Ұлы дала тұЛҒалары қҰдайберген



Pdf көрінісі
бет5/239
Дата06.10.2023
өлшемі3,08 Mb.
#113265
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   239
Байланысты:
fccc01431d3e67547942d7aa722f633c

Ағартушы әке 
 
Өзі зерделі, көзі ашық Қуан «ендігі жерде қазақ баласы ата салтымен 
жүріп күн көре алмайды» деп ұйғарады. «Жаңа заманның ағымына ілесу 
үшін халыққа оқу-білім қажет. Көзі ашық адам ғана аяғын заман ағымымен 
тең басады» деген тоқтамға келеді. Бұл ойын туысқандарына да айтып 
көреді. Олардан аса мықты қолдау таппаса да, ол өз ойынан қайтпайды.
Қуан мұсылманша хат таныған адам бола тұра, өзі молдалық құрмаған, 
бірақ сол елден медреселі мешіт салдыруға атсалысып, қырғыздан келген 
Омар және Оспан атты ағалы-інілі оқымысты имамдарды жаңа мешітке 
шақыртқан. Қуан балалары да әуелі сол мешіттен оқып, сауатын ашқан. Бірақ 
Қуан бұнымен қанағаттанбайды, Темір-Орқаш болысында екі орыс-қазақ 


11 
училищесі ашылуға тиісті екенін естіп, Орынборға барып, сол училищенің 
біреуін өз аулынан аштыртуға рұқсат қағаз алады. Қуанның мектеп ашуды 
сұрап жазған арызы Орынбор мұрағатында сақтаулы. Бұл мектеп бір кластық 
деп аталатын, оқу мерзімі үш жылдық орыс-қазақ училищесі екен.
Қуанның өзгелерден ерекшелігі сол – балаларды оқыту үшін арабшаны 
шала білетін «дүмше молданы» емес, жаңа сипаттағы, көзі ашықмұғалімді 
іздестіреді. Ауыл адамдарының жаңалық атаулыны үрке қабылдайтын әдеті 
емес пе, әуелі балаларын «бұзылып кетеді» деп бермей қояды. Оған Қуан 
қыңа қоймайды, «жалғыз оқыса, ойын баласы ғой, зерігіп кетеді», – деп 
Құдайбергеннің қасына екі жас үлкен апасы Аққатты, қарындастары Дәмет, 
Зиба, Ағибаны, інісі Тәпеннің қызы Бәтиманы қосып оқытады. Балаларына 
ұстаздыққа Уфадағы жоғары дәрежелі «Ғалия» медресесін бітірген, кейін 
«Қазақ КСР мектебіне еңбегі сіңген мұғалім» атағын алған Әбділлә 
Беркіновті, Троицкідегі мұғалімдер семинариясын бітірген, Совет кезеңінде 
Орқаштағы бір кластық орыс мектебінде ұстаздық еткен Хұсайын 
Ашығалиевті шақырады. Аталмыш мектепте біраз уақыт «Ғалия»медресесін 
тәмамдаған, қазақтың белгілі жазушы-драматургы, журналисі Жиенғали 
Тілепбергенов те бала оқытқан. Бұл оқиға туралы қарт ұстаз Әбділлә 
Беркінов кейін былайша сөз етеді: «Сексеннің сеңсең бөркін кисем де, 
осыдан жарты ғасырдан астам бұрынғы уақыттағы сол бір кездің суреттері 
сол қалпында көз алдымда. Ащықұдықтан «Үміт» мектебін ашып, Хұсайын 
Ашығалиев екеуміз сабақ беріп жүрдік. Бірде орта шаруа Қуан екі баласын 
ертіп келіп, мектебімізге қосты. Үлкені Құдайберген, кішісі Ахмет осы 
«Үміт» мектебінде алғаш қалам ұстап, білім тарауларын ашты. Қуанның екі 
баласы да зеректігімен көзге түсті. Бір ерекшелігі – үлкені салмақты, ойшыл 
еді, ал Ахмет күлдіргі, ұтып сөйлейтін... Құдайберген он төрт жасқа 
келгенше осы біздің мектепте білім алды. Одан кейін сүйікті шәкірттерімнің 
бірі Жиенғали Тілепбергенов екеуі Орынбордағы «Хұсайния» медіресесінде 
білімін жалғастырды...» (5). 
Ауылдан орыс мектебін ашу, онда ұлдарына қоса, қыздарды да оқыту, 
Орынбордан, Уфадан қазақ, орыс және татар тілінде шығатын газет, 
журналдарды, кітаптарды жаздырып алу Ақжар өңіріне Қуан Жұбанұлы 
әкелген алғашқы жаңалықтардың басы болатын. Бұл жаңалыққа ауыл 
адамдарының қайсыбіреулері қарсы болғанымен, көпшілік мақұл көреді. Мал 
басы әкесі Жұбанның тірі кезінде-ақ шағындалып қалған Қуан мал 
өсіргеннен гөрі балаларын оқытуды жөн көреді. Өз баласын мал соңына 
салғысы келмеген Қуан басқаларды да қанағысы келмейді. Бұрынғы жылына 
бес киім, бір бұзаулы сиыр беріп ұстайтын қойшы, малшы, жылқышының 
орнына малды жалға беру амалын табады. Сөйтіп Қуан әр ауылдағы кедей 
отбасыларына малын қағаздатып, несиеге бөліп береді. Қуаннан мал алған 
адамдар мал басын түгел сақтайды және жыл сайынғы төлдің тең жарымына 
ие болады. Малдың сүті де сол мал баққан адамдардың ішіп-жеміне қалады. 
Сауын ретінде Қуан үйіне не бары 4-5 сиыр малын, сол шамалы бие ұстайды. 
Сондықтан үйіне қонақ келсе, қойды бір ауылдан, соғымды тағы біреуден 


12 
алдыртады екен. Бұндай еншілестіктен Қуан үйінің малын баққан отбасылар 
әлденіп алады. Мұны көрген басқа ауылдың жалшылары өз қожайындарына 
наразылық білдірсе, олар Қуанға реніш білдіретін де болыпты. Бірақ Қуан өз 
өмірін сол кедей-кепшіктің күнкөріс халін ойлаумен өткізсе керек. 
Орташа дәулетті Жұбан ауылында ағалы-інілі Қуан мен Тәпенді 
(Тәңірберген) ауыл-аймақтағылар «екі мырза» деп атаса керек. Бірақ олар 
елге билік құрмаған, әкелерінің: «Шырақтарым, би болмай-ақ, би түсетін үй 
болсаңдар да жарайды» – деген өсиетімен елге сыйлы, момын шаруаның 
жанашыры болудан әріге бармапты.
Қуанның мектеп ашудағы «жаңалықтарына» іштей көнбісті болып 
келген ауыл адамдары оның тағы бір «жат қылығына» шыдай алмай, бітеу 
жараның аузы ашылып кетеді. Батырбаймен бірге туған Қондыбай, Ерубай 
ауылдарының ақсақал-қарасақалдары, Қуанның өзімен үзеңгілес адамдар 
жиналып: «Мына Қуанды жөнге салу керек. Батырбайдың атағына дақ 
түсіргеніне қалай қарап отыра береміз. Ата-бабаның аруағына дақ түсіргені – 
бізді қорлағаны ғой» – деп, жамағайындар буырқанып, морт сынады. Сөйтеді 
де, оншақты кісі атқа мініп, Ақжарға қарай жол тартады. Ақсақал-
қарасақалдың Қуан ауылына аттануына себеп болған нәрсе: «Қуан кенже 
қызы Ақибаны өз ауылындағы қиягелді кедей жігітке атастырыпты!» – деген 
хабар еді. «Бұл жолы Қуанды бетімен жіберместей, қысым жасап, бұрын-
соңды ата-бабаларымыз көріп-білмеген жат қылықтардан оны бездіреміз» 
деген ой болған. Елдің ақсақал, қарасақалы қанын ішіне тартып, қатуланып 
келеді...
Қойдың еті желініп, қымыз ішіліп, қонақтар көңілденгендей болған 
кезде, Қуан олардан бұйымтай сұрайды. «Ұша-төсін арқалаған 
жанғылыштың кедейіне Ақибаны атастыратындай, Қуан, саған не көрінді? 
Кедейлікке жаның құмар болса, өзің бол! Баланың бағын неге байлайсың? 
Бәрімізде де бой жетіп отырған қыз бар, соларға сен солай жол көрсетпек пе 
едің?» – деді біреуі. Қуанға бұлайша қатты сөз айтуға басқалардан гөрі өзінің 
құқы бар деп есептейтін Байнияз еді бұл. ...Қуан жайлап сөзін бастайды: 
«Намысқа қызып келген екенсіңдер, ағайын» – дейді ол қонақтарына. – 
Менің балама жандарың ашиды, оны білемін. Бірақ қай әке де өз баласына 
қастық ойламайды, оны сендер де білесіңдер! Біздің әкеміз – Жұбан 
кіндіктен жалғыз болғандықтан, қасына апа-қарындастарынан туған 
жиендерін жинады. «Жиенмен жиылып, күйеумен көбейген елміз» дейді екен 
ол... Өздеріңіздей жан-жақты, өніп-өскен адам болса, олай етпес те еді. 
Әкеміздің басына түскен жалғыздықты біз де аз көріп жүрген жоқпыз. 
Тәпенді білесіңдер, елдің дау-дамайынан қолы босамайды. Оның өлім 
сарқытындай болған жалғыз ұлы Нұрша аяғын жаңа ғана апыл-тапыл басты. 
Менің ұлдарым – Құдайберген мен Ахмет оқу соңында. Оларға «оқыма, мал 
бақ!» деп айта алмаймын. Заманның тетігі менің қолымда емес, құдайдың 
қолында. Аумалы-төкпелі заман өзгеріп кетсе, қолдан мал кетсе, балаларым 
маған ренжімей, кімге ренжиді? Екі қызым Ор бойына асып кетті. Енді кенже 
қызымды бай ауылға берем деп алысқа ұзатсам, қартайғанда Бибішынар 


13 
екеуміз қу тіземізді құшақтап қаламыз ғой», – дегенде, қонақтардың біреуі: 
«Мынау өзі сау ма? Мұхаммедиің бар ғой», – деді. Қуан оған қарап: 
«Мұхаммеди ағаларынан қала қоймас», – деді де, сөзін одан әрі жалғады: 
«Сендер менің күйеу баламды кедей деп кемітіп, тексіз деп теперіш 
көрсетпексіңдер. Шерін тексіз жігіт емес, «кішкене шекті» аталатын 
Баубектің Андағұл тайпасынан шыққан үш ағайынды, өнерлі адам. Өзі 
зергер, өзі етікші, өзі машина тігеді, әрі темір ұстасы. Еңбектің қай түрінен 
болса да қашпайтын тыңғылықты, мінезді жігіт. Күндердің күнінде, бір өнері 
болмаса, бір өнері пайдаға асып, баламды асырайды, оған сенем. Біздің 
көрген-баққанымыз мал болғасын, басқа тіршілік көзі барын білмейміз. Басқа 
елдер тері илейді, киім тігеді, былғары жасайды, аяқ киім, үсті киім тігетін 
фабрикалары бар. Кілем тоқиды, сабын қайнатады. Еттен, сүттен тағам 
жасайды. Өзі жеу үшін ғана емес, бұйымын сатып ақша табады. Біз 
бейнеттеніп баққан малымызды базарға айдап апарып, арзанға сатып 
жүрміз», – деп бір демін алады... 
Құдайбергеннің әкесі Қуан, міне, осындай адам болған. Ол кісі 1919 
жылдың күзінде қырық тоғыз жасында жүрек ауруынан дүние салыпты. 
Құдайберген әкесінің қаза болғанын «Қызыл штабта» жүріп естиді. Содан 
сәл ілгеріректе, жаз ортасында Қуанның бірге туған інісі Тәпен (Тәңірберген) 
де кенет ауырып дүние салған-ды. Әкесі мен артықша жақсы көретін 
ағасының басына Құдайберген өз қолымен ойып, құлпытас қойыпты. «1919 
жылы Қуан, Тәңірберген Жұбан балалары дүниеден қайтты» деген араб 
әрпімен жазылған сөздер тоқымдай қызыл қайрақ тастың бетінде мөрдей 
басылып әлі тұр. Бұл биік төбедегі тас қорымның аты – «Қосуақтам». 
Қуан, әрине, академик болған жоқ. Оның заманында қазақта академия да 
болған жоқ. Дегенмен өз кезеңі үшін Қуанның білімі мен ақылы халық 
академиясына барабар еді. Заманның ағымын байқап, өз балаларын жасынан 
оқу-білімге, өнерге баулып, жаңа өмірге дайындай біліпті. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   239




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет