Лекциялар курсы Редакциясын басқарған тарих ғылымдарының докторы, профессор Қ. С. Қаражан Алматы 2009


-тақырып КЕҢЕСТІК ƏКІМШІЛ-ƏМІРШІЛ ЖҮЙЕНІҢ



Pdf көрінісі
бет65/76
Дата27.11.2023
өлшемі1,99 Mb.
#129183
түріЛекция
1   ...   61   62   63   64   65   66   67   68   ...   76
Байланысты:
Қазақстан тарихы. Қаражан Қ.С.

15-тақырып
КЕҢЕСТІК ƏКІМШІЛ-ƏМІРШІЛ ЖҮЙЕНІҢ 
ТОҚЫРАУ ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ 
ҚАЗАҚСТАННЫҢ 
ƏЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ
ЖƏНЕ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ДАМУЫ 
(1971—1990 жж.)
Əлеуметтік-экономикалық дамудағы теріс құбылыстар
• 
Қоғамдық-саяси өмірдегі келеңсіз құбылыстардың етек алуы
• 
Қоғамдық-экономикалық өмірді қайта құруға бағыт
• 
1. Əлеуметтік-экономикалық дамудағы теріс құбылыстар
ХХ ғ. 70-жылдарының басында 60- жылдардың ортасын-
да басталған экономикалық реформаның қоғамдық өндірістің 
тиімділігін арттыруға бағытталған бастапқы идеялары бұрмаланып 
жəне көп ұзамай реформаны жүргізу тоқтатылып, тарихымыздағы 
тоқырау кезеңі басталған болатын. 
“Тоқырау” кезеңі дейтін 1971—1985 жылдар аралығында Қазақ-
стан экономикасы бұрынғысынша техникалық прогреске қабілетсіз, 
қарабайыр əдіспен дамыды. Бұл жылдары өнеркəсіпті өркендетуге 
40,8 млрд. сом немесе халық шаруашылығына бөлінген барлық 
қаржының 32% жұмсалды. 15 жыл ішінде өнеркəсіп өнімінің жалпы 
көлемі 2 есе, ал машина жасау, химия өнеркəсібі сияқты салалар-
да 3 еседен астам артты. Энергетикада электр қуатын өндіру одан 
əрі шоғырланып, орталықтандырылды. 1975 жылы республиканың 
барлық кəсіпорындары дерлік бір орталықтан энергиямен жаб-
дықталды. Шевченко қаласында шапшаң нейтронға негізделген 
дүние жүзіндегі аса ірі атом реакторы жұмыс істеді. Машина жасау 
жəне металл өңдеу саласындағы өсудің жылдық орташа қарқыны 
12%-ке жетті. 
Бұл көрсеткіштер оныншы жəне он бірінші бесжылдықтарда да 
кеміген жоқ. 1980 жылға дейін 250-ге жуық кəсіпорын, ірі өндірістер 
мен цехтар іске қосылды, өндірістің жаңа салалары пайда болды. 
Дегенмен осы жылдарда КСРО-ның бірыңғай халық шаруашылығы 


298
299
жүйесіне əбден кірігіп кеткен Қазақстан экономикасы қарқынды 
дами алған жоқ. Республика өнеркəсібінің жартысына жуығы 
одақтық министрліктің қарамағында болды. Одақтық ведомстволар 
республиканың шикізат ресурстарын өздеріне тасып алып, аса зор 
пайда тапты. Бірақ, олар Қазақстан бюджетіне инфрақұрылымды 
дамытуға қаржы жұмсамады. Олар өз қарауындағы кəсіпорындар 
арқылы жылына 15 млрд. сом жалпы табыс алып отырса да, 
республикалық бюджетке бар болғаны 31 млн. сом немесе 1 процент-
тен аз қаржы аударды. Міне, осындай жəне тағы да басқа себептер-
ге байланысты өнеркəсіп өнімінің кейбір түрлерін өндіру жөніндегі 
жекелеген экономикалық көрсеткіштер бойынша жоспарлық тап-
сырмалар орындалмады. Өндірісті жоспарлауда кемшіліктер орын 
алды, жаңа өндірістік қуаттар кешігіп іске қосылды. Еңбек тəртібін 
бұзушылыққа жол берілді, ғылым мен техниканың жетістіктері 
өндіріске жеткілікті дəрежеде тез енгізілмеді. Осының əсерінен, 
республика өндіріс орындары 1981 ж. 760 млн. сом, 1982 ж.— 1,0 
млрд., 1983 ж.— 1,3 млрд., 1984 ж.— 1,65 млрд. сомға жоспарлы 
өнімді берген жоқ. Сонымен бірге өндіріс тиімділігі мен өнім сапа-
сын арттыруда, ғылыми-техникалық дамуда, қазіргі заманғы тех-
ника мен технологияны игеруде капиталистік мемлекеттерден кейін 
қалу күшейе түсті. 
Бұл жылдарда жалпы өнім көрсеткішін өсіру ауыр өнеркəсіпте 
негізгі мақсатқа айналды. Күрделі құрылыста да жұмысты атқарудың 
ұзақ мерзімге созылуы салдарынан ұлттық байлықтың едəуір бөлігі 
істен шығып қалып жатты. Қымбатқа түсетін, жоғары ғылыми-
техникалық көрсеткіштерге жетуді қамтамасыз етпейтін өндіріс 
орындары салынды. Бірақ, осыған қарамастан республиканың бас-
шылығы партияның кезекті съездерінде ірі өнеркəсіп орнының, 
шахтаның, мұнай кəсіпшілігінің, комбинаттардың, зауыттардың 
қатарға қосылғаны туралы зор жігерленген рухта есеп беріп отыр-
ды. Еңбекті, материал мен ақшаны көп жұмсаған кəсіпорын жəне 
оның басшыларының көрсеткіші жоғары бағаланды. Республика 
ілгерілеу қарқынынан айырыла бастады, шаруашылықтың барлық 
саласында іркіліс көбейіп, қиыншылықтар үсті-үстіне жинақталып, 
шиеленісе түсті, шешілмеген проблемалар көбейді. ІХ бесжылдықта 
жоспардың күрт төмендетілгеніне қарамастан өнеркəсіп көлемі 
12,6%-ке орындалмады. Оныншы бесжылдық — 25%-ке, ал он 
бірінші — 3,6%-ке орындалған жоқ. Соның салдарынан қаралып 
отырған жылдарда ұлттық табыстың өсу қарқыны баяулап, 80- 
жылдардың бас кезінде экономикалық тоқырауға жақындатқан 
деңгейге дейін төмендеді. Мысалы, республика ұлттық табысын 60-
70%-ке өсіру міндеті қойылса, ол іс жүзінде 36%-ке ғана орындал-
ды. Республиканың көптеген шаруашылық қызметкерлері ұлттық 
байлықты молайту қамын ойламай, қайта белгілі бір салаға матери-
ал мен еңбекті, жұмыс уақытын көбірек жұмсап, оны қымбатырақ 
бағаға өткізуге əуестенді. Осының салдарынан өнімнің “жалпы 
саны” өскенімен, бірақ тауарлар жетіспеді. Қазақстан дамыған басқа 
елдерге қарағанда өнімнің бір өлшеміне шикізатты, энергияны, 
басқа да қуаттарды едəуір көп жұмсады. Мəселен, АҚШ пен Жапо-
ния өнімнің бір өлшеміне бізге қарағанда шикізат пен энергияны 30-
40% кем пайдаланды. Елдің экономикасының ондаған жылдар бойы 
экстенсивті жолмен дамығаны көбінесе осы себептен еді. 
Өндірісті көлемі жағынан басымырақ өсіру идеяларында 
тəрбиеленген республика басшылығы үсті-үстіне жаңа шығындар 
жұмсау əдісімен əрекет жасады, отын, энергетика салаларын 
ұлғайтты, өндіріске табиғи ресурстарды жеделдете тартты. Мысалы, 
Маңғыстауда өндіретін мұнайдың жəне онымен қосылып шығатын 
газдың тек қана 8—10% ғана пайдаланылды. Аса ірі кəсіпорындар 
салу арқылы шикізат салаларын дамытуға бағыт ұстау ғылыми про-
гресс арқылы өркендейтін өндірісті тежеді, өңдеу, қайталап өңдеу, 
жаңа тауарлар шығару салалары баяу дамыды. 
Өндірістің теңестірілмеуі, əкімшілік арқылы басқарылуы жағ-
дайында жылдық, тоқсандық жəне айлық тапсырмаларды өзгертіп 
отыру үйреншікті іске айналды. 1981—1985 жылдары Қазақстанда 
əртүрлі министрліктер мен ведомстволардың жоспарлары 300-ден 
астам рет өзгертілген. Күрделі құрылыстарда бітпеген объектілер 
саны өсті, жоспарлы құрылыстардың орнына жоспардан тыс 
көптеген құрылыстар салынды, қосып жазу, құрылыс материалдарын 
талан-таражға салу көбейді. 70-жылдарда құрылыста бригадалық-
мердігерлікті дамыту қозғалысы басталды. Оның негізінде жұ-
мысшылардың өндірісте қорларды пайдалануда тəртіп орнату, 
еңбекақы төлеуде теңгермешілікті жою, неғұрлым көбірек дербестік 
алу жолындағы ұмтылысы жатқан еді. Бригадалық мердігерлікті сөз 
жүзінде бəрі қолдады жəне насихаттады, ал іс жүзінде мердігерлік 
əдіс көптеген нұсқаулар арқылы жоққа шығарылды. 
Бұл кезде Қазақстанда экономиканы дамытуда интенсивті жолға 
көшу жəне ғылыми-техникалық прогресті өрістетуге бағыт алын-
ды. Қызықты идеялар мен ұсыныстар аз болған жоқ, жаңашылдар 
мен өнертапқыштардың саны көбейді, тек 1981—1985 жылдары 
жаңашыл ұсыныстар берген авторлардың саны 818,8 мың адамға 


300
301
жетті. Алайда, олар өндіріске ғылыми-техникалық прогрестің 
жетістіктерін енгізу практикасында аз ықпал жасады. Көптеген 
кəсіпорындарда өндірістің бүкіл процесі емес, тек жеке учаскелері 
ғана автоматтандырылды немесе кешенді механикаландырылды. 
80- жылдардың орта кезінде өнеркəсіптегі жұмысшылардың үштен 
бірі, құрылыста жартысынан астамы ауыр қол еңбегін атқарды, 
олардың творчестволық белсенділігі төмен болды. Кəсіпорындарда 
социалистік жарысты ұйымдастыру жасанды сипат алды. Ресми 
мəлімет бойынша бұл жылдары жарысқа жұмысшылардың 90% 
қатысқанымен, мұның өндірістің өсу қарқынына, еңбек өнімділігіне, 
өнімнің сапасын жақсартуға, өндірісті жетілдіруге ықпалы болған 
жоқ. Өндірісте немқұрайдылық, салақтық, ынта-жігерсіздік тағы 
басқа да келеңсіз көріністер үйреншікті əдетке айналды.
Тоқырау кезеңін қамтыған үш бесжылдық аралығында ауыл 
шаруашылығын 1965 жылдан басталған реформалау əрі жалғасты-
рылды. Аграрлық салаға қаржыны көптеп бөлу, селоның əлеуметтік 
мəселелерін шешу, шаруашылық есепті енгізу, ауылшаруашылық 
өнімдерінің сатып алу бағасын арттыру шаралары белгіленді. 
Осы бағытта тек 1971—1978 жж. ауылшаруашылық саласына 58,2 
млрд. сом бөлінді. Мұның нəтижесінде 1985 жылға дейін негізгі 
егін шаруашылығы жұмыстары — жер жырту, тұқым себу, дəнді 
дақылдарды жинау, мал шаруашылығы саласындағы жұмыстар 
75—90% техникаландырылды. Алайда, ауыл шаруашылығы про-
блемаларын тек күрделі қаржыны көбейту арқылы шешу жолы 
тиісті нəтиже бермеді. Аграрлық секторда аса маңызды орын алатын 
жердің құнарлылығын арттыру, электрлендіру, ауыл шаруашылығы 
өнімдерін сақтайтын жəне өңдейтін кəсіпорындар жеткілікті 
дəрежеде салынбады. Сондай-ақ село еңбеккерлерінің əлеуметтік-
экономикалық проблемалары шешілмей қалды, сөйтіп бұл са-
лада күткен бетбұрыс болмады, нəтижесінде ауылшаруашылық 
өнімдерін өндіру тұрақсыз болды. Егістіктің шығымдылығы азай-
ды, малшаруашылық өнімдерін өндіру төмендеді. 
Бұл кезде ауыл шаруашылығы секторының құрамында едəуір 
ұйымдық өзгерістер енгізіліп, колхоздардың есебінен совхоздардың 
саны көбейді. 1960 жылы республикада 879 совхоз бен 1355 колхоз 
болса, 1985 жылы колхоздар есебінен совхоздар саны 2140-қа өсіп,
388 колхоз қалды. Сөйтіп, меншіктің кооперативтік-колхоздық 
түрінің үлес салмағы едəуір төмендеді. Бірақ, осыған қарамастан 
колхоздық меншіктің одан əрі жетілуін байқауға болады. 1971—1985 
жылдары совхоздардың өнімі көбеймей бір орында тұрып қалса, 
колхоздарда ол орта есеппен 200 мың сомға дейін өсті. 
Мал шаруашылығының жем-шөп базасы нығайтылды, жем-
шөптік дақылдар егілетін алқаптар ұлғайтылды. Дегенмен, мұның 
барлығы тек экстенсивтік шаруашылық негізінде іске асырылды. 
Атап айтқанда, жемшөптік дақылдар егілетін алқаптар сегізінші 
бесжылдықтағы 6678,4 мың гектардың орнына ІХ бесжылдықта 
8824,6 мың гектарға дейін жеткізілді. 1985 жылы жоспарланған 50 
млн. қойдың орнына тек қана 35 млн. қой болды. Оған шопанның 
ауыр еңбегіне немқұрайды қарау, малды күтіп бағудағы қазақтың 
еңбек дəстүрін елемеу, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан, сын-
нан өткен технологиясының жоғалып кетуі үлкен əсерін тигізді. 
Бір айтып кететін жағдай, бұл жылдары мал шаруашылығын 
өнеркəсіптік негізге көшіру басталды. Сондай-ақ ет жəне сүт 
өндіретін кешендер мен мал бордақылайтын алаңдар салынды, мал-
ды өсіріп, күтетін мамандандырылған шаруашылық бірлестіктері, 
құнажындар өсіретін фермалар құрылды. Жалпы қуаты 23 мың ірі 
қара малды жедел өсіріп, бордақылайтын төрт кешен: Алматы об-
лысы бойынша 10 мың басқа арналған “Жетіген”, Шығыс Қазақстан 
облысында 5 мың басқа есептелген “Ждановский”, Орал облысында 
5 мың басқа арналған “Правда” газеті атындағы, Ақмола облысында 
3 мың басқа арналған “Шалқар” кешендері жұмыс істеді. Қарағанды 
облысында шошқа өсіріп бордақылайтын “Волынский” кешені 
қатарға қосылды. 1976 жылдың басына қарай 575 мың бас ірі қара 
мал, 418 мың шошқа, 1,7 миллионнан астам қой өнеркəсіптік негізде 
күтіп бағылды. 
Бірақ, осы жылдарда ауыл шаруашылығында келеңсіз жағдай-
лар қалыптаса бастады. Мал аурулары көбейіп, нəтижесінде мал 
саны азайып кетті. Азық-түліктік астық өндіру жөнінен одақта 
алдыңғы орындардың біріне шыққан республика жыл сайын жемге 
арнап басқа жерлерден миллиондаған тонна астық сатып алып от-
ырды. Мұнда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, сақтау, халыққа 
сату ісі сұранысты қанағаттандырмады. Көліктің, элеваторлардың, 
қоймалардың жетіспеушілігінен, жолдың нашарлығынан жыл сай-
ын жиналып алынған өнімнің 20%-тен 40%-ке дейінгісі ысырап 
болды. Ауыл тұрғындарының еңбегі тиісінше бағаланбай, олар 
қалаларға, басқа жақтарға көшіп кетуге мəжбүр болды.
Аграрлық сектор саласында енгізілген жаңа сатып алу бағасы 
көбінше өнімнің өзіндік құнын ақтамады. Зиянмен жұмыс істейтін 
шаруашылықтардың саны артты. Егер 1970 жылы ондай шаруашы-
лықтардың үлес саны совхоздардың 26%-ін, колхоздардың 4%-ін
қамтыса, 1985 жылы совхоздардың 53% , колхоздардың 49% зи-


302
303
янмен жұмыс істеді. Ауыл, село еңбекшілеріне еңбекақы төлеуде 
теңгермешілік күшейді, адамдар көбінесе ақшаны жұмыстың 
нəтижесі үшін емес, жұмысқа шыққаны үшін алды. Еңбекте ақы 
төлеу оның өнімділігінің өсуінен басып озды.
Республиканың жергілікті жерлеріндегі ауыл шаруашылығы 
өндірісін ұтымды ұйымдастыру, оның тиімділігін артты-
ру бағытындағы кейбір ізденістер басшы органдар тарапы-
нан қолдау таппады. 80- жылдардың басында жүргізілген сан-
сыз көп қайта құрулар, эксперименттер — бағаның, интегра-
ция мен мамандандырудың жаңа түрлерін жəне т.б. енгізу ауыл 
шаруашылығының берекесін кетірді. Əбден болдырған ауыл 
шаруашылығы қатаң əкімшілік бақылауға алынып, аяғында келіп 
дағдарысқа ұшырады. Істің жағдайын жаңа шешімдер қабылдау
жолымен өзгертуге тырысу елеулі нəтиже бермеді. 
ХХ ғ. 70 жəне 80 жж. бірінші жартысында Қазақстанда халық-
тың əлеуметтік жағдайын көтеруде бірсыпыра істер атқарылды, 
жұмысшылар мен қызметшілердің орташа айлық табысы едəуір 
өсті. 70-жылдардың І- жартысында халық шаруашылығының өнді-
рістік салаларында жаңа еңбекақы белгіленді, ең төменгі жалақы 
70 сомға жеткізілді. Колхозшылардың кепілді еңбек ақысы көбейді, 
халықтың төмен айлық алатындары орташа айлық алатындар 
дəрежесіне көтерілді. Осы жылдары халықты қоғамдық тұтыну қоры 
есебінен қамтамасыз ету біраз жақсарды. Оның едəуір бөлігі жəр-
дем, зейнетақы жəне стипендия төлеуге, тегін білім алуға, денсаулық 
сақтауға, мəдени жəне тұрмыстық қызмет көрсетуге жұмсалды. 
1971 жылы колхозшылар үшін де жұмысшылар мен қызметкерлерге 
белгіленгендей зейнетақы белгілеу тəртібі енгізілді. 1972—1974 жж. 
соғыс жəне еңбек мүгедектеріне айлық орташа зейнетақы 33 %-ке 
көбейтілді, ал 1975 ж. Отан соғысының мүгедектеріне қосымша 
жеңілдіктер енгізілді. 
Алайда, бұл шаралардың халықтың тұрмыс дəрежесін көтеруге 
ықпалы аз тиді. Өйткені, мемлекеттің жəне кəсіпорындардың 
бағаны көтеруі, тауарлар сапасының нашарлауы, тапшылықтың 
өсуі, еңбекақы төлеудегі теңгермешілік жəне т.б. халықтың 
тұрмыс жағдайының төмендеуіне əкеп соқтырды. Оған ақшаның 
құнсыздануы əсер етті, тек 1970—1986 жж. құнсыздану 20%-ке өсті. 
Əлеуметтік саладағы ең өткір проблеманың бірі тұрғын үй про-
блемасы болды. Халық санының өсуіне байланысты тұрғын үймен 
қамтамасыз ету мəселесі аяғына дейін шешілмеді, оған үй салуға 
бөлінген қаржының азаюы себеп болды, тұрғын үй құрылысының 
жоспары орындалмады. Тек, 11- бесжылдықта ғана республика-
да жоспарланған 1,2 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға 
берілмеді, мектеп, аурухана, балалар бақшасын салу жоспары орын-
далмады. 
Сөйтіп, тоқырау кезіндегі келеңсіз процестер əлеуметтік сала-
ны мықтап шарпыды. Əлеуметтік-мəдени саланы дамытуға қаржы 
бөлудің “қалдықтық принциптері” қалыптасты, яғни ол салаға таза 
өндірістік мақсаттардан артылған қаржы ғана бөлінді. 
Қорыта келгенде, 70—80-жылдары республика экономикасында 
тұтастай Одақтың халық шаруашылығына тəн үйлесімсіздіктердің
бəрі көріне бастады. Бұл ең алдымен басқарудың əкімшілік-
əміршіл əдістерінің əбден орнығуы еді. Экономикалық ынталан-
дыруды жоққа шығара отырып, қалыптасқан жүйе экономика-
ны экстенсивтік даму жолында ұзақ ұстап қалды. Мемлекеттік 
меншіктің іс жүзінде ведомстволық меншікке айналдырылуы 
өндіріс қызметкерлерін құрал-жабдықтарынан алыстатуға алып 
келді. Еңбекақы төлеу жүйесі еңбектің нəтижесімен байланыс-
тырылмады. Кəсіпорындардың ешқандай дербестігі болған жоқ. 
Халық шаруашылығы иесіздіктен, жаңа техника мен технологияны 
нашар енгізуден үлкен зиян шегіп жатты. Экономикалық ведомство-
лар түріндегі орталықтың əміріне бағыну республикадағы жағдайды 
одан əрі қиындата түсті. 80- жылдардың ортасында республика эко-
номикасы дағдарыс жағдайына ұшырады. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   61   62   63   64   65   66   67   68   ...   76




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет