Алғашқы аспирант 1928 жылы көктемде білімді, қажырлы әрі ысылған тәжірибелі
методист-педагог Қ.Жұбановты республиканың Халық ағарту комиссариаты
(кейінгі Оқу министрлігі) сол кездегі астана Қызылордаға қызметке
шақыртады. Бірақ ол мұнда ұзақ уақыт істемейді. Қ.Жұбанов 1929 жылдың
басында
ҚазПИ-дің
қабырғасына
түркі
тілдерінің
салыстырмалы
грамматикасы кафедрасына ғылыми қызметкер ретінде келіп, сол жылы
Ұлттық кадрларды даярлау мақсатында Ленинградтағы Шығыстану
институтының аспирантурасына оқуға жіберіледі. Осы жылдың ақпан
айында інісі Ахмет екеуі (ол кісі Ленинград консерваториясына оқуға келген-
ді) Ленинград қаласына келіп түседі. Қ.Жұбанов аспирантураға түсу
сынағынан өтеді. Сөйтіп, ол сол кезде «Түркологиялық семинар» деп
аталған, акад. А.Н.Самойлович басқарған тіл ғылымы орталығында жазға
дейін болып, жалаң оқу емес, зерттеу жұмысымен де айналыса бастайды.
Дымқылды, суық солтүстіктің ауасы қырда, аңызақ құрғақта өскен
Құдайберген Қуанұлының денсаулығына қолайсыз тиіп, 1929 жылдың
жазында біраз түзелу үшін Қызылордаға қайтып оралады.
Алдына қойған мақсатын ақырына дейін аяқтамау – Құдайберген
Қуанұлына тән емес. Тіл білімінен теориялық білімін толықтыруды ойлаған
екен – орындау керек! Осылайша 1930 жылдың күзінде Ленинградқа қайта
оралып, КСРО Ғылым академиясының Тіл және ойлау институтына (қазіргі
Тіл білімі институты), ондағы «Яфетидологиялық семинарға» аспирант
болып ауысады. Ленинградта оқыған жылдарында Қ.Жұбанов сол жерде
қызмет
еткен
С.Е.Малов,
И.И.Мещанинов,
В.А.Богородицкий,
Е.Д.Поливанов сияқты ірі-ірі тіл мамандарымен танысады, кейбіреулерін
тыңдап, кейбіреулерінен оқып, тәрбие алады.
Қ.Жұбановтың ғылыми жұмыстары осы кезде – аспирант жылдарында –
басталады. Академик Ахмет Жұбановтың айтуына қарағанда, сол оқу
жылдарында Құдайберген Қуанұлы «Марршылдық және марксшілдік» деген
мақала жазып, оны проф. Алимовқа оқып береді («Қазақ әдебиеті», 1957 ж., 5
желтоқсан, № 49). Оқып жүрген кезінде жазған «Мағынасыз сөздердің
мағыналары» атты жұмысын 1930 жылы Алматыда болған Қазақстанның
өлкетану съезінде (кейбір мақалаларда бұл «Түркологиялық съезд» деп те
аталған) көпшілік алдына ұсынады. Осыдан былай қарай Қ.Жұбановтың
ғалымдық қызметі басталады.