Иіс сезу анализаторларының рецепторлық клеткалары мұрын қуысының жоғары бөлігіндегі сілемейлі
қабығында орналасқан. Одан иіс сезу жүйкесі арқылы ми қыртысының маңдай бөлігімен байланысады.
Тері анализаторына (соматосенсорлы жүйе) - тері және оның қосалқы бөлімдері (түктер, тырнақтар, сүт,
май және тер бездері) жатады. Тері қорғаныштық, жылу реттеу, ыдырау өнімдерін сыртқа шығару және т.б.
көптеген қызметтер атқарады. Теріде көптеген рецепторлық клеткалар (жанасқанды, ауырғандықты,
температураны т.б. тітіркендіргіштерді қабылдайтын) орналасқан.
Терінің сыртқы қабаты –
эпидермис , ішкі қабаты –
дерма (нағыз тері) деп аталады. Бұл екі қабаттың
арасында көптеген қатпарлар бар. Эпидермис көп қабатты эпителий клеткаларынан тұрады да, оның сыртқы
мүйізді қабатындағы клеткалар үнемі түлеп түсіп отырады. Ал, эпидермистің астыңғы бөлігіндегі базальды
клеткалар бөліну арқылы көбейіп отырады.
Нағыз тері қабаты (кориум) – талшықты дәнекер ұлпасынан түзіледі. Мұның өзі сыртқы емізікшелі және
ішкі торлы қабаттан тұрады. Нағыз тері қабатының астында тері асты (шел) май қабаты орналасады.
Тері бездеріне – тер, май және сүт бездері жатады. Тер бездері түтік пішінді болып нағыз тері қабатында
жатады. Тер арқылы жылу реттеледі, азотты алмасуға, тұздардың алмасуына да қатысады. Май бездері де нағыз
тері қабатының жоғарғы жағында болады. Олардың өзектері түктердің түбіне ашылады. Сүт бездері шығу тегі
жөнінен тер бездеріне ұқсас.
Терінің қосалқы бөлімдеріне - түктер мен тырнақтар да жатады. Түктің өзегін (сояуын) және түбірін
ажыратады. Түк түбірі түк қалтасының ішінде орналасады, оған түкті көтеретін бұлшық еттер байланысады.
Түктің төменгі жуандау бөлігі түк жуашығы деп аталады. Түк өзегі милы және қыртысты заттардан құралады.
8-9 тақырыптар. Эндокриндік жүйенің дамуы