясы  (1999  ж.  27  наурыз),  Қазақстан  əйелдерінің  демократиялық 
партиясы (1999 ж. 21 маусым), Қазақстан патриоттарының пар-
тиясы  (2000  ж.  1  шілде)  құрылды.  2002  жылдың  2-  жартысында 
Қазақстанның бірлескен демократиялық, Қазақстанның «Ақ жол» 
демократиялық партиясының құрылтай съездері болып өтті. 2002 
ж. 15 шілдеде қабылданған «Саяси партиялар туралы» жаңа заңда 
саяси партиялардың құқықтық негіздері, олардың құқықтары мен 
міндеттері, қызметінің кепілдіктері белгіленді, саяси партиялардың 
мемлекеттік органдармен жəне басқа ұйымдармен қатынастары 
реттелді. Көппартиялық институтының пайда болуы елде азамат-
тық қоғам орнатудың маңызды белгілерінің бірі. Бұл қоғамның сая-
си жүйесінің тиімділігін, елде демократияның орныққанын, саяси 
құқықтардың қамтамасыз етілгенін дəлелдейді. 2002 ж. елімізде 16 
партия тіркелді. 
«Саяси партиялар туралы» Заңға 2002 ж. өзгертулер енгі-
зілуіне  байланысты, 2003 ж. Қазақстанның азаматтық партия-
сы, Қазақстанның аграрлық партиясы, Қазақстанның «Ақ жол» 
демократиялық партиясы, Қазақстан коммунистік партиясы, Рес-
публикалық «Отан» саяси партиясы, Қазақстан патриоттарының 
партиясы, Қазақстан социал-демократиялық «Ауыл» партиясы 
қайта тіркеуден өтті. 
Қазақстандағы саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер əлеу-
меттік əділдік, демократиялық құқықтық мемлекет пен азаматтық 
қоғам, ұлтаралық жəне азаматтық келісім орнатуға жəрдемдесіп, 
Қазақстанның тұрақты дамуына, өзекті қоғамдық мəселелердің 
шешілуіне үлесін қосып келеді. Саяси партиялардың көпшілігі Ре-
спублика президентінің алған бағытын, оның жүргізіп отырған сая-
сатын жақтайтындар болып саналады. 
Қазақстанның тəуелсіздікке қол жетуімен қазақ халқының ру-
хани өмірінде жаңа мəдени процестер кеңінен өріс алды. Халыққа 
білім беру, ғылым мен мəдениет өз дамуының даңғыл жолына 
шықты. Олар бұрынғы Кеңес Одағы кезеңіндегі партиялық идеоло-
гия мен саяси қағидалардың қыспағынан құтылды. 
Өтпелі кезеңнің қиыншылықтарына қарамастан Қазақстанда 
білім жүйесінде көптеген оң өзгерістер орын алды. Соңғы жылда-
ры оқу мазмұны өзгерді, білім стандарттары жасалды, оқытудың 
жаңа əдістемесі енгізілді. Бірыңғай орта мектептермен қатар гимна-
зиялар, лицейлер, жеке жəне авторлық мектептер ашылып, жұмыс 
істей бастады. Көптеген жаңа оқулықтар шығарылды. Мектептерде 
бұрын КСРО тарихы оқытылып келсе, енді қазақ халқының өз тари-
хы терең талданып оқытылатын болды. 
Қазақстанның Білім жəне ғылым министрлігінің мəліметтері бой-
ынша 2000/2001 оқу жылында елде жалпы білім беретін мектептердің 
саны 8007 болған. Олардың 3545-і (44,2%) қазақ, 2356-сы (29,4%) 
орыс, 13-і ұйғыр, 81-і өзбек, 3 тəжік, 1 украин мектебі. Соңғы жыл-
дары республикада қазақ тілінде оқитын оқушылардың саны едəуір 
артып,  2003  жылы  олар  барлық  мектеп  оқушыларының  54,4%-ін 
қамтыған. Республика мектептерінде техникалық-ақпараттық жəне 
телекоммуникациялық технологияларын енгізуде де оң қадамдар 
өріс алды. 2001 жылы орта білім беру жүйесін ақпараттандырудың 
бірінші кезеңі негізінен аяқталды, нəтижесінде 58 оқушыға бір ком-
пьютерден келген. “Интернет-мектепте” бағдарламасы аясында 1414 
оқу орны, оның ішінде 868 ауыл мектебі ақпарат желісіне қосылған. 
Жалпы білім беретін мектептерді «интернеттендіру» жөніндегі 
жұмыстар белсенді түрде жалғастырылып келеді. Бүгінде интернет 
жүйесіне ауыл мектептерін қосқанда, мектептердің 95 % қосылды.  
Тəуелсіздік алған жылдар ішінде 388 мектеп пайдалануға берілді. 
Соңғы он жылда (1997—2007 жж.) білім саласын мемлекеттік қаржы-
ландыру көлемін 6,7 есе арттыруға қол жеткізілді. (Тəуелсіздіктің 
16 жылдығына арналған салтанатты жиналыстағы ҚР Президенті 
Н.Назарбаевтың сөзінен. /Егемен Қазақстан. 15.12. 2007 ж.). 
Жылма-жыл мұғалімдердің жалақысы 30 пайызға көтеріліп 
келеді. 2006 жылдан бері жоғары оқу орындарының таңдаулы 200 
оқытушысына конкурстық негізде құны 15 мың АҚШ долларына 
тең «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» гранты тапсырылып 
жүр. Жыл сайын республикалық бюджет қаржысының есебінен 30 
мыңнан астам педагогтың қайта дайындықтан өтуі мен біліктілі-
гінің арттырылуы жүзеге асырылуда. 
Еліміз егемендік алған жылдары жоғары жəне орта арнаулы білім 
беретін оқу орындарында да бірсыпыра жаңа өзгерістер орын алды. 
Республиканың жетекші оқу орындары — əл-Фараби атындағы 
Қазақ ұлттық университеті, Абай атындағы Алматы университеті, 
Қазақ ұлттық техникалық университеті жəне басқалар Қазақстанның 
тəуелсіз ішкі жəне сыртқы саясатын жүргізуге қабілетті маман кад-
рлар даярлайтын жаңа факультеттер ашты. Түркістандағы Ахмет 


358
359
Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, Сыртқы 
істер министрлігі жанынан Дипломатиялық Академия ашылып, 
жұмыс істеп жатыр. 1997 жылы республикада мемлекеттік 53 
жоғары білім беретін жəне 40-тан астам жеке меншік жоғары оқу 
орындары жұмыс істеді. 2002 жылы мемлекеттік жоғары оқу орын-
дары 47-ге дейін азайды, оған керісінше мемлекеттік емес жоғары 
оқу орындарының саны 160-тан асты. 2003 жылы Қазақстан Білім 
жəне ғылым министрлігінің шешімімен 43 мемлекеттік, 130 жеке 
жоғары оқу орындары қалдырылды. 
Қазақстанның тəуелсіздік алуымен байланысты халыққа 
білім беру саласында халықаралық қарым-қатынас кеңейді. 
Бүгінгі күндері мыңдаған оқушылар, студенттер жəне аспирант-
тар оқуларын шет елдерде жалғастырып жатыр. Осы мақсатта 
Қазақстан Президенті жанынан “Болашақ” бағдарламасы бойынша 
арнаулы қор құрылып, республиканың жоғары оқу орындарынан 
жыл сайын жүздеген студент шетелдерге, соның ішінде АҚШ-қа, 
Ұлыбританияға, Францияға, Қытайға, Түркияға жəне т.б. жерлер-
ге оқуға жіберіледі. Қазақстан мемлекет есебінен жылына 3 мың 
студентті əлемнің 25 университетіне оқуға жіберуде. Соңғы 13 жыл-
да 2 мың қазақстандық шетелдердің жоғары оқу орындарында білім 
алып  қайтты  (Егемен  Қазақстан,  27.11.2007).  Бүгінде  жалпы  саны 
20  мыңнан  асатын  қазақстандық  шет  елдерде  білім  алуда.  Олар 
Қазақстанның кадрлық əлеуетінің перспективалық негізі болады 
(Егемен Қазақстан. 15.12.2007).   
2000 жылдан бастап қазақстандық ғылымды қаржыландыру 7 есе-
ге артты. Бүгінде Қазақстанда бір мың жұмыс істеушіге 3 ғалымнан 
келеді, ал енді Ресейде бұл көрсеткіш 7,5-ке, Еуроодақта — 5,8-ге, 
АҚШ-та — 9,3-ке тең. Біздің деңгейді орташа еуропалық деңгейге 
дейін көтеру үшін біз ғылымды қаржыландыруды 2012 жылы 25 есе 
ұлғайтып, оны жылына 350 миллиард теңгеге дейін жеткізуді жо-
спарлап отырмыз (ҚР Президентінің Интернет-конференциясы. Еге-
мен Қазақстан, 08.06.2007). Сондықтан да бүгінде ғылым жəне білім 
беру салаларында жоғары қазақстандық стандарттарға қол жеткізу 
үшін барлық жағдайлар жасалуда. Ғылымды дамытуда бірқатар ба-
сым бағыттар белгіленді. Астанада арнаулы ғылыми зертханалар 
құрылды. 
Кейінгі жылдары əдебиет пен ұлттық тілдің мəртебесін көтеруде 
бірқатар шаралар іске асырылуда. 30- жылдары нəубетке, жазықсыз 
жазаға ұшыраған ғалымдарды, жазушыларды, мамандарды ақтау 
жүзеге асты. А.Байтұрсыновтың, М.Жұмабаевтың, М.Дулатовтың, 
Ш.Құдайбердиевтің, Ə.Бөкейхановтың, Х.Досмұхамедовтың, Ж.Ай-
мауытовтың жəне басқалардың кітаптары жарық көрді. Іс жүргізуді 
қазақ тіліне көшіру жөнінде жан-жақты шаралар белгіленіп, олар 
жүзеге асырылуда. Барлық жоғары жəне арнаулы оқу орындарында 
қазақ тілінде оқыту бөлімдері ашылды. 
Экономикалық қиындықтарға қарамастан республикада мем-
лекеттік театрлардың бірде-бірі жабылған жоқ. Қайта жаңадан 
Көкшетауда қазақтың музыкалық драма театры, Батыс Қазақстан 
облысында мəдениет институты, Мəдениет министрлігі жанынан 
күрделі мəдениет мəселелері бойынша ғылыми орталық ашылды. 
Өнерде менеджменттің тиімді үлгілері өмірге келді. Мысалы, Айман 
Мұсаходжаева «Солистер академиясы» оркестрін ұйымдастырып, 
бүкіл музыкалық білім беруді қайта құру жөнінде ұтымды жұмыс 
жүргізді. Соның нəтижесінде 1998 жылы Астана қаласында тұңғыш 
рет ұлттық музыка Академиясы құрылды. Жəния Əубəкірова 
музыкалық мектептің негізінде колледж, ал жазушы Əбдіжəміл 
Нұрпейісов “ПЕН-клубын” ашты. Осының бəрі өнер саласындағы 
дарынды адамдардың өз идеяларын жүргізу үшін тиімді де пайдалы 
нысандар тауып жатқанын көрсетеді. 
Мəдениетті дамытуда жоғары кəсіби мəдениет кадрлары мен 
мамандардың атқаратын рөлі зор. Осы жағдайды ескере отырып, 
мəдениет саласына қажетті кадрларды дайындау ісі республиканың 
5 жоғары 39 орташа арнайы оқу орындарында жүзеге асырылып 
келеді. 
Еліміздің мəдениеті мен рухани өрлеуіне Президент Н.Ə.Назар-
баевтың 2000 жылды — Мəдениетті қолдау жылы деп жариялауы-
ның үлкен маңызы болды. Бұл жылы мəдениет мекемелерін дамытуға, 
олардың материалдық базасын нығайтуға бағытталған едəуір 
жұмыстар атқарылды. 727 мəдениет мекемелері жаңадан ашылды. 
Олардың қатарында Астанада, Петропавлда, Оралда, Өскеменде 
жəне Түркістан қаласында ашылған театрлар бар. Мəдениетті қолдау 
жылының шарықтау шегі Түркістан қаласының 1500 жылдық тойын 
тойлаумен сабақтас келді. Бұл үлкен тойды дайындау жəне өткізу ба-
рысында Күлтөбе, Отырар, Қожа Ахмет Яссауидің кесенесі, Əзірет 
Сұлтан мемлекеттік тарихи-мəдени қорығы т.б. нысандар қайтадан 
жаңғыртылды. 2002 жылы Тараз қаласының 2000 жылдығы ЮНЕ-
СКО деңгейінде атап өтілді. 
Қазақстан тəуелсіздік алғаннан бері аз уақыттың ішінде 
ұлтымыздың мəдениетін тек өз елімізде ғана емес, сонымен қатар 
бүкіл  əлемге  таныта  бастады.  1995  жылы  ЮНЕСКО  ауқымында 


360
361
ұлы  Абайдың  150  жылдығы,  ал  1997  жылы  Мұхтар  Əуезовтың 
100 жылдық мерейтойлары, 1996 жылы 1916 жылғы ұлт-азаттық 
көтерілісінің 80 жылдығы, дарынды ақын, халықтар достығын 
жырлаушы Жамбыл Жабаевтың 150 жылдық мерейтойын тойлау 
еліміздің тарихындағы жарқын оқиға болды. Еліміздің Президенті 
жарлығымен 1997 жыл жалпыұлттық татулық жəне саяси қуғын-
сүргін құрбандарын еске алу жылы деп жарияланса, 1998 жыл 
— Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы деп атап өтілді. Тарих 
жылы 23 ірі-ірі ғылыми форумдардың өткізілуімен ерекшеленді. 
Соның ішінде Республика ұлттық ғылым академиясы тарихында 
тұңғыш рет АҚШ, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, 
Жапония ғалымдарының қатысуымен отандық тарих проблемала-
рына  арналған  арнайы  сессия  өткізілді.  Сондай-ақ,  “Жібек  жолы 
жəне Қазақстан”, “А.Байтұрсынов — ғалым, ағартушы, қоғам 
қайраткері”, “Қазақстанмен шекаралас аумақтардың тас дəуірі” 
сияқты халықаралық жəне көптеген республикалық ғылыми кон-
ференциялар жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Республиканың 
барлық облыстарына, сондай-ақ, көрші елдердің шекаралас аудан-
дарына ірі-ірі 24 ғылыми экспедициялар аттандырылды. Сонымен 
қатар Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу өңірінде, Ордабасы тарихи-
мəдени аймағында, Орталық Қазақстан аумағында археологиялық 
зерттеулер жүргізілді. 
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 1999 жыл 
— Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы деп жарияланды. Осы-
мен байланысты өткен ғасырлардан жеткен орасан зор мəдени-
тарихи мұраны сақтап, оны жинақтап келешек ұрпақтың игілігіне 
айналдыру міндеті қойылды. Өйткені еліміздің аумағында 25 
мыңнан астам тарихи-мəдени объектілер бар, олардың 8 мыңнан 
астамы мемлекеттің қорғауына алынып, 10-ы ЮНЕСКО-ның Бүкіл 
дүниежүзілік мұраларды сақтау орталығының жасалған тізіміне 
енгізілген. 
Қазақстан полиграфиялық баспаларынан тарихи-мəдени 
мұраларды, əлем əдебиетінің ең үздік үлгілерін жарыққа шығару 
жандана түсті. Соңғы жылдары “Қазақстан ұлттық энциклопедия-
сының” 10 томы, Н.Ə.Назарбаевтың “Ғасырлар тоғысында”, “Сын-
дарлы  он  жыл”  т.б.  еңбектері,  10  томдық  “Тарихи  жəне  мəдени 
ескерткіштер” жинағы, Мұстафа Шоқай шығармаларының екі 
томдығы, Қытай мұрағаттары негізінде қазақ тарихына арналған 
бес кітап, бес томдық Қазақстан тарихының үш томы жарық көрді. 
Қазақ халқының 125 томдық ауыз əдебиетін, “Алаш мұрасы” атты 
көп томдық серияларын, Ə.Марғұлан еңбектерінің 14 томдығын, 
М.Əуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин тағы да басқа қазақ 
əдебиеті классиктерінің көп томдық серияларын басып шығару 
қолға алынды. 
Алдағы кезеңде республика мəдениетін дамыту үшін барлық 
мүмкіндіктерді барынша пайдаланып, оған қолайлы жағдай жасау 
міндеті тұр. Осыған байланысты Президент Н.Ə.Назарбаев “Ішкі 
жəне сыртқы саясаттың 2004 жылға арналған негізгі бағыттары” 
Жолдауында мəдениетті дамытудың нақты жолдарын “Мəдени-
тарихи мұраны сақтау” деген бөлімінде ерекше атап көрсетеді. Онда 
мынадай нақты міндеттер қойылған:
Біріншіден, халықтың орасан мол мəдени мұрасын, соның ішінде 
осы заманғы ұлттық мəдениетін, фольклорын, дəстүрі мен салтын 
зерделеудің біртұтас жүйесін жасау;
Екіншіден, ұлттық тарих үшін ерекше маңызы бар елеулі мəдени-
тарихи жəне сəулет ескерткіштерін қалпына келтіруді қамтамасыз 
ету;
Үшіншіден, ұлттық əдебиет пен жазудың санғасырлық 
тəжірибесін қорыту жəне кеңейтілген көркем, ғылыми, өмірбаяндық 
дестелер жасау;
Төртіншіден, мемлекеттік тілде əлемдік ғылыми ойдың, мəдениет 
пен əдебиеттің үздік жетістіктері негізінде гуманитарлық білім 
берудің толымды қорын жасау.
Қорытып айтқанда, мұның барлығы елдің экономикасы оңала 
бастаған тұста əдебиет пен мəдениет, жалпы руханият мəселелеріне 
айрықша назар аударатын кез келгендігін, еліміздің болашағы 
мəдени дамумен байланысты екендігін көрсетеді.  


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   67   68   69   70   71   72   73   74   ...   78




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет