Лекциялар курсы Редакциясын басқарған тарих ғылымдарының докторы, профессор Қ. С. Қаражан Алматы 2009


-тақырып ЕЖЕЛГІ ЗАМАНҒЫ ҚАЗАҚСТАН



Pdf көрінісі
бет4/76
Дата27.11.2023
өлшемі1,99 Mb.
#129183
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   76
Байланысты:
Қазақстан тарихы. Қаражан Қ.С.

1-тақырып
ЕЖЕЛГІ ЗАМАНҒЫ ҚАЗАҚСТАН
Қазақстан тас ғасыры дəуірінде
• 
Қазақстан аумағындағы қола дəуірі
• 
1. Қазақстан тас ғасыры дəуірінде
Белгілі бір əлеуметтік-экономикалық формацияның дамуына 
байланысты адамзат тарихы ұзақ-ұзақ кезеңдерге бөлінеді. Көне 
тарихтың ұзақ уақытты қамтитын маңызды бөлігі археологиялық 
дерек көздері бойынша зерттеледі. Археологияда кезеңдендірудің 
өзіндік əдісі жасалған, оған сəйкес адамзат тарихы тас, қола, темір 
жəне ортағасырлар дəуірлеріне бөлінеді. 
Алғашқы қауымдық құрылыс адам баласының өсіп дамуындағы 
ең алғашқы кезеңі. Ғылыми зерттеулерге қарағанда алғашқы 
қауымдық құрылыстың дамуы барлық жерде бірдей болған. 
Елімізде жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстар өткен 
өмірдің даму тарихының алғашқы кезеңдерін ашып, дүние жүзілік 
адам қоғамының зерттелуіне өз үлестерін қосуда. Қазақстан 
жерінде алғашқы адамдардың тастан жасалған құрал-саймандары, 
қоныс-жайлары табылып отыр. Бұл археологиялық ескерткіштер 
Қазақстандағы алғашқы қауымдық құрылыстың болғандығын 
дəлелдейді. 
Алғашқы адамдардың өндіргіш күші біріншіден, алғашқы адам-
нан, екінші — оның тас құралынан тұрды. Археология ғылымы 
зерттеуді осы тас құралдардан бастайды. 
Қазақстандағы алғашқы қауымдық құрылыс ескерткіштерінің 
зерттелуінің азды-көпті өзіндік тарихнамасы бар. Қазақстан жерін-
дегі тас құралдар туралы алғашқы деректер ХІХ ғасырдың 50-жыл-
дарынан басталады. 1862 жылы Гурьев облысының Александров 
портынан пышақ тəріздес тас құралдар табылса, ал 1883 жылы 
Абайдың досы Е. П. Михаэлстің тілегі бойынша Семей қаласында 
өлкелік музей ашылып, оның сөрелеріне 80-нен астам тас жебелер, 
тас найзаның ұштары, қырғыштар, пышақ тəріздес тас құралдар, 
тас балталар қойылады. Тастан жасалған құрал-саймандар, əсіресе, 
ХХ ғасырдың басында Қазақстанның əр жерінен табылып, ол туралы 
баспасөз беттерінде жазыла бастайды. 1895 жылы академик В. В. Бар-
тольдтың бастамасы бойынша Түркістан əуесқой археологтар қо-
ғамы құрылып, Қазақстан бойынша көне дəуірдің ескерткіштері 
туралы қамқорлық жасап, олар туралы хабар беріп отырған. 
Қазақстандағы алғашқы қауымдық құрылыстың тас құралдарының 
нағыз ғылыми тұрғыда зерттелуі 1917 жылғы Қазан төңкерісінен 
кейін ғана қолға алына бастады. Кеңес дəуірінің алғашқы кезінде 
қазақ жеріндегі алғашқы қауымдық құрылыстың ескерткіштерінің 
бетін ашуда С. И. Руденконың еңбегі атап айтарлықтай. Оның жа-
зуы бойынша алғаш рет Қостанай облысындағы Қайранкөл маңынан 
мысты-тас дəуірінің қонысы белгілі болған. Сол сияқты көрнекті 
археолог ғалым М. П. Грязнов, И. В. Синициндер 30-жылдары 
Қарағанды, Батыс Қазақстан жерінен жаңа жəне мысты-тас дəуірінің 
қоныстарын тапқан. 
Жерімізде алғашқы адамдардың құрал-жабдықтарын зерттеуде 
айтарлықтай еңбек сіңірген ғалым академик Ə. Х. Марғұлан бол-
ды. Ғалымның жетекшілігімен жүргізілген Орталық Қазақстан экс-
педициясы Бетпақдаланың орталық бөлігінен бірнеше жерден тас 
дəуірінің қонысын тапқан. Əсіресе, ғалымның басты бір көрнекті 
еңбегі Сарысу бойынан мысты-тас дəуірінің шақпақ тастан құрал жа-
сайтын шеберхананың орнын табуы. Сонымен қатар Ə. Х. Марғұлан 
алғашқы адамдар мекендеген көптеген қоныстар мен үңгірлер тау-
ып, оларға ғылыми сипаттама жазған. 
Елімізде тас дəуірінің нағыз ғылыми тұрғыдан зерттелуі 50-
жылдардың 2- жартысынан басталады. Қазақ Ұлттық акаде-
миясы Ш.Уəлиханов атындағы тарих, археология жəне этногра-
фия институтының ғылыми қызметкері тас дəуірінің маманы 
Х.Алпысбаевтың жетекшілігімен 1957 жылы құрылған «Қаратау 
отрядының» жүргізген жұмысы орасан зор болды. 20 жылдан астам 
мерзімнің ішінде ғалым тас дəуірінің төменгі кезеңінен бастап, 
оның соңғы кезеңіне дейінгі мезгілдерді дəлелдейтін ескерткіш-
терді тапты. Бұл жұмыстың нəтижесі «Оңтүстік Қазақстанның 
төменгі тас дəуірі» атты монография болып жарыққа шықты. Сөй-
тіп, Қазақстандағы алғашқы адамдардың ескерткіштері біршама 
зерттеліп, игілікті жұмыс жолға қойылды. ХХ ғасырдың 80-
жылдарынан бастап бүгінгі күнге дейін палеолит дəуірін зерттеуді 
Ə. Х. Марғұлан атындағы археология институты, сонымен қатар 
Ж.К.Таймағамбетовтың жетекшілігімен əл-Фараби атындағы 
ҚазҰУ-дың ғалымдары жүргізіп келеді. Ж. К. Таймағамбетовтың 
бастамасы жəне жетекшілігімен 2000 жылы əл-Фараби атындағы 
Қазақ ұлттық университетінде ТМД елдерінің ішінде алғаш рет па-
леолит мұражайы ашылды.


8
9
Қазақстанның солтүстік аудандарында алғаш рет неолит 
дəуірінің қоныстарын 1926 ж. М. П. Грязнов пен М. Н. Комарова 
зерттеген. Шығыс Қазақстанда неолит кезеңінің ескерткіштерін 
тауып жəне оларға ғылыми зерттеу жұмысын жүргізуде архео-
лог ғалым С. Черниковтың еңбегі зор. Ол «Кіші Красноярск» 
жəне «Усть-Нарым» қоныстарына қазба жұмыстарын жүргізді. 
Сырдарияның төменгі ағысында Арал жағалауында, Қызылорда 
облысының жерінде неолит кезеңінің қоныстарын зерттеуде Хо-
резм археологиялық экспедициясының меңгерушісі С. П. Толстов-
тың сіңірген еңбегі айтарлықтай. Неолит ескерткіштерін зерттеу-
де академик Ə. Х. Марғұланның, тас дəуірінің маманы Х. А. Ал-
пысбаевтың еңбегі зор. 
Адамның алғашқы еңбек құралдары тастан жасалған. Сондық-
тан да аса ұзаққа созылған алғашқы тарихи кезең — тас дəуірі деп 
аталады. Тас дəуірі мынадай 3 кезеңге бөлінеді:
Палеолит — ежелгі тас дəуірі (б.з.б. 2,5 млн. жылдан — 12 
1. 
мыңжылдыққа дейін);
Мезолит — орта тас дəуірі (б.з.б. 12—5 мыңжылдықтар);
2. 
Неолит — жаңа тас дəуірі (б.з.б. 5—3 мыңжылдықтар);
3. 
Өз кезегінде палеолиттің өзі 3 кезеңге бөлінеді: 1) ерте па-
леолит (б.з.б. 2,5 млн.— 140 мыңжылдықтар); 2) орта палеолит 
(б.з.б. 140—40 мыңжылдықтар); 3) кейінгі палеолит (б.з.б. 40—12 
мыңжылдықтар).
Соңғы жылдары бұл схемаға кейбір өзгерістер енгізілді. Бірқатар 
авторлардың пікірі бойынша: олар палеолитті екі дəуірге — ерте 
жəне кейінгі дəуірге бөліп, мустье мен кейінгі палеолит арасына 
меже қояды. Бұл кезеңдеу бойынша ерте палеолит үш ірі дəуірге 
бөлінеді: олдувэй дəуірі (б.з.д. 2,6 млн.— 700 мың жыл), ашель дəуірі 
(б.з.д. 700 — 150—120 мыңжылдықтар) жəне мустьер дəуірі (б.з.д. 
150—120 — 30—25 мыңжылдықтар). Кейінгі палеолит б.з.д. 30—25 
— 12—10 мыңжылдықтарды қамтиды. 
Қазақстан жеріндегі ежелгі адамның іздері ерте палеолит дəуірі-
не жатады. Ежелгі адамның қалдықтары əзірше табылған жоқ, бірақ 
олардың мекен-жай, тұрақтары табылып, зерттелуде. Адамдардың 
қоныстануына қолайлы жердің бірі Оңтүстік Қазақстандағы 
Қаратау жотасы болды. Осы жерден тастан жасалған ең көне 
еңбек құралдары табылды. Көне тас дəуірінің алғашқы кезеңінің 
ескерткіштері Қазақстанның оңтүстігінен, Арыстанды өзенінің 
бойынан Қызылтау, Тəңірқазған, Бөріқазған, Тоқалы жəне Ақкөл 
деген жерлерінен табылған. Шу өзенінің оң жағындағы Қазанғап 
шатқалынан осы дəуірге жататын ескерткіш табылды. Қарасу 
тұрағынан тастан жасалған 15 мыңға жуық заттар табылған. 
Орталық Қазақстанда ежелгі палеолит адамы оңтүстікке 
қарағанда кешірек пайда болған. Ол көбінесе Балқаштың солтүстік 
жағалауын мекендеді. Бұл жерден сол уақыттағы адамдар тұрағы 
көбірек табылды. 
Ерте палеолит кезінде адам тасты жару үшін екінші тасты 
пайдаланған — оларды бір-біріне соғатын болған. Мұндай тəсілді 
жарып түсіру техникасы, яғни малтатас мəдениеті деп атап кеткен, 
өйткені, шикізат ретінде көбінесе өзен малтатастары пайдаланылған. 
Ерте палеолитте адамдар тасты жару үшін жұмыр тас қолданды. 
Дайындалған құрал кейін шапқыш ретінде қолданылды. Бұл кезде 
қолшапқы қарудың аса оңтайлы, кең тараған түрі болды. 
Ашель кезеңінің ескерткіштері Орталық Қазақстаннан табыл-
ды. Осындай тұрақтардың бірі — Құдайкөл Сарыарқаның теріскей-
шығыс шетінде орналасқан. 
Орта палеолит (мустьер) кезеңінде тас өңдеу əдістері жетілдіріле 
бастады. Енді еңбек құралдарын дөңгелек өзек тастан (нуклеус) жа-
сау əдісі кең тарады. Сол кездегі қарулардың негізгі түрлері тілгіштер 
мен қырғыштар болды. Бұл кезеңде адам ағаш бұтағын бір-біріне 
үйкей отырып немесе шақпақ тастарды ұрып ұшқын шығарып, от 
алуды үйренді. Алғашқы діни сенім қалыптасты. Мустьерліктер 
өлген адамның аяғын бүгіп, бір қырымен жатқызып жерлеген. Өмір 
мен өлім туралы түсінік, өлгендерге құрметпен қарау белгілері пай-
да бола бастаған. Орта палеолит кезеңіндегі адамды неандертальдық 
деп атайды. Ежелгі адамдардың ұйымы — үлкен қауым орта палео-
литте қалыптасты. 
Орта палеолиттің белгілі тұрақтары мыналар: Қаратау 
аймағындағы Топалы шатқалынан табылған жəне Ақкөл көлінен 
оңтүстікке қарай 20 шақырым жерде орналасқан Қызылрысбек 
тұрақтары. Осы кезеңге жататын тұрақтар, сондай-ақ Арыстанды 
мекенінен де табылды. Солардың ішіндегі ең күрделісі Ш. Уəлиха-
нов атымен аталды. Үшбұлақ қойнауынан аңшылардың шағын 
топтарының уақытша тұрағы табылды. Орталық Қазақстаннан 
табылған ескерткіштердің ең көнесі — Жезқазған облысындағы 
Обалысай тұрағы, сондай-ақ Сарысу өзенінің орта ағысындағы 
Мұзбел жəне Есіл өзенінің жоғарғы жағындағы, яғни Қарағанды-
ның солтүстігіндегі Батпақ шатқалы, жоғары Ертіс өңіріндегі 
Қанай ауылы маңындағы тұрақтар. Мустьер кезеңінің жаңа 
ескерткіштері 1984 жылы Жезқазған облысының Ақадыр ауданы-
нан табылды. Олар — Өгізтау І жəне ІІ, Үлкен Ақмая тұрақтары. 
Батыс Қазақстанның, əсіресе оның Маңғыстау түбегінде тұрған 


10
11
палеолиттік ескерткіштері айрықша қызғылықты. Бұрынырақ 
кезде А. Г. Медоев жəне кейінірек Ж. Қ. Таймағамбетов ашқан 
тұрақтардың бəрі Каспий теңізі жағалауының сөре алаңдарында 
орналасқан. 
Кейінгі палеолит біздің заманымызға дейінгі 40 мың жылдан 12 
мың жылға дейінгі уақытты қамтиды. Бұл — адамзаттың жердің 
барша климаттық зоналарына тарап қоныстанған жəне нəсілдер мен 
нəсілдік топтардың құрылған кезі. Осы дəуірде дене бітімі қазіргі 
адамдарға ұқсас адамдар («саналы адам») қалыптасты. Мұндай 
адамның сүйегі бірінші рет Франциядағы Кро-Маньон үңгірінен 
табылғандықтан, оны кроманьондық деп атайды. Бұл кезеңде пышақ 
тіліктер, қырғыштар т.б. тас құралдары пайдаланылды. Қарулар 
жетілдірілді. Аң аулауда найза лақтырғыш қолданылды. 
Қоғамдық қатынастар жетіліп, адамдардың бірлескен ұйымының 
түрі — рулық қауым қалыптаса бастады. Оларда мықты аналық 
рулық қауым қарым-қатынасы орнады. Əйелдің қоғамдық өмірде 
биік орынға ие болуы қауымдық үй шаруасының ерекшелігімен, 
əйелдің ұрпақты жалғастырушы ретіндегі отбасылық рөлімен де 
анықталып қойылған. 
Оңтүстік Қазақстаннан бірқатар кейінгі палеолиттік ескерткіш-
тер табылды. Олардың ішіндегі ден қоярлығы Шолаққорған 
қалашығының батыс жағынан табылған Ащысай тұрағы. Орталық 
Қазақстандағы Батпақ тұрағынан ірі қырғыш тастар мен сүңгінің 
ұштары табылды. Үшінші Қарабас көмбесінен 172 порфириттен 
жасалған заттар табылды. Шығыс Қазақстанда Қанай, Свинчатка, 
Үңгір жəне Ново-Никольское тұрақтары белгілі болды. 
Қазақстан жерінде кейінгі палеолиттің толық зерттеліп біткен 
ескерткіштері онша көп емес, бірақ қолдағы бар материалдар 
көне тас дəуірі адамдарының материалдық мəдениеті дамуының 
ешбір үзілмей, ұдайы жүріп отырғанына, сол сияқты Қазақстан 
аумағындағы қоныстану процесінің де үзілмегендігіне көз 
жеткізеді. 
Кейінгі палеолит кезеңін мезолит (Б.з.д. 12—5 мыңжылдықтар) 
алмастырды. Бұл кезең аз зерттелген. Сондықтан Қазақстан жерінен 
табылған ескерткіштер де сирек. Бұл кезеңде жебелі садақ пен буме-
ранг дүниеге келді. Қазба жұмыстары кезінде садақ жебесінің доғал 
жəне домалақ ұштары да табылды. Олар терісі бағалы аңдардың 
терісін бүлдірмей аулау үшін қолданылды. Сондай-ақ уланған немесе 
өртегіш жебелер кеңінен пайдаланылды. Тас өңдеу əдісі де жетілді. 
Пышақ тəрізді тілгіштер басқа құралдардың бəрін ығыстырып 
шығарды. Адамдар тас тілгіштерге ағаштан қолға ұстайтын сап ор-
натуды үйренді. Балық аулау кең тарады.
Неолит кезеңі б.з.б. 5—3 мыңжылдықтар арасын қамтиды. 
Бұл тас өңдеу техникасының əбден жетілген кезі. Тасты өңдеудің 
жаңа технологиялық тəсілдері: тегістеу, бұрғылау, аралау пайда 
болады. Тастан балта, кетпен, келі, келсаптар, дəн үккіштер жа-
салды. Микролиттер дайындау неолитте меңгерілді. Сүйек өңдеу 
жетілдіріле түсті. Мал шаруашылығы мен егін шаруашылығының 
тууы, табиғаттың даяр өнімдерін пайдалану, аң аулау орнын 
өндіруші шаруашылықтың басуы — сол кезеңнің аса маңызды 
белгісі болып табылады. Ғылымда бұл құбылыс «Неолит төңкерісі» 
деп аталады. Адамдар жабайы жануарларды қолға үйретіп, жер 
өңдеудің қарапайым түрімен айналыса бастады. Шаруашылықтың 
жаңа түрлерінің пайда болуы адамзат қоғамының дамуына үлкен 
əсер етіп, адам еңбегінің ауқымы мен көлемін кеңейтті. Адам 
баласының бұдан былайғы экономикалық қам-қарекеті дамуының 
сан мыңжылдық тарихы — едəуір дəрежеде шаруашылықтың осы 
екі түрінің өркендеп жетілу тарихы. Алғашқы қауым халқының 
өндіргіш күштерді дамытудағы неолит кезеңі тұсындағы қол жет-
кен деңгейі басқа да мəдени-тұрмыстық жаңалықтардың ашы-
луына ықпалын тигізеді. Осы кезде тау-кен ісі мен тоқымашылық 
пайда болып, керамикалық ыдыстар жасала бастайды. Сөйтіп, кен 
өндіру кəсібі қалыптасты. Адамдар — саз балшықтан жасалып, отқа 
күйдірілген мықты қыш ыдыс — керамика жасауды үйренді. Ол 
ыдыстарға онша күрделі емес геометриялық өрнектер салынған. 
Қазіргі кезде Қазақстан жерінде ғылымға белгілі 500-ден 
аса неолиттік ескерткіш бар. Неолит тұрақтары орналасу си-
патына қарай төрт түрге бөлінеді: 1) бұлақ бойындағы; 2) өзен 
жағасындағы; 3) көл жиегіндегі; 4) үңгірдегі. Əдетте, өзен мен 
көл жиегіндегі тұрақтарда бұйымдар саны едəуір көп мөлшерде 
кездеседі, бұл жəйттен ол тұрақтарда адамдардың түпкілікті не-
месе ұзақ уақыт тұрып тірлік еткенін білеміз. Қазақстан жерінде 
бəрінен де көбірек тарағаны бұлақ бойындағы тұрақтар — олардың 
дені уақытша, маусымдық — кезбе аңшылардың орыны саналған. 
Қазақстанның шөл-дала аймақтарындағы неолит ескерткіштерінің 
бір ерекшелігі — олардың басым бөлігі — ашық (жер бетіндегі) 
тұрақтар. Бұл тұрақтардан оқтардың жебесі, сүңгінің ұшы, бал-
талар, қашаулар, пышақтар, қырғыштар табылған. Қазақстанның 
неолиттік ескерткіштері бірнеше аумақтық топтардан тұрады. Арал 
өңірінде Сексеуіл тұрағы орналасқан. Бұл тұрақтың тұрғындары 


12
13
негізінен аңшылар мен малшылар болған. Солтүстік-Шығыс Бал-
қаш маңынан табылған құралдар яшма мен кварциттен жасалған. 
Қостанай облысындағы Ботай тұрағынан жабайы жылқының 
көптеген сүйектері табылды. Кейбір сүйектер жылқылардың біразы 
қолға үйретілгендігін көрсетеді. Сонымен, Қазақстанның далалық 
аймақтарында жылқыны қолға үйрету ісі басталған. Қараүңгір 
неолиттік тұрағы — Оңтүстік Қазақстанның Түлкібас ауданында 
орналасқан. Шығыс Қазақстан облысындағы Қызылсу өзенінің оң 
жағалауынан Сатшақыз тұрағы табылды. 
Батыс Қазақстанда Келтеминар мəдениетінің бір түрі — батыс-
қазақстандық үлгісі оқшау көзге түседі, оны С. П. Толстов болжап 
айтқан. Келтеминар мəдениеті б.з. дейінгі 4 мыңыншы жылдардың 
аяғы мен 2 мыңыншы жылдың бас кезінде болған жəне Қазақстан 
мен Орта Азияның едəуір аумағын қамтыған. Батыс Қазақстанда 
Шаңдыауыл, Құлсары, Шатпакөл, Қайнар, Жыланқабақ, Сарықамыс, 
Шаянды жəне т.б. тұрақтар бар. 
Солтүстік Қазақстандағы Железинка ауылының маңынан 
қазылып, зерттелген неолит кезіндегі мəйіт қабірдің ішінде өртелген. 
Онда сонымен қатар, өлген адам денесімен бірге қабірге əртүрлі 
əшекей заттар, тас қарулар, қыш ыдыстар, тамақ қойылған. Бұл зат-
тар о дүниеге барғанда қажет болады деген ойды білдірсе, ал өртеп 
қою отқа табынуды көрсетеді. 
Қоныстардан, молалардан табылған бұйымдар адам баласының 
өмірінде неолит кезеңінде үлкен өзгерістердің болғандығын 
байқатады. Жер кəсібі, қолөнер, мал шаруашылығы сияқты 
шаруашылықтың жаңа түрлері дами бастады. Неолит кезеңінде 
қоғамда аналық рулық құрылыс болды. Адамдардың күн көрісі 
тіршілігінде ананың рөлі басым болған. 
Сөйтіп, қорыта келгенде, тас дəуірінде адамның пайда болуы, 
қалыптасуы жəне алғашқы адамдардың Қазақстан аумағына қоныс 
аударуы мен игере бастауы үрдісі жүрді. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   76




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет