Ұлы даланың ұлы ұстазы — Ахмет Байтұрсынұлына ХХІ ғасырдың қазақ ұланынан хат



Дата21.11.2023
өлшемі18,07 Kb.
#125055
Байланысты:
Байтұрсынов Эссе Жайна


Ұлы даланың ұлы ұстазы — Ахмет Байтұрсынұлына
ХХІ ғасырдың қазақ ұланынан хат.

«…Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. ... Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды… халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тікті.»
Сәкен Сейфуллин

Ұстаз деген ең еңбегі ерен адам деп білемін. Кез келген адамның алғашқы ұстазы анасы, анаға көп қызмет артылатыны бәріне айқын. Ал сіз ұлттың ұстазы болдыңыз! Бұл атаудың артында қанша міндет пен парыз, жанқиярлық ерлік пен елге деген ерен махаббат жатқанын мен бұл күнде еріксіз бағамдаймын...


Қымбатты, Ахмет Байтұрсынұлы, отарлық қамытын киген, халық қалың торға шырмалған құрсаулы заманда ұлт жетекшісі болдыңыз! Халқымда «қанатымен су сепкен қарлығаштай» деген теңеу бар. Бесік жырында да «Жапандағы терегім, Қиын кезде керегім» деп, барша ана болашаққа үмітін өзіңіздей арда ұлынан күтпей ме?! Сіз сол ел арысы болдыңыз.
Сіздің сонау 1905 жылғы Қоянды жәрмеңкесінде жазған Карқаралы петициясы Тәуелсіздік идеясының негізгі құжаты болғандай еді. Сол кезеңнен бастап жандармдық бақылаудың көзінің алдында, ши мылтығының ұшында жүрген қилы тағдырыңыз үшін сіздің алдыңызда ұрпақ қарызы өлшеусіз.
Бүгінгі ұрпақ сізді ұлт ұстазы деп таниды! Сіз халықтың үнін «Қазаққа» басып, сананың саяси көзін ашқан, тың жерге егін салып, қарашаның жасампаз рухын көтерген ұстазсыз!
Сіз Абайын «Қазақтың бас ақыны» деп, қарашаға қайтарған, ұстазсыз!
Сіз мұсылманның негізімен алғаш төл жазу ұсынып, жаттың қарау ниетінен ұлтыңызды арашалауға ұмтылған асқар тұлға болдыңыз!
Сіз ұлт мәдениетін шексіз кеңістікке бастап едіңіз. Бірақ заман барлығын кері айналдыра салды. Менің ұлтым өз мәдениетінің даму шығыршығын бір ғасырға кеш айналып келе жатқандай көрінеді. Егер сіздің идеяларыңыз еш кедергіге кептелмей, артыңыздан ерген арыстардың арманы орындалып, айтқаны болғанда, ұлтымыз құлашын кең сермегендей еді-ау деп, қиялдап кетем кейде. Әттең, өзіңіздей ел тұлғаларының өмірі қуғын-сүргін, жер аудару, соңы үлкен құрбандықпен аяқталғаны қандай қасірет!!!
Бір ғасырға кеш қалғандаймыз дегенім, сіз алғаш жасаған төл жазуыңызды «арабқа шатысады» деп, қабылдамай тастағанын білесіз. Содан бері кирилицамен хат танып, батыстың ықпалынан әлі шыға алмай келеміз. Қазақ ұлтыңыз енді латынға негіздеп әліпбиді қайта түзегелі жатырмыз. «Он ойланып, отыз ойқанып» бір шешім таппай отырмыз! Қазір бізде зиялы көп, бірақ өзіңіздей дуалы аз болып тұр ма деп, күдіктеніп қалам кейде!
«...Дегендер «мен жақсымын» толып жатыр,
Жақсылық өз басынан артылмаған...» -
деген сол бұрынғы «қазағыңыздың қалпы» әлі де бар сияқты.
 Дегенмен, «Білімді болуға – оқу, бай болуға – кәсіп, күшті болуға – бірлік керек» -деген сіздің талабыңызбен дамып келе жатқандаймыз. Елімде білімді болуға, бай болуға, күшті болуға ынта бар. Тәуелсіздік таңы атты! Не жасасақ та, елімізді бай қылсақ деген ниетпен, ұлт жұмысын әр істің табаны қылып, алға ұмтылып жатырмыз! Бәрін «жоққа» таңатын, пессимист емеспін.
«Ғылым мен өнер елсізді – елдіге, жоқты – барға теңгереді» деген аталы сөзіңіз – алдымыздағы бағыт. «Сөздің асыл болуы – ұнауынан».
Малмен өріп үйренген марғаулау халқыңызды «Масаның» уытты тілімен орнынан тұрғызып алып едіңіз! Патшалық Ресейдің отарлық езгісіне еті өле бастаған Алашын Мағжан ақын «Тұранда өткен ер түріктің» рухымен қайта оятқан. Қызыл Империя сіздерді құрбандыққа қиғанмен, идеяларыңыз ұлт жүрегінде тоқтаусыз жаңғырып жатты. Сол идея Тәуелсіздікпен бірге қайта жаңарғанына ел қуанады.
«Тәуелсіздікті алу үшін қандай қажыр-қайрат керек болса, оны баянды ету үшін одан да зор қажыр-қайрат керек»- дейді Елбасымыз. Рас сөз! Өзіңіз айтқандай, «Қатерлі жерде қаперсіз отырмағанымыз» абзал.
Мынау - айналамыз анталаған жат саясат. Жас мемлекетіміз солардың тегеурінімен бәсекелесе отырып, іргемізді сөкпей, жат идеяларға уланып қалмай, ұлттық қадір-қасиетімізді сақтап, жаңа ғасырдың 20 жылын өткеріп келеміз. Өзіңіз аманаттаған ана тілімен мақтанамыз.
Өзіңізді ұлықтап, төріне шығарған текті ұрпағыңызға тілекші болыңыз! «Қазақ – жоқшы, жоғын іздеген қуғыншы» деп едіңіз. Өткен ғасырдың 80-нінші жылдарының соңында атыңыз Алашыңызға қайта оралғанын білесіз! Менің алдымдағы аға ұрпақ азамат болғанда ғана атағыңызды естіп, армандарыңызға басын иген екен. Ал менің буыным сіздің рухыңызды ана сүтімен бірге таңдайымызға бастық.
«Ерім деген елі болмаса, елім деген ерлер қайдан шығады?» деп едіңіз бір сөзіңізде. Сіздің ел жанашыры болған есіміңіз бен істеріңіз мызғымас нұсқа. Жаңа ғасырда да Тұлғаңыз – тұтас! Бізді мақтан ете аласыз! Біз қазақ елін мақтан етеміз!


Тарғынова Жайна Бауыржанқызы
Маңғыстау өнер колледжінің ІІІ курс студенті
04.02. 2021 жыл.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет