2. Ақша айналымы. Ұлы Жібек жолының ежелгі дәуір мен ортағасырдағы маңызы. Ұлы Жібек жолының әлеуметтік-мәдени маңызы. Ұлы Жібек жолы тармақтарының Қазақстан қалалары арқылы өтуі мәдениет пен өнердің дамуына септігін тигізді. Саудамен қатар, Қытай, Алдыңғы Азия, Еділ Бұлғариясы т.б. елдермен дипломатиялық және экономикалық қарым-қатынастар орнатқан жол болды. Жібек жолы жаңа технологиялар мен жаңалықтар, мәдени, ғылыми жетістіктер алмасу жолы да еді. Қазақстан осы жол арқылы қағаз және оқ-дәрімен танысты. Бүкіл әлем соғыс арбаларын жасауды игерді, басқа да әскери өнер жаңалықтары тарады. Сақтардың «аң стиліндегі» алтын бұйымдарының таңғажайып үлгілері осы жол арқылы бүкіл әлемге паш етілді. Жібек жолымен Қазақстанға басқа елдердің сәулет құрылыстары, бейнелеу өнері, би, музыка сияқты мәдени ауысулары ағылып жатты. Жергілікті халық киім-кешек пен қару-жарақ, сауыт-сайман, дәмдеуіштер мен кептірілген жемістер сатып алды. Батыс пен Шығысты түйістіріп тұрған сауда жолымен христиан, буддизм, ислам, манихейлік діни ағымдар тарады. Қазақстан аумағын мекендеген халықтар ғасырлар бойы әртүрлі діндер мен конфессияларға төзімді және келісімді өмір сүріп келгені – ежелден келе жатқан дәстүр.
Ұлы Жібек жолының ортаазиялық бағытында халықаралық сұхбат үрдісі орнықты. Батыс пен Шығыс, Еуропа мен Азия түйісетін Ұлы Жібек жолында біріне бірі ұқсамайтын мәдениеттердің өзара құндылықтар алмасулары үшін қолайлы жағдай қалыптасты.
1987 жылы ЮНЕСКО шешімі бойынша Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту жобасы қабылданды.
1996 жылы Ташкентте түркі мемлекеттері президенттерінің бірлескен декларациясында Ұлы Жібек жолы басты нысан етіп алынды. 1997 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан Республикасында Ұлы Жібек жолы бойында туризм инфрақұрылымын дамыту туралы түркі тілдес мемлекеттер басшыларының Ташкент декларациясын, ЮНЕСКО мен ДСҰ жобасын іске асыру» туралы Жарлыққа қол қойды.
1998 жылы «Жібек жолы тарихи орталықтарын қайта өркендету, түркі тілдес мемлекеттердің мәдени мұрасын сақтау және дамыту, туризм инфрақұрылымын жасау» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Қазіргі таңда Қытай мен Орталық Азия елдері бойынша «Бір белдеу, бір жол» стратегиялық бағдарламасы, «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар біздің жерімізден «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізі өтеді. Бұл жоба тасымалданатын жүктердің транзитінен Қазақстанға қаржылай мол табыс әкеледі.